Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 5520 0 пікір 10 Шілде, 2010 сағат 07:34

Алатау ауданы – үміттер ақталды ма? (жалғасы)

- Құрметті, Бағдат Сайланбайұлы. Алатау ауданы бір жылда бір облыстың қаржысын жұмсаған аудан. Рас, көзге көрінетіндей көп шаруалар тындырдыңыз. Алайда, азаматтарымыздың денсаулығынан артық не бар. Алдымен емхананы жөнге келтіруіңіз керек еді. Басқасын айтпағанда алатаулық жүкті аналарға қиын болып тұр. Бұл бір, Екіншіден, қос Шаңырақтың ортасындағы баяғы сайға орналасқан үйлердің маңына біреулер тау-тау етіп қоқыс төгуде. Қазір тұрғындарыңыз сол қоқыстан өздеріне керекті дүниелерді үйлеріне тасуда. Бұл адам денсаулығына зиян емес пе? Қазаққа енді қалғаны қоқыстан баспана салу еді. Бұған намыстанатын шығарсыз. Айтпақшы, заңдастыруға жатпайтын үйлердің көпшілігі тұрмысы төмен адамдар. Оларды ертең Саялыға қоныс аударсаңыздар жерді тегін бересіздер ме? РАХМЕТ!

- Құрметті, Бағдат Сайланбайұлы. Алатау ауданы бір жылда бір облыстың қаржысын жұмсаған аудан. Рас, көзге көрінетіндей көп шаруалар тындырдыңыз. Алайда, азаматтарымыздың денсаулығынан артық не бар. Алдымен емхананы жөнге келтіруіңіз керек еді. Басқасын айтпағанда алатаулық жүкті аналарға қиын болып тұр. Бұл бір, Екіншіден, қос Шаңырақтың ортасындағы баяғы сайға орналасқан үйлердің маңына біреулер тау-тау етіп қоқыс төгуде. Қазір тұрғындарыңыз сол қоқыстан өздеріне керекті дүниелерді үйлеріне тасуда. Бұл адам денсаулығына зиян емес пе? Қазаққа енді қалғаны қоқыстан баспана салу еді. Бұған намыстанатын шығарсыз. Айтпақшы, заңдастыруға жатпайтын үйлердің көпшілігі тұрмысы төмен адамдар. Оларды ертең Саялыға қоныс аударсаңыздар жерді тегін бересіздер ме? РАХМЕТ!

Жауап: Ауданымызда әлеуметтік маңыздағы нысандарды салу ең басты шаруалардың бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар бір сәтте тоқтаған жоқ. Аудан құрылғалы жаңадан 3 мектеп, 3 балабақша іске қосылса, таяуда ғана, яғни 2-шілде күні «Шаңырақ-2» ықшам ауданында жаңа емхана ашылып, тұрғындарды қабылдай бастады. Алдағы уақытта ауданымызда әлеуметтік нысандарды салу жалғаса береді. Медициналық мекемелермен қамсыздандыру тұрғындардың сұранысын толық қанағаттандыратын болады. Ал, тазалық мәселесі тек әкімшіліктің емес, әр тұрғынның азаматтық борышы. Тау төбе болып қоқыс үйіліп жатса, оны біздің мамандарымыз көруі тиіс. Көрген болса, бір шара қолданады. Егер сіздің айтқаныңыз рас болса, бұл мәселені мен бақылауымда ұстаймын. Дегенмен, тағы қайталап айтарым - әркім өз үйінің, ауласының, көшесінің, ауылының таза болуына мүдделі болуы керек. Қазір адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Денсаулықтың қадірін бәрі де біледі деп ойлаймын. Сондықтан Сіз айтқандай ыңғайсыз жағдайлар орын алып жатқан болса, олардың өз намысына сын. Ал заңдастыру мәселесі барлық азаматтарға бірдей құқықпен жүргізілді. Ешкімді бөле жару болған жоқ. Тағы қайталап айтайын, бүгінгі таңда Алматы қаласының бас жоспарына және жер қатынастары саласындағы талаптарға сәйкес, аудан аумағында орналасқан 1443 жер телімдерінің қауіпті аймақтарда орналасқандығы анықталып отыр. Аталған жер телімдері қолданыстағы санитарлық ережелерге және т.б. заң талаптарына байланысты заңдастыруға жатпайды. Алдында айтқанымдай, бұл азаматтарға өзге ықшам аудандардан жер телімдері беріледі.

