Жұма, 28 Сәуір 2017
10 Мамыр, 2016 сағат 18:50 Алашорда 1794 0 пікір

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ (жалғасы)

Ал 1915 жылы 22 мамырда Мұхтардың атына толтырылған аттестатта оның Семейдегi ер балаларға арналған жоғары бастауыш училищесiн “үлгiлi тәртiппен” төрт сабақтан – төрт, төрт сабақтан – бес деген бағамен бiтiргенi жазылып, инспектор И.Малахов пен пән оқытушыларының қолдары қойылған. Қыр болыстарында сирек кездесетiн бiр жай, осы оқуды бiтiрер қарсаңында Шыңғыс болысы Имантаев:

Шыңғыс болысының 8 ауылының қазағы Омархан Әуезовтің ұлы Мұхтар Әуезов 1897 жылы 10 қыркүйек күнi туғанын осы куәлiк растайды” – деп қолхат берiп, мөрiн басқан.

Зады бұл құжат – аттестатты дұрыс толтыру үшiн сұратылса керек. Сондай-ақ Мұхтардың 1912-1913 жылғы оқу мерзiмiнде 1-класты мақтау қағазымен бiтiрiп, 2-классқа көшiрiлгенi жөнiнде де табель сақталыпты. Ендi бiр өте қызықты дерек – оқытушылар семинариясында 1913-1916 жылдары оқыған қазақ жастарының бағасы, класы көрсетiлген құжат. Мұнда кейiн қазақтың мақтаншақтары болған азаматтардың аты-жөнi жүргендiктен тiзiмi толық келтiрудi ұйғардық.

1. Әуезов Қасымбек – 2 класс, Дүйсебаев Абдул-Карим – 3 класс, Аймауытов Жүсiпбек, Сәтбаев Габдул-Гали (Қаныш Сәтбаев – Т.Ж.), Әуезов Мұхтар, Нұрмұхамбетов Қазы, Сенекин Закария, Әуезов Ахмет, Жармақов Смағұл – дайындық кластарында, Бекмұхамедов Азамбек, Нахимжанов Әмзе – 1-класта, Сейсембаев Ахмет – 2-класта”.

Бұған түсiнiктеме артық сияқты.

Мұхтардың аңшылығы туралы өтiрiк-шыны, әзiлi аралас талай-талай хикаялар айтылып жүр. Ұлы шығармасында да сүйсiнiп жазған тұсының бiрi осы саятшылық екенi анық байқалады. Ал мұндай әуесқойлық жас басынан болмаса, не өзi құс ұстап, аң қақпаса, шынайы шыға қоюы қиын. Сондықтан да аралас өскен жиенi Мәжиттiң дерегiне назар салмай өтуге болмайды:

Мұхтарды жеңгелерi, апалары Қара Шоңқа” деп атайтын. Мұның себебi өзi жуас, аңқау, балалардың iшiндегi “қара Жоңқа” сияқты көрiнгендiктен қойылған. Ол демалысқа келгенде ауылдың ұл, қыздарын жиып алып кешке жақын барлығымызға денешынықтыру жасататын. Күрестiретiн. Қарғытып, басымызбен тұрғызып, кеудемiздi жерге тигiзетiн. Қыста оқыған сабағымызда сұрайды... Қыздар мен ұлдарды қатар тұрғызып Абайдың “Сегiз аяқ”, “Қор болды, жаным”, “Көзiмнiң қарасы” әндерiн хор етiп айтқызатын... Жасырақ кезiнде, 14-15 жастарында қолына ылғи тұрымтай ұстайтын. Оның үй iшiнде қолға үйретiп, жас етке қант сеуiп жегiзiп, дәндеген соң өзi төрде тұрып “кел-кел” деп шақыратын. Әбден жаттыққан соң далаға шығарып, iннiң қасына барып “шақ-шақ” деп дауыстайтын. Кейiн “шақ-шақ» дегенге тұрымтай торғайды бас салып ұстайтын болды. Сонда атын “Қырғын” деп қойып едi... Қыс күндерi балаларды жинап ап “Мыршыма-мыршым”, “Белбеусоқ”, “Қыстау”, “Хан-Уәзiр,” жазда – “Алтыбақан”, “Серек-қудақ”, “Ақ сүйек”, “Айкөбелек” ойындарын ойнайтын. Бiздiң ауылдың қыздары Мұхтарды өлеңге қосып: “қара Жоңқа” қашан келер, бауырларын ойлаған ” деп әндетiп айтып жүретiн”.

