Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 12500 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 11:38

ӘЛЕМНІҢ ТАҢДАУЫ – ЖАСЫЛ ТЕХНОЛОГИЯ

Бүгінгі күні жасыл технология өміріміздің барлық саласына дендеп ене бастады. Әлем ақырын-ақырын осыған көшіп те жатыр. Неге? Мысалы, Уругвайды алып қарайық.

Бұл елдегі электр қуатының 94,5 пайызы баламалы көздерден алынады. Ол елдегі электр энергиясы ең бір өзекті мәселелердің бірі деген сөз. Тіпті жақын кезге дейін Уругвай Аргентинадан тасымалданатын электр энергиясына тәуелді болып келді. Ал қазір бұл ел электр энергиясын өзі экспортқа шығаратын жағдайға жетті. Мұны жергілікті халық өте жақсы түсінеді. Өйткені, қайта қалпына келтірілген қуат көздері дегеніміз – жолға қойылған жақсы бизнес. Оның құрылысы мен техникалық жағынан қамтамасыз етілуі, сондай-ақ оған кететін шығын көлемі төмен, ал жергілікті ортаның өзі инвесторлар үшін мүлде қауіпсіз.

Ал Еуроодақ, ресми мәліметтер бойынша 2050 жылға қарай парник газының шығарылуын 80-95%-ға дейін қысқартпақ. Мәселен, 2013 жылы бүкіл әлем бойынша энерготұтыну деңгейінің 21%-ы қайта қалпына келтірілген энергия көздеріне тиесілі болса, 2030 жылға дейін Еуроодақтағы аталған қуат көзі 27%-ға дейін өсетін болады.

Қолданысқа еніп келе жатқан геотермальды энергия мұнай мен газға балама таңдау ретінде қарастырылады. Тіпті жер қыртысындағы алынатын 1% ғана геотермальды энергияның өзі әлемдегі мұнай мен газдан 500 есе асып түсетін энергия мөлшерін бере алады. Әйтсе де, әзірге белгілі бір себептерге (әсіресе экономикалық себептерге) байланысты бұл энергияның аздаған қоры ғана пайдаланылуы мүмкін. Атап айта кетейік, геотермальды энергетика АҚШ-та, Филиппин мен Индонезияда, Исландияда және Ресейде жақсы дамып келеді. Әлемдегі ең ірі ГеоЖЭС Хенгидль жанартауының маңында орналасқан.

Әлемнің ірі корпорациялары да қайта жаңғыртылған энергия көздеріне көшіп жатыр. Мысалы, атақты Apple корпорациясының кеңселеріне электр энергиясының 75%-ы осындай қайта жаңғыртылған көздерден түседі. Анықтама үшін айта кетер болсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш 35%-дың төңірегінде ғана болған еді.

Сонымен қатар GOOGLE компаниясы баламалы энергетиканы дамытуға 1 млрд долларға жуық қаржы жұмсады. Ал осыдан бірнеше апта бұрын ғана осы компания АҚШ-тың Айова штатындағы жел электр стансасын 75 млн долларға инвестициялады. Қазірдің өзінде осы Айовадағы ЖЭС-тің 20 турбинасы 15 000 үй шаруашылығының қажеттілігін қанағаттандыра алатын энергия күшін беріп тұр.

Таза энергияны тұтынудағы көшбасшы


EPA (АҚШ Қоршаған ортаны қорғау басқармасы) мәліметінше, бесінші жыл қатарынан Intel компаниясы АҚШ нарығында «таза» электрді пайдалану бойынша көшбасшы болып отыр. Қазіргі таңда компания тұтынатын 100% энергия жаңартылатын энергия көздеріне (биогаз, биомасса, шағын су электр стансалары, күн және жел фермалары) тиесілі.

2020 жылы әлемдегі ең ірі жиһаз жасаушы IKEA компаниясы жаңартылған энергия ресурстарына көшуді жоспарлап отыр. Жақында аталмыш компания Шотландияның солтүстік-шығысында қуаты 12,3 МВт болатын жел фермасын сатып алды. Бұл ферма IKEA-ның Ұлыбританиядағы энергия қажеттілігін 30%-ға дейін азайтатын болады. Сондай-ақ компанияның Англия, Дания, Германия және Франция елдерінде электр орталықтары бар. Жаңартылатын энергия көздеріне сүйене отырып, компания электр қуатының бағасына да алаңдамайтын болады.

Еуроодақ алдағы 15 жылда жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды 27%-ға дейін арттырады. Қазіргі уақытта жаңартылған энергия көздері еуропалық экономикаға жылына 130 миллиард және 35 млрд еуро экспорттық түсім әкелуде.

Соңғы жылдары Қытай болашақ ірі дамушы ел бола отырып, қоршаған орта, энергия үнемдеу, парник газдарын дамыту, энергетикалық таза және төмен көміртекті технологияларды қолдануда көзге түсіп келеді. 2015 жылғы климаттық өзгерістерге байланысты Қытай БҰҰ-ға Үндістан, Бразилия, ЕО, АҚШ және Франциямен бірлесіп, климаттық өзгерістермен күресу жөнінде құжат ұсынған болатын. Осыған орай Қытай өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеп, «жасыл» энергияға көшу нәтижесінде әлем елдеріне көміртекті аз қолданудың нақты үлгісін көрсетуде. Бүгінгі таңда энергия көздерін үнемді пайдалану мәселесінде Қытай әлем бойынша алғашқы орынға ие. Мәселен, елдегі энергия шығыны 2014 жылы 29,9%-ға төмендеген.

Аталып отырған мәселелердің барлығы –  әлемдік деңгейдегі өзекті мәселе. Мұндай энергия көздері әлемдік тренд болуға даңғыл жол ашады. Бұл тұрғыдан алғанда, болашақтың энергиясы тақырыбы  өзектілігі уақыт өткен сайын еселей түспек.

Abai.kz

0 пікір