- Сіздің ойыңызша адам алға қойған мақсат мұратына жету үшін қандай іс әрекеттер істегені дұрыс? Және де қызмет жасау мен қызмет етуді қалай түсінесіз? Осы екі ұғымның қайсы жаныңызға жақын.
Аян Бауыржантегі, Алматы қаласы, ҚазҰУ студенті

Жауап: Мақсат-мұратқа жетем деген адамның әрбір іс-әрекеті жоспарлы болуы керек. Ондай адамда бос уақыт деген болмайды. Әрі еңбексүйгіш және адал болуы керек. Қызмет жасау - белгілі бір адамдарға қызмет көрсету. Мәселен, қонақтарға ілтипат көрсету. Ал қызмет ету - азаматтық борышыңды атқару. Менің жаныма жақыны осы соңғысы.

Баке заңдасуға жатпайтын жерлердің мәселесін қалай шешесіздер? Рахмет

Жауап: Бұл сұраққа жоғарыда толық жауап бердім.

- Аға сіз қай ел боласыз? тегіңізді қашан қазақшаға өзгертесіз?
- Осы біз қашан қоямыз, "елің кім"? руың кім" деген сорлы сұрақтарды!

Жауап: Мен қазақпын, тегім де қазақ. Ал, екінші пікірді білдірген азамат дұрыс айтады. Қазір бізге бөліну емес, бірігу керек.

- Бұл суайт әкім,сөздің майын тамызып айтқаннан басқа ештеңе де шеше алмайды. Алатау ауданының мәселесі шашетектен, қолынан келетін әкім істемесе қордаланған күйінде әлі қала береді. Бакең өзіңін кәсіпкерлігімен айналысқаны жөн болар...

Жауап: Бұл Сіздің жеке пікіріңіз. Әркімнің сөзінен оның өресі көрініп тұрады.

- Заңсыз жер сатумен немесе жер заңдастырумен айналысатындарға кандай тосқауыл қойылуда. Жергілікті КМС тер басқа шаруаларды қойып, жер заңдастыру жане халықтан мусорға ақша жинау мекемесіне айналып кеткені қалай? Әкімшілік үйінен бөлме алып халықтан мусорға ақша жинаумен айналысуға рұқсат бересіз бе? КМС тер халыққа қызмет ету орнына бизнеспен айналысып кететіндері несі? Әлде олар әкімнің бизнес көмекшілері ме?

Жауап: Жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері эксперименттік жоба болып табылады. Тек Алатау ауданында ғана емес, қаламыздың барлық аудандандарында осындай комитеттер құрылған. Әсіресен біздің аудандағы әлеуметтік мәселелерді шешуде бұлардың атқарар ролі жоғары болады деп жобаланып отыр. Қазір сынақ мерзімі. Комитеттер ойдағыдай жұмыс жасап кетсе, оларға белгілі бір өкілеттілік беріледі. Әзірге, өзге қалалардың тәжірибелерін көріп, өзімізде іске асыруға ниеттеніп жатырмыз. Ал ЖӨӨБК өкілдері тарапынан қандай да бір заңсыздықтар болып жатса, сенім телефонына хабарласуыңызға болады. Сенім телефонының нөмірі: 299-86-77.  

- Әкім бол, халқыңа жақын бол деуші еді атам қазақ. Қазір әкім бол, үкіметке жақын бол деген болып кетті. Сіздердің аудандағы қарапайым халықтың жағдайларын тезірек әрі халық пайдасына шешіп берсеңіздер екен. Олай болмаса, ашынған халық тағы біреуді өртеп жіберер.

Жауап: Біздің барлық жұмысымыз халықтың жағдайын жасау. Жамандық шақырғаныңыз жөн болмас.