Осының өзiнен-ақ оның есейген кезiндегi мiнез-құлқын анық байқауға болады.

Ол кезде Семей қаласы қоғамдық, әлеуметтiк, ұлтаралық қарым-қатынастар тұрғысынан қарағанда, бұрын адамзат баласы көп шоғырланған шаhалардың тұрмыс-салтында ұшыраспаған бiр алуан күйдi басынан кешiрiп жатқан. Феодализмнiң де, капитализмнiң де қаймағы араласып, әр тұстан демократиялық ойдың ұшқыны шақпақтай жарқылдап қалатын. Империялық – реакциялық отарлау саясаты тiзесiн батыра түстi. Зиялы-ұлт өкiлдерi бас көтере бастады, азаттық идеясы тамыр жайды, дiни миссионерлiк бағыт өршiп, пан-исламизмдi тудырды. “Тарахаият» (прогресс) дүбiрi қыр қазағын оятып, ойға қалдырды. Ел үмiттiлерiнiң бiрi – отырықшылықты қолдап, қоныстануды ұсынды, ендi бiрi – көшпелi өмiрдiң етегiнен айырылмауға шақырды. Бұрын ғадетте жоқ кәсiп – газет, журнал, кiтап шығару iсi науқан болды. Тiптi өзгенi былай қойғанда, 1910-1913 жыл аралығында қазақ – қазақ болғалы кездеспеген құбылыс – үш роман жарық көрдi. Қазақ қауымының тарихы, грамматикасы, орфографиясы, жаңа әрiп үлгiсi жасалды. Есеп (арифметика), жан жүйесi (психология) әлiпбидiң орнына – әлiппе оқулықтары жазылды. Басылым данасы өсiп, 1917 жылға дейiн бiр жарым миллион кiтап шықты.

Осының барлығы белгiлi дәрежеде Қасымбектiң, сол арқылы Мұхтардың өмiрдегi көз қарасының қалыптасуына ықпал тигiздi. Аяулы аға тәрбиесiнiң әсерi ме, әлде, әлi буыны қатпаған жас адамның алғыр сезiмiнен бе, сол бiр жылдардың аласапыранды жанталасы Мұхтар есейгеннен соң да ұмытылмай, заман ағысына тез бейiмделiп, бетiн бұра алмай жүрдi.

Бiр мезгiлде: батысқа қарай – қарақошқыл түтiнi будақтап, отарбаның “қара айғыры” кiсiнеп, шығысқа қарай – шом-шом жүк артқан керуен түйесi боздап бара жататын. Оң жағалаудағы шiркеудiң қоңырауы қағылғанда, сол жағалаудағы мешiттiң азаны естiлетiн Семей қаласында жеткiншектiң алмағайып сезiмге булығып алабұртуы заңды да едi. Сондықтан да шәкiрт Мұхтардың өмiрiндегi өзгерiстер де, көзқарасының қалыптасу бағдары да 1913-1914 жылдардың тұсына тура келедi.

Тағдыр – бақыт ұғымы сияқты нақты анықтамасы жоқ, түсiндiрiп болмайтын құбылыс. Сонда да, Мұхтардың өмiрiндегi өзгерiстердi салыстырғанда, бiр ұқсас жай аңғарылады. Оның пешенесiне, кезекті бір қатты рухани күйзелiстен соң үлкен ғұмырлық мәнi бар бетбұрысты басынан кешiру жазылған сияқты. Әке өлiмi мен қала мектебi. Кәмеш оқиғасынан соң “Қаракөздiң” сыйлық алуы, отыз екiншi жылы аман оралуы, қырық жетiншi жылдан соң – Мемлекеттiк, елу үшiншi жылдардан соң – Лениндiк сыйлықтарды алуы iспеттi толып жатқан “кездейсоқтықтар” ерiксiз ойға қалдырады. Бұл жолы да солай болды. Қасымбек – мұғалiмдер семинариясын тәмамдап, Мәскеудегi жоғары оқу орнына түсiп, уақытша ауылға оралған кезiнде iш сүзегiне шалдығып, қыркүйекте қыршынынан қиылды.

