Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 9021 0 пікір 31 Қазан, 2015 сағат 03:00

"ШЫМКЕНТ-ҚАЗАҚСТАН" 25 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Тоқсаныншы жылдары облыстық телеарнаны қосып қалсаңыз «Шымкенттен көрсетiп, Шымкенттен сөйлеп тұрмыз» дейтiн едi ғой... Есiңiзде ме?

Сөзi өзгерсе де көрерменмен көзайым болу үрдiсiнен жаңылмаған, Оңтүстiк өңiрiнiң тыныс-тiршiлiгiн эфир арқылы көпшiлiкке жеткiзiп отырған «Қазақстан–Шымкент» телеарнасы бүгiнде өзiнiң ширек ғасырлық мерейтойын атап өтуде. Бiлетiндердiң айтуынша, Оңтүстiкте жиырма бес жыл бұрын да телеарна болған. Жетпiсiншi жылдары аптасына үш рет эфирден бiр сағаттық бағдарламамен көрiнген телеарнаны ел тез ұмытқан. Себебi, ашылғанына небары алты-ақ жыл болған телеарнаны сол кездегi КСРО Мемлекеттiк телерадио тарату комитетi «жабу керек» деп шешiм шығарған.

 Телевизия – ең қымбат сала

– Бiз өз телеарнамыздың негiзiн сол 1990 жылы эфирге алғаш шыққан қарашаның 5-iнен қаланды деп есептеймiз, – дейдi телеарна басшысы Уәли Қыдыр. –Осынау 25 жылда телеарнаны басқарған әр басшының өзiндiк қолтаңбасы қалды. О баста алғашқы хабарын 4 камералық ЖТС (жылжымалы телестанция) арқылы тiкелей эфирге таратқан телеарнаның бүгiнде ауыз толтырып айтар жетiстiгi аз емес.

Әңгiменi әрiден бастағанымыз сол едi, қиыла өтiнген көрерменнiң телефон қоңырауын қабылдауға тура келдi.

– «Ғибратнаманың» соңғы хабарын көре алмай қалып едiм, ендi қашан қайталайсыздар?

Батыс Қазақстан облысынан хабарласқан азамат Оңтүстiктiң өнерпаздарын, жыршы-термешi, күйшiлерiн дәрiптейтiн хабардың тұрақты көрерменi екен. «Осы хабар ұнайды. Баяғы термелердi орындайды. Оңтүстiк өнерпаздарға кенде емес қой. Дегенмен, термешiлердi танытуда үлкен сауап iс жасап жүр» дейдi ағынан жарыла.

– «Отау ТВ» арқылы елiмiздiң барлық өңiрiне тарала бастағалы осылай деп хабарласатын көрермендерiмiз де көбейiп жатыр, – дейдi жылы сөзге жаны жадырай түскен «Қазақстан» телерадио корпорациясының Оңтүстiк Қазақстан облысы филиалының директоры Уәли Қыдыр. – Көрермендерiмiздiң мұндай жылы пiкiрлерi бiз үшiн жауапкершiлiк жүгiн екi есе арттырады. Себебi, бiздi тек Оңтүстiк Қазақстан облысы ғана емес, бүкiл Қазақстан тамашалап отыр. Телеөнiмдер бәсекелестегi қызған бүгiнгiдей заманда «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының бәсi төмен болмауы үшiн тек сапалы дүниелер жасауға тиiстiмiз. Шығармашылық ұжымнан талап ететiн басты мақсатым да осы. Ақпаратты дер кезiнде беру, кез келген тақырыпты таразылап, талдап, журналистiк көзқарасын бiлдiре отырып көрерменнiң көңiлiнен шығатындай етiп жеткiзе бiлу басты ұстанымымыз.

