Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 10789 0 пікір 19 Маусым, 2014 сағат 13:53

Ер Жәнібек

Осыдан бір жыл бұрын Абылай ханның 300 жылдық мерейтойы Көкшетауда дүрілдеп өтті. Сол ұлан-асыр той үстінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев ақсақалдың айтқан мына бір сөзі жадымда қалыпты: «Жігіттер, Абылайдың аруағын асырып, ас беріп жатырсыңдар. Бұларың жақсы, үлкен іс. Әйтсе де, Абылайдың сенімді серігі болған Ер Жәнібекті ұмытпаңдар. Бір шайқаста хан тұлпары болдырып, істерге қайран болмай тұрғанда жанында жүрген Ер Жәнібек атынан қарғып түсіп: «Менің атыма мініңіз» деп Абылай ханға тұлпарын көлденең тартыпты. Хан тосылыңқырап қалса керек.
«Мен өлсем, қазақтың екі қатынының бірі мендей ұл туады, сіз өлсеңіз, қазақтың белі сынады» депті Жәнібек батыр».

Профессордың дуалы аузы аңызға бергісіз батыр тұлғасын осылай биіктетіп тастаған еді. Ер Жәнібектің 300 жылдығы еліміздің бірнеше жерінде аталып өтіп, енді республикалық деңгейде Астананың іргесіндегі Қоянды елді мекенінде тойланатынын естігенде көңілімнің түкпірінен осы әңгіме қылаң берді. Оған себеп – Абылайдай ел бастаған даңқты тұлғаны қаруын кезенген жаудың қайраулы қылышы мен егеулі найзасынан, қарсы келген қазадан сақтап, қорған болған баһадүрдің бітім-болмысын қапысыз сомдаған халық даналығына деген ішкі ризашылық сезімім мен сүйінген түйсігімнің белгісі еді.
Қазақ тарихы қағазға түспеген, тасқа басылғаны түрлі елдердің мұрағаттарында шаң басып жатыр. Табылғаны еліміздің игілігіне айналды. Қаншасы аңыз, шежіре түрінде ауыздан-ауызға жетіп, жалғасын тапты. Бірақ олар сол қалпында тарихи ақиқат бола алмайды. Шежіре, аңыздар негізінде зерттеуші ғалымдарымыз нақты тұлғалардың қай дәуірде, қай жылдары өмір сүргенін, болған оқиғаларды дәлелдеп, ғылыми тұрғыда негіздеп келеді. Ер Жәнібектің туған жылы да сан алуан зерттеу еңбектерінің қорытындысы негізінде 1714 жылы деп есептелген. Баһадүр Сыр бойында туып, 1792 жылы 78 жасында қайтыс болды. Сүйегі қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ ауылы маңында жерленген.
Қалба тауының бауырындағы үлкен жолдың бойында тұрған Ер Жәнібектің кесене-ескерткіші батырды ұлықтаған елдің, кейінгі ұрпақтың ықылас-пейілінің белгісіндей.
Негізі қазақ ауыз әдебиетіндегі жыр-қиссаларда батырлардың ерлік істері, халықтың басындағы ауыр хал, жоңғар шапқыншылығы заманындағы әлеумет өмірі жиі көрініс табады. Соларға зер салсаңыз, белгілі бір тұлғалар төңірегіндегі оқиғалар қатар өріліп отырады. Осындай есімі көп кездесетін батырлардың бірі – Ер Жәнібек. Оның ерліктерімен қоса, бала кезінен қартайған шағына дейінгі тірлігі жылнамалық сипат алған. Мәселен, батырдың дүниеге келуі туралы ел аузындағы бір әңгіме былайша өріледі: «Атақты Шақшақ Жәнібек батыр бір ұзақ сапардан келе жатып, керей Бердәулеттің ауылына түссе керек. Сол уақытта Бердәулет нәрестелі болып, бәйбішесі ұл тауып, мәз-мейрам екен. Шақшақ Жәнібек түстеніп жатқанда, «жаңа туған нәрестеге ат қойып беріңіз» деп шақалақты алдына әкеліпті. Шақшақ Жәнібек батыр толғанып отырып: «Ей, Бердәулет, мына нәрестеге көңілім толып, көкірегім желпініп отыр, өз атымды қояйын, дұшпанға боқтатпас, жаманға даттатпас» деп, Жәнібек деп ат қойып, мынадай бата беріпті:

Керей деген елің көп,
Ел айналар шешен бол.
Жағаласар жауың көп,
Жауға шапсаң есер бол.

