Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4574 0 пікір 25 Наурыз, 2016 сағат 11:00

Ирандық туристер Қазақстанға қызығушылық танытуда

Бірақ, Қазақстанның авиация саласындағы билігі ирандық Mahan Air компаниясының ұшақтарына 2015 жылдан бері тыйым салған болатын. Сол себепті, Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығы бұл компанияның Қазақстанға ұшуларын қайта жаңғыртуды сұрап отыр.

Иран әуе компаниясын қорғаудың бір уәжі – олар ирандық туристердің Қазақстанға ағылуы үшін арнайы тарифтер мен саналуан жеңілдіктер ұсынады.

Осыған байланысты, Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығы «Атамекен» ҰКП-на осы мәселенің себептерін анықтауға көмек көрсету және аталған әуе компаниясының ұшуларына қайтадан рұқсат беру жөнінде өтініш жасады.

Бұл алаңдаушылықтың тууына негіз бар. Айталық, Қазақстандық туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваның айтуынша, өткен жылы осы қауымдастық Қазақстанның туристік әлеуетін шет елдерде, оның ішінде ирандық нарықта ілгерілету жөнінде көп жұмыс атқарыпты. 

«Біз өз қаражатымызға маркетинг жүргіземіз және БАӘ, ҚХР, Еуропа, Ресей, Үндістан мен Иран сияқты елдердегі туристік көрмелерге қатысамыз. Қазақстанда туризм басым бағыт ретінде белгіленген, бұл туристік бизнесті дамытуға және қайта бағдарлауға серпін беруі тиіс. Иран, Қытай және Үндістан тәрізді нарықтардың әлеуеті өте зор және  біздің еліміз үшін де тиімді», – дейді Ә.Нүркебаева.

Ол осы жылдың 14-19 ақпан аралығында Қауымдастық пен бір топ туристік компания Тегеранда өткен туристік көрмеге қатысқанын айтты.

 «Бұл бағыттағы жұмыс жарты жыл бұрын басталды. Mahan Air әуе компаниясымен жасалған  алдын ала келісім бойынша біз нарықты зерттедік және Иранның аса ірі туроператорларымен байланыс орнатуға қол жеткіздік. Қазіргі уақытта ынтымақтастық туралы 20-ға жуық келісім-шартқа қол қойылды, бірталай қаражат пен уақытымыз кетті. Ирандық әуе компаниясы Қазақстанға ирандық туристер ағынын тарту үшін арнайы тарифтер мен неше түрлі жеңілдіктер ұсынуға дайын.  Әуе билетінің арзан болуы туристік өнімді қалыптастыру кезінде басты назар аударатын жайт екені сөзсіз», – деп атап өтті Әсел Нүркебаева.

Аталған Қауымдастықтың шетелдік, оның ішінде ирандық нарықта Қазақстанның туристік әлеуетін арттыруға қосқан үлесін «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева да атап өтті. Ол  Қазақстан бағытында жұмыс істеуге дайын ирандық туроператорлармен қол қойылған 20 келісім-шартты еске салды. Қазіргі уақытта екі арадағы топтық туристік сапарларды оңайлату жөніндегі  меморандум жобасы қарастырылуда.

Ю.Якупбаеваның айтуынша, туристік пакеттерді қалыптастыру кезінде Mahan Air әуе компаниясы ұсынған баға көрсеткіштері басты айқындаушы фактор болды.   

«Бүгінгі күні аталған әуе компаниясының ұшуларына тыйым салу салдарынан Қазақстанға ирандық туристерді тарту жөнінде осы уақытқа дейін атқарылған жұмысқа қауіп төніп тұр. Туркомпаниялар мен қауымдастық ирандық   нарықты зерттеуге және көрмелерге қатысуға аз қаражат жұмсаған жоқ, оның қайтарымы болуы тиіс», – деп мәлімдеді Ю.Якупбаева.

Жақында  «Атамекен» Ұлттық палатасы Индустрия және даму министрлігінен Mahan Air әуе компаниясының ұшуларына тыйым салудың себептерін анықтауды өтінді. Атап айтқанда, министрлікке жолданған сұрақтардың төркіні мынадай:

«Қазақстандық туристік нарыққа ұсынылатын балама қандай? Mahan Air бұдан былай паритет жағдайында жұмыс істейтін бола ма? Қазақстандық туроператорларға икемді баға шарттары ұсыныла ма?».

Осылайша, туризм – экономиканың табысты салаларының бірі екендігін ескерсек, мәселе оң шешілуі тиіс. Сонда Ираннан Қазақстанға келетін туристер ағыны да ұлғаятын болады.

Abai.kz

0 пікір