Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7475 1 пікір 20 Қаңтар, 2015 сағат 11:03

«БҰЛ ӘНДІ ЗӘУРЕШТЕЙ КІМ АЙТА АЛАДЫ?»

Жексенбі күні 75 жасқа қараған шағында «Сыған серенадасы» әнінің алғашқы орындаушысы әнші, актриса және режиссер Зәуреш Есбергенова дүние салды. Оқырман назарына аяулы өнерпаз туралы оның көзі тірісінде жазылған мына мақаланы ұсынамыз. Ардақтыларымызды ұмытпайық, ағайын...

«Оқытушының өзiн емес, ниетiн ұрдым»

Бұл кiсiмен сұхбаттасып отырып таң қалмау мүмкiн емес. Не себептi?

Бiрiншiден, шынайылығына. Оның бойында «осы мен журналистпен сөйлесiп отырмын-ау, демек, әрекетiме де, әңгiмеме де өте абай болуым керек қой» деген жасанды әсiресақтық пен жалған көлгiрсудiң нышаны да байқалмайды. Бағзы кезеңдердегi базбiр қызық жайттар мен сол жасқа тән қызба мiнездерге қатысты естелiгi қалай әсерлi естiлсе, ешкiм сырын алғызғысы келмейтiн бүгiнгi кезеңнiң бінәйі әңгiмесiне кiрiскенде де iшкi пiкiрiн еш бүгiп қалмайды. Яғни, жаратылысы қандай болса, сол қалпынан айнымайды. Сахна саңлақтарының арасында өнерде басқа, өмiрде басқа адамдардың да аз ұшыраспайтыны белгiлi болса-дағы, Зәуреш апаймен бiрнеше рет жолығып сұхбаттасқан жанның осындай ойға тiрелетiнi анық.

Екiншiден, ол кiсiнiң ақты ақ, қараны қара деп, ашығын айтатын турашылдығына риза боласыз. Өнерге байланысты болсын, қоғамдағы ахуалға қатысты болсын, «менiң ойымша, мынау дұрыс, ал мынау бұрыс» деп бетiң бар, жүзiң бар демей, турасын айтады. «Өйткенi, мен адайдың қызымын, айналайын» деп әңгiмесiн әзiлмен әрлеп қоюды да ұмытпайтын ол соның өзiнде кейбiреулер секiлдi өз пiкiрiн өзгеге күштеп таңып, «осылай емес пе, сен қалайша бұлай ойламайсың?» деп өзiмбiлермендiк танытпайды, керiсiнше, әр ойын «басқалардың не айтатынын қайдам, менiң жеке көзқарасым бойынша...» деп нақтылап отырады.

Үшiншiден, Зәуреш апайдың кеңпейiлдiгiне де қайран қалмасқа лаж жоқ. Сахналық қадамын өзiңмен қатар бастаған әрiптестерiңнiң алды КСРО халық әртiсi атанып, кейiнгiлерi де абыройдан кенде болмай жатқанда, ширек ғасырдан астам шиырлаған өнер жолындағы тынымсыз тiрлiгiң еленбей, елден ерек болмаса да жұрт қатарлы жүлде бұйырмай, атаққа iлiнбей, көпе-көрнеу тасада қала беру қайбiр оңай дейсiз. Және ең қиыны – сол еңбегiңнiң айдарынан жел есiп жатқан айтулы тұстастарыңның қызметiнен артық болмаса кем емес екенiн сезiну ғой. Оның үстiне, «мен тұрғанда «Асыл арманды» айтуға қалай дәтiң барады?» деп айбат шеккен атақты әрiптесiң абайсызда қайтарған ащы һәм ақиқат жауабыңды кек тұтып, сол үшiн өзiнiң емен есiктердi еркiн аша алатын мүмкiндiгiн пайдаланып, сенi үлкен сахнадан қақпайлай берсе ше? Iзгiлiктi де, қараулықты да iшкi дүниесiмен сезiп, жүрегi арқылы өткiзетiн жаны нәзiк өнер адамы үшiн мұның бәрiнiң аз салмақ емес екенi анық. Бiрақ Зәуреш Есбергенованың ерiк-жiгерiнiң мықтылығына дәлел – ол қиянат атаулыға еш қыңған емес. Ақыр-соңында үнемi шетелге – әлгi әншiлер, шетсiз-шексiз сайын дала төсiне – бұлар гастрольге кетсе де, ол осының өзiнен жақсылық көргiсi келедi. Рас, Венгрия, Моңғолия сынды елдерге бұл кiсi де сапар шектi, дегенмен сол саяхаттардан алған әсердiң туған елдi аралаудағы, қазақ тыңдарманының ыстық ықыласына бөленудегi сиқырлы сезiмдермен шендесе алмайтынын мойындайды.

