Бейсенбі, 27 Шілде 2017
Алашорда 3623 0 пікір 11 Шілде, 2016 сағат 12:54

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. «ӨТКЕН ҚАЗАҚТЫ БIЛIМСIЗ НАДАН ДЕП КЕМСIТПЕ» (жалғасы)

Жалғасы. Алдыңғы бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

Әр таланттың қауызының ашылуына себепшi бiр тiлектес, жанашыр адамы болады. Мысалы Гетенiң тұсау кесер туындысында бағыт көрсетiп, көркем шығармаға қойылатын талаптарды сiңiрген азамат Гердер. Ол Страсбургке көзiн емдету үшiн келiп, Гетемен танысады.

“Гердер арқылы мен барлық жана идеялармен, барлық бағыттармен және одан өрiстейтiн байламдармен таныстым... Мен өзiмнiң адамдық өмiрiмнiң бiраз жылын босқа өткiзгенiме өкiндiм: оның барлық қызығын көру тек өзiме ғана байланысты едi ғой. Ол үшiн қажеттi шарттың бәрiн тағдыр маған сыйламап па едi?.. Мен осы адам болмаса, көптеген тосын оқиғаларды басымнан көшiрмес ем, керексiз iстермен шұғылдана берер ем, жалған атақ – лауазымға ұмтылар ем, ғылымға деген алдамшы махаббат пен ренiштiң бағасын бiлмес едiм”,– деп мойындайды Гете.

Ақын бұл кезеңдi. “Дауыл мен қыспақ дәуренi” деп атаса, ғалымдар “Гетеге дейiнгi Гете” деп жiктейдi.

Ал Мұхтардың шығармашылық қайнар көзiнiң бастауында Тұрағұл Абайұлы тұрды. Бұл адамның ақыл-кеңесi, рухани қолдауы және ел арасындағы беделi жас жiгiтке шешушi ықпал жасады. Жаңа жол тапты. Абай ауылының қолдауынсыз өнер сайысына, оның iшiнде қала зиялыларының қатарына қосылу – қиын едi. Мұхтардың әр қадамын қатты қадағалап, қамқорлық көрсеттi. “Еңлiк-Кебек” пьесасы Тұрағұл болмаса жазылмас та, сахнаға қойылмас та едi. Билердiң айтысын әр кейiпкердiң мiнезi мен өмiрiн Мұхтарға өз үйiнде отырып қағазға түсiрткен де Тұрағұл. Ең алғашқы мақаласын газетке бастырған да сол адам.

Мәкен Тұрағұл қызы: “– Абай ауылының кейiнгi кездегi ұйтқысы – Тұраш аға. Ол кiсiнiң өзiм бiлетiн қасиеттерi ең алдымен – шешендiгi. Ол кiсi талай рет билiк те айтып, екi елдiң арасын бiтiстiрдi. Өнердi аса қадiрлейтiн. Қара сөзге – жорға едi. Қиыннан қиыстырып, ұзыннан үйлесiмiн тауып, үзiлген көңiлдi сөзбен жалғап жiберетiн. Ұстамды. Тереңнен ойлап, байсалды пiкiр қозғайтын. Барлық Абай ауылының дәстүрiн iлгерi жалғастырушы, дамытушы сол Тұраш аға. Кейiнгiлерге де бас-көз болды. Ол кiсi орыс жазушыларының әңгiмесiн көп аударды. Бiразы баспасөз бетiнде жарық көрдi. Кейбiрi жоғалып кеттi. Өзiм бiлетiн Тұраш аға аударған шығармалардың iшiнде Горькийдiң “Челкаш”, Неверовтың “Мен өмiрге жерiкпiн” (“Я хочу жить”), Джек Лондонның әңгiмелерi бар. Оларды Мұхтар Әуезов баспасөзге жариялатты. Мен 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Еркежанның бiрге туған бауырының баласы, заң қызметкерi Ұлықбек Мұхамеджанов. Бiз жұмыс бабымен Шымкент қаласына ауысқанда Тұраш ағада сонда тұрды. Сол кезде – “Қозы Көрпеш-Баяну сұлу” хикаясының ңұсқасын қиссашы шалдардан көшiрiп алып: “Бұл өте қажет. Жырдың осындай өзгеше нұсқасын бұрын кездестiргенiм жоқ”,деп аса ынта қойып тындады. Содан кейiн Абай әкемнiң творчестволық жолын, өлеңдерiнiң шығу тарихын жазған журналы күнi кеше ғана қолды болды. Онда мол мағлұматтар кездеседi. Ол кiсi 1933 жылдың аяғында Мұхтардың үйiнде екi айдай қонақ болып, сол жолы республикамыздың орталық атқару комитетiнiң секретары Ораз Исаевқа жолығып, творчестволық жұмысы жайлы әңгiмелеседi. Алматыдан көңiлдi оралды. Алайда, аяқ астынан сырқаттанып, 1934 жылы 6 наурызда дүниеден қайтты. Жалпы Мұхтар да осы Тұраш ағамды аузынан тастамайтын. Абай өмiрiнiң қыр-сырын, Шыңғыс тау тарихын, көне оқиғаларды Мұхаңа жеткiзген Тұраш. Бiр жолы өз үйiнде қонақта отырғанда Мұхаң маған:

– Мәкен, сен осы “Еңлiк-Кебектiң” толғауларындағы қазақ сөздерiн, жөн-жобалы нұсқасын, билердiң айтысының негiзiн кiмнен алып, үйренгенiмдi бiлемiсiң, дедi.

– Жоқ, Мұха.

– Пәлi, осы сендердiң сондай өнегелi жайды көрмейтiндерiң, сезбейтiндерiң бар-ау. Құдай-ау, өзiңнiң әкең Тұраш ағадан естiп, жазып алдым ғой. Мақтанғаным емес, басқа жазғандарымнан гөрi “Еңлiк-Кебектiң” тiлi – тұнып тұрған халықтың тiлi. Ерекше тiл. Оны Тұраш ағама айтқызып, көшiрiп қағазға түсiрдiм, дедi.

 

Иә, ол кiсi билердiң психологиясын, кесiмiн, мiнез құлқын жақсы бiлетiн. Өзi де революцияға дейiн талай ер құнын шешетiн дауға аға би болып, төрелiк айтқан. Сол пьесаның алғашқы нұсқасына баскөз болған Тұраш аға ғой. Ол ел-жұртқа мәлiм. Мiне, шырағым, Абай ұрпақтары туралы айтарым осы. Егер ұмыт қалып, есiме түскенi болса сөз арасында қоса жатармын”.

Шынайы өнер туындысының иығы қай заманда болса да күнделiктi тiршiлiктiң тауқыметiнен биiк тұрады. Бiр жылдың, бiр ғасырдың емес, заманның көкейкестi мәселесiн көтередi. “Еңлiк-Кебек” пьесасы да сондай ғұмырлы туынды қатарына қосылады. Шиллер “Қарақшыларды” он тоғыз, Гете “Жас вертердiң қасiретiн” жиырма бес жасында жазып, ұлттық данышпандардың қатарына қосылған. Жиырма жасар Мұхтар “Еңлiк-Кебек” арқылы әдебиет тарихына ендi. Мұны сол күнi Ойқұдықта спектакльдi қызыға көргендер де, “аруақты аталарына” тiл тигiзгенiне намыстанып, дау-жанжал шығарып, қамшымен жер сабап кеткендер де толық сезiне қойған жоқ. Тек Тұрағұл ғана: “Мұхтар, жолыңды ендi таптың. Тiзгiнiңдi қатты ұста. Айрылма”,– деп, ренжiскен ағайындардың бетiн қайтарып, тоқтау айтыпты.

Сөйтiп, Абайдың қара шаңырағында қазақтың жаңа бiр өнерiнiң, жаңа бiр өренiнiң тұсауы кесiлдi.

Нысаналы Ойқұдықтың басында қазiр шағын ғана тас ескерткiш тұр. Оңың бетiнде:

“1917 жылы 7 маусымда қазақ халқының сахна шымылдығы тұңғыш рет киiз үйде, осы Ойқұдықта “Еңлiк-Кебек” пьесасымен ашылды. Пьесаны қойған автордың өзi – Мұхтар Әуезов” деген сөздер қашап жазылған.

Шалғыны мол жазықтың ортасында көшкен жұрттың, өткен өмiрдiң белгiсiндей болып қалың шөптiң арасынан басы қылтиып осы қалақтай тас тұр. Түстiк шығыстағы төбенiң үстiнде мәрмәрден өрiлген тас мұнара – Еңлiк-Кебектiң мазары көрiнедi.

Екеуi де Ералы жазығының алақанына тас бейнесiнде қатып қалған тарихтың көз жасы сияқты.

 

II.

