Жексенбі, 25 Маусым 2017
19 Қыркүйек, 2016 сағат 11:40 Шынның жүзі 2134 0 пікір

ҚАЗАҚСТАНДА ТЕОКРАТИЯЛЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУДЫҢ КҮШТІ ЛОББИІ БАР

Танымал саясаттанушы Ерлан Саиров елімізде Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде саясаттану мен әлеуметтану бағыттарының даму кезеңдері мен қазіргідей құл­­дилау себептерін «Айқын» газетіне бер­ген арнайы сұх­ба­тында сөз етеді.

Сонымен қатар сарапшы елімізде жастардың маргиналдану мен радикалдану проблемасының өзектілігін айта келе, жалпы Қазақстанда теокра­тиялық мемлекет құрудың лоббиі мен «тапсырысы» барын жасыр­майды. Саясаттанушының ойын­ша, әр саланы жаулап үлгерген сәлафиттердің идеологиясына қарсы ханафи мәзһабына сай идео­­логиямен төтеп берудің өзі қиын. Сондықтан бүгін нақты шаралар кешенін қолданбаса, ал­дағы 5-6 жылда еліміздің рухани келбетінің танымастай өзгеріп ке­туінің қаупі жоғары деген пі­кірде. 

– Ерлан аға, танымал саясат­танушы ретінде бүгінгі саясаттану ғылымының хал-ахуалына, да­муы­на қандай баға берер едіңіз? 

 – Биыл егемендігіміздің 25 жыл­дығын атап өтіп жатырмыз. Осы 25 жыл ішінде Қазақстанда саясаттану ғылымы әртүрлі ке­зең­дерден өтті. 2000 жылға дейін­гі саясаттану ғылымының негізгі тенденциясы даму, ілгерілеу бол­ды деп анық айта аламыз. Өйткені дәл сол кездері Қазақстанда екі-үш үлкен ғылыми мектеп пайда болды. Оның бірі – Қазақстан даму институты. Бұл орталықтан елі­міздің көптеген танымал сая­саттанушылары шықты, мысал үшін, Досым Сәтбаев, Ерлан Қарин, марқұм Мейіржан Ма­шанов, т.б. Екіншісі – өз зама­нында Ақпарат министрлігінің маңынан құрылған саясаттану институты еді, ол жерден Айдос Сарым, Берік Әбдіғалиев, т.б. шықты. Сонымен бірге, жабық саясаттану клубтары да жұмыс істеді. Осы құрылымдар саясат­тануды тек пән емес, еліміздің да­муына өзіндік үлес қоса білетін қоғамның бір бөлігі дейтіндей дәрежеге жеткізді.

2000 жылдардан кейінгі ке­зеңде саясаттану ғылымына мем­лекеттік органдар мен қоғам та­рапынан сұраныстың азайып кет­кені байқалады. Тіпті қазіргі күні сұраныс жоқ десе де болады. Бұл еліміздегі әлеуметтік-саяси үдерістерге байланысты. Себебі, 2000 жылға дейін Қазақстанда демократияның кейбір нышан­дары болған, қандай да болмасын саяси бәсекелестік болды. Ол өз кезегінде саясаттану нарығын қа­лыптастырып, көптеген түйінді мә­селелерді шешудің бір құралы болды. Яғни, саясаттанушыларға, оның ішінде сарапшы сияқты бас­қа да ғылымдарға сұраныс жо­ғары еді. 
Қазіргі кезде елімізде моно­сая­си билік пайда болғандықтан, саясаттану ғылымы құлдилап тө­мендеп бара жатыр деуге негіз бар. Ал дәл осы кезеңде еліміздің қоғамдық саяси өмірі күрделе­-ніп, саяси болжау институттары ауадай қажет.

Күрмеуі көп мәселелердің қа­тарына діни экстремизмді, әлеу­мет­тік саяси нигилизмді, қоғам­да­ғы апатиялық климатты жат­қызуға болады.