Ел ішінде дауың көп,
Жұрт алдында көсем бол,
Шайқасқанда есен бол,
Жекеге шықсаң желденіп,
Жауыңның басын кесер бол!»
Міне, аңыз осылай дейді. Атадан балаға жеткен шежіре тарих кемел ердің келбетін ел өміріндегі атаулы оқиғалармен байланыстыра суреттейді.
Азырақ тарихқа шолу жасар болсақ, жоңғарлармен болған ұзаққа созылған ауыр шайқастарда қазақ қолы бірде жеңіп, бірде жеңіліп, ата жауымен жан алып, жан беріскен соғыстарды бастан кешеді. Ел шетіне өрттей тиген жоңғардың «атандай аузын ақыртып, лауазымын көкке шақыртып» тықсыра қуып, қазақтың ата қонысын азат етуді мақсат еткен қазақ қолы 1728 жылы Алакөл маңында, Бұланты өзенінің жағасында болған қанды қырғында жоңғарды тәубесіне келтіріп, қансырата жеңеді. Іле-шала 1729 жылдың соңына қарай атқа қонған қазақ жасақтары 1730 жылдың қараөзек көктемінде жоңғар әскерін тағы талқандайды. Осындай абыройлы жеңіске қазақтар 1733 жылы да жетеді.
Бірақ алмағайып дүние ғой. Күш жинап, қансыраған жарасын жазып үлгерген жоңғар әскері Халдан Серен хонтайшының бастауымен 1739-1742 жылдар аралығында қайыра шабуылдап, Есіл, Ор Ырғыз, Елек өзендерінен бастап Сыр бойына дейін қаптай өрлейді. Осы кезеңдерде Абылай бастаған қазақ қолы оған қарсы талай шайқастарға шығады. Ақыры Абылай хан мен Халдан Серен 1747 жылы бейбіт келісімге келіп, ел ішінде тыныштық орнайды. Бірақ бұл мамыражай тіршілік те ұзаққа созылмай. 1752 жылы Лама ­Дор­жы қалың қолымен қазақ жеріне тағы баса көктеп кіреді. Текетірескен ауыр шайқастар Іле, Балқаш, Қаратал, Қарақол, Нарын, Үржар, Алакөл, Барлық, Баспан-базар, Шорға, Маңырақ өңірлерінде жүреді.
Осы жерлердегі шайқастарда Ер Жәнібектің батырлығы мен батылдығы, таудан-тастан қайтпайтын жүректілігі, сардарлық қасиеті айқын танылып, жұрт оның ерліктерін аңыз ғып айтып жүретін болған. Ел арасында «Жәнібектің ақ туы» деген ұғым текке айтылмаса керек. Үш кез ақ мата Ер Жәнібек қолының алдында желбірегенде досқа – рух, айбын, дұшпанға – үрей, сес береді екен. Бұл туды қас батырға Абылай ханның өзі сыйлаған көрінеді. Абылай оған оң тізесінен орын берген деседі. Бұл батырдың шын мәнінде өз тұсында қазақтың қол бастаған ерлері мен сөз ұстаған билері арасында үлкен беделге ие болғанын көрсетеді. Кейбір зерттеушілердің деректеріне қарағанда, Ер Жәнібектің ақ туы бертінге дейін сақталыпты. Шығыс Түркістандағы қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісін бастаған әйгілі Оспан батыр осы туды ұстап шыққан.
Ел аузында Керей Жәнібек, Ақыр Жәнібек деп те аталатын Жәнібек Бердәулетұлының есімінің алдына «Ер» деген сөздің қойылып айтылуы оның Шоқан Уәлиханов айтқандай, «Абылай хан заманы – қазақ рыцарьларының дәуірі» дейтін кезеңдегі орнының қаншалықты биік тұрғанын айғақтайды.
Толғамалы ақ балта толғап ұстар күн қайда,
Алты құлаш ақ найза ұмсынып шаншар күн қайда,
Садақ толы сәйгез оқ масағынан өткеріп,