Айтса айтқандай-ақ, санамалағанға телеарнаның қол жеткiзiп отырған жетiстiгi қомақты. Заманауи техникамен жарақталған телеарна жылжымалы телевизиялық станция арқылы облыстың кез келген аймағынан тiкелей эфирде хабар тарату мүмкiндiгiне ие. Тәулiгiне эфирдегi 14 сағатты өз өнiмдерiмен толтыруда. Көгiлдiр экранға көз тiккендер «Қазақстан–Шымкент» арқылы «Таң нұрымен» таласа тұрады. Тұрақты көрермендерi «Ақтолғаймен» ақтарыла сыр шертiсiп, «Сөз түзелдiге...» қарап сөзiн түзеп, ғибратты әңгiменi «Ғибратнамадан» естiп, сарқылмайтын «Қазынаға» ие болып отыр. Ұжымның осы бiр елеулi еңбектерi ескерусiз емес. Телеарна журналистерi үнемi Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгi мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасы, мақтау қағаздары, Алғыс хаттарына ие болып, мерейлерi үстем болып жүр. БАҚ арасындағы байқаулардың қорытындысы бойынша «Дидар», «Оңтүстiк эфир», «Объектив» аталымдарының жеңiмпаздарын да осы ұжымнан табасыз. «Ақжелкен» бағдарламасы «Еуразия айналымы» халықаралық байқауларының лауреаты атанса, тележурналистер Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаев, Сейдахмет Бердiқұлов атындағы сыйлықтардың иегерлерi. Өңiрдегi бұқаралық ақпарат құралдары арасынан оқ бойы озық шығып, «Қазақстан–Шымкенттiң» «Жылдың үздiк телеарнасы» атанғаны да кеше ғана. Мерейлi ұжым бүгiнгi табыстарына оп-оңай қол жеткiзе салған жоқ. Талай тар жол, тайғақ кешуден өткен телеарна бүгiнде өздерi мектеп қалыптастырып үлгердi.

 

«Телеарнаны Шымкенттiң патриоттары құрды»

Кешегi күнге тағы бiр шегiнiс жасап көрсек. Тоқсаныншы жылдары телеэфирдiң бiр бүйiрiнен бiрде «Арсенал», ендi бiрде «Шаян» фирмасы» деген жазу шығып тұратын. Мұны сан-саққа жүгiрткендер де табылған.

– Көрерменнiң көзi үйренгенi сонша, бiр күнi «Шаян» телеарнасының басшысы Байдулла Қонысбекке...» деп жазылған хаттар келе бастағаны бар, – дейдi кешегi күндi еске ала отырып, ардагер журналист ағамыз Байдулла Қонысбек. – Ал, бiз ол фирмалардың атын жазып қою арқылы, демеушi еттiк. Есеп-шотымызға аударылған бiр миллион теңгенi айлық жалақы уақтылы берiлмейтiн, елдiң әлеуметтiк жағдайы қиын болған сол заманда телеарна қызметкерлерiн жұмыста сақтап қалуға, бала-шағаларын асырауларына мүмкiндiк жасадық. Менiң риза болатыным, сондай қиындықтарға қарамастан телевизия саласы болашақтың iсi екенiне сенген азаматтар өз iсiне берiлгендiктен осы салада қалды.

Расында да облыстық телеарнаны ашу, ашылған соң оны ұстап тұру экономикалық қиындықтар қыспаққа ала бастаған тоқсаныншы жылдары өте қиын болатын. Оңтүстiкте телеарнаны нағыз патриоттар ашты деуге әбден-ақ болады.

