Сейсенбі, 19 Желтоқсан 2017
Әлеумет 1115 0 пікір 14 Шілде, 2017 сағат 18:37

Ішкі көші-қон – қоғам өмірінің айнасы

 

 

Жүз мыңдаған жұрт тарихи Отанына оралып жатыр. Себебі, шетелдегі қандастарымызды елге әкелу - Қазақстанның ұзақ мерзімдік стратегиялық мақсатына сай. Сондықтан, репатриант мәселесі маңызды мемлекеттік шаралар қатарында. Мемлекет оған қыруар қаржы бөледі. Мемлекеттік бағдарламасы жасалған. «Оралмандар туралы» Заң қабылданған. Бірақ біздің бүгінгі тақырыбымыз сыртқы миграция емес. Бізде әлі толық зерттелмеген, болашағы болжанбаған құбылыс бар: ол - ішкі көшіп-қону мәселесі.

Соңғы жиырма жылда тұрғылықты мекенжайын тастап, басқа мекендерге көшкендердің саны күрт өсті. Бұл мәселе назардан тыс қалып келеді. Жаппай белең алған ішкі миграция көптеген мәселелердің туындауына тікелей әсер етіп отыр. Мысалы, еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласында ол қайшылықтар ерекше, «классикалық» тұрғыда көрініс беруде: Шаңырақ пен Бақай шиеленісі, күштік құрылымдар мен тұрғындар арасындағы теке-тірес, жаппай жер басып алу және тұрғызылған үйлерді бұзу, т.т. оқиғалары - Алматы қаласының басшыларының да, қаланың байырғы тұрғындарының да, келіп жатқан мигранттардың да бас ауруына айналғалы қашан?! Бұдан, әрине, «мәселе тек Алматыда ушығып тұр» деген пікір тумаса керек. Оның кішігірім «көшірмелері» Астана мен барлық облыс орталықтарында, өмір сүруге қолайлы барлық өңірлерде «жергілікті мәселелер» ретінде кездеседі. Бірақ мәселені тұтас алсақ, - ішкі көшi-қон мемлекеттің тікелей араласуымен, еліміздің стратегиялық мақсаттарына сай шешіліп отыруды қажет ететінін көреміз. Алайда қазір де оны арнайы зерттейтін, шешу жолдарын ұсынатын институт құрылған жоқ. Яғни бұл - мәселе ретсіз жүріп жатыр дегенді білдіреді.

