Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Билік 9467 0 пікір 27 Маусым, 2015 сағат 20:44

ОРАЛДА ҚАДЫР АҚЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ МЕН ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Орал қаласында Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар басталды. 

Жан-жақтан жиналған жұртшылық алдымен Қадыр ақынға орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімінің куәсі болды.

Онда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, Елбасы жариялаған ҚХА жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата заң мен Ассамблеяның 20 жылдығы сынды мерейлі мерекелер жылына айналып отыр. Соның ішінде ұлт тұтастығын сақтап, қазақ елінің бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғалардың бірі Қадыр Мырза Әлінің орыны айрықша. Қаламының қуатымен, дара дарынымен, ұшқыр ойымен сан қабат тіршіліктің кейбір келеңсіз көріністерін өткір сынай отырып, халқының бар қадыр-қасиетін, мінез-келбетін Қадырдай көрсете білген талант кемде-кем. Ендеше, оған ел құрметі де мәңгілік.

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаев тебірене сөз алды. 

-Еңселі ескерткіші ашылғанда, қайран ақынның аялы дидары көз алдымызға келгендей болды. Менің бұл Ақ Жайық еліне бірінші келуім емес. Соның үшеуінде Қадыр досыммен сапарлас болған едім. Кеудемізді самалға тосып, ақынның туған жеріне табанымыз тиді. Екі мәрте Сырым батырдың мерейтойына куә болдық. Міне, сонда аспан астын алай-түлей қылып, екілене жел көтерілді. Бұл хан ордасын қалшылдатқан баба мінезінен сыр бергендей еді. Міне, сонда жалбыр шашы иығын жапқан ақын дүрліккен дүниеге қасқая қарап, қатқан да қалған-ды. Сол бейнесі енді ескерткішке көшіп, мәңгілікке қалып отыр. Студент кезінде-ақ даралығымен танылып, дипломдық жұмысын лирикадан қорғады. Қыршаңқы сұрақтарға қиқарлана жауап беріп, тауып айтқан сөздерімен талайды таңқалдырды. Қадыр ақын кітаптарын тұтас бір тақырып, бір концепция төңірегінде топтастыра білді. Бұған «Ой орманы», «Дала дидары», «Бұлбұл бағы», «Ақ отау», «Домбыра», «Көш», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Көкпар», «Қызыл кітап» сынды кітаптары дәлел. Сөйтіп қазақтың ұлттық лирикасын жаңа биікке көтерді. Инемен құдық қазғандай, өмір бойы қаршығадай қалпында жазу үстелінде еңбек етті. Артында қараны қандырып, төрені төндіріп жазған кітаптары қалды. Қысқасы, Қадырды білмейтін қазақ жоқ, - деді Ә.Кекілбайұлы.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин Қадыр ескерткіші мен орталығының ашылуы қазақ халқының рухани өміріндегі елеулі оқиға, ел әдебиеті мен өнеріне көрсетілген құрмет екендігін жеткізді. Алтын Орданың ту тіккен жері, ежелден ноғайлы, қазақ жайлаған Ақ Жайықта Қадырдай ақынның дүниеге келуі заңдылық. Бүгінде ол күллі қазақ елі қадірлеп, құрмет тұтатын ұлы тұлғаға айналды. Бұдан кейін Н.Оразалин ақынға арнаған «Жайықпен амандасу» атты өлеңін оқып берді.

Ақынның зайыбы Салтанат Мырзалиева Қадырға көрсетіліп жатқан құрмет үшін еліне шынайы ризашылығын білдірді. «Өзім үшін күресте жеңілсем де, Елім үшін күресте жеңілмеймін», деп өткен Қадырдың бұл елге оралуы, мәңгілік ғұмырының басталуы десе де болады.
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы салтанатпен ашылғаннан кейін Қытайдан, Италиядан алынған замауани жабдықтармен жасақталған 150 орындық концерт залында мәртебелі меймандар тарту-таралғыларын ұсынды. Соның ішінде белгілі кәсіпкер, ақын қорын құрушылардың бірі Құндыз Нұпов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан автокөлік кілттерін табыс етті. Өнер орталығын салған мердігер «Болашақ-Т» компаниясы да құр қол келген жоқ. 

Баспасөз мәслихатында сөз алған облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жаңа орталықта ақынның кітапханасы, музейімен қатар Ақ Жайықтан түлеп ұшқан басқа да қаламгерлер, өнер қайраткерлері туралы мағлұмат беретін бұрыштар бар. Қазақстан Жазушылар, Композиторлар және Суретшілер одақтарының өңірлік филиалдары осында орын теппек. Мұнда түрлі әдеби, мәдени шараларды жоғары дәрежеде өткізуге толық мүмкіндік жасалған. Ендеше, Қадыр орталығы Батыс Қазақстанның мәдени Меккесіне айналсын деп тілейік.
Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, танымал тарихшы-ғалым, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбай, Ақ Жайықтың қалам ұстаған қыздары Дариға Мұштанова, Айсұлу Қадырбаева, Мира Шүйіншәлиева Қадырдың туған жерінде қос бірдей ескерткішінің ашылуы үлкен қуаныш, ел ішіндегі таланттардың басын қосып, ортақ шаруаларды бірлесіп атқаруда мұндай орталықтың маңызы зор екендігін жеткізді.

Бүгін сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында «Қадыр тағылымы» атты әдеби-сазды кеш болып, «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпаз-жүлдегерлері марапатталды. Ақын атындағы орталықтың амфитеатрында Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі концерт қойды.

Ертең ақынның 80 жылдық мерейтойы Сырым ауданында жалғасады.

ҚазАқпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3518