– Облыстық партия комитетi бюросының шешiмiмен облыстық телерадиокомитетке 1987 жылы қараша айында басшы болып тағайындалдым. Ол кезде отыратын орнымыз Төреқұлов көшесiндегi (бұрынғы Некрасов) облыстық радионың кеңсесi. Әбден тозығы жеткен. Құрал-жабдық, техника дегенiңiзден жұрдай. Iлдебайлап, айлығымызды алып, радиодан 45 минут хабар таратып күнелтуге арым жiбермедi. Телеарна ашу күндiз-түнi ойымнан бiр кетпедi. Осы бiр арманымды айтып облыстың сол кездегi басшысы Валерий Темiрбаевқа кiрдiм. Ол кезде бес облыстан басқа облыстардың бәрiнiң өз телеарналары болатын. Соны айта келiп, халқы көп, iргелi өңiр ретiнде бiзде де облыстық телеарнаның болуы керектiгiн түсiндiрдiм. «Мәселенi дұрыс көтерiп отырсың, бiрақ оны қалай құрамыз? Керек құрал-жабдықты қайдан табамыз? Сол жағын нақты шешiп кел» дедi бiрiншi хатшы. Мақсатыма жеткендей қанаттанып шықтым. Ол кезде ғимараттың iшi-сыртын жөндеуден өткiзiп, қоршауларды бекiтiп, бiраз тәртiп орнатқанбыз. Ташкенттегi байланыс иснтитутымен хабарластым. Барып-қайтуыма да тура келдi. Телеарна ашу үшiн керектi құрал-жабдықтардың түрлерiн, тiзiмiн жасатып, сметалық-жобасын жасаттым, – дейдi Байдулла Қонысбек.

Ол кезде сметалық құны 3 миллион рубльден бiр тиынға асатын болса, ол жобаны мақұлдау, бекiту мәселесi Мәскеуде қаралатын. Ал, Байдулла ағамыз Ташкентке барып жасатып келген жоба тұп-тура 3 миллион сомға лайықталған. «Өзiмiзде-ақ шешiлетiн мәселе болды-ау» деп қуанғанмен, облыс басшысы ауысып, өзге де қаржылық, экономикалық қиындықтар тiзбектеле бастады. Байдулла ағаның салы суға кеткендей, «телеарна ашсам» деген арманын уақытша ұмыта тұруына тура келдi. Бiрақ облысқа С.Терещенко бiрiншi хатшы болып тағайындалған соң үмiт оты қайта жанғандай едi. Баяғы арманын арқалап Байдулла аға облыстық партия комитетiне тағы барады.

– Байқоңырда бiзге қажет қондырғы тұр. Тек 1 миллион сом тауып берсеңiз болды, – дейдi алған беттен айнығысы келмей. Бұл жолы Байдулла Қонысбек қасына облыстық партия комитетiнiң идеология жөнiндегi хатшысы Ермек Алдановты ертiп алған. Терещенко мырзаның қасында Шымкент қалалық партия комитетiнiң хатшысы В.Шеманский отыр екен. Облыстық телеарна ашу мәселесi көңiлге қонымды болғанымен, қажеттi қаржыны қайдан алу керектiгi басшылардың бас ауруына айналады. Осы тұста В.Шеманский өзi қызмет атқарған жылдары Шевченко (Ақтау) қаласында қалай телеарна ашқанын айтып, тез арада Шымкенттегi iрi өндiрiс орындарының басшыларын шақыртады.

«Шымкенттiң патриотымын деген азаматтар облыстық телеарнаның ашылуына қаржылай көмек беруi қажет» деп зауыт директорларының кеңесiнде мәселенi қабырғасынан қояды. «Бұл iсiмiз облыстың абыройы болмақ» дегендi Байдулла Қонысбек те зауыт басшыларына айтып түсiндiрiп бағады.

– Осылайша есеп-шотымызға бiр тиын артық-кемi жоқ 1 миллион сом түстi. Оны бiз тез арада Мәскеуге, Қорғаныс министрлiгiнiң есеп-шотына аудардық, – деп әңгiмесiн жалғады Байдулла аға. – Сөйттiк те Байқоңырға барып, кәдiмгi Гагарин ғарышқа ұшқан айлақта тұрған жылжымалы телестудияны алып келуiмiз керек болды. Ал, мен журналист болғанмен, телевизия iсiнде тәжiрибем жоқ. Сала техникасынан хабарсызбын. Байқоңырға барғанмен, ол техниканың тiлiн қалай табамын? Ендiгi бас ауруым осы болды. Қол астымда қызмет ететiн Геннадий Толмачев деген жiгiт бiр күнi Болат Бәйменов деген маман барын, ол қазiргi таңда Шымкент мелиорация тресiне қарасты құрылыс дирекциясында қызмет ететiндiгiн айтты. Содан Болат Бәйменовтi iздеуге кiрiстiм.

