Жұма, 29 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 5914 0 пікір 12 Мамыр, 2016 сағат 11:42

БИЛІК ОРЫСПЕН БІРГЕ ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫН ТОЙЛАМАҚ ПА?

НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ҰЛТЫНА ҚАРСЫ «МӘДЕНИ ЭКСПАНCИЯ»

 «Сынықтан басқаның бәрі жұғады», яғни, тұқым қуалайды. Сол сияқты озбырлық, зорлықшылдық, басқыншылық та тұқым қуалап, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады. Оның растығын алысқа бармай-ақ үй іргесіндегі Ресейдің әрдайым жүргізіп келе жатқан саясатына зер салып-ақ көруге болады. Алтын Орда құлап, кейін әртүрлі хандықтарға бөлініп кеткеннен кейін нағыз «жер астынан жік шықтының» кері келіп сол Алтын Орда ұрпақтарының бодандығында жатқан орыстар дереу бас көтере бастағаны өз алдына бөлек әңгіме.

Мәселе, патшалы Ресей қазақ халқының жер-суын, бүкіл байлығын қалай талап-тонап, тілі мен ділін зорлап-қорлап келген болса, одан кейін Кеңестік Ресей сол сұмдықтың бәрін одан он есе асыра жүргізгендігінде және бүгінгі Ресейдің де сол басқыншылық саясатын құрық байламайтын аярлықпен жүргізіп отырғанында болып тұр. Демек, үстемшілдік, отаршылдық мінез де тұқым қуалап, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын жұқпалы дерт. Мысалы, Қазақстанда туып, осында балабақшаға, мектепке барып, сосын жоғары немесе орта арнаулы білім алып өскен орыс баласы да, қоқыс жәшіктің жанында тұрған маскүнем мұжық та осы елдің асын ішіп, дәмін татып жүрсе де қазақша үш-ақ әріптен тұратын «нан», «тұз», екі-ақ әріптен тұратын «су» деген сөзді біле тұра неге айтпайды деп ойлайсыз? Оған керісінше  «ойбай тыныштық керек» деген үргедектік, үрейшілдік, өзгенің тілінің басымдығына мойынсұну, бір-бірімен орысша сөйлеуге намыстанбау, қысқасы өзгенің үстемдігі атаулыға төзімділік тұтас бір ұлттың қанына сіңіп, баласынан немересіне, немересінен шөбересіне және одан әрмен жалғасып тұқым қуалап кете беретін  кесел екен. Міне, әулие қазекем «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп осыны айтқан. Ең қасіреттісі сол – бұл дерт әсіресе биліктен неше түрлі жолмен сыйлық, жүлде, атақ-даңқ алып көпшілікке танымал болған, яғни, жоғарыдағылар қолдан танымал еткен тұлғасымақтарда жиі кездеседі. Оны түнеугүні жерді жалға беруге қарсы болған наразылықтар кезінде  Қазанғаптың «Көкіл», адайлардың «Көгентүп» күйлерін өзінің әні қып таратқан аңқау қазақ ұлтшыл жігіт деп ойлайтын Бекболат сияқтылардың алуан әуенге салып сөйлеуінен-ақ көкірегі ояу қазақ түсінген де шығар.

Бодандық, құлдық ауруынан құтылу қиын екенін «орысқа қазақша сөйлегені үшін жауапқа тарту керек» деген сөзден-ақ немесе биылғы 9-шы Мамырдағы «Жеңіс күні» дегенді тойлап жатқан Кремль басшылары мен әскерилерінің ішінде басқа республикалардан бір адам көрінбей тек қазақ қана отырғанынан-ақ көруге болады. Ал бүгінгі Ресей қайтсек те қазақты Қазақстанды уысымызда ұстап отыруымыз керек деген үстемдік саясатын енді тілдік және мәдени экспансия арқылы да жүзеге асырып отыр. Қазақстан телеарналары түгел дерлік күндіз-түні орысша самбырлап, елді Ресей газеттері қардай борап басып салғаны осының бұлтартпас дәлелі. 1941-1945 жылдардағы соғысты Ресейдің айтқанын қайталап Отан соғысы деп атайтын қазақтар Ауғанстанға балалары не үшін, кім апарып салғанына да әлі де бас қатырмай «біздің интернационалист-жауынгерлер» деуі де қазақтың әлі есі кірмеген баладай аңқаулығы және Ресейге деген құлдық сананың жоғарыда айтқанымыздай қанымызға сіңіп, тұқым қуалап келе жатқандығы (генетическая наследственность) емес пе екен?