Төртiншiден, З.Есбергенованың өнерге ғашықтығы да сүйсiндiредi. Өз шығармашылығына сын көзбен қарап, кемшiлiктерi болса мойындап отыратын адам өзге өнерпаздың iсiне де жанашырлықпен, түсiнiстiкпен қарай бiлсе, сүйсiнбегенде қайтпексiз? Қатарластарына қалыптасқан құрмет өз алдына, сахна саңлағының жас таланттарға деген көңiлi тiптi алабөтен.

– Олар бiз сияқты емес, сәл басқашалау, – деп едi бiр әңгiмелескенде Зәуреш апай. – Тәрбиесi де, таным-түсiнiгi де мүлде өзгеше. Бүгiнгi жастар батыл, еркiн және өте дарынды. Әрине, тiптен кемшiлiксiз емес, қателiктерiн жұмыс барысында үнемi ескертiп те отырамын. Түзеткен тұсыңды тез түсiнiп, лезде қағып алып, келесi жолы қайталамауға тырысқан адамнан айналмайсың ба! «Мен көптi көрген көнекөзбiн, тәжiрибем де мол, сендер маған бейiмделiңдер, мен сияқты ойнаңдар, мен сияқты ойлаңдар» десем, кiм болғаным? Қайта мен олардың көзқарасымен санасайын, жастар өз ұстанымын көрсетсiн, өз ойын ашық бiлдiрсiн. Сонда ғана өсу, даму болады.

Бесiншiден, түр-тұлғасына орай қорғансыз да нәзiк жандай көрiнетiн Зәуреш апайды тұла бойы тұнған намыс өртi дерсiң! Құйттай әдiлетсiздiк көрсе, жаңа ғана жаймашуақ отырған апай жалындап шыға келедi.

– Өз елiмiзде тiлiмiздiң өркен жая алмай отыруы сол намыссыздығымыздан, – деп күйiп-пiседi ол. – Бар қазақшасы «Келесi аялдама – Гоголь көшесi» дегеннен аспайтын Алматыға келген сайын жүрегiм ауырады. Бұл менiң намысыма тиедi! Нағыз қорлық, қасiрет осы ғой! Жастардың намысын жанымай жағдайымыз түзелмейдi. Намысты жану – өзiңдi-өзiң тану деген сөз. Қазақты әуелi өзiмiз құрметтемей, өзгеге сыйлата алмаймыз. Менiң дүниетанымым – тек қана ұлт. Ұлт намысы үшiн кезiнде оқытушымды да ұрғанмын. Орыс жоламайтын алыс ауылда өскенбiз, сондықтан ба, консерваторияда оқып жүргенiмде орыс тiлiн үйренуде бiраз қиналдым. Сонда осы пәннен сабақ беретiн мұғалiмiмiз мысқылдағандай, мазақтағандай кейiппен «Орыс тiлiн бiлмеген адамды мен адам деп есептемеймiн» дедi. Сонда орысша бiлмейтiн барша қазақтың адам болмағаны ма? Жыным кеп кеттi де, «байқап сөйлеңiз» деп жағынан тартып жiбергенiмдi байқамай қалыппын. Кейiн мұны естiген ректорымыз Құддыс Қожамияров «Әй, бұзық қыз, сен не бүлдiрiп жүрсiң? Оқытушыңды ұрғаның не?» дегенде, «Мен оқытушыны емес, оның ниетiн ұрдым» деп жауап бергенiм әлi есiмде...

«Маған ән айту керек!»