Басшысы Өстемiр Тiлегеновтен үш-төрт күнге сұрап алып, Байқоңырға тартып кеттiк. Бардық. Техниканы iске қосып, Болат тексердi. Алып қайттық. Жол-жөнекей Болаттан бiзге қызметке келуiн өтiндiм. Алып жүрген айлығы 320 сом екен. Ал, телеарнаға келсе алатыны 270 сом. Басшы ретiнде менiң айлығым 280 сом. Одан артық төлей алмаймын. Не керек, Болаттың телевизия iсiнiң болашағына сенгенi, патриоттығы басым түсiп, бiзге ауысуға келiсiм бердi.

Мақтаулы маманына құда түсiп келгенде Өстемiр Тiлегеновтiң бiраз тулағаны бар. Бұл жолы да Байдулла аға «облыстың абыройы үшiн керек. Ол мамансыз телеарна аша алмаймын. Техниканың тiлiн бiлетiн сол ғана» деп жеңдi. Болашақтың қамы үшiн жасалып жатқан тiрлiктiң қажеттiлiгiн Өстемiр аға да түсiндi. Рұқсатын бердi.

– Мен әрбiр маманды осылай жинадым. Ал, маған сенiп келген сол мамандар қиын кезеңде, айлық-жалақы алмаған шақтарда тағы да сол зауыт басшылары мен қалталы бизнесмендерге барып, демеушiлiк көрсетуiн сұранып, бәрiн де сақтап қалуға тырыстым.

Кешегi күннен шертер Байдулла ағайдың естелiгi көп. Аптасына үш рет бiр сағаттан тiкелей эфирден хабар тарату iсiн бастаған 1990 жылғы қиындықты көзбен көргендер ғана жақсы бiледi. Сөйтiп жүргенде Терещенкодан қарашаның 7-сi – Ұлы Октябрь революциясы күнiне орай тiкелей эфирге шығу туралы тапсырма берiледi. Эфирге қонақ ретiнде телетарату саласының басшысы Әбдiмәжит Рашидов, облыс басшысы С.Терещенко, демеушi зауыт басшысы ретiнде Әбiлқасым Досболов, телекомитет басшысының орынбасары Жеңiс Баһадүр, Болат Бәйменов шақырылып, тiкелей эфирде Байдулла Қонысбек Оңтүстiктiң өз телеарнасы барын көрерменге жеткiзiп, арнайы хабар шығарады.

Үнемi даму мен жаңа өзгерiстердi, iзденiстердi талап ететiн телевизия саласына тағы да жаңа қондырғылар, техникалар алу қажеттiлiгi туындай бастайды. Байдулла Қонысбек облыстың бас идеологы Ермек Алдановқа қайта барады. «Панасоник» фирмасы арқылы 41 мың долларға 3 камерасы және монтаждау аппараты бар жиынтықты алу керектiгiн алға тартады. Тек сатып алу үшiн АҚШ доллары қажет.

– Долларды қайдан аламыз?

– «Қазхлопкопром» зауыты өз өнiмiн тек доллармен саудалайды. Бiр көмектессе сол зауыт басшысы Шахарбек Усманов көмектесе алады.

Айтқанындай Шахарбек Усманов облыстың айнасы – телеарна үшiн демеушiлiк көрсетiп, 41 мың АҚШ долларын жапондық «Панасоник» фирмасының есеп-шотына аударады. Ал, техниканы алу үшiн телеарна қызметкерлерi Болат Бәйменов пен Жеңiс Баһадүрдiң сонау Владивостокка баруына тура келгенi де өз алдына бiр хикая.