Соңғы кездері Қазақстанның дамуына тағы бір әсер етіп отыр­ған жайт – дін. Мәселен, жоғары оқу орындарына, оның ішінде Ал­матыдағы Қазақ ұлттық уни­верситеті мен Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне бөлінген гранттарды алсақ, саясаттануға жыл­дан-жылға бөлінетін гранттар саны азайып барады. Яғни, сая­сат­танудың дамуына ешқандай да жағдай жасалмай отыр. Сонымен бірге, соңғы үш-төрт жылдың ішін­де ислам діні мен діндәр­лар­ды дамытуға гранттар көптеп бө­лініп келеді. Мәселен, биыл дін­та­нуға 150 грант бөлінген, ал сая­саттануға – 7 грант! Менің ойымша, Қазақстанда теокра­тиялық мемлекет құрудың бел­-гілі бір лоббиі бар сияқты. Яғни, саяси үдерістерді жоғары дең­гейде зайырлы түрде сараптай­-тын ғылымның фундаменті тө­мендеп келеді. Бұл біздің елімізге үлкен әсерін тигізбей қоймайды. 

Бұдан тыс саясаттанудың әлеу­меттік ғылымдардың кеше­нінен тұратынын ұмытпауымыз керек. Яғни, бұл жерде тарих, мә­дениет­тану, философия болсын, мұның барлығы саясаттанудың негізін қа­лайды. Бүгінгі таңда бұл ғы­лымдардың да деңгейі төмен­деп барады деп айтуға негіз бар. Бұл еліміздің жаңашылдануына, со­ны­мен бірге Қазақстанның жал­пы әлеуметтік-экономикалық да­муына кері әсерін тигізері сөз­сіз.

«Ел, мемлекет қалай дамуы ке­рек, оның бағыты қандай болуы керек?» деп сараптап отыратын 4-5 мектеп қажет-ақ. Дүниежүзі тәжірибесіне сүйенер болсақ, АҚШ-та әрбір ғылыми орталық­тың жанында үлкен саясаттану институттары бар. Мәселен, мұн­дай жерлерден XXI ғасырдың даму тенденцияларын анықтап отырған С.Хантингтон, Ф.Фукуя­ма сияқты үлкен ойшылдар шық­қан. Өкінішке қарай, Қазақстан­да саяси институттар әлі қалып­тасқан жоқ. Керісінше, кері кетіп барады. Бұл дұрыс тенденция емес. Өйткені еліміздің әлеу­мет­тік-экономикалық дамуы төмен­деп кеткен. Биыл экономикалық даму рецессияда. Түптеп кел­ген­де, экономикалық даму тек биз­нестен тұрмайды, ол ең алдымен, халықтың әл-ауқаты мен ойын­дағы мақсат-мұраттарынан да тұрады. Саясаттану дегеніміз – елі­міздің екпінді дамуының не­гізі. 

– Бір саланы бір адамның атымен ғана байланыстыру проб­лемасы қаншалықты өзекті деп ойлайсыз? Мәселен, демограф десе марқұм Мақаш Тәтімов, эко­лог десе Мэлс Елеусізов, саясат­танушы десе, айналдырған 5-6 адамның ғана есімі аталып, БАҚ-тарда да көбіне-көп осы аза­мат­тардың сараптамалық ойлары жа­рияланып отырады. Бұл же­тіс­тік пе, әлде...

– Шынын айту керек, бұл же­тіс­тік емес. Жоғарыда айтқа­ным­дай, бұл еліміздегі үлкен мек­теп­тердің жоқтығынан туындаған мәселе. Мектеп дегеніміз – ғылы­ми орталықтар. Егер Қазақстанда 17 миллионнан астам халық тұратын болса, бұл халықтың 
43 пайыздан астамы жоғары бі­лімді десек, ел азаматтарына әр саланың әр тарабын түсіндіру үшін, әрине, бір мектеп аз бо­лады. Мектеп дегеніміз – екінші жағынан, дәстүр. Қай саланы ал­саңыз да, әлеуметтік не экономи­калық салада да 4-5 мектеп болуы керек, бұл мектептер өзара бәсе­кеге түссе ғана дамудың нышан­дары пайда болады. Ал Қазақ­станда әлі де болса ондай мек­тептер қалыптаспаған. 