Зәуреш Есбергенованың консерваторияда және оған дейiн де, одан кейiн де басынан кешкен хикаяларынан қызғылықты да әсерлi кiтап жазуға болады. Бала кезiнен әнге ғашық болған қаршадай қыздың дарыны елге ерте байқалса керек. Маңғыстаудың құмында түйемен көшiп-қонып жүретiн шағын ауылда өскен оның әкесi Есберген 1940-жылдардың басында соғысқа өзi сұранып аттанып («менiң әкемдi намыс өлтiрген» дейдi әншiнiң өзi), сонда ерлiкпен қаза табады. Сол кезде кiшкентай Зәуреш үш жаста екен. Анасы Рабиға күнi бойы жұмыста, бала-шағаның қамымен жүрiп, үйге қас қарая бiр-ақ оралады. Болашақ әншiнi бiресе мына көршiге, бiресе ана көршiге табыстап кетедi екен, бiрақ ол бәрiбiр өздерiнiң кiшкене қараша үйiне кiрiп ап, жалғыз өзi қуыршақ ойнап отыратын көрiнедi. Сондай сәттiң бiрiнде далада жүрген әйелдер қаршадай баланың зарлата әндеткен даусын естидi. «Бұл кiм болды екен?» деп дауыс иесiн әрi-берi iздеген олар ақыры осы үйге бас сұқса, жұдырықтай қара қыздың әкесiн жоқтап отырғанын көредi. Оның өңменiңнен өтiп, жүрегiңе қадалатын қасiреттi үнiнен онсыз да қамығып жүрген ауылдың қатын-қалашы көздерiне жас алып: «Қарағым-ау, қарғадай болып даусың қандай зарлы едi? Бала екеш баланың да жүрегiне жүк түсiрген сұм соғыс-ай! Айналайын, қоя қойшы, әйтпесе мына үнiңмен сен бүкiл ауылды жылатасың», – деп басу айтқан екен.

Әншi консерваторияға да осы даусының даралығының арқасында түскен. Өзге жұрт емтихан тапсырып, сынақтан өтiп жүргенде Зәуреш бiр топ ұстаздың алдында екi ән айтып-ақ студент атанған. Даусы консерваторияның дуалын дiрiлдетiп, терезесiн сықырлатып жiбергенде, талайды көрген тарлан мамандардың өзiнiң аузы ашылып қалыпты. Бiрақ ол кезде (өткен ғасырдың 50-60-жылдары) бұл оқу орнында сабақ негiзiнен Еуропаның классикалық музыкасының үлгiсiмен, яғни, опералық бағытта жүргiзiлетiн.

Есбергенованың қазақтың кең жазирасындай жайдары әндерiне сай келетiн ерекше даусы «олай айтпа, былай айт» деген нұсқаулар мен шектеулерге еш көнбейтiн. Оқытушы олай тартып, болашақ әншi былай тартып, әрi-сәрi күйде жүргенде бiрде Мәскеуден аймақтардағы оқыту жүйесiн тексеруге комиссия келе қалады. Комиссия мүшесiнiң алдында Зәуреш әндi опера стилiнде емес, әдейi өзi қалыптасқан қазақы бағытта шырқайды. Сонда орталықтан келген маман орнынан атып тұрып, жас өнерпазды құшақтай алып: «Мынау – дайын әншi ғой, мұны неге қинап оқытып жүрсiңдер?» – дептi. Сөйтiп, оны әлгi оқытушылардың алдындағы азаптан бiржола құтқарыпты.

Алайда небәрi екiншi курста оқып жүрген қыздың бiрдеңе ғып консерваторияны бiтiруi керек емес пе? Ақылдаса келе З.Есбергенова режиссерлiк факультетке ауысып, «театр режиссерi» мамандығын алып шығады. Оның кейiнiрек әншiлiкпен қатар режиссерлiк қызметтi де қатар алып жүруi осыған байланысты.

Консерваторияны бiтiрген соң жас маман Жамбыл облыстық, Атырау облыстық театрларында еңбек еттi. Әсiресе ұлттық мәдениеттiң үлкен жанашыры Өзбекәлi Жәнiбековпен бiрге жұмыс iстеген Торғай облыстық театрындағы қызметiн ерекше сағынышпен еске алады.