Облыстық телеарнаның үш жылдық туған күнiн атап өту барысында облыс әкiмiнiң орынбасары Қуаныш Айтахановтың бастамасымен демеушiлер қатары көбейiп, әр мекеме қолдарынан келгенше телеарнаны сақтап қалуға өз үлестерiн қосады. Өкiнiшке қарай, қарашаның 5-i күнi өткен акциядан көп уақыт өтпей қарашаның 15-i күнi төл теңгемiз қабылданып, бұрынғы ақша өз құнын жояды. Акцияда демеушiлер ұсынған қомақты қаржы тиын-тебен ғана болып қалған.

– Қиналып жүргенде облыс әкiмi М.Үркiмбаев шақырып алып, «үш күн мұрсат беремiн, қайдан, қалай алу керектiгiн нақтыла. 150 мың долларға қажеттi техниканы сатып алатын бол» дедi. Қуанып кетiп, түнiмен Болат Бәйменов екеумiз керек-жарақтың тiзiмiн жасадық, – дейдi Байдулла аға. – Мiне, осындай азаматтар облыстың абыройы үшiн, облыс тұрғындарының жаңалықтан құр қалмауы, ақпаратпен сусындауы үшiн телеарнаның қалыптасуына көп үлес қосты.

Ал, облысты З.Тұрысбеков басқарып тұрған шақта телеарна үшiн қолайлы ғимараттың қажеттiгiн айтып қанша рет өтiнiшпен шықса да мәселе шешiмiн таппаған екен. «Мiне, сол кезде бiзге көмекке әрiптестерiмiз келдi. «Оңтүстiк Қазақстан» мен «Шымкент келбетi» газетiнде «Айта айта Алтайды...» деген ашық хатымыз жарияланды. Онда талайдан берi Дзержинский аудандық партия комитетi ғимаратының үшiншi қабатында қысылып-қымтырылып жұмыс iстеп жатқанымызды, телестудияларымыз бен қондырғыларымыздың талапқа сай орынға орнатылмай отырғанын сөз еттiк. Сосын барып, ғимарат мәселесi де шешiлдi» – дейдi Байдулла аға.

Телеарна ақпарат таратушы ғана емес, елдi тәрбиелеушi құрал. Егемендiк алған елiмiз әлеуметтiк-экономикалық ауыртпалықты бастан кешiрiп, тұрмыстық түйткiлдерден арыла алмай жатқанда ұлттың рухын көтеретiн бағдарламалар дәл осы облыстық телеарнадан бастау алды. Салт пен дәстүрдi, әдет-ғұрыпты насихаттаған «Ғажайып қоржын» телеойыны елдiң есiнен шыға қойған жоқ. Бүгiнде ел телеарнаны ток-шоуларсыз елестете алмайды. Ал, сол ток-шоу дегенiңiз Оңтүстiкте тоқсаныншы жылдары көрерменнен өз бағасын алып үлгерген-дi. «Таным. Талғам. Тағлым» атты шоу-бағдарлама көрерменнiң танымын кеңейтiп, талғамын түзеп, тағлымын арттырған дүние болды.

Аядай студияда бiр ғана камерамен сапалы телеөнiмдер жасап, көрерменге тiкелей эфирде ұсына жүрiп, Сенбек Ералы, Шаһаризада Дәнеева, Жәмила Мүлкiбаева, Айжiгiт Асанов, Арыстан Отарбаев, Айғаныс Қарабалаева, Нұрғали Матаев, Талғат Елеубеков, Нұриддин Битабаров сынды телеарна қызметкерлерi бүгiнгi телеарна тарихының негiзiн қалап жатты.

 

Әр басшының өз қолтаңбасы болды

Байдулла Қонысбек басқарған 1986-2002 жылдары аптасына жетi күн бiр сағаттық бағдарламамен эфирге шыққан телеарна бiртiндеп өз ауқымын кеңейттi. Тәулiгiне 18 сағаттық көрсетiлiм болған шақтар әлi есте. «Бетпе-бет» бағдарламасы арқылы келелi мәселелердi қозғап, «Жүздесу», «Шарайна» сынды хабарлар көрермендi көп жинауымен ерекшелендi. Бүгiнде елiмiз түгiлi алыс-жақын шетелге танымал болған сатиралық театрлар «Шаншар» мен «Алдараспанның» негiзi дәл осы облыстық телеарнада қаланғанын, алғашқыда сатиралық телебағдарлама болып көрерменге көрсетiлгенiн көп адам бiле бермейдi.

