Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Білгенге маржан 6349 0 пікір 23 Маусым, 2016 сағат 14:55

ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫНЫҢ ҮКАША САХАБА МАЗАРЫНА ЗИЯРАТЫ

ХІХ ғасырда қазақ топырағынан қажылыққа екі рет бару бақыты аз кем адамға бұйырса керек-ті. Соның бірі Алашқа ортақ тұлға Құнанбай қажы Өскенбайұлы болатын. Құнанбай қажының Меккеге барып, өз қаражатына мешіт, қонақ үй, яғни, тәкия салдырғаны тарихтан мәлім. Дей тұрғанмен, қалай барғандығы онда кімдермен жолыққандығы жайында деректер аз кем айтылады.

Жақында «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде «Ұмыт қалған әулиелер» тақырыбында дөңгелек стол болып өтті. Шараның құрметті қонағы ретінде өлкетанушы, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі Т.Салғараевты шақырған болатынбыз. Сонда білікті ұстаздан сөз арасында Үкаша сахаба әулиенің тарихына қатысты бұған дейін естіп те, әдебиеттерден де кезіктірмеген тың әңгімені естіп, қағаз бетіне түсіруді жөн деп таптық.

Т.Салғараев: «Бірде Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры Рахманқұл Бердібай аға Үкаша сахаба мазарына зияратқа апарып келсеңіз» деп, өтініш білдірді. Мен бірден келісімімді бердім. Араға апта салып, жеке көлікпен Рахаңды алып жолға шықтық. Жолай Рахаң Құнанбай қажының Меккедегі қажылығы жайына да тоқталды. Меккеге барған кезде арабтар Құнекеңнен қайдан келгендігін сұрайды. Ол кісі Қазақстаннан деп жауап береді. Мұны естіген арабтар «Үкаша сахабаның мәңгіге тыныс тапқан мекенінен келіпсіз ғой» дейді. Құнекең аң-таң, оқыс сауалдан абдырап қасына ергендерден «Үкаша сахаба мазары қайда?» деп сұрайды. Қасындағылар да Үкаша сахаба жайлы білмейтін болып шығады. Құнекең қажылық аяқталып, елге келе жатқан бойда сұрастырып, Үкаша сахаба мазарының Түркістан маңында екендігін естиді. Жолшыбай Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат жасап, ары қарай Қарнақ қаласын бетке алады. Елді мекендерден өтіп, бесін уақытысы жақындаған тұста қасындағы жолсеріктеріне мешітке тоқтап, дәрет жаңартып, бесін намазын жамағатпен оқысақ дейді. Осылайша Қарнақтағы Шәмет ишан мешітіне тоқтап, намаз оқиды. Имамның өте сауаттылығы, оқыған құранының қырағаты Құнекеңді қатты әсерлендірсе керек. Іштей «арамызда да осындай сауатты имамдар бар екен-ау» деп намаз аяқталған соң имамға өзінің қажылықтан келе жатқандығын айтады. Имамның есімі Бердіқожа екен. Жөн  сұрасып, Құнекеңді үйіне қонақ қылып бір күн күтеді. Үкаша сахаба мазарына зиярат жасатады. Содан Құнекең Бердіқожаға «Еліме алып кетейін. Балаларымызды руханилыққа тәрбиелейсің, мешіт, үй жағын, барлық жағдайыңызды жасаймын» деп қолқа салады. Сонда Бердіқожа биыл ғана Бұқарадағы медресені тәмәмдеп келген он жасар ұлы Әуезді берейін дейді. Құнекең Бердіқожаны қолқасына көндіріп, Семей жеріне көшіріп алып кетеді. Сол он жасар Әуезден Омархан есімді ұл туылды, Омарханнан Мұхтардай дара да, дана ғалым-жазушы дүниеге келді.

Жалпы Құнанбай қажының Үкаша сахаба мазарына келіп, Мұхтар Әуезовтей ұлы тұлғаның бабаларымен кезігіп, олармен ағайындық қарым-қатынас орнатып, сонау Семей жеріне мешіт, медреселер бой көтеруіне Құнанбай қажының сіңірген еңбегі өлшеусіз деп сөзін аяқтады».

Расында Құнанбайдай қажының Түркістанға ат басын бұрып, Үкаша сахабаның мазарына зиярат жасауы, Қарнақта Бердіқожаны кезіктіріп, оны еліне көшіріп алып кету оқиғасы жайлы Алашқа айтулы тұлға Рахманқұл Бердібайдың айтқан хикаясы көпшіліктің қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Берік Байболов

Abai.kz 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2252
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3505