Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 5418 0 пікір 1 Қараша, 2014 сағат 03:00

Жол – экономикамыздың күретамыры

«Шығыс» жүрдек пойызы Алматыдан келіп жетті

 

Алғаш рет жолға шыққан «Алматы-2 – Өскемен» бағы­­тындағы «Шығыс» жүрдек пойызы Өскеменге келіп жетті. Облыс орталығындағы «Өскемен-1» (бұрынғы «Защита») вокзалында «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған жолаушылар пойызын шығысқазақстандықтар зор қошеметпен күтіп алды. Вокзал перронында үрмелі аспаптар оркестрі ойнаған марштық әуен, қолына қызылды-жасылды шар ұстаған оқушылар және жолаушыларды қарсы алуға асыққан қалың жұртшылық аталған шараның салтанатын асыра түсті.

Міне, сағат тілі 16.00-ді көр­­сет­кенде әдемі әрі жап-жаңа жүрдек пойыз да жетті. Вагоннан түскен алғашқы жолаушылардың бірі, қазақтың шапаны мен қалпағын киген Сайлаухан Аухадиев ныс­пы­лы өскемендік жолаушыны сөз­ге тарттық. Алматыдан жол жүріп келе жатқан қарт жаңа пойыз­­дың жайлылығы мен жүрдек­тігі ерекше ұнағанын жеткізді.

Салтанатты шара­да пойыз бастығы Раушан Патхол­лина Алматыдан Өскеменге қаты­найтын №69 жүрдек пойыздың ал­ғашқы сапары ақаусыз, бекітілген кес­теге сәйкес орындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, аталған пойыз 23 вагоннан тұрады. Яғни, 2 «Гранд», 2 «Бизнес», 14 «Турист» вагондарынан құралған. Сондай-ақ, мейрамхана мен барға арналған 2 вагон және 3 техникалық вагон да жолаушылардың шаршамай-шалдықпай жетуіне қызмет көрсетеді. 278 жолаушы сыятын «Алматы – Өскемен» жүрдек пойы­зы алғашқы сапарында 50 жолау­шыны діттеген жеріне жеткізген екен.

– Көлік инфрақұрылымының дамуы мемлекет пен халық үшін өте маңызды. Бүгін тұңғыш рет «Шығыс» жүрдек пойызын қарсы алып отырмыз. Осыған дейін мұндай заманауи пойыздар еліміздің бірқатар өңірлерінде пайдалануға берілген болатын. Енді шығысқазақстандықтар мен өңірімізге келетін қонақтар да жүрдек пойыздың игілігін көреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, келешекте барлық бағытта жүрдек пойыздар қатынайды. Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде 3 мыңнан астам шақырымдық теміржол пайдалануға берілді. Жуырда Жезқазған – Бейнеу теміржолы іске қосылды. Мұның бәрі елі­міздің күннен күнге өркендеп, дамып келе жатқанының жарқын айғағы, – деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі жүрдек пойыздың іске қосылуымен құттықтап, аталған пойыз арқылы Алматы мен Өскеменнің арасына қатынай­тын жолаушылар 10 сағат ұта­тынын атап өтті. Осыған дейін жолаушылар Өскеменге дейін 27 сағат жүретін болса, жаңа жүрдек пойыз 17 сағатта келеді.

Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Ермек Төлегенов «Алматы – Өскемен» жүрдек пойызының вагондары Аста­надағы вагон құрастыру зауытында шығарылғанын жеткізді. Е.Төлегеновтің айтуынша, жыл соңына дейін отандық вагондардан құралған тағы екі жүрдек пойыз пайдалануға беріледі. Оның бірі Астанадан Қызылордаға қатынаса, екіншісі Өскемен ба­ғытында жүреді. Компания басшысы «Тұлпар-Тальго» пойызына жол жүру билетін мерзімінен бұрын сатып алушыларға арналған жеңілдік жүйесі бар екенін айтып өтті. Онда 35 пайыздан 15 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған.

Думан АНАШ

 

 

Жолаушылар көлігінің жауапкершілігі мол

 

Оқырмандардың есінде шығар, нарықтық заманға бет бұрар тұста, бұл нарық бәрін өздігінен реттеп отырады деген түсінік үстем түсіп жатушы еді. Расында да, солай болды ма? Бұл сауалға жауап қайтару үшін біз бүгінгі әңгімені Орал өңірі мысалында жолаушылар көлігі қызметіне қатысты өрбіткіміз келеді. Осы материалға деректер іздестіру барысында бұл мәселенің негізінен реттелгені, сонымен бірге, нақты шешімін таба алмай келе жатқан кейбір иірімдері де бар екеніне көз жеткіздік.

Алдымен айтарымыз, елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту және интеграциялау жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданғаны белгілі. Оның толық жүзеге асырылу мерзімі 2020 жылға дейін есептелген. Осы бағдарламаның жолаушылар көлігіне қатысты тұстары да жеткілікті. Атап айтқанда, соған сай облыс аудандарында екі автостанса және жеті жолаушыларға қызмет көрсету қосындарын салу көзделген болатын.