Иә, мәдени экспансия кез-келген соғыстың қай-қайсысынан да қауіпті. Өйткені, қолына мылтық алып соғысып жүрген адам қарсыласын әуелі өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін біледі. Ал «мәдени экспансияға» тап болған ұлт та,  жеке адам да өзінің  жойылып, тілі, діні басқа бір ұлттың құрбаны болып бүкіл сана-сезімінен айрылып баратқанын, байқамайды да ішкен-жегеніне, тыныш ұйықтап-тыныш тұрғанына мәз ұлтқа айналады. Айып етпеңіз, мұны «жануаризм» десеңіз де қателесе қоймайтын шығарсыз. Бүгінгі Қазақстандағы үштілділік саясаты да Ресейде қандай мейрам болса қазақтарды соған қоса тойлату да, бәрі-бәрі «мәдени экспансияның» ап-айқын көрінісі. Енді Ресей осы сайқали саясаттың яғни, мәдени экспансияның тағы бір түрін ойлап тапты. Ол – алдағы жылы 1917 жылғы Қазан төңкерісінің 100 жылдығын тойлау. Көріңіз де тұрыңыз, егер бүгінгі Қазақстан билігі дәл осы кейпінде тұра берсе, келер жылы қазақты оны тойлауға да мәжбүр етеді. Ол үшін осы күні қазақтың миына құйылып жүрген «Әкелеріміз бен аталарымыз Отан үшін қан төккен Жеңіс күні» деген сияқты сөздердің неше түрі тағы да ойлап табылады. Тіпті, байлардан кедейлерге теңдік әперген Ұлы Октябрь революциясы деген сияқты 70 жыл бойы айтылған құтыртпа, лепірме ұрандар қайтадан айтылады. Ол айтаққа бүгінгі жас ұрпақты еліктіру оп-оңай. өйткені, Қазақстанның не орта мектепке, не жоғары оқу орындарына арналған тарих пәні оқулықтарында патшалық Ресейден бастап, сол 1917 жылғы Қазан төңкерісі арқылы келген Кеңестік Ресейдің қазаққа жасаған сансыз қорлық-зорлығы туралы айтыла бермейді. Бүгінгі қазақ жастары ғасырлар бойы қазақты қырып-жойған жоңғар да, қытай да емес Ресей екенінен мүлде бейхабар. Олар қазақта жоңғар деген бір жау болған деп қана біледі. Ол да аз болғандай енді университеттердің оқулықтарынан «Қазақстан тарихы» алынып тасталғалы тұр. Бұл билік басындағылардың қазақтың ендігі ұрпағын бұратола ұлттық сана дегенді білмейтін мәңгүрт тірі жан иесіне айналдыруға ашықтан-ашық кірісуі десек еш қателеспейміз.

Баяғыда патшалық Ресей қазақ жеріне дендеп еніп, қазаққа осындай сұрқия саясаттарын сіңіре бастауына қарсы шыққан қасиеттілеріміздің бірі Әлімнің Тілеу руының биі Мырзағұл Шманұлы (қазіргі Ақтөбе уәлаятының Шалқар ауданынан) сол қайраткерлігі үшін түрмеге жабылады. Сол түрмеде отырып кешірім сұрасын деп ұсыныс жасаған патша губернаторына жазған мына хаты әлі де сақтаулы. Ол хат «Его превосходительству господину Тургайскому губернатору от содержащегося в Иргизской военной гауптвахте киргиза Чингильской волости №1 аула Мырзагула Чиманова Прошение», - деп басталып «Әділдік жолы – ұлы жол. Одан тайғандық-адамдық қасиеттен айрылып, масқара болғандық. Мен өз мүддемнен халқымның мүддесін жоғары қойған адаммын. Халық қамы үшін, халықтың жері мен суы үшін атқа міну – Алланың алдында да, ешбір әкімнің алдында да айыпталуы тиіс емес. Ол – менің хұқым! «Мырзағұл Шыманұлы 1908 жыл, 24 шілде» деп аяқталады. Әруағыңнан айналайын Мырзағұл би осы сөзді патша губернаторымен бірге бүгінгі Қазақстан басшыларына да айтып кеткен бе дерсің.

Иә біздің билік басындағылар Қазан төңкерісі кезінде Ресейді сақтап қалмақ болған ақ гвардияшы әскерлер мен олардың қарсыласы қызыл гвардияшылар қазақ ауылдарын екеулеп, кезекпен қынадай қырғанын, Созақ, Адай, Албан көтерілістері кезіндегі қырғынды айтпағанда 1931-32 жылдары 4 миллион қазақтың аштан қырылуын Кремль ұйымдастырғанын бүгінгі қазақ жастарына жариялай бермеңдер дегенді әлі де айтумен келеді. Ал қазір жас ұрпаққа ақыл-кеңес айтып жүрген ақсақалдарымыздың көпшілігі «халық жауы», Американың, Жапонияның шпионы атанып атылып кеткендердің  ұрпақтары. Олар сол кеңестік қорқыту-үркітуден аман қалып, әбден зәрезап болып қалғандар. Өйткені, қорқақтық, үргедектік, шамадан тыс сақтық тұқым қуалап, ұрпақ қанында ұзақ жылдар сақталып, жалғасып отыратыны да ғылымда дәлелденген. Ал Қазақстан тәуелсіз болдық деп жүрген 25 жылдан бері қазақты ондай құлдық санадан арылтатын бірде-бір жұмыс жүргізіліп, бірде-бір шара өткізілген емес.

Өйткені, биліктегілер құлдық санадан, құлмінезден арылмаған, ішкен-жегеніне мәз халықты басқару ең оңай шаруа екенін жақсы біледі.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2269
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3580