Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 6078 0 пікір 22 Қыркүйек, 2014 сағат 13:33

ЕЭО-НЫҢ ЭКОНОМИКАСЫ ӘЛЕМДЕ 6-ШЫ ОРЫН АЛАДЫ

Жуырда Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) баспасөз қызметі Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) экономикасы өзінің 3 трлн. АҚШ долларына жуықтайтын жиынтық жалпы ішкі өнімімен (ЖІӨ) әлемде 6-шы орынды иеленетінін хабарлады. Оған қоса, Мәскеуде өткен  IV «Мосинтерфин-2014» халықаралық қаржылық форумында сөз сөйлеген ЕЭК-сының экономика және қаржылық саясат жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов үш елдің интеграциялық байланыстарының нәтижесінде 2030 жылға қарай ЕЭО-ның ЖІӨ-іне тағы 1 трлн. доллар қосылатынын мәлімдеді.

Жиынтық капиталы шамамен 250 млрд. АҚШ долларын құрайтын, шамамен 2 трлн. доллар активтері бар және жиынтық көлемі 1 трлн. долларға жететін қор нарығы бар 1 мыңнан астам банктер ЕЭО-ға мүше-елдердің үлесіне тиеді. Сондықтан, ЕЭО-ны құру туралы Шартта бірыңғай қаржылық нарық құру мақсатында «Ортақ қаржылық нарық» деген ұғымға түсінік берілген. Аталған шартқа сәйкес, үш мемлекет өз заңнамаларын үйлестіруді аяқтаған соң, 2025 жылы қаржылық нарықты реттейтін үлтүстілік органның (ол Алматыда орналасады деп ұйғарылды) өкілеттіктері мен реттегіштік қызметтері туралы шешім қабылдайды.

ЕЭК-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, құзырлы орган бүгінге дейін екі келісімді дайындап үлгерген. Оның бірі – қаржылық нарықтардағы қызметті жүзеге асыруда қойылатын талаптар туралы келісім, екіншісі – ақпарат (құпия ақпаратты қоса алғанда) алмасу туралы келісім. Екінші құжат әзірше мемлекеттердің ішкі талқылауынан өтуде. Сондай-ақ, ЕЭК үш елдің қаржылық нарықты реттейтін құзырлы органдарымен бірлесе отырып қаржы нарығы саласындағы заңнаманы үйлестіру жоспарын жасаған. Ол құжат үштіктің қаржы саласындағы заңнамаларын үйлестіру жөніндегі «Жол картасы» деп аталады.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан, Ресей және Беларусьта банк және сақтандыру секторын, бағалы қағаздар нарығын дамыту бағытында әртүрлі кезеңдерде, әртүрлі деңгейлерде қабылданған алуан түрлі бағдарламалық құжаттар бар. Бұл құжаттар негізінен аталған секторларды бір мемлекет аумағында ғана дамытуға бағытталған және онда интеграциялық мақсаттар толық ескерілмеген. – Осыған орай, ЕЭК үш елдің құзырлы органдары және өзге де мүдделі тараптармен ақылдаса отырып, жалпы экономикалық кеңістіктің қаржы нарығын дамытуға арналған бірыңғай стратегияны дайындауға кірісті. Алдын-ала болжағанымыздай, бұл жұмыс 2016 жылы аяқталады. Ортақ стратегияда ЕЭО елдерінің жалпы қаржылық нарығын дамытуға бағытталған нақтылы іс-шаралар қамтылады,- деді Т. Сүлейменов.

Сонымен қатар, ЕЭК министрі сөйлеген сөзінде ЕЭО-ның кеңістігіндегі келісілген салық саясаты тақырыбына кеңінен тоқталды. Себебі, мұндай саясат тауарлар, қызмет түрлері, капитал және жұмыс күшінің бірыңғай нарығын құрудың аса маңызды талаптарының бірі болып табылады. Мәселен, ЕЭК өкілінің пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай салық кеңістігі өзара саудада жанама салық салудың ортақ қағидаттарын қолдану, салықтық әкімшіліктендірудің нормаларын жақындату және үш елдің салық органдарының арасындағы ақпарат алмасуды ұйымдастыру сияқты мәселелерді қамтуы тиіс. ЕЭО-ны құруда ЕЭК сондай-ақ, ақша саясатына да ерекше назар аударып отыр. Бұл орайда әсіресе, мүше-мемлекеттердің ұлттық ақшасына әр елдің ішкі валюта нарығында да, халықаралық валюта нарығында да сенімді арттыру үшін өзара іс-әрекеттерді үйлестіру мен келісуге екпін түсірілуде. Қазіргі кезде ақша мәселелері бойынша Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық келісімдерге кодификация жасалған. Және ЕЭО-ны құру туралы Шарттың «Валюталық саясат» деп аталатын XIV бөлімі, оған 15 қосымша әзірленген.

 

Әмірлан Әлімжан  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621