Бүгінгі күн биігінен көз тастағанда, бұл мәселенің қазірдің өзінде оң шешімін таба алғаны сүйсінерлік жайт. Айталық, Орал – Саратов бағытындағы халықаралық автожолдың бойында орналасқан Тасқала кентінде жеке кәсіпкер Серік Жұбаншәлиев өткен жылы жаңғыртылған автостансаны іске қосты. Сонымен бірге, кеншілер қаласы – Ақсайда да «Ақсайстройсервис» ЖШС жаңа автостанса құрылысын аяқтады. Осы жылдың аяғына дейін оны мемлекеттік комиссия қабылдап алады деп күтілуде.

Қазіргі таңда өңірдегі 12 ауданның орталығы мен Орал қаласының аралығына қатынайтын автобус бағыттарының қызметі оң жолға қойылған. Бұлардың бәрі де әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары бағыттар қатарынан орын алып отыр. Бұған дейін газетіміздің бетінде мәселе көтергеніміздей, Орал өңірінің шалғай аудандарына қара жамылғы жол төселмелген. Сондықтан да, бұр автожолдар рентабелділігі төмен, шығыны көп бағыттар қатарында қалып келеді. Дәл осы себептен де, Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өткізген тендерлерде шалғай аудандарға жолаушылар тасымалдауға бел буатындар сирек кездеседі. Өйткені, олардың ешқайсысы шығынмен жұмыс істегісі келмейді.

Бұл мәселені оң шешу тұрғы­сында облыстық мәслихаттың 2012 жылдың 1 маусымдағы шешіміне сәйкес әлеуметтік бағыттағы автобус бағыттарын субсидиялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы мақсатта биылғы жылы облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаражат бөлінген. Бүгінде алыстағы ауыл тұрғындары есімі елге белгілі кәсіпкер Қуан Таушанбаев жетекшілік жасайтын «Қазақстан – елім» ЖШС-нің қызметіне дән риза. Сондай-ақ, мұндай оң бағаны Орал – Шыңғырлау аралығындағы автобус қатынасын жүйелі жолға қоя білген кәсіпкер Юрий Әбу­бәкіровтің қызметіне қатысты беруге де болады.

– Қазір не көп әртүрлі жол-көлік оқиғалары көп. Біздің басты мақсатымыз соны болдырмауға бағытталған. Бұл үшін алыс аудандарға жүретін жолаушылар көлігі иелері медициналық және техникалық тексерістерден өтеді. Өйткені, жолаушылар өмірінің қауіпсіздігі біз үшін басты өлшем, – дейді бізбен әңгімесінде жоғарыда аталған басқарма басшысының орынбасары Қазбек Менеев.

Иә, қалай дегенде де, мұндай келеңсіз көріністердің орын алып жататыны рас. Бұл, жолаушыларды дем алмастан заңсыз түрде тасымалдайтын жеке меншік таксишілер тарапынан кездесуде. Олар қазынаға тиісті салық та түсірмейді. Тек жеке өз қал­таларына жұмыс істейді. Осы тұрғыда салық органдарының оларға жолаушылар тасымалдау құқын беретін патент беру тәртібін де құптау қиын дейді жолаушылар көлігін ұйымдастыру мәселелерінің басы-қасында жүрген жергілікті мемлекеттік мекеме мамандары. Сөз жоқ, бұл пікірлердің де қисыны бар екені анық.

Тағы бір айтарымыз, бү­гінде облыстың ауылдық аймақ­тарындағы елді мекендерді автобус қызметімен қамту деңгейі де әзірге төмен күйінде қалып келеді. Бұл көрсеткіш 51 пайыздың төңірегінде ғана. Әрине, мұның бірқатар объективті себептері бар. Соның, ең бастысы, жергілікті маңызы бар жол инфрақұрылымының нашарлығы деуге болады. Міне, осы айтылғандардың бәрі жолаушылар көлігі қызметінің әзірге реттеліп үлгермеген тұстары екені кәміл.

Ал тұтастай алғанда қазір өңірде жолаушылар көлігін жүргізумен шұғыл­данатын жергілікті ведомстволар өзде­ріне жүктелген жауапкершілікті толықтай сезініп жүргеніне күмән келтіре алмаймыз.

Темір ҚҰСАЙЫН

 

Стандарттау тауар сапасын арттырады 

 

Еуропалық экономикалық одақтың құрылуы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, тауар айналымын арттыра түсті. Қазақстандықтар енді бұрынғыдай емес, күнделікті тұрмыста отандық бұйымдармен қатар, шетелден келген тауарларды да көптеп пайдалануға көшті.

 

Бәрімізге белгілі, импорт тауарлары біздің елдің тұты­нушысына жеткенге дейін талай жолды басып өтеді. Ал, бұл жағдай тауар сапасына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сондықтан, әр мемлекет өздерінің ұлттық заңнамасына және нормативтік құжаттарына халықаралық стандарттарды енгізе отырып, өз елінің азаматтарын сапалы тауарлармен қам­тамасыз етуді қолға алды. Мұндай ел­дер­­дің қатарында біздің Қазақстан да бар.

