Жұма, 6 Желтоқсан 2019
«Соқыр» Фемида 3713 0 пікір 29 Шілде, 2015 сағат 11:22

СӘДУАҚАСОВ CАФРОНОВҚА ТАБЫНЫП ЖҮР

Біздің  Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасовтың өнерге деген сүйіспеншілігі ерекше екендігіне,  өнер дегенде ішкен асын жерге қоя салатын айрықша қасиетіне мұндағы қарапайым халық қашанда тәнті. Тек ол кісінің мұндай ыстық ықыласы мен үлкен құрметі көршіміз – Ресей елінен келген өнер иелеріне ғана бағытталатынына әуелгі кезде таң қалғанымызбен, кейін етіміз үйреніп кетті. Өйтпегенде қайтейік, облысымыздың қожайыны, «ақ» дегені – алғыс, «қара» дегені – қарғыс, ешкім бетіне келмейтін маңдайымызға біткен жалғыз әкіміміз біздің, қарапайым халықтың, пікірін құлағына қыстырмасы белгілі. Кезінде Ресейдің барды, яғни, гитаршысы Михеев дегенмен екі күн бойы қосыла шырқап, құлағымыздың «құрышын» қандырғанын жазған да едік. Оған «мәу» деген басшымыз болмады. «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, сол әншісымағымыз жыл сайын Қостанайға ат басын бұрудан шаршаған емес.

Жарайды, болар іс болды, іс бітті, ку кетті делік. Алайда, осы әкіміміздің жақында істеген бір ісіне жағамызды ұстадық. Ресейдің Никас Сафронов деген суретшісінің бар екендігінен хабардар шығарсыздар. Жалпы, Ресей жұршылығының бұл адам жайлы пікірі онша емес. Өз суреттерін сатуда кейбір қулықтарға барып, тіпті, алаяқтық жасайды деген қаңқу сөздер баспасөзде әредік жарияланып тұрады. Жарайды, оны ол кісінің ар-ұятына қалдырайық. Айтайын дегеніміз ол емес. Біздің көңілімзіге кірбің ұялатқан жай – әлгі әкіміміздің Сафоновтың осында ашылған көрмесіне жұрттан бұрын жетіп барып, газет пен телевидениеге сұхбат беріп, оны жер-көкке сыйғызбай мақтағаны болды. Тіпті, «күзде амандық болса, оның шығармашылық кешін өткіземіз» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Не деген жанашырлық, не деген қамқорлық десеңізші? Шіркін, осы әкіміміз әлгіндей «әкелік» қамқорлық қолын осындағы  өнер адамдарына созса ғой, «әп, бәрекелді!» дер едік. Өйткені, облысымыздың мақтан тұтар өнер адамдарының жағдайын естісеңіз, жерге кіріп кете жаздайсыз. Бұл енді өз алдына жеке әңгіме. Облыс әкімі өзі құрылтайшы болып табылатын облыстық қазақ газетінің  есігін бір рет те ашқан емес. Сөйте тұра осындағы орыс тілді «Алау» телекомпаниясы, «Костанайские новости» газеті секілді ұжымдардың мерейтойларынан қалмайды. Мінекей, біздің әкім осындай.

P.S. Айтпақшы, «өнер сүйгіш» әкіміміз екі өкпесін қолына ала, салып ұрып  жетіп барған көрмеге оның иесі – Никас Сафронов, тіпті, келген де жоқ. Сірә, ол кісі біздің әкімнің өз өнеріне табынушы екендігін білмей қалса керек. Ал, біз білдей бір әкіміміздің сол Никас дегеннің өкілі – қайдағы бір бейтаныс әйелге жағынып тұрғандығын көргенде, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадық.

Мұратбек Дәуренұлы

Қостанай облысы

Abai.kz

0 пікір