Телеарна тiзгiнi 2002-2008 жылдары Қалыбек Атжанға бұйырды. Бұл кезеңде де көрермен «Айқаракөз» арқылы танымын кеңейтiп, «Алтыбақанда» дәстүрдi дәрiптеп, «Сыбағаға» ие болып жатты. «Ауыл-аймақ» айшықты ақпараттар ұсынатын хабарға айналды.

Аз болса да сазды дүние жасай бiлген Есмұхамбет Шынтеков те облыстық телеарнаға өзiндiк бет-бейне қалыптастыра бiлген басшылардың бiрi болатын. «Бiз естiмеген бiр ән», «Шайхана», «Жұлдыз болғым келедi» хабарлары елдiң есiнде.

«Анық-қанық», «Жансарай», «Сырлы сұхбат» сынды жаңа хабарларды қалыптастырған Ғалым Омархановтың да телеарнадағы басшылық еткен төрт жылы өзiндiк қолтаңбаға ие болған кезең болды. Жоғарыда айтып өткенiмiздей, телеарнаны басқарған азаматтардың қай-қайсысы да көрерменнiң көкейiнен орын алатындай телеөнiмдердi дүниеге әкелуге мұрындық болды. Осы бiр үрдiс телеарна басшылығына Уәли Қыдыр келген тұста да өз дәстүрiнен жаңылған жоқ.

Тәулiктiң он төрт сағатында көрермен жоғарыда айтып өткен телеөнiмдерден бөлек «Бүгiнгi әңгiме», «Ғұмырдария», «Ғасырлар сыр шертедi», «Алдаспан», «Өзiмiздiң өнiм», «Бiлiм бұлағы», «Атакәсiп», «Аққан жұлдыз», «Балауса», «Сiз бiлмейтiн бiр сыр бар», «Шамшырақ», тағы басқа көптеген хабарлармен қатар жаңалықтар жаршысы болған «Оңтүстiк» ақпарат» және «Апта тынысы» бағдарламасын асыға күтетiн болған.

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының шыңдалу мектебiнен қанат қаққан бiрқатар тележурналистер бүгiнде республикалық арналардың көркiне айналғанын да айта кеткен орынды. «Қазақстан» ұлттық арнасының спорт комментаторы Индира Бектенова, «Хабардың» тiлшiсi Нұрбек Байбосынов, белгiлi продюсер Асхат Садырбай, КТК телеарнасының редакторы Дина Төлепберген, бүгiнгi телеоператорлардың ұстазы болған Ағабек Қазанбай облыстық телеарнаның түлектерi.

– Тiкелей эфирде хабар таратуға қолайлы болып отырған 4 камералы жылжымалы телестудиямыздың шарапаты арқасында республикалық маңызды iс-шараларды көрермендерiмiзге дер кезiнде көрсете алып отырмыз. Өзге өңiрлердегi әрiптестерiмiзбен салыстырғанда алғашқылардың бiрi болып, студиямызды анимациялық декорациямен жабдықтап отырмыз. Түсiнгенге телеарна ең қымбат, көп қаржыны талап ететiн сала. Телевизиялық бiр ақпаратты, хабарды эфирге шығару үшiн тiлшiден өзге оператор, монтаждаушы, режиссер, тағы басқа мамандар жұмылдырылады. Мұндайда техниканың сыр бермегенi ләзiм. Алда-жалда техника iстен шықса, соншама адамның еткен еңбегi зая кетпек. Соны түсiнгендiктен де телеарнаның материалдық-техникалық базасын бiртiндеп жаңартып, заманауи жабдықтармен жарақтап жатырмыз, – дейдi «Қазақстан» телерадио корпорациясы Оңтүстiк Қазақстан облысы филиалының директоры Уәли ҚЫДЫР.