«Қазақстан стандарттау жә­не сертификаттау институты» РМК Батыс Қазақстан филиа­лының директоры Айман Уди­шеваның сөзінше, стандарттау нарықтық экономика жағдайында өмір сүріп жатқан елдердің дамуына, олардың өзара байланысының күшеюіне ықпал етеді. Халықаралық стандарттар орта және шағын бизнес үшін сертификаттауды жеңілдетеді. Өнімдері стандартталған әрі сәй­кестік сертификатына ие болған кәсіпорындар өзге компаниялармен бәсекеге түсу арқылы тауарларын әлемнің кез келген елдеріне өткізуге мүмкіндік алады. Біздің елімізде тауарларға сәйкестік сертификаты мен декларация алудың өзіндік тәртібі бар. Мұндай сертификатты әр аймақта ашылған «Өнімдерді сертификаттау орталығы» ЖШС береді.

Әлемдік қауымдастық стандартында Қазақстан стандартының өзіндік орны бар. 2014 жылдың 1 маусымынан бастап мемлекетіміз стандарттау, соның ішінде электротехника өнімдерін стандарттау бойынша Еуропалық комитеттің толыққанды мүшесі. Осының нәтижесінде отандық өнеркәсіп өкілдері еуропалық стандарттау үдерісін жасақтау жұмысына қатысуға мүмкіндік алды. Қазіргі таңда Қазақстан ИСО-ның 16 техникалық комитетінің мүшесі және 15 техникалық комитетінің бақылаушы мүшесі болып табылады. Бүгінде Кеден одағы аясында 34 техникалық регламент қабылданып, соның 31-і күшіне енді. Тағы үшеуі 2015 жылы күшіне енеді деп күтілуде. 9 техникалық регламент мемлекетаралық келісімге жіберілсе, 8-і көпшіліктің талқы­лануында.

Айман Мақсотқызының айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуіне байланысты техникалық реттеу саласында қабылданған санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық шараларды қолдану туралы Кеден одағы аясында қабылданған 7 келісім денонсирланатын болады. Олар мыналар: «Техникалық реттеу, санитарлық және фитосанитарлық шаралар саласында келісілген саясатты өткізу туралы келісім» (2008 ж. 25.01. Мәскеу қ.), «Сертификаттау (сәйкестікті бағалау (растау) бойынша органдарды және сәйкестікті бағалау (растау) бойынша жұмыстарды атқаратын сынақ зертханаларын аккредиттеуді өзара тану туралы келісім» (2009 ж.11.12. Санкт-Петербург қ.), «Кеден одағының кеден аумағында сәйкестікті міндетті бағалауға (растау) жататын өнімдердің айналымы туралы келісім» (2009 ж. 11.12. Санкт-Петербург қ.), «Санитарлық шаралар бойынша Кеден одағының келісімі» (2009 ж.11.12.Санкт-Петербург қаласы)», «Ветеринарлық-санитарлық шаралар бойынша Кеден одағы туралы келісім» (2009 ж.11.12.Санкт-Петербург қаласы), «Кеден одағының өсімдіктерді залалсыздандыру шаралары туралы келісімі» (2009 ж.11.12.Санкт-Петербург қаласы), «Беларусь Республикасы, Қазақстан Респуб­ликасы және Ресей Федера­циясының техникалық реттеудің бірыңғай принциптері мен ережелері туралы келісімі». Осы келісімдерде қарастырылған шаралар алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта көзделген тәртіп бойынша реттеліп, жүзеге асырылмақ.

Жалпы, стандарттаудың қоғамға аса пайдалы екенін жоғарыда айтып өттік. Ал енді осы стандарттаудың үкіметтік емес түрі де (неправительственный стандарт) бар. Үкіметтік емес стандарт, негізінен отандық бизнесті қорғауға арналған. Стандарттаудың бұл түрі отан­дық өнімдердің шетелге шығарылуын қамтамасыз ете отырып, саланың индустриялық-инновациялық дамуын тездетеді. Үкіметтік емес стандартты дамыту ісі АҚШ пен Жапонияда кеңінен таралған. Үкіметтік емес стандарт талабы ұлттық стандарттан кем болмауы тиіс. Стандарттаудың бұл түрі бүгінде коммерциялық ұйымдармен және салалық қауымдастықпен қара­лып, бекітілуде. Болашақта үкімет­тік емес стандарт отандық өнім өн­ді­рушілерді қолдау және олар­дың тауарына сұранысты арттыру мақсатында мемлекеттік сатып алу ісінде қолданылуы мүмкін. Одан әрі үкіметтік емес стандарттау ұлттық стандарттау мәртебесіне ауыстырылуы мүмкін. Бұл жағдай отандық өнімнің сапасын көтеруге өз ықпалын тигізеді деп күтілуде.

Айша ӨТЕБӘЛІ.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3515