- Аллаға шүкір жағдаймыз осыдан 2 жыл бұрынғыдай емес. жақсарып қалды. Мен Шаңрақта Жаңқожа батыр көшесінде тұрамын. Меніңі айтарым Ешікім-ешкімді өртемейді. Сіз аузыңызға келген нәрсені оттай бермей, абайлап сөйлеңіз. Қайдағы жоқты айтпаңыз. Кезінде болған қайғылы оқиға , өзінің арам пиғылдарын асырмақшы болған зымиян кішке топтың ісі. Сол жағдай біздің шаңырақтықтарға жабайы, надан, күйені жақты. Содан әлі арыла алмай келе жатырмыз. Осындай "атақтардан" шаршағаған жоқсыздар ма. Құдайға тәубә деу керек. Бірлік керек, мәдениет керек, имандылық керек! Сұлтан Қалдыбекұлы

Жауап: Дұрыс айтасыз.

- Сұлтекеңнің айтқаны орынды-ақ. Тек босқа байбалам сала берудің қажет жоқ. Әйтпесе анау көрші бауырлардан біздің қай жеріміз артық болғаны. Барлық бәле өзімізден. Біз қазақпыз деп кеудемізді жұдырқтаймыз, бірақ нақтылап келгенде осы атмызды затымызбен қорлаймыз. Біз сауалымызды, сұрауымызды, жоғымызды өркениетті түрде күн тәртібіне қойып үйренген жоқпыз. Шүкір қазақтың қар домалағы шоғырланған Шаңыраққа сол мұңымызды бөлісетін биліктің келгеніне. Жұмыс жасалып жатыр. Бірақ жасалытын жұмыс алда. Ең басты жұмыс жер мәселесі емес, ол - халықты мәдениеттілікке, білімділікке тәрбиелеу болмақ.

Жауап: Орынды пікір.

- Әкімдердің ішінде алғашқы болып Абай,кз-нің конференциясына шықаныңыздың өзі, Бәке сіздің өз ісіңізге сенімді азамат екеніңізді көрсетеді. менім сізге қояр сұрағым, баламды "Ұлжандағы" жаңа бала-бақшаға орналастырайын деп едім. Қандай құжаттар керек, қайда өткіземін? айтып берсеңіз. Рахмет.

Жауап: Рахмет. Ал балаңызды балабақшаға орналастыру тәртібін балабақшада Сізге толығымен түсіндіріп береді.

- Әкімшілік үйінен бөлме алып халықтан мусорға ақша жинаумен айналысуға рұқсат бересіз бе? Осылай да қызық сұрақ болады екен. Қазіргі уақытта Шаңырақ акімі Алмаға 106 кабинетті мусорға ақша жинау үшін беріп қойған. Бұрын Алма Ұлжанда жер сатып, заңдастырып былықтырып еді, енді Шаңыраққа шақырып ауыстырып алған ғой. Бағдат соны білмей отырсың ба. Білмесең қандай әкім болғаның?

Жауап: Алатау ауданы әкімі аппараты ғимаратының 106 кабинеті «Шаңырақ-2» ықшам ауданы бойынша Жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне уақытша берілген. Басқа жерден ыңғайлы орын табылмады. Бұдан ілік іздеудің қажеті жоқ. Ал нақты бір заңсыздыққа көзіңіз жетіп тұрса құқық қорғау органдарына шағымданыңыз деп кеңес беремін.

- Құрметті. Бағдат Сайланбайұлы. Жаксының жақсылығын айт мерейі тасысын деген. Сіздің халыққа жасаған еңбегіңіз шексіз.Бұл еңбегіңізді айтпай кету, адамныңда АЛЛАның алдында өрескелдік болар. Бірақ, бір қынжылтатын мәселе сіз қол астыңыздағы КМС тардың не істеп не қойып жатқанынан хабарыңыз жоқ. Не болмаса "Қолыннан келсе асап қал,беліңнен келсе басып қал" - ға, салып отырған сияқтысыз.Алысқа бармаяқ Ұлжан ықшамауданындағы жағыдайларды айтайық. Халықтың көзін бақырайтып қойып, етектері жаска толғанша жылатып. Үйлерін сүргізіп тастап, тап сол сүргізілген жерге Алманың, не Жаңабайдың, не Сағынбайдың туысқандарына Мемлекеттік АКТ шығып отыр. Бұл істелініп жатқан шаралардан сіздің хабарсыз болмауыңыз мүмкін емес деген ойдамын. Қазіргі уақытта жер атқызуға барған тұрғындардан, жеке жерін атқызу үшін 100$ беріп атқызып жатқандығында білетін боларсыз.Бұрын Айбол алатын болса, қазір Қырықбаев Азаматтың жастығын пайдаланып Кулбаев Жанабай алып отыр. Жастарды көтеру керек дұрыс. Бирақ оларды пайдалану ағалыққа жатпас. "Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады" - деген. Адамның алдында есеп беру оңай АЛЛАның алдындағы есепті ұмытпағаныңыз жөн сияқты. Ел болам десең бесігіңді түзе деген. Ел болып ерім демесең елдігіңнен не пайда,ер болып елім демесең ерлігіңнен не пайда.

