Жұма, 29 Наурыз 2024
Не дейді?! 7775 0 пікір 10 Тамыз, 2015 сағат 08:32

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН ӨЗБЕКҰЛЫ ЖӘНІБЕК ПЕ?

Басталды!.. Қазақ мұндайды «Жер астынан жік шықты» дейді. Жік емей не? Бастаған басқа емес, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанның» өзі.

Не боп қалды дерсіз? Ендеше, тыңдаңыз!..

Сізден жасырып қайтем, өз басым «Егеменнің» тұрақты оқырманымын деп мақтана алмаймын. Сондықтан бұл «бәйгенің» қашан басталғанын нақты айта алмаймын. Менің көзіме бүгін ілінді...

 Көрші кабинетте отыратын қызметтес ағам (айтулы академиктердің бірі. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын!..): «Тұреке, бұл өзі не боп кетті? Елбасымыз бастап, қалғанымыз қостап «Қазақ хандығының 550 жылдығын» тойлаймыз деп жүргенде мыналар не дейді?! Сен осыған жақынсың ғой, оқып көрші!» - деп қолындағы газетін ұстатты.

«Егемен Қазақстан» газетінің 6 тамыз, 2015 жылғы 148-нөмірі. Бесінші бет. «Қазақ хандығына 550 жыл» деген айдармен бетті түгел дерлік алып, «Әз Жәнібек хан: аңыз бен ақиқат» атты мақала басылыпты. Авторы – тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Сөз басында егемендіктер «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың тамылжыған тамыз айының соңында қазақ үшін қасиетті де құтты мекен Ұлытауда ұлт тарихы хақында тереңнен толғанып, көпшіліктің көкейінде жүрген күпті ойларды дөп басатын салихалы сұхбатында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінімізді атап айтқан еді. Сөйтіп, отандық тарихшы-ғалымдардың алдына жаңа міндеттер жүктеді...

...Тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе – ол тарих болудан қалады. Осы ретте еліміздің бас газеті «Егеменде» көтерілген мәселені жаңаша көзқараспен саралауға талпыныс жасаған шағын зерттеуімізді жұртқа ұсынып отырмыз» - деп кіріспе беріпті.

Жасыратыны жоқ, мақала жалпы – қызықты деректері мен өзіндік ізденістері бар жап-жақсы мақала. Бірақ жаңалық емес. Бірқатар тарихшылар мен зерттеушілердің тізімін келтіріп, бұны автордың өзі де мойындайды. Көлдей мақаладан көңілге түйгеніміз – біздің «...осыған дейін Әз Жәнібек деп жүрген ханымыз Қазақ хандығының негізін қалаған Барақұлы Жәнібек емес, Алтын Орда ханы Өзбекұлы Жәнібек екен... Бұдан Қазақ хандығының негізін салған әйгілі Жәнібек ханның мәртебесі мен беделінің еш төмендемесі хақ» (автордың өз сөзі). Дұрыс! Келістік...

Жарайды, Қазақ хандығының негізін қалаған Әз Жәнібек емес, «жәй Жәнібек-ақ» бола қойсын!..

Авторға айтар ешқандай дауым жоқ!.. Сонда деймін-ау, бүкіл ел боп мемлекеттік деңгейде атап өткелі отырған айтулы шара әупіріммен жаңа басталған кезде жерден жеті қоян тапқандай боп, жұртты ала тайдай бүлдіріп бір бет мақала бергендегі егемендіктердің мақсаты не? Түсінбеймін...

Онсыз да «Жеңістің 70 жылдығы» мен «Ассамблеяның 20 жылдық» тойынан түгіміз қалмай ақжілігіміз шығып, «А, Құдайлап!» зорға жеткенде бұлары қалай?!

 Айтпақшы, қос тойды қатар атқарып қырылып қала жаздағанда сыр алдырмаған сабаздар кезек «Қазақ хандығының 550 жылдығына» келгенде тұралай бастады. Бірі алақан жайып, ел-жұрттан жылу сұрауды бастаса, екіншісі 20 сериялық фильмнің қысқарта-қысқарта қаңқасын қалдырды. Қысқасы, не керек, жетім қыздың тойындай ғып, басталмай жатып-ақ жұлым-жұлымын шығарды.

Ендігіміз – мынау!.. Жетпегені осы еді. Жарысқа енді «Егемен» араласты... Бұл не? «Саботаж» ба?! Әлде қазақ той тойлаудың орнына қырық пышақ боп бір-бірімен қырқысып жатсын деп әдейі істелген әрекет пе? Мұрат не?..

Елдігіміз қайда? Елдің егесі қайда?! «Әй, ағайындар, мемлекеттік деңгейде өткізіліп жатқан іс-шара, бұра тартпай бір ауызды болайық!» - деп ақыл айтар бір адам табылмай ма?! Бұл қандай бассыздық? Бұл қандай пікірталас?! Әлде биылдан кейін өмір жоқ па?..

Қазақ – көнбіс, кеңпейіл, дархан халық. Бірақ бар нәрсенің шегі болады. Сенім де сарқылып, төзім де түгесіледі!.. Сондықтан, батырлар, шектен шықпайық!..

 

P/S.   ...Құлдан да бір сөз!..

Құрметті әріптестер! Қолына қалам ұстаған барша қазақ зиялылары!.. Сіз бен біздің сөзімізді тыңдап жатқан тірі пенде жоқ. Ендеше, бәрін соларға-ақ берейік!..

Өздері тойласын. Бізсіз!.. Есесіне, ертең арымыз таза болады.

«Егемен» дұрыс айтады... «Тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе, онда ол тарих болудан қалады».

Өздері өткізсін. Бізсіз!..

Ал біз сөзімізді сосын айтамыз!..

 

Тұрмағанбет Кенжебаев

 ақын, Қазақстан Жазушылар және

Журналистер  Одағының мүшесі.

8 тамыз, 2015 жыл.  Астана.  

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2273
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590