Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өз сөзім... 7496 0 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 10:01

CАЙЛАУ БӘЙГЕСІНЕ БАҚТАШЫДАЙ ҚОСЫЛЫП КЕТСЕМ БЕ ЕКЕН?

Бір кездері қалаға жақын жерде бәйге болса қалмауға тырысатынбыз. Кәсібіміз жақын, көзқарасымыз бір болған соң әңгімеміз де жарасатын үш-төрт жігіт бірігіп бәйге көруге жиналғанда көздейтініміз: таза ауаға шығу, табиғатпен әсерлену, ескі көзтаныстармен кездесіп, ауыл әңгімесіне бөлену болса керек. Негізгі мақсатымыз әрине шашасына шаң жұқпас жүйріктердің өнерін тамашалау.

Қазір ғана суреттен түскендей бәйге аттарының алапат шабысы, қиқулаған көрермендер қандай қазақтың да қанын қыздыратыны рас. Әйтсе де, оқиға желісі бәйгеден бәйгеге бірсыдырғы қайталана берген соң ба екен, соңғы уақыттары арнайы бәйге көруге сиректеу жиналатын болдық. Құны аса қымбат асыл тұқымды бәйге аттары бірінші айналымнан-ақ алдыға шығады да, содан бір-бірімен ауыздық тістесе шығандай береді. Әрқашан көмбеге бірінші келіп, бәйгенің алдын бермейтіндер сол күтімдегі асыл тұқымды бәйге аттары.

Көріп жүрген бәйгелеріміздің ішінде біреуі ерекше есте қалыпты.  Бір орында тыпыршыған бәйге аттарына лап деген белгі берілгенде бір түйдек боп іркес тіркес үзеңгі қағыстыра қалың топ көрерменді шаң мен айғайдың астына қалдырып көлбей шауып өтеді. Бұл сәтте бәйге аттарының иелері ата баба аруағына сыйынса, көзі қарақтылар бірінші келетін жүйрікті анықтап қалуға тырысады. Бұл жолы да бәрі әдеттегідей басталды. Бірінші айналымды торы төбел ат мойын оздырған алты жеті бәйге аттары қиып өтті. Бәйге аттар екінші айналымға жақындағанда өзгеше бір көрініс пайда болды. Өңшең құйрық жалы түйілген бәйге аттарының алдында қасқайып бір ат құлдырай шауып келеді. Үстіндегі шабарман да бала емес, күпәйкесінің алды ашылған үлкен ер адам. Әйтіп бүйткенше бәйге аттарын бастап кәдімгі солдат ер тоқымына жабыса шалқайған күпәйкелі адам керзі етігімен құла атты тепкілеп, қышқыра ышқынып шауып өтті. Бәйгеге жиналған ауыл адамдары оны бірден таныды.

 – Әй, табын қайда, сиыр қайда?

– Мұнда не істеп жүр ей мынау? Қайт былай, бәйге сенің не теңін, атты өлтіресің ей!

Бұл сол елді мекеннің сиырын бағатын бақташы екен. Ащы суға тойып алған сияқты. Бәйгенің басына үлгермей қалып, екінші айналымға төтеден қосылған. Ұйымдастырушылар оны қашанғы шабар деп килікпеген болу керек.  Сонымен байқап тұрмыз жаңағы бақташының нөмірсіз құла аты бәйгенің алдын берер емес. Үшінші айналымға бақташы күпәйкесінің етегі жалбырап, ебіл себіл құла атпен арттағы топтан арқан бойы озып келді. Бақташы жәй шауып келе жатқан жоқ, аузы жабылмай ұрандап келеді. Оған көрермендер қосылып кетті. Бәйге тамашалауға келген жұрттың барлығы бірден бақташы жағына шықтық.

 – Шап, бас!

– Әйда, қалдыр, шаңға бөктір ана асыл тұқымдыларды.

 – Қазақы құла ат көрдің бе, қалай сілтейді!

Бақташының құла аты сол кеткеннен жеткізбеді. Төртінші айналымда тағы да бірінші өтті. Халық Ақан серінің өзі Құлагерімен тіріліп келгендей тебіренді. Көбіміздің көмейімізге ащы өксік тіреліп, көзіміз ашыды ма немене? Күні бойы боқтық пен айғайдан, қамшыдан басқаны көрмейтін жануардың құлдыраңдай шабуын-ай! Бойын намыс буып, қайрат кернеген құланың күтімі келіскен ағылшын текті деп мақталатын бәйгелерді маңына жуытпауын-ай, көсілуін-ай жарықтықтың! Осылай толғандық па екен, әйтеуір халық қара қазақ арасынан шыққан біреудің бәйге алатынына шынымен де үміт арта бастады. Құла атқа басынан бастап шаппаған соң, тіркеуден өтпеген соң бәйге берлімейтінін біліп тұрмыз. Соңына дейін шауып, жүйріктігімен халқын риза қылуын тілейміз. Үміт оты қалай аяқ астынан пайда болса солай дереу су сепкендей басылды. Соңғы айналымда құла ат қара тартып шеңберден шығып кетті де қайта шаппай қойды. Бәйге аттары үздік создық көмбе сызығын қиып жатты.

Сайлау науқаны да бір жарыс қой. Әлде бақташының құла аты сияқты көлденеңінен қосылып кетсем бе екен?

Нұрлан Балхашұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3512