Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәдениет-әдебиет 11068 0 пікір 10 Желтоқсан, 2015 сағат 17:18

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСТАРДЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ МҰРАЛАРЫ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 1223 Қаулысының негізінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрді. Бұл автордың көп жылғы ғылыми ізденістері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі болып табылады.

Екі бөлімді 3 тілдегі музыкалық антологияға Қазақстанда тұратын жүзден астам этностардың әндері мен аспаптық мұраларының таңдаулы үлгілері енген. Халық музыкасы мәйегіндегі елдік рух пен бірлік туын бекем ұстаған Қазақстан халқының алуан түрлі руханият нұсқаларын бір арнаға тоғыстырып, ортақ тінге айналдыра алған ұлтаралық сипатымен ерекшеленетін бұл басылым ұлттық өнертану саласы бойынша Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырғандығымен ерекшеленеді.

Этникалық музыка тақырыбына арналған мұндай жоба бұрын-соңды жасалмағандықтан, бұл ерекше тәжірибе қатарына жататын бастамалы еңбек екенін атап өтуіміз керек. Қазақстан халқының рухани өміртарихы мен мәдени тыныс-тіршілігін тұтас зерттеп, халық шығармашылығы жанрларын терең талдап, әрбір этностың төл музыкасына қатысты деректерді ғылыми ыждағаттылықпен қамтыған мұндай теориялық, танымдық арқауы кемел энциклопедиялық еңбек ғылыми айналымға алғаш рет түсіп отыр. Басылым көпшілікті этникалық диаспоралардың музыкалық мәдениеті туралы құнды мағлұматтармен қамтамасыз ете отырып, олардың музыкалық үрдістерінің алуандығын, соның ішінде халық музыкасының ерекшеліктерін кеңінен толғайды.

Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім халық шығармашылығы жанрларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жеткізуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрастырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.

Антологияның авторы әрі құрастырушысы Берік Жүсіповтің негізгі мақсаты – оқырман мен тыңдаушыны Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралардың халық музыкасы үлгілерімен таныстыру.   

Антология өнертану, фольклортану, әдебиеттану, тарих, этнография секілді бірқатар қабырғалы ғылым салаларының деректерін қамтиды. Постсоветтік кеңістіктен кейін жасалған баламасы жоқ үлгі-жоба ретінде бағаланып, отандық ғылымның ұлттық өнертану саласын ерекше байытып отырған бұл музыкалық антологияның табиғаты санқырлы. Басылым жоғарыда аталған кәсіби сала мамандарына қоса, қарапайым тыңдарманның да танымын тең таразылай отырып жасалған. Басылымның ғылыми жаңалығының сонылығы, теориялық арқауының негізділігі, күнделікті тәжірибе жүзіндегі қажеттілігі этносаралық мәдени келісімді нығайта түседі.

Негізінен халық музыкасы жанрларын қамтып, ән, би, аспаптық шығармалардың дәстүрлі жүйесін сақтаған орындаушылардың нұсқаларын топтастырған антологияда қажетіне қарай әр этностың тұрмыс-тарихына қатысты классикалық және заманауи музыка үлгілері де қоса берілген. Антологияға енген этнос атаулары нақты деректер негізінделіп әліпби тәртібімен орналастырылған. Берілген әрбір шығарма атауы үш тілде жазылып, мазмұнына қарай олардың бүгінгі қазақ тіліндегі нақты балама атауы ұсынылған.

Этникалық мәдениет үлгілерін дамыта түсу, кейбір жоғала бастаған ұлттық дәстүрлердің маржан үлгілерін қалпына келтіру, қазақстандық этномәдени кеңістікті қалыптастыру секілді мәселелер болашақта түбегейлі зерделенуі тиіс. Жалпы, музыка атаулының ешқандай шекараны білмейтін, жалпыға бірдей түсінікті, ұлтаралық сипаты осы антология мазмұнынан да анық аңғарылады. Адам баласының қай тілде сөйлеп, қандай сенімді тұтынатындығына қарамастан, музыкалық мәдениет атаулының өзегінде адамға ортақ ізгілікке толы ілкі белгілер болады. Әсіресе оны түрлі этностардың дәстүрлі музыкалық мұраларын қатар қойып тыңдағанда анық байқаймыз. Қарапайым тыңдаушының сан түрлі сазды салыстыра тыңдай отырып, ақыр аяғында бір ғана ұлт әуенін естігендей әсер алатындығын басылымның осы ерекшелігіне жатқызамыз.

 

 

АВТОР ЖАЙЫНДА

 

Берік Жүсіпов (7.03.1970) – фольклортанушы ғалым.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1987–1995), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін (2008–2010) бітірген. Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде мұғалім (1995–1996), консерваторияда оқытушы (1996–1998), аға оқытушы (1998–2000), Халық әні кафедрасының меңгерушісі (2000–2003), «Жетісу» АҚ да (2003–2005), «Тайқазантехносервис» ЖШС де (2005–2008) менеджер, Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының бастығы (2008–20013), «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ-ның вице-президенті (2013) қызметтерін атқарған.

Қазақ радиосының Алтын қорында «Мирас», «Кәнекей, тілім, сөйлеші» атты сексенге тарта авторлық бағдарламалары сақталған (2006–2008), «Кентавр» газетінде жауапты хатшы болған (2008). Республикалық «Жігер» (Алматы, 1988), «Шарк Тораналари» (Самарқан, 2001), «Түрік дүниясы ұзандары» (Анкара, 2000) фестивальдерінің, Иранда (Тегеран, 2005, 2010), Пазырықта өткен (Алтай, 2004) қайчылардың халықаралық конкурстарының жеңімпазы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының (2000), халықаралық Түріксойдың «Мұрагер» сыйлығының лауреаты (2000). ҚР Президентінің (2012), РФ Мәдениет министрінің (2011) Құрмет грамоталарымен марапатталған. Филология ғылымдарының кандидаты (1999), өнертану мамандығы бойынша доцент (ЖАК, 2001). Дәріс-концерттермен Германия, Бельгия, Қытай, Нидерланды корольдігі, Түркия, Америка, Иран, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінде болған.

Екі жүзге тарта ғылыми-танымдық мақалалардың, «Мырзастағы жыр мектебі» (1991), «Жиделі-Байсын күйлері» (2000) «Күретамыр», «Жырдария», «Ойтұмар» (2009), Сүлейлер» (2010), «Адырна» (2011) атты кітаптардың авторы. «Қазақтың қаһармандық эпосы – Қобыланды батыр» монографиясы (2003), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармалары (2007), Базар жырау Оңдасұлы шығармалары (2008) ғылыми басылымдарының құрастырушысы, жауапты шығарушысы, редакторы. «Сыр сүлейін сұрасаң» (2008), «Қайталанбас дауыстар» (2011) музыкалық антологияларының авторы, ғылыми-танымдық, көркем қойылымды «Жырау» (2011), «Қаһарман» (2014) фильм-портрет жобаларының жетекшісі.

Ол жайында жихангер-журналист Т. Момбекұлы «Жаратқан, жар болғайсың» (2011) атты кітап жазған.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1559
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2249
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3499