Жауап: Жоғарыда айтқанымдай, құқық қорғау органдарына шағымдануға Сіздің еркіңіз бар. Ал әкімшілік қызметкерлерінің адал жұмыс істейтіндеріне сенімін. Бұл туралы алдында айтқанмын.

- Ертеңгі келер 70-жылдыққа дейін биліктің құлағы тыныш болсын дегендік-ау мынаусы....Қашаннан бер мұншалықты "ауыр" сұрақтарға әкімнің жауап бере қалғаны халқым-ау?!!!....

Жауап: Халықпен кездесіп, сұрақтарына жауап беру әр әкімінің міндеті.

-  Қаншама қара көздердің бульдозермен үйлерін талқандап, еңіреп жылап-сықтаған әке-шешемізді, апа-ағаларымызды "өлмесең өмірем қап" деп қарғап, арттарынан бір кесек тас лақтырдыңыздар.Алтын тағың болғанша, алақандай жерiң болсын" деп қаншама адам көз жасы мойындарыңызда екенін бір мезгіл ойланып қойыңыздар әкім мырза!Үй түспейді деген жерлердің бәрін саттыңыздар,жарды толтырып оның үстінен үй көтеруде,өз көзімізбен көріп жүрміз.Істеген жақсы істеріңізге көз жұмбаймыз, бірақ көз жас жібермейді.Алланың бары - хақ.Әр нәрсенің есебін о дүниеде берерсіз!

Жауап: Біз заң аясында ғана жұмыс істедік. Ешкімнің конституциялық құқын таптаған емеспіз, оған Ата Заңымыз жол бермейді.

- Осы қазекең ана-бүйтті мынау сүйтті дегенін қоймайды әйтеуір. Туысқан, ашып айтсаншы бірдеңе білетін болсаң. Менім білетінім, Манзоров нағыз азамат. Өйткені ол қашанда болсын халықтың мұыұ, жоғын тындауға дайын тұратын азамат. Мен өзім, бір-екі рет сейсебі сайын болып тұратын қабылдауындла болдым. Байқағаным қаркөздерімізге, қолынын келгенін аямайды. Барын бар, жоғын жоқ деп кесіп айтады. Кейбір шенеуніктер сияқты халықты анда бар, мұнда бар деп доп етіп теппейді. менің айтайын дегенім осы біз көп жағдайда адам танымаймыз. Қолынан іс келетін адамның аяғынан тарытып жатамыз. Ашығын айту керек аудан ашылғал жағдайымыз құдайға тәубе жаман емес, жасқарып барыд. Барлығы да көзщ алдымызда. Әрине жетіспейтін емхан, мектеп, балабақша шешіліп біткен жоқ. Бірақ тағад айтам қырғыз бауырлардын жағдайын көріп, тәубә айтудан басқа амалы\м жоқ. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!

Жауап: Сенім артқаныңызға рахмет.