 

ХХ ғасырдың басында қазақ қауымы өзiнiң халық ретiнде даму сатысының тарихи жол айырығында тұрды. Ұлт болып ұйығаннан бергi дәуiрде мұндай тағырыққа тiрелiп, кай соқпақты таңдаймыз деп даурығысқан емес. Қадым заманынан қалыптасқан тiршiлiгi, тұрмысы, дәуiр-салты тағдыр талқысына түсiп, елдiң болашағы үшiн күрт өзгерiстi қажет ететiн бағытты таңдау қажеттiлiгi туды. Феодалдық қарым-қатынастар, рулық жiктелулер, адамдардың сол кездегi қоғамнан алып отырған сыбағасы халықтын тарих керуенiне iлесiп, өзiне лайық орнын сақтап қалуды толықтай қамтамасыз ете алмады. Қазақ ұлты толықтай қалыптасқанмен, олардың басы бiр шаңырақтың астына бiрiкпедi. Феодалдық дәуiрдегi жүздiк, рулық негiзге құрылған – “бас-басына би болған” әкiмшiлiк жүйесi ескiрдi. Самодержавиенiң отарлау саясаты бұл жiкшiлiктi одан әрi ушықтырып,  “бөлiп ал да билей бер” деген бағыт ұстады. Көшпелi өмiр өрiстегi құдық басы – суаттарға орнатылған кәсiпшiлiк бағандардың қыспағында қалды. Адам құнын – жалғыз ауыз сөзбен шешкен би мен бектердiң дәуiрi өтiп, оның орнын сот пен түрме алмастырды. Мұның барлығы жұртшылықтың санасына қатты әсер еттi. Ескiше өмiр сүруге болмайтынын ұқты.

Не iстеу керек?

Бұл сұрақ бiр адамның, бiр рудың, бiр жүздiң алдында емес, мұқым халықтың алдында тұрды. Оқыған азаматтар жанталаса жол iздедi. Бiрi – отырықшылыққа көшудi, егiн салып, кәсiпшiлiкпен айналысуды ұсынды. Оның ұйтқысы Мұхамеджан Сералин ұйымдастырған “Айқап” журналы болды. Екiншi топ: “Қазақты қазақ етiп қалыптастырған – көшпелi тұрмыс. Малдан айырылса – күнi қараң” дестi. Бұл пiкiрлер “Қазақ” газетiнде жиi айтылды. Қоғамдық ғылымды игерiп, басқару жұмысына араласып, сол арқалы елге ықпал жасау мақсаты да кездеседi. Онда да алауыздық байқалды. Великославиянизмге – пантюркизмдi, самодержавиялық монархизмге – ұлтшылдықты қарсы қойды.

Ел басқарудың – еуропалық және шығыстық құрылымдары талқыланды. Әр түрлi саяси бағыттарды ұстанған қайраткерлер шықты. Угар (Мұқатай) Жәнiбеков, Әдiлбек Майқотов, Әлiби Жанкелдин сияқты азаматтар 1905 жылғы орыс революциясының ықпалымен большевиктер партиясына мүше болды. Эсер, Кадет партиясына атсалысқандар да аз емес едi. Қазақ оқығандарының денi соңғысына бүйiрi бұрып тұрды. Қилы-қилы бағыттарды көркем дүние арқылы дәлелдеу мақсатымен “Насихат қазақия”, “Бақытсыз Жамал”, “Қыз көрелiк”, “Қалың мал”, “Тiршiлiкте көп жасағаннан көрген бiр тамашамыз”, “Қазақ hам хандар шежiресi”, “Қазақ айнасы”, “Тура жол”, “Сарыарқа кiмдiкi”, “Халық мұны”, “Есiл жұртым”, “Қазақтың осы күнгi әңгiмесi”, “Алаш”, “Ойға келген пiкiрлерiм”, “Тұр қазақ”, “Қазақтың қамы”, “Мұңлы Мариям”, “Тарих қазахия”, “Қызметкер”, “Надандық құрбаны”, “Өткен күндер”, “Шын мақсат”, “Зар заман”, “Жаңа тұрмыс”, “Жатпа қазақ”, “Үш анық”, “Тухфа-и-жумхурият” сияқты кiтаптар жарық көрдi. Мiне, осының барлығы Мұхтардың да өмiр жолын қақпайлап оның шығармашылық көзқарасының қалыптасуына ықпал жасады.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының арасындағы қоғамдық пiкiр таластарынан тыс Әуезов шығармашылығын оқшау қарау бiр жақтылыққа саяды. Өйткенi, жазушының жолы сол кездiң тыныс-тiршiлiгiмен тiкелей байланасты. Оның тұлғасының күрделiлiгi де, қайшылығы да сонда.

