Жұма, 6 Желтоқсан 2019
«Соқыр» Фемида 3828 0 пікір 13 Қаңтар, 2015 сағат 20:38

ГЕНЕРАЛДЫҢ ҚЫЗЫ КІНӘЛІ ЕМЕС... ЕКЕН!

Расында да солай ма? Сөйлеп көрейік:

Өткен жылдың мамыр айында Қарағандыда ҚарПол (қаржы полициясы) генералының қызының қатысуымен орын алған қылмыстық іске кеше ғана нүкте қойылды. Сөйтіп ел арасында айтылып келе жатқан ырың-жырың әңгімелер ҮП-ҮЛКЕН леп белгісімен аяқталды: яғни генералдың қызы екі бірдей адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасына кінәлі емес екен! Құқық қорғау органдары тарапынан жарты жылдан астам уақытқа созылған тергеу-тексеру амалдары, айналып келгенде, осындай шешімге келіп, қылмыстық істі жапты. Неге десеңіз, «Субару» мен «Нива» автокөліктері соқтығысқан кезде «Субарудың» рулінде генералдың қызы Меруерт ШАБАҚБАЕВА емес, осы көліктің иесі, орын алған жол-көлік апатының салдарынан қаза болған Диас ТӘЖІҒАЛИЕВ деген азамат болыпты. Ресми орындар осындай мәлімдеме жасады.

Есімізге ала кетейік, аталып отырған жол-көлік апаты кезінде «Нива» маркалы қызмет көлігімен келе жатқан қарағандылық Евгений ТОКМАКОВ пен «Субару» автокөлігіндегі Диас ТӘЖІҒАЛИЕВ қайтыс болған болатын. Жедел қозғалған қылмыстық іспен айналысқан құқық қорғау саласы қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, оқиға орын алған кезде «Субарудың» рулінде Диас Тәжіғалиев болған көрінеді. Алайда бұл болжаммен (нақты дәлел емес, болжам ғана) марқұм Токмаковтың жақындары мен туысқандары, оның ішінде жұбайы Евгения Токмакова да әлі күнге дейін келіспей отыр. Евгенияның айтуынша, генералдың қызы Меруерт Шабақбаева «Субарудің» жолаушылар отыратын бөлігінде емес, керісінше рулінде отырған көрінеді. Мұны ол автокөліктің жолаушылар отыратын жақ бөлігінің быт-шыт болып талқандалып кеткенімен түсіндіреді. Ал автокөліктің жүргізушісі отырған жаққа тіпті ештеңе болмаған. Яғни, рульде кім отырса да аман қалатын еді. «Жол-көлік апатына кінәлі адамның қаза болуына байланысты қылмыстық іс жабылды деп тергеуші маған өз аузымен айтты, - дейді Евгения Токмакова, - ал мен әзірге іс материалдары қолыма қашан тиеді деп күтіп жүрмін...»

Иә-ә-ә, бай-бағыландар мен басшы қызмметкерлердің балалары жиі «араласатын», соның салдарынан жолаушылары «оптом» жиі өліп жататын жол-көлік оқиғаларына қатысты тағы бір қылмыстық іс осылайша жабылды. Мақсат ҮСЕНОВ дегеніміз анау – бір емес, бірнеше рет «тәртіп бұзып», адам өліп жатса да айып төлей салуды «әдетке» айналдырып алған. Генералдың қызы мынау – адам өліп жатса да «рульде отырмаған» болып шыға келетін. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлейтін» заман қазір, өйткені бәрі ЗАҢДЫ ғой. Сөйте тұра «заң алдында хан да бір, қараша да бір» дейміз-ау!

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz  

0 пікір