Сәрсенбі, 17 Қаңтар 2018
Деп жатыр 1400 0 пікір 2 Ақпан, 2016 сағат 10:38

ТАНЫМАЛ ӘРТІСТЕР ЖАҢА ДРАМАЛЫҚ ҚОЙЫЛЫМДА БАС ҚОСАДЫ

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының кіші залында 6,7,10,14 ақпан күндері 90 маусымның алғашқы жаңа спектаклі «Қоштасқым келмейді…» (реж. А.Маемиров) драмасының премьерасы болады. Қоғамдағы өзекті және өлмейтін проблема ажырасу десек, шаңырағын ұстай алмаған отағасы менотбасын ұйыта алмаған нәзік жандылардың тағдыры бейнеленетін спектакльдің бір ерекшелігі ғасырға жуық тарихы бар театрда еңбек ететін артистердің үш буын өкілдерінің өнер көрсететіндігі. Осыған орай, қойылым премьерасына қызу дайындалып жатқан актерлерді сөзге тартқан едік. 

Ғазиза  Әбдінәбиева, ҚР еңбек сіңірген әртісі:

Менің ролім эпизод болғанымен, пьесаның өзегі іспетті. «Жақыныңды жаттай күт, жат жанынан түңілсін», – демекші, өмірдің мәні – отбасы д0есек, спектакльде көрермен қауымға ғана емес, шығармашылық жандарына да өмірдің шындығын айшықтайтын кейіпкерім арқылы туған әпкесінен теріс айналған, жалғыздықтың жапасын тартқан жанның күйініші көрініс табады. Жанұя – кішігірім мемлекет, ол – ұлттың тұтқасы. Ал бүгінгі күнгі өзегін жарып шыққан өз перзентін далаға тастау – ұлттың азғындауының, қадір-қасиетінің кете бастағандығының белгісі. Нәрестені тастамақ түгіл, жесірін қаңғытпайтын, жетімін жылатпайтын қазақ едік. Ұлтты ұйыстыратын да, отбасын ұйытатын да тәрбие. Сондықтан тәрбиелік мәні зор бұл драманың көрермені де көп болады деп үміттенемін.

Шынар Жанысбекова, актриса:

Маған ұсынылған роль – актриса бейнесі. Өнер адамымен отау құрған Козлов шаңырағының басты проблемасы – өмір мен өнерді шатастырып алған актрисаның жан-дүниесі. Ең басты қиындық актриса өзін жасандымын деп ойламайды, ол – бұл менің шынайы болмысым деп қабылдайды.  Бірақ, кейіпкерімді қаралағым келмейді, өйткені ол атақ қуып, тек өнермен кеткен жан емес, бұл өмірдегі әйел адамның парызын орындап, қарапайым жігітке күйеуге шықты, баласын да дүниеге әкелді. Соңында күйеуінің ажырасуға келгеніне қарамастан, жанарынан өзіне деген махаббатты сезінген актриса қателігін түсінеді.  Сондықтан мен спектакльде кейіпкерімді ақтап аламын.

Азамат Сатыбалды, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Сегіз түрлі отбасының тағдыры, дау-дамайы арқау болған қойылымда ажырасуға сот алдына келген сегіз жұптың бірінің отағасы Митя – менің кейіпкерім. Спектакльде айырылысуға бел буған ерлі-зайыптылар сот төрағасына сырларын ақтара отырып, «отбасында қандай дау туды?», «ерлі-зайыптылар неге бір-бірінен теріс айналды?» деген мәселелерге жауап береді. Қойылымның режиссері А.Маемировпен және «Қас қағым» (реж. Е.Нұрсұлтан) спектакліндегі әріптесім З.Карменовамен бірге жұмыс істегенім мені бір марқайтып тастады. Әсіресе, Зарина екеуіміздің сахнада әріптес болмағанымызға біраз уақыт болған, қазір жоғалған қазынам табылғандай қуанып жүрмін. Ал спектакльде өнер көрсететін жастарға келсек, олар бізден асырып ойнамаса кем түспейді деп есептеймін. Себебі, пьесаның өзі жастарға арнап жазылған.

Зарина Карменова, актриса:

«Қоштасқым келмейді…» – артистен шынайылықты талап ететін, адамның жан-дүниесін жалаңаштайтын психологиялық спектакль. Сценографиялық тұрғыдан сахнада басы артық дүниесіз, жылтыраған костюмсіз, жалтыраған гримсіз қырық артист көрерменмен сыр сұхбат құрады. Сол себепті  «Сырласу спектаклі» деп аталатын қойылымда актерлер маскасыз «шынайы өмірде қандаймыз?» деген сұраққа жауап іздейді. Біз,  адамдар, глобалдық проблемаларды талқылағанға шеберміз. Ал бір-біріміздің жан-дүниемізге үңіліп көрдік пе?! Рухани сабақтастықтан, адамгершіліктен айырылып қалған жаны жүдеу пенделерге айналып барамыз. Маған ұсынылған кейіпкерім Катя есімді қыз да сүйгенінен ажырасуға бір табан жақын қалды. Ал Сүйгені Митя – А.Сатыбалды. Бұған дейін «Қас қағым» (реж. Е.Нұрсұлтан) спектаклінде бір-бірімізді жақсы түсінген әріптесіммен тағы сахналас болатыныма және қойылым режиссері А.Маемировпен жұмыс істегеніме бақыттымын!

Салтанат Бақаева, ҚР «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты:

«Серпер» сыйлығын ала сала Катя есімді кейіпкерімнің бұйырғанына өте қуаныштымын. Театрда жұмыс істеген бес жылдың ішінде бір түсінгенім, әр режиссер артистпен өзінше тіл табысады.  Ал спектакльдің режиссері А.Маемировтың бағыты, талабы басқа режиссерлерге мүлде ұқсамайды. Оның басты талабы – шынайылық. Яғни, ішкі жан-дүниеңнің тебіренісін бүкпесіз сыртқа шығару. Спектакльдегі кейіпкерім Катя екеуіміз түйдей құрдаспыз. Менің де бір шаңырақтың тұтқасын ұстағаныма 5 жыл болды. Алла сақтасын, десе де  «басыма осындай күн туса мен не істер едім?» деген ой келеді. Міне, осы мәселелер тұрғысынан ой өрбіте отырып, көрермендермен сыр сұхбат құратын боламыз.

Абзалбек Асхатұлы, актер:

А.Володин  драматургияға өзгеше леп, жаңа драмалар әкелген ХХ ғасырдағы жаңашыл суреткер. Оның пьесалары сол кезеңдегі кеңестік кеңістікте ғана емес, Еуропа елдерінің театр өнеріне үлкен сілкініс әкелді.  М.Әуезов театрының  киелі сахнасында қойылатын автордың «Қоштасқым келмейді…» драмасында  Митя есімді жігіттің ролін ойнамақпын. Шығармашылық жолымды Астана Жастар театрынан бастағаныммен, бұл  қарашаңырақ сахнасындағы алғашқы ролім.  Сондықтан бойымда үрей, қорқыныш, қобалжу сезімдері басым. Соған қарамастан өзіме артылған сенімді ақтауға, ролімді сәтті алып шығуға бар күшімді саламын. Ал әріптесім – театрда бірнеше басты рольді ойнаған талантты актриса,  «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Салтанат Бақаева.

Мөлдір БЕКЖАН

Abai.kz

 

0 пікір