– Қоғамда да, билікте де «ма­ман­дар тапшы» дегендей стерео­типтік ой басым ғой. Неге жаңа тұлғалар, жаңа есімдер жоқ? 

– Жаңа тұлғалар пайда болу үшін мектептер мен саланы да­мыту қажет. Мәселен, 90-жыл­дары, жоғарыда атап өткендей, саясаттану бағытында 2-3 мықты мектеп болған, сол жерден көп­теген жарқын тұлғалар озық ой­ларын ұштап, ғылыми тұрғыдан үлкен тәжірибеден өткен. 
Сонымен бірге, жоғарғы мек­теп, яғни университеттер мен өмір­дің арасында ешқандай да байланыс жоқ. Саясаттанушы оқытушылар бүгінгі қоғамдық үдерістерден алшақтап кеткен. Саясаттануды оқып жүрген аза­маттар университетті бітіргеннен кейін қайнаған өмірге қалай кі­ріп, онда қалай қалыптасу қа­жет­тігін білмейді. Өкінішке қарай, өн­діріс пен өмір арасында бай­ланыс үзілген. Міне, осындай түйінді мәселелерді шешу керек. 

Жалпы, еліміздің дамуына үл­кен әсер ететін тағы бір нәрсе – әлеуметтік орта. Интеллек­туал­дық әлеуметтік ортада ғана үлкен ғылыми орталықтар қалыпта­сады. Ал бүгінгі таңда Білім ми­нистрлігі тарих пәнін, саясаттану пәнін жоғары оқу орындарын­дағы міндетті пәндер тізімінен алып тастаған. Бұл әрине, елі­міз­дің дамуына 4-5 жылдан кейін кері әсерін тигізеді. Өйткені біз­дегі әрбір индивидиум білімді әрі тәрбиелі болуы керек. Ал бола­шақ саясаттанушы тарих пән­дерін оқымайтын болса, оның қоғамға пайдасын тигізуі екіта­лай. Әл-Фараби айтып кеткен­дей, «Ең бірінші білімді адамды емес, тәрбиелі адамды шығаруы­мыз керек». Тәрбиесіз, білімді адам көптеген залал әкеліп, қо­ғамға зиянын тигізуі ықтимал. Яғни, білімді, бірақ тәрбиесіз адам өмірге көп зиянын әкеледі. Бұл мәселелер елді ұлттық рухта тәрбиелеудің деңгейін төмен­де­теді. Бұл үлкен проблема. 

– Өзіңіз болашағы бар қандай жас мамандарды білесіз? Оларға танымал болу үшін не жетіспейді?

– Ең алдымен, адамның өз тал­пынысы болуы керек. Қазіргі таңда көптеген саясаттанушылар мемлекеттік қызметпен айналы­сып жүр. Бірақ олардың ішінен жарқын тұлғаларды көріп тұрған жоқпын. Соңғы 10-15 жылдың ішінде ұрпақтар сабақтастығы да үзіліп қалған сияқты. 

– Жас саясаттанушылардың әр деңгейдегі әкімдіктерге жұмыс­қа тұрып, іс жүзінде әкімнің пиары­мен айналысуын қаншалықты дұ­рыс деп санайсыз? Жалпы, билік органдары саясаттанушыларды өсіретін жер ме, әлде еркін ойлау қа­білетін өшіретін жер ме?

– Меніңше, бұл өмірдің бір ке­зеңі. Сол үшін мұндай қызмет­терде жұмыс істеу керек. Бірақ сонымен қатар әкімшілік дең­гейінде қалып қою шарт емес. Әйтсе де мемлекеттің шешім қа­былдау мен азаматтық қоғаммен қарым-қатынас мәселелерін прак­тикалық деңгейде көру үшін бұдан да өткен дұрыс. 