- Бағдат Сайланбайұлы, Алатау ауданының халі осыдан екі жыл бұрын адам шошырлықтай еді. Бір ғана «Шаңырақтың» дауы бүкіл қазақ қоғамы үшін ауыр тигені мәлім. Шынын айту керек, «Шаңырақ», «Ұлжан» сияқты ықшамаудандарындағы халық өздерін ешкімге керексіз жандай сезініп еді. Аталмыш ықшамаудандар Алатау ауданының құрамына кіргеннен кейін, жағдай біраз жөнделді. Оған сіздің көп еңбегіңіз сіңгені даусыз. Әкім халықтың мұң-зарын тыңдап, ел мен жер үшін аянбай еңбеу ету керек деп ойлаймын. Жалпы әкім халықтың адамы. Осы тұрғыда Сіз сөзсіз халыққа жақын бола білдіңіз. Екі жылдың ішінде қаңырап қалған бірқатар жерлерді гүлдендіріп, қала шетінде орналасқан халықтың жағдайын түзедіңіз. Сізге табысты еңбек, қажымас қайрат тілей отырып, өз өтініш-тілегімді білдірсем деймін.
Құрметті Бағдат Сайланбайұлы, «Түркістан» ықшамауданының мәселелері де сіздің назарыңыздан тыс қалмаса деп тілейміз. Мәселен, «Түркістан» ықшамауданында канализация жоқ, жолдар дұрыс жасалмаған, ықшамауданда орналасқан екі бетон зауыты тұрғындардың мазасын алып, күні түні жұмыс істейді, содан шыққан шаң тозаңның салдарынан тұрғындар біраз зардап шегуде, сондай-ақ ықшамуданның орталық көшесінде, яғни «Шаңырақ-2» ге бағытталған жолда жаяу жүргіншіге арналған арнайы белгі жоқ, автокөліктердің жылдамдығын шектейтін белгіні де әлі күнге көре алмадық. Өзіңіз білесіз, біздің ықшамауданда мектеп жасындағы балалар көп. Тұрғындар қалаға шығу үшін жолды кесіп өтеді. Өкінішке орай, машиналардың көптігінен, әрі арнайы белгінің жоқтығынан жолдан өту қиындыққа соғады. Оның үстіне ықшамауданда арнайы аялдамалар жоқ. Әрі «Киров» және «Шаңырақ-2» ықшамаудандарының ортасындағы жолайрықта не бағдаршам, не жаяу жүргінші белгісі жоқ. Дәл осы жолайрықта көлік апаттары жиі болып тұрады. Әкім мырза, осындай мәселелерді қаперіңізге алып, біржақты шешімін шығаруыңызды сұраймын.
«Түркістан» ықшамауданының тұрғыны Әлімбетова Светлана.

Жауап: Құрметті Светлана! Сіздер тарапынан көтерілген мәселелер біздің жіті бақылауымызда болады. Мүмкіндігіне қарай барлық мәселені шешуге тырысып жатырмыз.

- Дархан ыкшам ауданына карасты сайда бир топ оралмандадын уйы бар еди, торт жыл болды не зандаспады, не бир шешимин таппады. Сол үйлер қалай шешілмек? Естуімізше Қарасуға көшіріп, үй салып беретін болды деген қауесет бар. Бұл шын ба, әлде тағы да уақытты созу амалы ма?

Жауап: Бұл мәселе бойынша тұрғындар әкімшілікке келіп, әрбір сейсенбі күні өткізіліп тұратын жеке қабылдауыма қатыссын. Барлық сұрақтар бойынша мамандардан толық жауабын алады.

- Айтпақшы, онда орналасқан оралмандардың негізінен тұрмысы өте нашар, көбісі о жер, бұ жерде жүк түсіріп, мтыңдап күн кешіп жатыр. Солардың жағдайын көмектессеңіз, несиеге болса да үй салып берсеңіздер өте сауапты әрі халық алдындағы абыройлы іс болар еді. Ең дұрысы, осы заңдаспаған үйлердің иелері негізінен қазақтар әрі кедей-кепшіктер. Оларға көмектесу, жағдайларының оңалуына септесу Сіздің ұлт алдындағы міндетіңіз болмақ. Ұлт үшін істелген істің өтеуін күту, міндетсу ер адамның парызы болмақ емес. Төрт мың үйде кемі 20 мың адам тұрады. Сол 20 мыңның алғысын алуды ойлаңыз, Бәке!!!

Жауап: Әуелде айтқанымдай, Алатау ауданы күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу үшін құрылған. Барлық азаматтарға тиісінше жәрдем көрсетіледі. Егер бұл азаматтар Сіз айтқандай оралмандар болса, қалалық көші-қон басқармасына тіркеліп, оралман статусын алуы керек. Сонан кейін, ауданның әлеуметтік қамсыздандыру  мекемелеріне келіп, мемлекет қарастырған жәрдемақыларға қол жеткізуіне болады. Жекелеген мәселелер бойынша біз де қабылдаймыз.