Бұл күндерi көрермендер Төребек Байтас, Саттар Есiмбек, Кенжехан Нұрмахан, Мақсұт Айтжан сынды тележурналистердiң есiмiн жақсы таниды. Олардың әрқайсысының өз қолтаңбасын айқындайтын авторлық бағдарламаларына деген көрермен сұранысы артқан.

Ақпарат кеңiстiгiнде өз бағытын айқындап алған «Қазақстан–Шымкент» телеарнасындағы әрiптестерiмiздi ширек ғасырлық мерейтойларымен шын жүректен құттықтай отырып, көрермендерiңiз көп болсын деген тiлек бiлдiремiз!

 

Телеарна – мақтанышым

Жадыра МЕРГЕНБАЕВА, шеф-редактор:

Мен «Қазақстан–Шымкент» телеарнасына 20 жасымда келдiм. Сол кездегi директордың орынбасары Абай Балажан мен шеф-редактор Қожабек Жақсыбаевтың мектебiнен өттiм. Бiзге қатал да талапшыл болып көрiнетiн Қ.Жақсыбаевтың осы күнi қарап отырсам ұжымның мүддесi үшiн, телеарна жұмысының қарқынды жүруi үшiн талап еткен тәртiптерi орынды екен ғой деген ой келедi.

Абай Балажан ағамыздан журналистiк стильдi қалыптастыруды үйрендiк. Көп ретте тележурналистер сөздiк қордың жұтаңдығынан ақсап жатады. Бiлетiн белгiлi бiр сөздердi қайта-қайта қолдану арқылы көрермендi жалықтырып алатын сәттердiң болатыны рас. Мiне, осы тұрғыдан келгенде Абай Балажанның әрбiр мәтiндi мұқият тексерiп, iзденуге, шешендiк өнердi дамытуымызға әсер еткенiн атап өткiм келедi.

Әрине, 25 жыл бiздiң ғана емес, миллиондаған көрермендерiмiздiң де мерейтойы десем болады. Жетiстiгiмiз де ортақ. Ортақ мереке құтты болсын!

 

Қаһарман СҰЛТАНОВ, аға инженер:

– Телеарнада жұмыс iстеуге қызығушы, соның iшiнде техниканың тiлiн бiлетiн жас мамандар көбейiп келедi. Солардың бiрi ретiнде мен бiздiң ұжымдағы Ержан Өтелов, Зафар Тұрдыниязов, Саламат Жалдыбаев сынды жас мамандардың есiмiн мақтанышпен атаймын.

Техникалық мүмкiндiгiмiздiң арқасында Түркiстан қаласындағы мешiттiң ашылу салтанатынан, екi ел басшыларының қатысуымен жасаған тiкелей репортажымызды Түркия телеарналарына ұсынып жаттық. Осы жылы облысымызда әлемдiк деңгейде өткен спорттық iс-шараларға үлесiмiздi қостық. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ММА (MixedMartialArts –аралас жекпе жек күресi) «Қазақ батырлары» турнирiн ресейлiк «Боец» арнасы бiзден алып, тiкелей көрсеттi. Қазақстан, Шотландия, Австрия, Латвия елдерi арасындағы қыздар футболынан Еуропа чемпионатының iрiктеу турын, футболдан «БИIК-Қазығұрт–Барселона» әйелдер командалары арасындағы ойынын бiз арқылы «Кazsport» және Испания телеарналары тiкелей көрсеттi. Одан бөлек өзiмiздiң Ордабасы футбол командасының Шымкент қаласындағы ойындарын телеарнамыздан үзбей көрсетiп келемiз.

Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған аламан бәйге ойындарын түсiруге де атсалысып қайттық.

Дерек-көзі: "Оңтүстік Қазақстан" газеті

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3581