– Жақында Қазақстан үкі­метінде жаңа құрылым – Дін істері және азаматтық қоғам министр­лігі құрылды. Дәл осы министр­ліктің құрамына жастар мәселесін қосу – жастардың маргиналдану мен радикалдану проблемасының өзектілігіне байланысты ма? 

– Қазіргі таңда Қазақстанда теократиялық мемлекет құрудың күшті лоббиі барын жоғарыда да айттым. Ислам болған күннің өзінде дәстүрлі емес діни ағым­ның идеологиясын таңу қатты жү­ріп жатыр. Мұны тоқтату ке­рек. Ол үшін мемлекеттік күш-жігер қажет. Егер дәл осы ми­нистрлік осы мәселелермен тү­бегейлі айналысатын болса, көп нәрсеге көзіміз жетер еді. 

– Ал дәстүрлі емес деп қай ағымды айтар едіңіз?

– Дәстүрлі емес ағым – сәла­физм.

– Яғни, сәлафиттер бүкіл сала­ларды жаулап, қатты белсенділікке көшті дей аласыз ба? 

– Олар өте белсенді боп ба­ра­ды. Сонымен бірге, бұрын мұндай тенденция жоқ еді, бірақ қазіргі таңда Астананың өзінде әйелдер бет-аузын тұмшалап, паранжа, ниқаб киетін болған. Бұл, әрине, жан түршігерлік нәрсе.  

– Осы күнге дейін депутаттар жазғы демалыстан оралған соң, сәлафизмге тыйым салатын ар­найы заң қабылданатыны айтыл­ған еді. Бірақ таяуда терроризмге төтеп беру мәселелері Парла­мент­те талқыланған тұста «идеологияға идеологиямен қарсы тұру керек» дегендей әңгімелер айтыла бас­тады. Бірақ қаншалықты хәнафи мәзһабы, діни басқарма мен ға­лымдар сәлафизм идеологиясына қарсы төтеп беруге қауқарлы? 

– Бұл өте үлкен проблема. Бұл өзекті мәселені идеологиялық құралдармен шешу екіталай. Се­бебі, біздің елімізге сырттан келіп жатқан ықпал өте күшті. Ал оған, тіпті бір мемлекеттің ақпараттық күшінің де жетпеуі ықтимал. Ме­нің ойымша, ол үшін заңды кү­шейту керек. Жалпы, мұндай діни ағымдарды тоқтататын заң керек. Ал бұл заңның өтпей қалуының негізгі себебі – мемлекеттік ор­ган­дарда, Мәжілісте, барлық дең­гейде сәлафиттердің лоббиінің күшті екенін көрсетеді. Бұл өте қауіпті тенденция. 

Тағы да қайталап айтайын, Қа­зақстанда теократиялық мемле­кет құруға лоббиден бөлек, тап­сырыс та бар сияқты. Өкінішке қа­рай, бұл тапсырыс іс жүзінде жүзеге асып жатыр. Мәселен, дін­тануға – 150 грант пен саясатта­нуға оншақты грант бөлудің өзін­де терең мәселе бар. Алдағы 5-6 жылда Қазақстанның рухани кел­бетінің мүлдем өзгеріп кету қауi­пі жоғары. 

– Жастардың радикалды топ­-тар мен теріс ағымдардың жете­гінде кетуі тек әлеуметтік мәселе­лерге ғана байланысты ма? 

– Менің ойымша, ең басты себеп – әлеуметтік мәселе. Екінші мәселе – сырттан келіп жатқан әлеуметтік желілердегі ақпараттар ағыны. Жалпы, бұл бірнеше фак­торлар кешенінен тұратын өзекті мәселе дер едім. 
– Сұхбатыңызға рақмет! 

 Әңгімелескен 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

Айқын-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18379