- Қымбатты әкім! "Арзан" дүкенінің артынан түрік компаниясы салып жатқан "Ахселькент" мөлтекауданының үлескері едім. Түрік компаниясы құрылыстың қашан бітетінінен мандытып хабар бермейді. "Әне-міне" деп кейінге қалдырып келе жатқандарына екі жыл болды. Әкім ретінде сіздің қолыңызда осы тұрғын үйлерге қатысты қандай деректер бар? Ауданға электр, жылу, жарық, су, газ, телефон тартылды ма? Қашан пайдалануға беріледі? Рахмет!

- Мен Байбеск ауылынан халк ел ушн енбек жасай бернз колдаймыз ага Аллаь жар болсын денсаулыгыныз мыкты болсын енбек етуден халкынызга жакын болудан еш кашан танбауынызды бир Ааллахтан тилеймин.

Жауап: Ниетіңізге рахмет.

- Бағдат Сайланбайұлы әкімшілік ғимаратында 29 маусым күні жұртшылықпен кездестіңіз. Осы жиынға БАҚ өкілі ретінде біз де бардық. Шынын айтсақ көңіліміз толмады.Сұрақ қояйық деп едік сондағы полиция мен ішкі саясат басқармасының өкілі дырылдатып желкемізден сүйреп артқа тартты. БАҚ өкіліне ақпарат алуға тиым салынсын деген заң жоқ еді ғой. Мен оппозициялық БАҚ өкілі болсам бір жөн, мемлекеттік ең негізгі ақпарат құралының өкілімін. Алайда сіздің кеңседегі шікірейген жас шенеуніктер оны тыңдағысы да келмейді. Костюм кигеніне разы шығар сірә.Олар ол қылықтарымен сіздің барлық істеген ісіңізге қара күйе жағып отыр. 2 жылда істеген жақсы істеріңізді жалаулатып-ақ бергіміз келген. Алайда көрген әсерлеріміз оған жеткізбеді. Төменде жазған қысқа ақпаратымызды беріп отырмыз. Оқи отырыңыз.
Алматының Алатау ауданында 3179 жер телімі заңдастырылды
АЛМАТЫ. Маусымның 29-ы. Бүгін Алматының Алатау ауданында «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы төрағасының орынбасары Амангелді Кәрімуллин, қалалық мәслихат хатшысы Төлеубек Мұқашев, Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоров аудан жұртшылығымен кездесті.
Кездесуді аудан әкімі жұртшылыққа есеп беруден бастады. Бағдат Мәнізоровтың айтуынша қазір ауданда жер басып алу мүлдем тоқтаған. «2 жыл бұрын аудан құрылғанда басты міндеттің бірі заңсыз жер телімдері мен тұрғын үйлерді заңдастыру болды. Бұл бағытта арнайы тексеру барысында заңсыз 4523 жер телімі анықталған болса, қазіргі күнге дейін заңдастыру туралы 5384 өтініш қабылданды. Оның 3179-ы бойынша заңдастыру туралы шешім шығарылды. Жалпы қазірге дейін 2304 мемлекеттік акті иелеріне табыс етілді» дейді аудан әкімі. Оның айтуынша қазіргі кезде қордаланған жұмыс мәселесі де «Жол картасы» мен «Жастар практикасы» аясында шешілуде. Әлеуметтік мәселелер, көріктендіру бойынша да жоспарға сай жұмыс істеудеміз деген аудан әкімі есеп соңында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Тұрғындардың пікірінше ауданда қордаланған мәселе әлі де көп. Бірқатар шағын аудандарда газ, су, жол салынбаған. «Қала маңында тұрсақ та ауылдағы ағайынның халінен нашар күйдеміз. Бүгінгі кездесуге аудан басшылығына сұрақ қойып, жауап аламыз ба деп үлкен үмітпен келген едік. Алайда әкімшілік қызметкерлері микрофон маңына да жуытпады. Арнайы дайындалған адамдар мақтаудан аспады. Баяғы жартас сол жартас күйінде қалып отыр» дейді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Салтанат Ұзақбаева. Оның айтуынша аудан құрылғалы бері аудан басшылығы Ақбұлаққа ат ізін салмаған да. Қазір мұнда газ да, су да, жол да жоқ. «Естір құлақ жоқ болып тұр» дейді Ақбұлақ тұрғыны.
Кездесу барысында Ақбұлақ тұрғыны ұшырасқан кедергіге біз де тап болдық. Ауданның ахуалы туралы тілші ретінде әкімге сұрақ қойғымыз келген, алайда әкімшілік қызметкерлері пен полиция алдымызды кес-кестей берді. БАҚ-қа берілмеген жауап, қарапайым тұрғынға да жоқ. Кездесу соңында аудан әкімі халықтың қалған сұрағына жауап бермей орнынан тұрып кетті. «Көкейде сауалымыз көп еді. Оған жауап ала-алмасақ әкім елмен неге кездесті» дейді кеудесінде алтын алқасы жарқыраған кейуана.
Естеріңізге сала кетейік Алатау ауданы осыдан 2 жыл бұрын 7-ші аудан болып құрылған болатын. Қазір мұндағы 16 округке біріккен 18 елдімекенде 158 300 адам тұрады.