Ендi асыл арманын жалғап, аңсарын бөлiсетiн Омархан әке де, Дiнәсiл әже де, әке-шеше де, асыл аға Қасымбек те жоқ болатын. Қара шаңырақ Мұхтарға көштi. Ал әке, аға орнындағы Разақ – Мұхтар ұлы жазушы атанған кезде де әкелiк қамқорлықтан айнымай, тарылған тынысын кеңейтiп отырды. Разақ – ұлы Абайдың да пейiлi түскен адам. Ол туралы:

“Омарханды баулып өсiрген ағасы Самарханның әйелi Мәдинеден – Разақ, қыздан – Зура туған. Омархан ағасы Самархан қайтыс болғаннан кейiн жеңгесi Мәдиненi алады да, әкеден жастай қалған Разақ пен Зураны өз баласы етiп өсiредi. Разақ – Омарханнан көп тәлiм алып, ағасы және бiр жағынан әкесi болған Омархан қайтыс болғаннан кейiн Әуез қожаның үлкен үйiне ие болып қалады да, ендiгi Омарханнан қалған балалар Мұхтар, Бiләл, Үмияны тәрбиелеу борышы-мiндетiн Разақ мойнына алады. Омархан өзiнiң пысық, етi тiрi болғандығының арқасында өзi ортадан жоғары шаруаға келiп жеткен, бiрақ та, 1913, ақ тышқан жылы Әуездiң екi үйiндегi малы қырылып әлсiреп қалады, күн көрерлiк қана жағдайға келедi. Осы кезде Разақ Омарханнан алған тәлiм-тәрбиесiмен Семейге барып Сәбiкейдiң балаларымен бiрге iрi сауда жұмысына кірісіп, бір-екі, үш жылдан кейін үлкен үйді орта шаруаға, кейiнгi кезде ортадан жоғары шаруаға жеткiздi. Разақ осындай жағдайға жеткен соң ел аралап, сол кезде бас көтерер Абайдың балалары Мағауия, Ақылбаймен, одан кейiнiрек Ақылбайдың балалары Әлiмқұл, Әубәкiрмен құдандалы болған. Осы Разақтың адамгершiлiгi молдығын Абай да бiлген. Бiрде Разақ Абай ауылына келiп балаларының үйiне түседi. Сонда Абай:

                       Мына үйде отыр Разақ,

                       Елдiң жайын айтар ма.

                       Шақырып алып сұрасақ,

                       Үлкен қожа – ортан қол,

                       Өзгелерi аты жоқ пен шынашақ,

дептi. Сонда Разақтың құрдасы, Абайдың немересi Әубәкiр “Омархан ше?”, дегенде Абай:

                               Оныдағы байқарсыз,

                               Бiразырақ сынасақ,

дептi.

Бердiқожаның балалары Үсен, Бурахан, Әуезхан, Кенжехан, Самархан одан бергi немерелерi Омархан, Разақ, Арынбек, Смайылхан ” деп естелiк жазыпты, осында айтылған Зурадан туған Мұхтардың жиенi Мәжит Диханбаев.

Әкенiң орнын жоқтатпаған Разаққа берген Абайдың бағасы қалай дәл шыққан.

Ол кездегi Семей қаласындағы қазақ оқығандары мәдениеттi iлгерi елдiң дәстүрiн үйренiп, өз халқының рухани мұрасына жаңа көзқараспен қарап, әр түрлi шаралар ұйымдастырады. Соның ең елеулiсiнiң бiрi – 1914 жылы қаңтарда Абайдың қайтыс болуының он жылдығына орай “Приказчиктер клубында” өткен әдеби кеш. Оны ұйымдастырушы – қазақтың алғашқы зиялы қыздарының iшiндегi ұлтжанды ару Нәзифа Құлжанова. Бұған Семейдегi барлық қазақ оқығандары белсене атсалысты.

Ұлы адамның өмiрiне қатысты кез келген жанама деректердiң мәнi зор. Әсiресе, оның көзқарасының қалыптасуына қатысты жайлардың қадiрi ерекше. Арманшыл жүрек тез тұтанып, тез әсерленетін бозбалалық дәуреннің – 16-19 жастың арасындағы тосын құбылыстардың iзi көңiлден өшпек емес. Осы жас мөлшерiндегi оқиғалардың маңызы да шешушi салмақ жүктейдi. Сондықтан да Мұхтардың шәкiрт кезiнде Семей қаласында болған әрбiр жаңалықты бiлудiң аса қажеттiлiгi айтпаса да түсiнiктi. Бiз тек Мұхтардың өмiрiне қатысты материалды өзiмiзше жинақтап берудi мақсат етпей, бұрынды-соңды айтылған пiкiрлердi барынша келтiре отырып, бiр iзге түсiрудi көздедiк. Осыған орай, көлемiнiң көптiгiне қарамастан, аса бағалы болғандықтан, сол кездегi қазақ мәдениетiнiң жаршысы болған, алғашқы ұлттық журнал “Айқапта” жарияланған Абайдың қайтыс болуына он жыл толуына орай өткен кеш туралы мақаланы толық ұсынуды жөн көрдiк. Мақаланың соңында “М.М.” деп қол қойылған. Авторы – Мұстахым Малдыбаев.:

“Семейдегi географический подотдел пайдасына жасалған кеш.