Миграция - судың арна табуына ұқсас құбылыс. Тек мұнда судың орнына адамдар нөпірі өмір сүруге қолайлы мекендерге қарай лықсиды. Мысалы, миграциялық процестер бүкіл әлемде үздіксіз жүруде. Халықаралық ұйымдардың есебі бойынша, қоныс аударушыларды қызықтырушы мекендер (арна) қатарына Океания - 48%, Солтүстік Америка - 22,8%, Еуропа - 15,8% жатады екен. Ал Латын Америкасы мен Кариб бассейні аралығындағы елдерден, керісінше, көшіп кету басым (-15%). Осы есеп бойынша 1990 жылғы 16 298,3 халық санымен Қазақстан да теріс сальдода тұрған еді, тек соңғы санақ қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерге жеттік (16 402 881 адам). Мемлекеттің теріс миграциялық сальдоға енуіне, ең алдымен, мемлекеттегі экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайлар әсер етеді. 90-шы жылдары КСРО сияқты алып мемлекеттің ыдырауы себепті Қазақстанда ауыр экономикалық-әлеуметтік жағдай орын алды. Сол кезде өз тарихи Отандарына немістер, гректер, поляктар және орыстар жаппай қоныс аударды. Олардың орнын ауыл қазақтары толтыра бастады. Бірақ бұл - ауыл тұрғындарының қалаларға жаппай бет бұруының басты себебі емес. Оған ең алдымен, еліміздің ауылды жекешелендіру кезеңіндегі жіберілген өрескел қателіктер басты себеп болды. Ауыл жағдайының күрт төмендеуі және ондағы жаппай жұмыссыздық ауылдықтардың қалалар мен ірі елді мекендерге жаппай ағылуына әкелді. Ал қалалар мен ірі елді мекендер мұндай көш тасқынын қабылдауға әзір емес еді.
Стихиялы түрде жүріп жатқан көші-қонның мемлекеттің тұрақты дамуына қаншалықты қауіп төндіре алатыны айқын емес. «Қазақстанның демографиялық есебінің» 2008 жылғы жинағында мынадай деректер келтіріледі: 1999 жылы ішкі көші-қон 232,4 мың адамды, 2006 жылы - 295,1 мың адамды, 2007 жылы - 311,7 мың адамды қамтыған. Көшіп-қонушылардың басым көпшілігі 18-40 жас аралығындағы қазақ ұлтының өкілдері: олар көшкіншілердің 1999 жылы - 69,4%-ын, 2006 жылы - 79,1%-ын, ал 2007 жылы - 83,3%-ын құрайды. Яғни сыртқы көші-қонда өзге ұлт өкілдерінің Қазақстаннан кетуі басым болса, ішкі көші-қонның негізін қазақтар құрайды екен. Біз бұл есептің қандай жолмен жасалғанын білмейміз. Дегенмен, ішкі көші-қонның ауқымы бұдан да зор болар деп ойлаймыз. Себебі, Қазақстанда бұрынғы құжатпен тіркелу институты жойылды да, ішкі миграция стихиялық бағытқа бет бұрды. Мысалы, жыл сайын ауыл мектебін бітірушілердің ауылда қалатыны некен-саяқ болуы әдетті жағдайға айналды. Олардың көбі еліміздің түпкір -түкпіріне шашырап кетуде. Ауылда олардың болашағына алаңдап, белсенді еңбекке жарамсыз ата-аналары қалуда.
Көші-қон мәселесі туралы орнықты пікір қалыптаспаған. Ғылыми негіздемесі болмауы себепті, ғалымдар да бұл мәселеде әртүрлі көзқараста. Мысалы, саясаттанушы Әзімбай Ғали «қазақ тезірек ұлт болып қалыптасу үшін урбанизациялану үдерісін басынан өткеруі керек. Сондықтан, қазақтың қалаларға ағылуы оң құбылыс. Ол халықтың ұлт ретіндегі бәсекелестік қабілетінің артуын жеделдетеді» деген пікірді алға тартады. Ал ұлтшыл патриоттардың барлығы дерлік керісінше пікір айтуда. Олар «қазақтың қалаға үдере көшуі ауылдарды қаңыратты. Жағдай осылай жалғаса берсе, болашақта еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі әлсіреуімен қатар, ұлттық болмысымыздың қазынасын үздіксіз толықтырып отыратын ортадан да ажырап қалуымыз мүмкін» - дейді.
Жалпы, бұл жерде төрелік айту қиын шаруа. Дегенмен, біздің ойымызша, Ә.Ғали айтатын «урбанизациялану үдерісінен басынан өткеру» процесі ауылдағылардың қалаға көшуімен шешіле салмайды. Ол үшін мемлекеттің экономикалық дамуы урбанизациялану процесімен қатар, осы үрдісті қамтамасыз ете алатындай бағытта құрылуы тиіс еді. Яғни ауылдан шыққан 18 бен 40 жас аралығындағы белсенді азаматтар тұрақты табыс көзіне айналған жаңа мамандықтарды игеруге, интеллектуалды тұрғыда өсуге, тұрғын үй мен әлеуметтік қорғауға қол жеткізуге, балаларына білім беруге, тегін медициналық көмекке, кез келген уақытта қажетті мөлшерде азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне экономикалық жағдайлар жасалынуы, осы мәселелердің алдын алу шаралары жасалуы керек бола-тұғын. Сонда ғана көшіп келушілер жаңа ортамен шиеленіссіз, жылдам интеграцияланып кетер еді. Яғни тарихшы ғалым айтып отырған «урбанизациялану» өркениетті түрде жүзеге асар еді. Бірақ мәселе, шын мәнісінде, бұған қарама-қарсы бағытта өрбіді. Мысалы, ауылдан көшкендердің барлығы дерлік ауыл мамандары - тракторшы, малшы, егінші т.с.с. Ал енді олар қалаға келгенде тіптен басқа кәсіптермен айналысуға тура келді. Көбісі саудаға кетті, шағын өндірістерде, қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. Нәтижесінде, біздің қоғам «ауылдық жерде өте қат дайын мамандарын жоғалтты. Ал олардың қалаларда игерген мамандығының сапасы сын көтермейтіндей болып шықты. Сөйтіп, мемлекеттің жалпы бәсекелестік қабілеті артудың орнына төмен қарай құлдырады. Шынында да, кейінгі кезде Үкімет «Жастар - ауылға!» - деп ұран көтеріп, жастармен «жағдай жасаймыз» деп «келіссөз» жүргізе бастауының өзі - осы мәселенің қалай ушығып бара жатқанын мойындаудың көрінісі. Сөйтіп, біз бұған дейінгі қалаларға лап қойған көші-қоннан «қазақ ұлтының урбанизациялануын» көре алмадық. Керісінше, кері кету, өз болмысынан алшақтау, қазақы дәстүрінен ауытқу, ұлттық болмысты жоғалта бастау сияқты құбылыстарды бойымызға көбірек сіңірдік десе болады.
Көші-қон жаппай етек алған 20 жыл аз уақыт емес. Бірақ әлі күнге дейін көші-қон үрдісі не мемлекет тарапынан, не жеке кәсіпкерлер тарапынан қолдау таппай келеді. Оның басты себебі ретінде біздегі өндірістің тек шикізаттық бағытта дамып отырғанын айту қажет. Шикізат өндірісіне тәуелді мемлекетте жаппай жұмыспен қамту мүмкін емес. Мысалы, мемлекетке ең көп табыс әкелетін мұнай-газ саласы ең аз мөлшерде жұмыс күшін талап етеді. Ал қара және түрлі-түсті металлургия саласына арнайы мамандар қажет. Мысалы, тау-кен өндірісі атадан балаға ауысатын дәстүрлі кәсіп қатарында. Әлі де дәстүр солай. Сондықтан ауылдан келген шаруа ол салада да бәсекеге қабілетсіз. Сөйтіп, олардың көпшілігіне бір ғана жерде лайықты жұмыс табылатын болды: ОЛ - КҮЗЕТ!
Көші-қон салмағының ауыртпалығы негізінен Қазақстанның екі қаласына - Алматы қаласы мен құрылыс қарқыны бойынша алда тұрған Астана қаласына түсті. Мұнда Астананың маңызы ерекше. Себебі, онда барлық үкіметтік мекемелер орналасқан, білімді азаматтарға мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері мол. Бұл Астананың тартымдылығын одан әрмен арттырды. Ал енді, Алматыға келсек - оны жыры таусылмайтын дастан десе болады. Себебі, бұрыннан бері барлық қазақтардың ару қала Алматыға деген «ерекше махаббат сезімі» қалыптасқан. Себебі, еліміздің ауыл интеллегенциясының, облыстық қалалардағы білімді маман­дардың басым бөлігінің жалынды жастық шағы осы қалада өткен. Алматының өзі де «сағынуға тұрарлық» қала екені жасырын емес. Оған барлық жағынан сай: әсем табиғаты, өзіндік аурасы, мәдени ортасы, білім ордалары және т.б. ерекшеліктері әлі де өзінің бұрынғы тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан да, қазір бұл қалада миграциялық тұрғыда еліміздегі ең шиеленісті жағдай орын алып отыр. Оған соңғы кезде қала мәслихатының «Алматыға келген адамдарды тіркеуді қайта қалпына келтіру» туралы мәселені көтергені куә бола алады.
Ұлы Отанның тынысы ауылда да, қалада да біркелкі сезіліп тұрса - ол қоғам бақытты қоғам, ондай Отан - Жерұйық. Онда қоғамның әрбір мүшесі - қоғам үшін маңызды. Біз осындай жағдайды толық орнатпай-ақ қоялық (коммунизм орнатып көрдік қой, сол жетеді), бірақ біз әрбір мемлекеттік басқару деңгейінде, әрбір азаматымыздың санасында, әрбір қазақтың жүрегінде осындай жағдайға жетуге деген ынта мен ниетті қалыптастыра алмай отырмыз. Міне, сол қасірет болып тұрған жоқ па?! Сонда ғана қала өз мәселесімен, ауыл өз мәселесімен айналысып, қала мен дала арасындағы антогонизм жойыла бастайды. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, оңай шаруа емес. Оған жетудің ең маңызды факторының бірі - қоғамдағы мәдени біртектілікке тезірек қол жеткізу. Мысалы, қазіргі қазақ ұлтшылдарының тіл мен салт-дәстүр туралы қойып отырған талаптары осы мақсаттарға сай келеді. Себебі, қазақ ұлтының мемлекетқұраушы ұлт екенін мойындай отырып, оның мәдениеті мен дәстүрін, тілін мойындамаса - Отан ұғымы көмескіленеді. «Отан» ұғымы санасында «шегеленбеген» ұрпаққа, әрине, қайда өмір сүрсе де бәрібір. Тек, өмір сүруге қолайлы жағдай болса болғаны... «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кеткендердің көбі елге қайтқысы келмейтінін ашық айта бастағанын көріп жүрміз. Бұл құбылыста да күнкөріс қамымен ғана өршіген ішкі миграцияның әсерінен қазақтың санасында бұрыннан киелі саналатын «кіші Отан», «атамекен», «кіндік қаным тамған жер», «туған өлке» секілді ұғымдардың көмескілене бастағанын, қазақтардың біртіндеп «әлемдік ұлтқа» айнала бастағанын білдіреді. Бірақ аса қатты назар аударып айтарлық, бір түйткіл бар мұнда - «өз болмысының тұғырын бекіте алмаған халық үшін бұл дамудың белгісі бола алмайды» деген. Керісінше, бұдан: «бұл - қазақтың өзге мәдениеттерге тезірек жұтылып кетуінің, ұлт ретінде азып-тозуының белгісі» деген қорытынды өзінен-өзі сұранып тұр. Мінеки, сырт қараған көзге «ешкімнің де шатағы жоқ» ішкі мәселеміздің бізді қандай жағдайға жетелейтінін осыдан-ақ байқауға болады екен!
Енді сөзіміз дәйекті болуы үшін, ішкі көші-қон мәселесін «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі тапсырысымен ф.ғ.д. В.Курганская жүргізген зерттеу материалдарынан бірнеше өзекті мәселелерді атай кетейік.
- Қалаларға көшіп келушілердің ішінде онда сіңісіп кетуге, тезірек жұмыс табуға жоғары және арнайы білімі барлардың мүмкіндігі мол (көзі ашық қазақ қашанда елдегі болып жатқан жағдайларды алдын ала болжауға қабілетті. Сондықтан ауылдың болашағы жуық маңда оңала қоймайтынын алдымен сезетін де солар. Оның үстіне, білімді адам қай жерде болмасын сұранысқа ие бола алады);
- Болашақ қонысты таңдауда ол жерде: 1) жұмыс орнының болуы (69,12%); - (қазақты жалқау деп кім айтады?) 2) балаларына сапалы білім беру мүмкіндіктері (60,18%) (қазақ бұрын да, қазір де балаларына білім беруді мақсат тұтқан жасампаз халық!); 3) сапалы денсаулық сақтау қызметінің болуы (27,48%) (ұрпағының болашағы үшін өзінің денсаулығына мән бере бермейтін жанкешті халық екеніміздің көрінісі бұл); 4) кәсіпке қол жеткізем деген тілек (41,07%) (тілегі жақсы, мұндай халықпен қандай да шаруаны бітіруге болады!); 5) баспанаға қол жеткізсем деген тілек (37,06%) (келушілердің жартысынан астамы баспана мәселесін алға шығармайды. «Елге қайтамын» деген ниет ой түкпірінде жатыр. Бұл - жақсылық); 6) уақытымды қызықты өткізу үшін келдім (18,86%) («асық ойнаған - азар, доп ойнаған - тозар...» деген тәрбиенің ықпалы. Оның жақсы-жаман жақтары бар. Мәдениетті ортаға тап болуға ұмтылыс жақсы болғанымен, көпшілігі «ол менің не теңім» дегендей бұйығы қанағатшылдыққа жол береді...); 6) туыстарымызды сағалап, соған жақындау көшіп келдік деген себеп (27,71%) (қазақтың қанында бар туысқаншылдық қасиет қазір төмендеген. Көпшілік ешбір туысқа емес, өзіне-өзі сеніп келгенді қалаған. Бұл - халықтың шыңдалуының белгісі).
Ал енді, «бұл қалаға неге келдің?» деген сұраққа келушілердің 77,5% «мұнда жұмыс бар деген соң келдім» деп жауап берген. (Осы жауаптан-ақ, «егер оларға тұрған жерлерінде жұмыс тауып берсе, онда олар келмеген болар еді» қорытынды шығып тұр. Бұны не дейміз? Әрине, бұл, ең біріншіден, ауылға қатысты қате саясаттың нәтижесі болса, екіншіден, мұны облыс, аудан, ауыл әкімдерінің жұмысының тікелей көрсеткіші деп бағалаған жөн. Сонда олардың жұмыс істеу қабілетін дәл осы 77,5%-ға төмен бағалауға болады екен). Ал екінші орында тұрған «балаларыма сапалы білім бергім келді» деп жауап бергендер 57,5%-ды құрайды екен. Сонда мұны да аудандық білім беру ісінің қызметінің көрсеткіші деп бағалауға бола ма, оны енді, оқырманның өзіне қалдырайық...
Құрметті оқырман, бұл мәселе туралы бір мақалада бәрін айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен кейбір мәселелерге ғана тоқталдым. Егер оның мазмұнын одан әрі тереңірек ашу туралы сіздер тарапынан өтініш түсіп жатса, мен автор ретінде, әрқашанда ондай өтінішті орындауға әзір екенімді жеткізе сіздерге жеткіземін.

 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ, философ-публицист

 Abai.kz

0 пікір