Жауап: Біріншіден, әр кездесу белгілі уақытқа белгіленеді. Бұл уақытта барлық тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп шығу мүмкін емес. Бірақ, біз жауаптан жалтарды дегеніңіз ақиқатпен үйлеспейді. Тілші болсаңыз жақсы білуіңіз керек, кез-келген іс-шарадан репортаж жасаған журналистке шара соңында тиісті адамдар сұхбат береді. Тұрғындармен таласып-тармаспай-ақ кездесуден кейін келіп сұхбат алуыңызға болатын еді ғой. Сіз сынап отырған «жас шенеуніктер» мұны жақсы біледі. Сондықтан Сізге шектеу қойған болар.  Сіз біздің жұмысымыздың бір парасын ғана көрдіңіз, ал кездесулер апта сайын өтеді. Сондықтан бұдан «сенсация» жасағаныңыз орынсыз шығыпты.

- Әкім мырза Ақбұлақтың жайы не болады? Әкім болғалы бері Ақбұлаққа ат ізін бір салмадыңыз. Шаңырақтан шыға алмай қалдыңыз ғой. Ақбұлақтада да қыруар халық тұратынын ұмытпаңыз. Су, жол, газ жоқ басқаларға салынып, тартылып жатыр.Елмен кездесіп, есеп бермесеңіз Ақбұлақ халқы көтеріліске дайын. Сіздер көтерліссіз немесе табиғи апатсыз көңіл бөлмейтіндеріңізді халық біледі. Кеше Шаңырақта елмен кездесіпсіз. Ақбұлаққа бірде бір адам келіп кездесу болатынын айтқан жоқ. Бір шалды апарып құры мақтатыпсыздар. Басқа өздері естіп барған елге сөйлеуге мұрша бермепті сіздің көмекшілеріңіз.Жол мен су, газ биыл болмаса да халықпен кездесіп, жөн айтуға болады ғой. Ақбұлақтың халқы мүлдем көңіл бөлмегендеріңізге ренжулі. Қабылдауыңызға жазылайын десе көмекшілеріңіз жарты жылдан кейін кел деп менсінбей күлетін көрінеді. Олар әкімшілікті сатып алып па еді әлде. Мемлекеттік қызмет туралы заң барын бәріміз білеміз. Сосын аудандық әкімшілікте істейтін өңкей жас қыздар мен жігіттедің көпшілігінің мінгені ең арзаны 10 мың доллардан жоғары шет елдік көлік. Бұлар қызметке араласқанына 2 жыл болмай жатып қайдан көлік мініп жатыр. Ақбұлақ сынды ауылдарға бөлінген қаржыны қалталарына басып жатқан жроқ па? Осы сауалдарға жауап берсеңіз. Бұқарамен байланыс орнатпаған соң, айналаңызға кеудесіне нан пісіп, елмен сөйлескісі келмейтін жастарды жинап алған соң осындай көп сауал туындап отыр. Сіз шын мәнінде көп нәрсе жасап жатырсыз. Сіздің жеке басыңызға ешқөандай қаржының қажеті жоқтығын, бір басыңызға жететн дәулетіңіздің барлығын білеміз. Алайда жоғарыдағы жайттар сіздің бар ісіңізді жоққа шығарып отыр. Сондықтан сізге ұсыныс елмен байланысқа жиі шығып, түсіндіріп, жаныңыздағы жастарды тәк деп ұстағаныңыз жөн. Ақбұлаққа жақын арада келіп халықпен кездесіңіз.