Басын қолға жеткеріп созып тартар күн қайда?! – деп Доспамбет жырау толғаған «толарсақтан саз, белуардан су кешіп» жүріп, шын мәніндегі ерлік пен өрлікті ұлықтаған батырлар заманы елдің елдігін танытып, етек-жеңін бүтіндеген кезең болды.
Қазақтың басына күн туған сәтте атқа қонып, ата-қоныс, от-ана жерін жаттың табанына таптатпай, «еңку-еңку» жер шалып» талай ер еңіреп өтті. Солардың бірі Ер Жәнібек қазақ даласына жоңғар әскері қаптай шапқыншылық жасап, қанды жорықтар мен жан алып, жан беріскен қырғын шайқастар жүрген күрделі кезеңнің бел ортасында болып, өмірі ат үстінде өткен баһадүр. Абылай ханның бас батырларының бірі ретінде есімі талай өлең-жырлар мен қиссаларға арқау болып, кешеден – бүгінге, атадан – балаға жетті.
Біз қазақ батырлары туралы айтқанда, ел аузындағы аңыз-әңгімелермен қатар сирек те болса кездесіп қалатын сол кезеңге тән тарихи деректерге де назар аударуымыз керек.
1750 жылдары Қытай, Ресей, Қазақ елі ара­сын­да жоңғардан босаған жерлерді иемденіп қалу үшін талас басталады. Орыс деректерінде сол кездің өзінде-ақ Қожаберген батыр (әйгілі «Елім-айдың» авторы, жырау) бастаған керей­лердің Қарғы-Базар өзеніне жеткені баяндалады (Путешествие на озера Зайсан и в речную область Черного Иртыша до озера Маркакуль и горы Сарытау летом 1863 года Карла Струве и Григорий Потанина. Стр. 507-508).
1758 жылы Цинь империясы жоңғарларды тас-талқан етіп жеңеді. Абылай бастаған қазақ әскерлері Шәуешек қаласын бұған дейін-ақ алып қойған екен. Ер Жәнібек сонда ерлік көрсетіп, қаланың қақпасын ашады.
Атақты орыс ғалымы Н.А.Аристов «Заметки об этнографическом составе тюркских племен» атты еңбегінде «…Керейлер мен наймандар Тарбағатайға оралып, ары қарай Ертіс өзені бойына, Ебінұр көлі алқабына өтті» деп жазса, Г.Н.Потанин «Қазақтар Алтайға келіп, ХVIII ғасырдың 70-80 жылдарында Қара Ертіс бойы­мен Тарбағатай, Сауыр тауының солтүстігі мен Алтайдың оңтүстігін мекендейтін болды» (Потанин Г.Н. Очерки Северо-Западной Монголии, Т.П.Спб… 1881, с.2) деп толықтырады.
Бұл сол аласапыран заманның тасқа басылған нақты көрінісі.
Қазақ ұлттық энциклопедиясының» үшінші томының 396-бетінде «…Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде, Жәнібек Керей тайпасын бастап Сыр бойынан көшіп, Қособа тауына келіп қоныстанды. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі кейін «Жәнібек асуы» аталып кеткен асудан асып, 1760 жылы Абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты мекеніне апарып қоныстандырған» деген жазу тұр.
Қытайда тұратын жазушы Зейнолла Сәнікұлы ұсынған Қазақ-Манчи сауда мәмі­ле­герлік қатынасы туралы қытай деректері Жәди Шәкенұлының «Ер Жәнібек» атты зерттеу кітабында пайдаланылған екен. Онда былай делінген: «1759 жылы 16-қазанда Әбілпейіз бен Қабанбайдың Жәнібек батыр және Едіге бастаған сауда тоғанағы Үрімжіде 144 атқа сауда жасап қайтты».
«1763 жылы 14-қарашадан 2-желтоқсанға дейін Абылайдың Жәнібек бастаған 100 адамдық 7 сауда тоғанағы 234 жылқы, 20 сиыр, 720 қойға сауда жасап қайтты».
