Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7304 0 пікір 16 Қазан, 2014 сағат 13:02

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНДАЙ ҚАТЫСЫ БАР?!

Иә, Абай қазақты сынаған. Бірақ ол жек көргеннен, не халқынан жерігеннен сынаған жоқ. Мінін түзесін, жұрт қатарына қосылсын, толыққанды ұлт боп қалыптассын деді. Әрі-беріден соң ол қазақты жақсы көргеннен кейін сынның астына алды. Ал бүгінде әркім өз мінін түзей алмай жатып «бұ қазақты Абай да сынаған» деп аспандап сөйлейтін дәрежеге жетті. Біз Абайдың деңгейіне демейік, ширегіне жеттік пе?

Соңғы жылдары ерінбеген қазақты жамандайтын әдет тапты. Қазақ деген ұғым боксшылардың жаттығуда қолданатын «грушасы» сияқты. Төмпештеп ұрады. Аямай соғады. Ол жауап бермейді. Бүйірден, бастан, белден төмен ұрып жатса да, тіл қатпайды. Өзгелер осыны біледі. Үндемеген сайын үдетеді. «Қазақ десең өзіңе тиеді» деп бастайды да жалқау, надан, қолынан іс келмейтін, жалақор, парақор болып ұласып кете береді.

Қараңыз, біздің ұлтқа тағылатын ең бірінші айып, кешігіп жүру. «Қарапайым тойға да кешігіп келеді» дейді. Осы әдет қазақпен жабысып туған дегенге өз басым сенбеймін. Бұл жүре жабысқан нәрсе болса керек. Орта жолда «жолдас» болған әдеттен арылуға болады ғой. Кешігіп жүруді қазақтыққа жаппай, өзіңізден бастаңыз. Барлық жерге уақытында барыңыз. Қиын ба? Жоқ. Бірақ сіз оған қиналасыз. Сөйтесіз де «қазақпыз ғой» дей саласыз. Енді сіздің үнемі кешігіп жүретініңізге қазақтың қандай кінәсі бар?!

Біреу пара алып ұсталса да «қазақтың жүрген жері сол ғой» дейтін болды. Жарқыным-ау, әлемде парамен ұсталып жатқан жалғыз қазақтың азаматтары ма? Кей мемлекеттердің мүйізі қарағайдай шенділері де темір торға тоғытылып жатқан жоқ па? Жыл басында Түркияда бір топ шенеунік істі болды. Сонда олар «түріктің жүрген жері осы ғой» деді ме? Деген жоқ қой. Әлдебіреудің ашкөздігі мен парақорлығы тұтастай ұлтқа неге қара күйе болып жағылуы керек? Ол оның жеке шаруасы емес пе? Бұған қазақтың қандай қатысы бар?!

Алатаудың арғы бетіндегі қырғыз ағайындар «Құрманжан датқа» деген кино түсіріпті. Оны Алматыға әкеліп көрсетіпті. Кинотуынды өте сәтті түсірілген, қырғыздың керемет жері мен өмірін көрсетіп қана қоймай, елді бірлікке үндейтін шығарма екен дейді көргендер. Жөн-ақ. Таласпаймыз. Бірақ сол кинодан шыққандар «Әне қырғызды көрдің бе, қандай кино түсірген?! Біздің қазақтың қолынан келетін тек «Көшпенділер» деп жатты. Біріншіден, қайта-қайта елің толқып, көтеріліске шығып, билігіңді талқандап тастай бергеннен кейін бірлік туралы кино түсіргеннен қаншалықты пайда бар? Осыны ойлайықшы. Екіншіден, соңғы бірнеше жылдың ішінде қазақ кинематографиясында елдің ықыласына бөлінген «Біржан сал», «Жаужүрек мың бала» сынды шығармалар түсірілді. Яғни, барды – көрмеу, қолдағыны – бағаламау, дұрыс емес. Үшіншіден, кеше ғана өмірден өткен Таласбек Әмесқұловтың өзі «Көшпенділер» жұрт жаппай сынайтындай сүмірейіп тұрған кино емес» деп баға берген.

Айтпағымыз, әр адамның өз кемшілігі бар. Қателік жібереді. Қолынан іс келмей жатады. Жауапкершілікті сезінбейді. Әйтеуір, пенде болғасын кілтипан табылмай тұрмайды. Дегенмен, адамдар бойындағы жаман қасиетті ұлтқа ысырып тастап, өзіміз сүттен ақ, судан таза болып отырғанды қояйықшы, бауырлар?! Онда да әрқайсымыз өз кемшілігімізді түзетуге тырысайық. Қазақтың да обалы бар ғой…

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

ҚЫЗЫЛОРДА.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606