Сол тұстағы қазақ қауымының көкiрегiн сыздатқан ең уытты дерттiң бiрi – рулық алауыздық пен әйел теңсiздiгi, жер мен жесiр дауы едi. Жоғарыдағы аталған шығармалардың денi халықтың рухани өмiрiндегi осы күбiрткi-күйiктi әшкерелеуге арналған. Мұхтар Әуезов “Еңлiк-Кебек” трагедиясы арқылы мақсатсыз жаулықтың кесiрiн ашу идеясын берiк ұстады. ХХ ғасырдың басындағы “таласып босқа, жау болып досқа, қор болып құрып бара жатқан” қазақ елiнiң тiршiлiгiн XVII ғасырдағы қатал жазамен, қатыгездiк салтпен салыстырады. Өзiнiң түйткiл ойын, нысаналы мақсатын пьесаның алдыңғы “Сөз басында” тебiрене толғайды.

“Ардақты оқушы!

Кей кездерде қазақтың өткен күнiн сен де еске алушы едiң! Атаңның кешiрген дәуренiн, iстеген ерлiгiн, тауып айтқан сөзiн жұбанышпен, құрметпен сөйлеушi едiң – ғой. Қайратына қуанушы едiң, ақылына сүйiнушi едiң. Өз заманыңды қызығы кетiп азған заман, ел берекесi кетiп тозған заман деушi едiн.

Мен өткен күндегi аталарымның бiр мiнезiн алдыларыңа – сынға қойғалы отырмын. Мақсатым: атаңды жамандап, сенi мақтау емес және атаңды мақтап, сенi де жамандау емес. Шын мақсатым: осы қазақтың даласына кешегi күндердiң бiрiнде болып өткен бiр оқиғаны сол аталардың бүгiнгi ұрпағы сендердiң көз алдыңа көрсетiп қана өту. Сындарыңа тапсыру ғана. “Оқушыдан”, “көрушiден”, әңгiменi тыңдаушыдан жалғыз тiлейтiнiм, ескi әңгiменi тыңдағандағы айтатын әдеттегi “жарықтықты” таста, екiншi ол күнгi қазақ надан, үлгiсiз деген орын жоқ зор кеуделiктi таста. Бәрiн де қасындағы жақын адамыңдай көр. Мiнезi мен құлқы, әдетi мен үлгiсiн, жақсылығы мен жамандығын, өнерi мен кемшiлiгiн көңiлдегi таразыға сал.

Сенен екiншi сұрарым: сол күнгi атаң мен бүгiнгi өзiңнiң араңда, сол күнгi қазақ пен бүгiнгi қазақтың арасында қандайлық айырма бар. Қандайлық артық, кемдiк бар, соны салмақта.

Ол күнгi қазақ “жарықтық” емес болатын. Өткеннiң бәрi де әулие дегенiң, өткен күндi көксегенiң, – бүгiнгi күннiң алысынан қашқаныңды көрсетедi, өткен күн сондайлық жақсы ма едi. Сен ойлағандай “қой үстiне боз торғай жұмыртқалап па” едi. Оны көрерсiң.

Өткен қазақты бiлiмсiз надан деп кемсiтпе. Бүгiнгi қазақ та жетсiп отырған жоқ. Оларды үлгiсiз, өнегесiз деме, бүгiнгi қазақ та “кемелiне келiп кер торысына мiнiп” тұрған жоқ. Рас айырмасы бар, ол неде? Айырмаштың жоқ жерi бар, ол неде?..”