– Рас, әуелде бiраз әбiржiдiк, – дейдi Зәуреш апай. – Арқаның қысы қатты, кей күндерi қарлы боран соққанда алай-түлейден ештеңе көрiнбей, жұмысымызды жататын үйiмiз бен театр ғимаратының арасын алдын ала жалғап қойған арқан арқылы тауып баратынбыз. Басқа да қиындықтар көп болды. Бiрақ жас болдық, жалындап тұрдық, Өзағаң секiлдi тәуекелге бел буса, мақсатына жетпей тынбайтын тынымсыз адамның идеясын бойымызға сiңiрiп жұмыс iстедiк, сондықтан болар, ештеңенi елеген жоқпыз. Керiсiнше, сол қиындықтарды қазiр сағынамын. Мен содан кейiн Өзбекәлi Жәнiбековтей ғажап тұлға көрген емеспiн. Өз iсiне шын берiлгенi сондай, негiзгi жұмысы Торғай облысы басшысының идеология жөнiндегi орынбасары болса да, өзi құрған қазақ театрының әр қадамын бақылап отыратын. Амангелдi батырдың зайыбы – Балымның зарын спектакльге әзiрлеп, алдын ала радиоға жазуымыз керек болғанда, өзi желкемнен қадағалап тұрып жаздырғаны бар. Кейiн жұмысқа көңiлi толып, «Зәуреш, жарайсың, тамаша орындадың» деп разылығын бiлдiрер едi. Ол кiсi өле-өлгенше өнерге қызмет еткен шенеунiк болды. Қазiр, керiсiнше, өнер шенеунiктерге қызмет етуге көштi ғой...

Театр саласында еңбек етiп жүрген жылдары З.Есбергенова әу бастағы әншiлiк арманын ұмытқан жоқ.

– Бiрде қалың ойға шомып отырдым да, әлден уақта оқыстан оянғандай болып, алдымдағы ақ қағазға қарадым. Сенсеңiз, қалай, қашан жазғанымды өзiм бiлмеймiн, бiрақ «маған ән айту керек!» деп жазып қойыппын, – дейдi ол.

Бұл – ән үшiн туған жүректiң сол арзуды аңсаған үнi болса керек.

Зәуреш апай сосын Алматыға оралып, «Қазақконцертте» 20 жыл қызмет еттi. Бүкiл қазақ даласын аралап ән салды. Нәдия Шәрiпова, Людмила Иванова-Сокольская, Гүлжиһан Ғалиева сынды ұстаздарының шапағатын сезiндi. Елдiң сағынып күтер сүйiктi әншiсiне айналды. Шәмшi Қалдаяқовтың өзi әншiнiң орындауындағы «Сыған серенадасын» тыңдап: «Бұл әндi Зәурештей ешкiм айта алмайды екен», – деп мойындаған екен...

Сәкен СЫБАНБАЙ

 

Зәуреш ЕСБЕРГЕНОВА. Әншi, актриса және режиссер. 1940 жылдың 27 сәуiрiнде Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында дүниеге келген.

Репертуарындағы әндер: негiзiнен халық және халық композиторлары әндерi, ел аузында «Жетi қайқы» атанған, ХIХ ғасырда Маңғыстау өңiрiнде өмiр сүрген Досат, Тастемір, Өскімбай, Тұрсын, Әділ, Шолтаман, Жылгелді тәрiздi сал-серiлердiң, сондай-ақ Қайып Қорабайұлының әндерi. Заманауи қазақ композиторларынан К.Күмiсбековтың «Менiң далам», Е.Хасанғалиевтiң «Асыл арман», Ш.Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» және т.б. әндерiн алғаш шырқаған әншiлердiң бiрi. Көптеген әндерi мен режиссер, редактор ретiнде жасаған музыкалық бағдарламалары Қазақ радиосының Алтын қорында сақтаулы.

Ойнаған рөлдерi: М.Әуезовтың «Қарақыпшақ Қобыландысында» – Қарлыға; «Айман-Шолпанында» – Теңге; Вс.Вишневскийдiң «Оптимистiк трагедиясында» – комиссар; Н.Хикметтiң «Соқыр падишаһында» – тазша қыз; М.Байжиевтiң «Жекпе-жегiнде» – басты әйел бейнесi және т.б.

Қойған спектакльдерi: М.Әуезовтың «Түнгi сарыны», С.Жүнiсовтың «Жапандағы жалғыз үйi», Ә.Әбiшевтiң «Белгiсiз батыры», З.Қабдоловтың «Сөнбейтiн оты», М.Горькийдiң «Соңғылары», Н.Хикметтiң «Елеусiз қалған есiл ерi», бурят драматургi Ц.Шагжиннiң «Сандықтан шыққан сайтаны», сондай-ақ Б.Тәжiбаевтың сценарийi һәм Е.Хасанғалиевтiң музыкасы арқылы қойылған ревью-концерт және т.б.

2015 жылдың 18 қаңтарында дүние салды.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3568