Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 10455 0 пікір 31 Қазан, 2014 сағат 12:50

ӘДЕБИЕТ МАЙДАНЫНЫҢ БАТЫРЫНА ҚҰРМЕТ!

 

«Мені жұрт батыр дейді, Халық құрметіне рақмет.

               Бірақ, мен әдебиет майданының бір батырын білемін,

 мақтаныш тұтамын. Ол – профессор Бейсембай Кенжебаев.

 Ұлт әдебиетін сан ғасырларға ілгерілетуден артық

қандай батырлық керек? Қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге

 бар ғұмырын арнап келе жатқан ол – нағыз қаһарман!»

Бауыржан Момышұлы.

      Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушылардың бірі, әдебиет сыншысы,  профессор Бейсембай Кенжебаев. «Бейсекең жүріп өткен жол – қазақ әдебиеттану ғылымының алғашқы адымдарынан бастап бүгінгі қолы жетіп отырған эстетикалық мұрат биігіне дейінгі қиын асулы, кең өрісті өсіп-өркендеу жолы»  – дейді филология ғылымдарының докторы, академик Т.Кәкішұлы. Б.Кенжебаев еңбек жолын «Жас қайрат», «Жас алаш», «Еңбекші қазақ», «Кеңес туы» сынды ақпарат құралдарында журналистік, басшылық қызмет атқарумен бастаған. Кейіннен Ғылым академиясында еңбек етіп, басшы, бөлім меңгерушісі болған. Қалған ғұмырын қазіргі елміздегі білім-ғылымның қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет жасаумен өткізген.

     

Қырық жылға таяу уақыт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  «Қазақ әдебиеті»  кафедрасында меңгеруші болып қызмет атқарған ғұлама қазақ әдебиеті тарихы жайында тың еңбектер қалыптастырып, оны кейіннен өздері де қазақ әдебиетіндегі ірі тұлғаларға айналған жүздеген шәкірттерімен бірге жүзеге асырған. Профессор Б.Кенжебаевтың қалыптастырған«әдеби мектебінің» өкілдері, яғни шәкірттері З.Қабдолов, Т.Кәкішев, М.Мағауин, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғалиев, Ш.Елеукенов, А.Қыраубаева, А.Еспенбетов, З.Бисеғали, Қ.Ергөбек  сынды ғалымдардың есімдерінен-ақ ұстаздарының кім екенін аңғаруға болады.

      Қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылым қабырғаларын қалауда үлкен еңбегі сіңген ғалымдарды келесі ұрпаққа танытып, насихаттау мақсатында университет ректоры Ғ.М.Мұтанов  идеясы әрі басшылығымен «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан 26-кітап – Бейсембай Кенжебайұлы деп аталады. Ғалымның 110-жылдығы  университетімізде, атап айтсақ филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде кітап тұсаукесері, Б.Кенжебаев атындағы дәрісхананың ашылуы, «Б.Кенжебаев және қазақ әдебиеті тарихын зерттеудің ғылыми-әдіснамалық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылуы сияқты шаралармен аталып өтілді.

    

Аталған шаралар Б. Кенжебаев атына берілген дәрісхананың ашылуымен басталды. Университет ректоры Ғ.М.Мұтанов факультет деканы Ө.Әбдиманұлының ұжымымен бірге дәрісхананың тұсауын кесіп, ондағы профессордың  ғылым әлеміндегі өмір жолын бейнелейтін көрнекі құрал-жабдықтарды тамашалады. Шара тағы бір тұсаукесермен жалғасты, Шәкәрім атындағы Семей университетінен келген қонағымыз Б. Кенжебайұлының шәкірті профессор А. Еспенбетов пен ғалымның қызы Гулнәр Бейсембайқызына «Бейсембай Кенжебайұлы» кітабының тұсауын кесу мәртебесі берілді. Дәл осы сәттен кейін, ректор Ғ.М.Мұтанов проректор Ш.Е.Жаманбалаева, департамент бастығы А.А. Аубакиров, факультет деканы Ө. Әбдиманұлы орынбасарларымен, кафедра меңгерушілері жұмыла ұйымдастырған конференцияны ашық деп жариялады. Алғы сөзді ректор Ғ.М. Мұтанов Б.Кенжебаев туралы баяндамасымен бастады.  Мерейтойға келген бір топ қонақтар бірінен соң бірі ғалымның ғылымда қандай болғанын, өмірде қандай адам екені жайында естелік айтып, Б. Кенжебаев тәлімі мен тәрбиесін сөз етті. Профессор Құлбек Ергөбек Б.Кенжебайұлы жайында конференцияға қатысушы жас ғалым, магистрант, студенттерге табылмас естеліктерімен бөлісіп, сөзінің соңын «Б.Кенжебайұлы тек қазақ емес, түрік халықтары әдебиетіндегі ірі тұлға» - деп аяқтады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай институтының меңгерушісі, профессор Ж.Дәдебаев Б.Кенжебайұлы сынды ірі тұлғаларымызды, еңбектерін оқу жоспарына пән ретінде енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, А.Еспенбетов, Д.Ысқақ, А.Ісмақова, Т.Тебегенов, Ө.Әбдиманұлы, Б.Жолдасбекова сынды профессор-ғалымдарымыз Б.Кенжебайұлын әр қырынан сипаттап, жас оқытушылар мен студенттерге қызықты да ғибратты естелік айтты.

     

Конференцияның жабылу сәтінде қорытынды сөз сөйлеген ректор Ғ.М. Мұтанов болашағымыз үшін тарихымызды зерделеуіміз керек екенін ескертті. Демек, басшыларымыз бастама жасап өткізіліп отырған осындай шаралардың мақсаты, өскелең ұрпаққа өнеге болу, білім-ғылымға деген құштарлықтарын арттыру екені анық. Жоғарыда аталған ғалымдарымыз негізін құрап, ол кісілерге шәкірт болып, дәстүр жалғастығын сақтап келе жатқан қазіргі басшыларымыздың, ұлағатты ұстаздарымыздың ерен еңбектерінің арқасында  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің бүгінгі білім алушы студенттерінен де үлкен ғалымдардың шығатына сенім мол!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті

Орыс филологиясы, орыс және

әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы

Г.Б. Айнабекова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522