Жексенбі, 19 Қараша 2017
Маңызды 7724 0 пікір 17 Ақпан, 2016 сағат 12:09

МЕКТЕП БАЗАРҒА АЙНАЛЫП БАРАДЫ, МИНИСТР МЫРЗА!

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиевтің назарына!

Мектеп пен мұғалімге сый-құрметпен қарайтын заман артта қалғалы қашан?  «Неге?»- деген сұрақ туындай қалса жүректі ауыртып, жанды жаралайтын жауап аламыз.

Бала қоғамның  кішкентай ғана қорғансыз бөлігі. Бүгін «кішкентай» деп отырған баламыздың ертеңгі  біздің жалғасымыз, еліміз бен жеріміздің қорғаушысы және иесі екенін де ұмытпағанымыз абзал. Осы жылдың  11-ақпан күні Қарасай ауданы, Қырғауылды ауылындағы қазақ орта мектебінде белгісіз біреулер сауда жасап,  бастауыш сыныптарға  ағылшын тілінің кітаптарын сатқан. Ол сауда қалай жүргізілді, кітап қандай кітап? Бірінші мен төртінші сынып аралығында оқитын бүкіл оқушыға кітап бетіндегі ертегі кейіпкерін көрсетіп: «Мұнан асқан қызық кітапты таппайсыңдар» деп жарнама жасаған. Әр сыныпқа кіріп (әрине, сабақты бөліп) балаларға кітап жарнамалауға кім рұқсат берді. Ол арасы – белгісіз. Белгілісі оқулық интернетке байланған, яғни интернетсіз жұмыс жасамайтын кітап көрінеді. Интернетке қосылған соң кітаптың алғашқы бетін айдахар «жарып»  кіреді. Әрі қарай кітап бетіндегі кодты суретке түсірсеңіз, әрбір бетін ашып кітапты оқып береді. Ол үшін телефоныңызда «Play Store» болуы тиіс. Интернетке кірсеңіз кітаптағы әрбір сурет сөйлейді, қимылдайды. Осының бәрін түсіндіріп, көрсетіп жарнамалау үшін қанша уақыт кететінін өзіңіз бағамдай беріңіз. Сосын кітапты бүкіл оқушыға таратып: «Ертең 2950 теңге алып келіңдер, болмаса кітапты қайтарып аламыз» деп тапсырма береді.

Енді ойланыңыз! Біріншіден 6-10 жас аралығындағы балаларға ертегі кейіпкерінің қызықты қимыл іс-әрекетін көрсетіп тұрып қолына кітап бердіңіз. Ол баладан кітабыңызды қалай қайтарып аласыз? Елімізде дағдарыс басталды. Тамақ таппай отырған отбасылар көп. Жақсы өмір сүреді деген отбасылардың өзі қалтылдап отырған шақ. Бірінші ата-ана  ақшасы бар болғасын суырып берер, екіншісі балам қатарынан қалмасын деп көршісінен қарыз алар,  үшіншісі баласына жағдайды түсіндіріп әлек болар. Бұдан ата-ана мен бала арасында түсінбеушілік туындауы да мүмкін. Біз бала кезіміздегі қолымыз жетпей кеткен қуыршақты әлі де армандаймыз ғой. Баланың жүрегінде ата-ана орындай алмаған бір тілек қалуы тағы да мүмкін. Жанындағы баланың, өзі қызығып қолы жетпеген ертегіге толы кітапты сатып алғанын көрген, оны сатып алу тұрмақ тойып тамақ жей алмай жүрген баланың рухы сынатыны тағы да мәлім. Мектеп директоры бала психологиясын түсінбейтін болса,  неге ол орында отыр? Баланың жан дүниесімен ойнауға ешкімнің құқығы жоқ. Мектеп директорының бұл әрекеті  бала психологиясына әсер етпейді дей аласыз ба?

Екіншіден, кітап Украинада жасалған  және ол интернетсіз жұмыс жасамайды.

Басылды:  OAKLANDS  HOUSE,BOLTON,GREATER  MANCHESTER, BL64DT/UK Біріккен королдігі, ал, баспа: ЖК «Юнисофт» :61036,Украина, Харьков қаласы, Морозов көшесі,13-Б  үй делінген.

Украина не үшін қазақша-ағылшынша кітап басып отыр? «Кеден одағы аумағында таратушы» делінген. Украина кеден одағына кірмейді емес пе?

Бұл кітап неге жедел түрде таратылуда? Асықпай-ақ кітап дүкенінің  сөрелерінде неге сатпайды?.

Шетелден кірген кітаптар министрліктің тексеруінен өтіп, бекітіліп жіберілуі керек. Бұл кітапқа министрліктің рұхсаты берілді ме? Ол қазірше бізге беймәлім. Бір білерім ата-ана ретінде кітап сертификаты маған көрсетілмеді. Бұл кітапты пайдаланған баланың интернет бетінен қазірше ағылшынша үйреніп, арадан екі ай өткеннен соң басқа дүние көрмесіне кім кепіл? Бұл халқымыз бен мемлекетіміздің  тыныштығына қауіпті болмасын деп тілейік.

Үшіншіден, мектеп мемлекеттік мекеме. Мектептен базар жасап, қызметін асыра пайдалануға ешқандай директордың құқығы жоқ. Мектеп базар емес, бала қуыршақ емес.

Қызым кітап әкелген күні мен Қырғауылды мектебінің  директоры Қасымова Нағима Төлеубайқызына бардым. Мектепте мұндай жолмен кітап сату баланың психологиясына әсер ететінін айтып, кітапты жинап алуын сұрадым. Ол кісі  маған «Бұл кітапты сатып жатқан біз ғана емес, Қарасай ауданының барлық мектептері сатуда» деп ақыл-кеңес  айтып  қайтарды. Басқа мектептердің ұстаздарымен, ата-аналарына хабарласып сұрастырып едім, бұл кітап шындығында да жалғыз бір мектепте емес , Қарасай ауданының көптеген мектептерінде сатылып жатыр екен. 

Әрине, бұл хатты тікелей Сізге жазбауға да болар еді. Бірақ, осы мәселеге аудан, облыстық деңгейдегі жауапты азаматтар менің шағымыма мардымды жауап берген жоқ. Сондықтан да, құласаң нардан құла деп, тікелей Сізге мұң шағып отырмын. Бұл - бір ғана факті. Мектепті базарға айналдырған мұндай деректер елімізде мыңдап саналады деп ойлаймын. Осы жағдайға тиісті шара қолдансаңыз, мұнан кейін мектеп директорлары аяғын аңдап басар еді.

Сізге деген құрметпен Айман Сағидоллаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10074
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18181