Бұл деректерден Ер Жәнібектің елдік істерге араласып, халықтың мүддесі үшін тәуекелге барған тұлға, қазақ-манчи қатынасын қалыптастыруға үлес қосқан қайраткер адам болғанын тану қиын емес.
Ал енді шежіре дереккөздері Ер Жәнібектің нағашы жұрты да, жиен жағы да тегін еместігін көрсетеді. Мәселен, Қаз дауысты Қазыбек би үлкен нағашысы болса, өз нағашысы Сары үйсін Досымбек батыр екен. Ал өзі ұлы Абайдың атасы Өскенбайдың туған нағашысы. Өскенбайдың анасы Ермек Ер Жәнібектің туған қызы. Қазақ тегіне тартқан дейтін ұғымды осындайда айтқан болар.
Осы жерде Қаз дауысты Қазыбек бидің бала Жәнібекке бата беруі туралы мына бір ел аузындағы әңгімеге назар аудара кеткен жөн болар.
«Буыны қата қоймаған бозбала кезінде Ер Жәнібек елмен бірге жауға аттануға бел байлайды. Сонда оны Қазыбек би тоқтатып: «Қарағым, елің өрде жатыр, олар сені құтының басы, елдігінің оты деп ойлайды. Жассың, жауға шаппа, жазым боларсың. Қасымда бол» дейді. Бала Жәнібек «Желкілдеген тудан, жер қайысқан қолдан қалатын, мені от айналған көбелектей көрдіңіз бе?» деп үйден шыға жөнеледі.
Қазыбек би «әй, мынаның көк бөрісі ұстаған екен» деп шақырып алып, былай деп бата береді:
«Жол басқарсаң, жолың киелі болсын,
Ел басқарсаң, қолың киелі болсын.
Көк бөрің қолдасын!».
Қазақ «баталы құл – арымас» дейді. Қазақтың әйгілі бағландары мен батырларынан, игі-жақсыларынан бала кезінен осындай бата алып, көзге түскен Ер Жәнібектің өмір жолы жаудың мысын басар баһадүрлігімен, шашақты найзаның ұшындай, алмас қылыштың жүзіндей өткір әрі ерлікке толы болғанын бағамдау қиын емес. Сондықтан да оны бүгінгі ұрпақтың ұлықтауы заңды құбылыс.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стра­тегиясында лайықты ұрпақ өсіру мәсе­лесіне, патриоттық тәрбиеге баса мән берді. Ал бабалар ерлігі әркез еске алынып, жас ұрпақ алдында сырдай сөз болып, жұрт алдында жырдай айтылып отырса, батыр тұлғаның өнеге, ерлігі талай жүректерді жаулап, түлектерді баулып қанаттандыра берері сөзсіз.
Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында ұйымдастырылатын Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларда «Мәңгілік Ел және Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланған екен. Қаншама ғасыр бойы арпалысып, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың басты арманы мына жұмыр жерде жұтылып кетпей, Мәңгілік Ел болып қалу болғанын, бұл арман сонау Күлтегіннің көк тасында жазылғанын еске алсақ, сабақтаса жалғасқан ұрпақтар тілегі бүгін жүзеге асып, тәуелсіз Қазақстанның көк байрағы биікте желбіреп тұр.
Қазақ даласында Мәңгілік Елдің ары мен намысын асқақ ұстаған қаншама өр тұлғалар өтті дүниеден. Ер Жәнібек бабамыз сол баһадүрлер сапынан ойып тұрып орын алады.

Өмірзақ Озғанбаев,
республикалық ардагерлер 
кеңесінің төрағасы

Ана тілі газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3551