Бұл айтылған нәрсе атына қарағанда орысша болса да, кеште ойналған, тамаша қойылған нәрселер болса да, iстi бiзге орыстар iстеп бердi. Алашқа аты мәлiм атақты ақын hам философ Ибраhим Құнанбаевтiң өлгенiне он жыл толады. Iлгерi басқан жұрт мұндай қадiрлi адамдарының атағын шығару үшiн талай белгiлi iстер iстеген болар едi. Бiздiң көбiмiзге Абайдың кiм екенi де белгiсiз, оның кiм екенiн бiзге орыстар танытып жатыр. Жоғарыда айтылған кеш өткен ғинуар жұлдызының 25-iнде собрания залында болып едi. Бастапқыда Абайдың орысша жазылған ғұмырнамасы (биографиясы) оқылды. Арасындағы өлеңдер қазақша жазылған едi. Бұл ғұмырнаманы мұнан бiрнеше жыл бұрын Әлихан орысшаға көшiрген екен. Көпке оқушы семинария учителi Н. Құлжановтың жамағаты Нәзифа ханым болды. Сөздiң аяғында: “Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да Абай секiлдi, бәлки одан да артық данышпандар туғызар дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйкесi босап, көзiне жас алғаны да болды (Байғұс қазақ қам көңiл ғой).

Нәзифа ханымның орысша таза сөйлеуiне орыстар таң қалды.

Екiншi – Абайдың өз әнi мен өлеңi айтылды, бұ да тәуiр шықты. Үшiншi – атақты бiр бақсы қобыз ойнап сарнады, қаруы қайтқан қартаң адам екен, артық келiстiре алмады, сөйтсе де, бақсы ақырғанда орыстардың кейбiр әйелдерiнiң қорқып, орындарынан ұшып түрегелгендерi болды.

Бүркiт, қаршығалар көрсетiлiп, қазақтың аң құмарлығы бiраз сөз болды. Қазақ әйелдерiнiң қымыз сапырып, қонақ сыйлағандары көрсетiлдi. Қысқасы бұл кеште көрсетiлген тамашаның барлығы да қазақ тұрмысынан алынған нәрселер болды.

Абайдың өлеңi айтылады, бақсы ойнайды – деген хабарды естiп, қаладағы, қырдағы жиналған қазақтардың көбiне билет жетпей қалды. Қазақтың өз тiлiнде еш нәрсе болмағандығынан тыныш жүрген халық екендiгi бiлiндi (Қазақ сауыққой халық қой). Қазақ оқығандары бала-шағаларымен көтерiле барыпты. Абайдың қадiрi халыққа зор екен. Абайдың өлеңi оқылғанда талай қазақтың көзiнен жас мөлдiредi.

Бұл кештi жасаушы Нұрғали Құлжанов: “Абайдың балалары Кәкiтай hам Тұрағұл мырзаның өлеңге, бiлiмге ыңғайы бар” – деп айтысады. Абай секiлдi сұңқардың орны бос қалмас деп үмiт етемiз. Қазақ шежiресiнiң негiзiн құраған, қазiр де өлеңмен бiрнеше кiтап жазған ақсақал Шәкәрiм қажы осы Абайдың iнiсi болады.

Кештен қалған саф пайда 420 сом болды. Зал кең болып, билет жеткенде пайда екi есе артық болатын едi” (Айқап, № 4, 1914 жыл, 67-68 беттер).

“М.М.”-нiң, яғни, Мұстахым Малдыбаевтің аузына салды ма, жоқ ұлы ақынның рухани мұрасының иесiз қалатынына сенгiсi келмедi ме, әйтеуiр оның келешектен күткен үмiтi орындалды. “Абай секiлдi сұңқардың орны бос қалған жоқ”, ол “сұңқар” – сол кештiң iшiнде, “Кәкiтай hам Тұрағұл мырзаның” қасында отырған бес кластық орыс мектебiнiң шәкiртi Мұхтар болатын. Тек ол әлi балақ жүнi кетпеген тастүлек едi.

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2470
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3240