Мұқабасына “Еңлiк-Кебек”, 3 перделi, 5 суреттi трагедия. (Қайғылы қал) тарихи әңгiме, ескi қазақ тұрмысынан” деп жазылған бұл жинақ 192 жылы Орынбор қаласындағы “мемлекеттiк баспасөз бөлiмiнiң кiндiк қазақ баспаханасынан” жарық көрдi. Алғы сөз де сол басылымға арналған. Пьесаның алғашқы ңұсқасымен “Сөз басының” жазылуының арасында бес жыл уақыт бар. Театр зерттеушiсi Бағыбек Құндақбаев 1917 және 1922 жылғы нұсқаларды мүлдем салыстыруға болмайды деген пiкiрдi ұсынады. Әрине, солай. Киiз үйге, қарапайым ойын-сауықшыларға арналған пьесаның өзгерек болуы заңды. Бiрақ кейiннен түзеп, өңдегенде қандай-қандай өзгерiстер енгiзiлдi, ол арасы Бағыбек Құндақбаевқа да, бiзге де, өзге жұртқа да беймәлiм. Және Мұхтардың өзi 1943 жылғы нұсқасы туралы сан рет ескертсе де, алғашқы үлгiнi өзгерткенiн еш жерде ескертпейдi. Соған қарағанда iшiнара текстiк жөндеулер енгiзiлгенiмен, оқиғаны құру жүйесi, кейiпкерлер әрекетi, олардың саны онша көп өзгерiске ұшырамаған – деп жорамалдауға негiз бар. Сондықтан бiз де 1922 жылғы кiтапқа түпнұсқа ретiнде жүгiнемiз. Бөгде қолжазба сақталмаған. Мұхтардың жиырмасыншы жылдардағы толқымалы көңiл күйi, алабұртқан жастығы, жан дүниесiнiң, ақыл ойының буырқанған қуат-күшiнiң ыстық табы аңық бiлiнедi. Есiле шешiлген шешендiк те, өр дауыс та, кейде кiлт түңiлуге ауысып сала бередi. Романтизмдi, өз тiлiмен айтсақ “сарнамашылықты” құлақ күйi етiп алған да, сыншыл реалистiк бағытқа иек тiреген жас таланттың тырнақ алды туындысының кiрiспесiнде және Нысан абыз толғауында батырлықпен, жыраулықпен, серiлiкпен күн кешкен өткен өмiрдi аңсау сарыны да қылаң берiп, қобыз үнi арқылы күңiрене естiледi.

Сарғайған уайымның Мұхтар шығармасынан орын алуы, он алтыншы жалғы дүрбелеңдi, одан кейiнгi патшаның жазалау саясатының, “Алаш” партиясының ықпалындағы жиырма жасар жiгiттiң рухани буырқанысымен астаса сыртқа шығуы заңды көрiнiс едi. Заманның қыспағында өскен Әуезовтiң толқымалы күй кешуi, “ескiлiктiң сарнамашылығына” ұрынуы, соны экзотика ретiнде қабылдауы түсiнiктi де. Бiрден трагедиялық туындыға қол артып, дүниенi өзгертiп жiбергендей буырқануы оның талант табиғатының қалыптасу жолының “соқтықпалы-соқпақсыз” болғандығын дәлелдейдi. Шабыт пен қуаты мол ой қайратымен қанағаттанған Мұхтар шалқып отырып, iшкi эмоцияға да еркiндiк берiп, алып-ұшқан көңiл көкдөненiнiң тiзгiнiн босатып, көсiле шабады. Сезiмнiң ыстық табын жасыра алмай. “Сөз басының” соңында ой салмағын карама-қарсы пiкiрмен жарыстыра отырып, елдiк туралы есiле де шешiле толғанды.

“Кешегi Арқаның ескен желi желдеткен ала тудың астына жиылған жер қайысқан қол қайда? Оның – орнында бұл күнде күңгiрт пiшiндi, қоңыр момын қазақ ақсақ-тоқсағын түртпектеп жүр.

Кешегi сарнаған қобыз, тамылжыған шерлi сыбызғы, күңiренген домбыра дауыстары қайда, о да өшкен. Бұл күнгi дала жым-жырт, мұнды жүдеу...

Кешегi серi жiгiт, ерке ақын әнiн тоқтатқандай... Даусын өшiрген, тыңдаушы құлақ қаяуланған...

Кешегi тентек батырдың ойнағы болған жасыл белдер бұл күнде сарғайған... Сағынышпен жүдеген. Ендi сол заманнан қалған не... Айнымаған не нәрсе? Айнымаған: кешегi күнгi жақынымен жаға жыртыстырған алты бақан, ала ауыздылық ол. Әлi күнге сол қалпында “алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” деген, берекесi, тыныштығы жоқ, бiтiмi, тынымы жоқ қазақ – әлi күнге сол – қазақ.

Өз қайратын өзi жойып, қасындағы туысқанын қарақтап, өз қолын өзi байлап берген қазақ – әлi күнге сол қазақ. Өшпеген мiнезi осы. Ұмытылмаған әдет, жазылмаған дерт осы.

Оқушы! Зор кеуделi оқыған болсан сен де осы мiнезден арылған жоқсың. Атаңның ескi жолында сен де жүрсiң. Әлi де оқушы қара қазақ болсаң ойлан. Өзiңдi өзiң сына, сен де аурумен ауырып жүрсiң. Туысқан бауыр, туған ел! Ойлансаң осыған ойлан, сынасаң осыны сына.

Алдымен, көзiңнiң құйрығымен өз iшiңе үңiлiп өт!”

(жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21928