Бейсенбі, 30 Наурыз 2017
28 Сәуір, 2016 сағат 12:17 Ғылым-білім 2463 0 пікір

PISA-ТЫҢ АУЗЫНА САҒАДИЕВ СӨЗ САП БЕРІП ОТЫР МА?

2016 жылдың ақпанында Дүниежүзілік банк пен PISA-тың (Programme for International Student Assessment, PISA)  бірлесе отырып жүргізген зерттеуінің қорытындысы жарияланды.

Аталған ұйымның есебі дүниежүзі елдерінің сауаттылығын көрсетеді екен. Бұл ұйым өз зерттеуінде әлемнің әр түрлі мемлекеттерінде орта мектептерде оқитын 15 жасқа дейінгі оқушылардың білім деңгейінің коэфиценттерін шығарған.

Сонымен, PISA зерттеулерінің қорытындысы бойынша, Қазақстандағы оқушылардың сауаты Ресеймен салыстырғанда екі есеге төмен болып шыққан.

Орта және жалпы білім беру мекемелеріндегі (мектептер) оқушылардың 58 пайызы бейсауат болып шығыпты. Ең сорақысы сол – Қазақстан мектептерінде оқып жүрген, алайда, базалық білімді де меңгермеген оқушылардың көрсеткіші 55 пайызды құраған.

Одан әрі қарай, PISA Қазақстандағы қазақ және орыс мектептерін салыстырған. «Қазақстанда оқушылар екі тілде білім алады. Бірі мемлекеттік – қазақ тілі болса, екіншісі қарым-қатынастың тілі – орыс тілі. Қазақстан мектептерінде екі тілді оқушылардың айырмашылығы – мемлекеттің ішкі географиялық ерекшеліктеріне емес, этнолингвистикалық ерекшеліктеріне сәйкес алшақтай береді»,-дейді баяндамада.

Халықаралық сарапшылар, қазақстандық білім беру жүйесіндегі негізгі проблема деп – этнолингвистикалық факторды көрсетеді.

Өткен жолы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаның да мысал келтіріп айтқаны осы айырмашылық болса керек. Аталған ұйым (PISA) Қазақстандағы қазақ тілді мектептердегі оқушылардың білімі өзгелермен салыстырғанда 2 есеге артта қалған деп көрсетеді.

«2009 жылмен салыстырғанда қазақ тілді орта мектептердегі білім деңгейі орыс тілділермен салыстырғанда 88 баллды құрапты. Бұл дегеніңіз – шамамен 2 жылдық артта қалу екен. Ал, 2012 жылы бұл көрсеткіш 20 баллға қысқарған. Бұл айырмашылық Қазақстандағы қай мектептің аудсайдер екенін көрсетеді»,- дейді баяндамада.

Десек те, PISA аталған баяндамасында Қазақстандағы мектептердің білім беру мүмкіндігін, оқушылардың білім деңгейін қандай деректерге сүйене отырып жасағаны туралы нақты деректер келтірмейді.

Осы арада естеріңізге сала кетейік, 1990 жылдардың басында жұрт баласын жаппай қазақтілінде білім беретін мектептерге қарай жетелей жөнелгенде, «қазақ мектептеріндегі білімнің деңгейі төмен» дегенді орыстілді баспасөз бірінен бірі іліп алып, ақырында қоғамдық пікір туғызып қана қоймай, білім-ғылым саласындағы реформаларға дейін ықпал етіп, биліктің ұстанымын да өзгертіп тынған еді. Соның салдарынан орыс тілінде дәріс оқытатын мектептердің базасы күшейіп, қазақ мектептеріндегі ахуал оңалмады. Қаракөз қазақ баласы әлі күнге екі, кей мектептерде үш ауысыммен оқып жүр. Мұндай жағдайда, әрине, білмінің сапасында кемдік болуы мүмкін. Бір таңқаларлығы БҒМ-нің басына келегендердің бәрі реформалар мен эксперименттер жасап жаныққанымен қазақ мектептерінің материалдық базасына, үлкен қалалардағы қазақ мектептерінің санын көбейтуге, ана тілінде оқып, білім нәріне суысындауға талпынған жас ұрпаққа жағдай туғызуды ойлап, бас қатырған емес. Енді міне... қазақ мектебінде оқитын қазақ баласын қатар құрбысының алдында қорлап, оның білімінің кемдігін Әлемдік банк пен  PISA арқылы әлемге паш етіп, масқаралауға кірістік. Бұл науқанның басында жаратылыстану пәндерін ағылшын тіліне қотарып, дүниенің тарихын орысша оқытамын деп отырған бас педагогымыздың өзі тұрған сияқты. Қысқасы, PISA-тың аузына сөз сап бергенде Сағадиев шығар деген ойдамыз.

P.S. Айтпақшы, біз PISA-тың баяндамасы туралы білігіміз келіп, бірнеше мектеп ұжымына қоңырау шалып көрдік. Бізге жауап берген мектеп әкімшілігі аталған ұйым туралы білмейтіндіктерін, олармен кездеспегендерін айтып таң қалды.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір