Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 14028 0 пікір 24 Ақпан, 2016 сағат 16:11

ЖОҒАЛҒАН БАЛА ТАБЫЛДЫ! АЛ, ҰРЛАҒАНДАР КІМ БОЛДЫ?

Редакциямызға журналист  Бибігүл Дәулетбекқызы хабарласып, Шымкент қаласында 20 ақпан күні мектептен шыққан бетте жоғалып кетіп күні кеше табылған бала туралы төмендегідей жазба ұсынды. Әріптесіміздің сөзіне қарағанда, баланы тауып алуға жәрдемдескен жан (әзірге аты-жөн атамауды өтінді) әлдекімдерден қорқып отырған көрінеді. Неге? Бұл сұрақтың жауабын алдағы күндері анықтай жатармыз, алдымен Бибигүлдің жазғанын оқиық:

20 ақпан күні мектептен шыққан 6 жасар Мұхаммед Қамшыбекті (суретте) белгісіз бір әйел ұрлап кеткен болатын. Неше күннен бері ел сабылып, іздеді.  Ол балақай кеше менің Инстаграм желісіндегі бір оқырманым арқылы  табылды. Шымкенттегі балақайдың табылғанына ҚАЗАҚСТАН халқы қуануда. Ал, осы баланы тауып беруге себепші болған қыздың жағдайы қандай күйде екенін мен ғана білем. Қазір ол үйінен тысқа шыға алмай қорқып отыр.

Таңғы 4-ке дейін оның тағдырына алаңдап  көз ілмедім. Әрдайым телефонмен сөйлесіп, халын сұраудамын. Ел шулап жатқан оқиға былай болған:

Бір баласы бар келіншек, пәтеріне ОLХ арқылы адамдар тұрғызатынын жазады. Содан бірден телефонына ер кісі звондап, анасы мен баласын уақытша тұрғыза тұруын сұрайды. Аяғын сылтып келген апай: "Келініммен ұрысып қалдым. Мынау немерем", -деп таныстырады. Жұмыссыз отырған келіншек оларға онша мән бермейді.

- Пәтершілер:"3-ақ күнге қонып кетеміз", - дегенде, біртүрлі болып қалдым. Көрпе-жастығым жоқ екенін айтып едім. Олар ештеңе етпейді деді. "Ендеше құжаттарыңызды беріңіздер " дегенім сол еді, олар бірден кететінін айтты. Содан есіктен шығып бара жатқан еркек: "Бізді сен көрген жоқсың!" - деп ескертті. Өздерінің отбасылық кикілжіңі болар деп, бастапқыда онша мән бермедім.

Осы жайттарды телефон арқылы баяндаған куәгер менің инстаграмдағы жазбаларымды ғана оқиды екен. Телевизор көруге уақыты жоқ. Күндіз баласымен жүреді. Қолы қалт етсе, сабағына дайындалады. Мұхаммедтің жоғалғаны туралы постымды оқыған бойда ол маған бірден хабарласып:

-Бибігүл апай, мен бұл баланы көрдім. Оны ұрлаған хиджабтағы әйел емес, басқа. 50-55 жастағы әйел. Әйелдің  жанында 35-40 жас шамасындағы ер кісі болды, -деді.

Мен шұғыл түрде полиция бөліміне хабарласуын өтіндім. Бастапқыда қыз қорықса да, ІІБ-не хабарласты (менде аудиожазба да бар). Кеше түнде, сағат 1.30-да,  Шымкент қаласындағы Ішкі істер басқармасының қызметкерлері ер кісінің фотороботын жасауға көмектесу үшін әлгі қызды үйінен алып кетті.   Мен ІІБ қызметкерлерімен сөйлесіп, бала ұрлығына қатысы бар адамдардың фотобейнелерін жасауға жәрдем етіп жатқан куәгердің өміріне қауіп төнбейтіндей жағдай жасауын сұрадым.

Алайда, иә, алайда... байғұс қыз бүгін үйінен шыға алмай отыр. Дүкенге барып нан сатып алуға қорқуда. Себебі, баланы ұрлаған еркек бостандықта жүр. Достарыммен сөйлесіп, 102 бөліміне хабарласуын айттым. Ол Шымкенттегі тиісті орынға хабарласты. Бірақ, аталған бөлімдегілер ІІБ  келуін талап еткен. Ал, куәгер жоғарыда айтқанымдай, көшеге шығуға қорқып отыр.   

Менің түсінбейтінім, неге Шымкент қаласындағы ІІБ қызметкерлері куәгердің қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді?   Марапаттамай-ақ қойсын. Онсызда кеше ғаламторға өздері тапқандай сүйіншілетіп, сұхбат берді. Бірақ, бұл қыз да адам баласы емес пе?! Сонда жоғалған баланы тауып беруге атсалысқан куәгерді пайдаланды да, әрі қарайғы өміріне жауап бермейміз дегендері ме бұл? Құқық қорғау қызметкерлері осылай істесе, ертең ел ішінде өзінен басқаның тағдырына селт етіп, сергек қарайтын жан қала ма?

Бибігүл Дәулетбекқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565