Жауап: Жоғарыда айтқанымдай, тек «Ақбұлақ» ықшам ауданы ғана емес, ауданның барлық тұрғындарымен кездесіп жүрміз. Сіз көтеріп отырған мәселелерді білеміз. Дегенмен, мынаны түсінгеніңіз жөн: «Шаңырақ-2» ықшам ауданы ауданымыздың әкімшілік орталығы екені белгілі. Сондықтан абаттандыру, көріктендіру жұмыстарының осыннан бастау алуы заңдылық.  Алайда, бұл өзге ықшам аудандарға көңіл бөлінбейді деген сөз емес. Бізде белгілі жоспар, нақты кесте бар. Сол бойынша жұмыс жасап жатырмыз. «Ақбұлақ» ауданына да кезек келеді. Ал қызметкерлерге қатысты шағымдарыңыз болса, аты-жөнін атап сенім телефонына хабарласыңыз. Тағы бір айтатын мәселе, бұлардың барлығы Алатау ауданы құрылғанға дейін өзге жерлерде жұмыс істеп, тәжірибе жинаған мамандар. Ал біреудің ақшасын санау меніңше мәдениеттілікке жатпайды. Аудан бюджтінің орындалуын қадағалайтын тиісті органдар бар. Сондықтан, бөлінген қаржы жеке қалталарға кетіп жатыр деген күмәніңіз де орынсыз болар.

- Әкім мырза айтпақшы сол Ақбұлақта Алатау ауданы құрылмай тұрғанға дейін әкім ба әлде, өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы болған Ерғали деген алаяқ қыруар қаржыны қымқырып, қашып кеткен еді. Қазір қаржы полициясының сайтында іздестіруде жүрген адамдардың қатарында жүр.Ауыл тұрғындарының айтуынша Алатау ауданының картасында Ақбұлаққа негізінен жол, су, тартылды деп көрсетілген дейді. Оған Алатау ауданына дейін қаржы бөлінген көрінеді,оны сол Ерғали бастаған алаяқтар қымқырып, жол жасалды деген есеп беріп жіберген көрінеді.Ақбұлаққа қаржы бөлінбей жатуы соның салдары емес пе? Ал ол Ерғали деген барахолкада кафе салып алып, тайраңдап жүріп жатыр. Сонда қаржы полициясының сайтындағы өтірік іздеу ма?

Жауап: Бұл сұрақ маған емес.

- Бәке, сіз ірі кәсіпкерлер қатарына жатады деп естідім. алғашқы капиталыңызды рэкет болып жинады деген сөз бар. "Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды" деп өскен елміз ғой. Не айтасыз?

Жауап: Мен өмір бойы адал еңбекпен мал тауып келемін. Ал мұндай жел сөздердің ақиқатын - айтқан адамдардан сұрағаныңыз дұрыс болар.

- Бағдат Сайланбайұлы. Біз Ұлжан ықшамауданы золоотвалға қарама-қарсы 96 үй тұрғындарымыз. Жерлеріміз заңдасып, үйлерімізге свет кіргізіп алдық. Енді бізде шешімін таппай жатқан мәселе бізде су жоқ. Қысы-жазы сайға түсіп сайдағы ағып жатқан судан ішеміз. Кейде судын жағасына өлген ит мысықтарында апарып тастап жатады. Бізге су кіргізу жағын қарастырсаңыз екен. Құдай бетін аулақ қылсын,ертеңгі күні сол судан балаларымыздың ішіне инфекция түсіп ішек құрт ауыруына шалдығып жатса, бизге де, сізгеде, ауданымызға да, қаламызғада жақсы атақ әкелмесі белгілі сияқты.

Жауап: Бұл да кезегі келгенде шешілетін мәселе.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1572
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2267
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3567