Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Саясат 11292 0 пікір 3 Қыркүйек, 2016 сағат 16:08

ӨЗБЕКСТАНДЫ 27 ЖЫЛ БАСҚАРҒАН ИСЛАМ КАРИМОВ ДҮНИЕ САЛДЫ

 

Өзбекстан президенті Ислам Каримов 78 жасында дүние салды. Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасы Ислам Каримовтың 2 қыркүйек күні сағат 20.15-те Ташкентте қайтыс болғанын хабарлап, сөйтіп аптаға жуық уақытқа созылған алып-қашпа әңгімелерге нүкте қойылды.

И.Каримовты жерлеу рәсімі оның туған қаласы Самарқанда бүгін өтіп жатыр. «Қоштасу рәсімі қала орталығындағы белгілі Регистан алаңында өтіп жатыр. Өзбекстанның тұңғыш президентін орта ғасырда өмір сүрген тарихи тұлғалар және Ислам Каримовтің ата-анасы жатқан Шахи-Зинда зиратына жерлейді. Соңғы 20 жыл бойы өзге ешкімді жерлемеген зиратқа Каримовті қоюға рұқсат етілген» деп жазады azattyq.org.

Қазақстан Президенті өзбек халқына көңіл айтып, жедел хат жолдады. Ақорданың ресми веб-сайтында жарияланған жеделхатта: «Қазақстандықтар бұл мезгілсіз әрі орны толмас қазаның ауыртпалығын бауырлас Өзбекстан халқымен бірге бөліседі. 30 жылдай қанаттаса жұмыс істеген досымнан айрылғаныма қайғырамын» деп жазылған.

Ал, жерлеу рәсіміне Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысады. Бұл туралы ол өзінің twitter парақшасында жазды.

 

Ислам Каримов Өзбекстанды 27 жыл басқарды. Жабық мемлекет ретінде сипатталатын Өзбекстанда Каримов басқарған кезеңде оппозиция қуадаланып, сөз бостандығы тарылып, тәуелсіз БАҚ жабылды. Алайда, Каримовты ұлттық мемлекет құра білді, өзбек ұлтының тілін, дінін, ділін, ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, экономикасын өсірді деп білетін адамдар да бар. Саяси сарапшылар Каримовтың қазасынан соң, Өзбекстанда саяси жағдайдың қалай өрістейтінін сөз етісіп жатыр. Мәселен, саясаттанушы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директоры Ерлан Қарин өзінің facebook парақшасында Өзбекстандағы жағдайға қатысты ойын жазған:

Өзбек саясатының жабықтығын және жергілікті саяси элита құрылымының ерекшелігін ескере отырып, биліктің қандай сценарийл...

Опубликовано Erlan Karin 1 сентября 2016 г.

Өзбек саясатының жабықтығын және жергілікті саяси элита құрылымының ерекшелігін ескере отырып, биліктің қандай сценарийлерімен ауысатынын болжау аса қиын. Әзірбайжандық деп аталатын сценарийдің - яғни, билік өкілеттігін отбасы мүшесіне берілуі – екіталай, тіпті бұл сценарий іске аспайды деп сеніммен айтуға болады. Өзбекістанда отбасы саяси ықпалдың факторы ретінде қалыптаса алмады.
Сондықтан ықтимал деген негізгі келесі сценарийлерді келтіруге болады:
Бірінші – «Арнаулы құрылымдар». Элитадағы бірден-бір ұйымдасқан топ – арнаулы құрылымдар өкілдері қазіргі кезде топтасып жұмыс жасауға қабілетті жалғыз күш. Жергілікті арнайы қызмет – Ұлттық қауіпсіздік қызметі өзбек билік жүйесіндегі негізгі құрылым болып табылады, және де сыртқы күштермен байланыстар осы құрылымдар арқылы жүзеге асып келген болатын, ал қазіргі жағдайда бұл да маңызды фактор.
Екінші - «Консенсустық фигура». Өзбек лидерінің денсаулығы туралы ресми ақпаратты президент баспасөз-қызметі немесе президент әкімшілігі құрылымдары емес, үкіметтің таратуы жергілікті билік иерархиясында премьер-министрдің қандай да бір ықпалды рөлі бар екендігін және оның тақ мұрагері ретінде сайлануы мүмкін екендігін байқатады.
Үшінші – «Конституциялық». Бұл сценарийдің болуы екіталай, десек те, оны мүлдем шығарып тастауға да келмес. 2011 жылы Өзбекстанның негізгі заңына Мемлекет басшысын ауыстыру схемасын нақтылайтын бірқатар өзгерістер енгізілді: «Президент өз міндеттерін атқара алмаған жағдайда, оның құзыреттері уақытша Өзбекстан Республикасы Жоғарғы мәжіліс Сенатының төрағасына жүктеліп, «Өзбекстан Республикасының Президентін сайлау туралы» Заңға сәйкес үш айдың ішінде сайлау өткізілуі тиіс».
Осы аталған үш сценарийді келтіре отырып, ең ықтималы, ол араласқан аралас нұсқасының жүзеге асуы - яғни күштік құрылымдардың бақылауы арқылы екінші және үшінші сценарий жүзеге асуы мүмкін. Әрине өзбек саясатында саяси институттардың әлсіздігі ықпалы бар, бірақ сонымен қатар өзбек саясатының артықшылығы дәстүрлердің ықпалы мен белгілі бір нормалармен жүретіндігін ескеру қажет, ал бұл негізгі элита топтарының өзара келісімге келу қабілеттілігін қамтамасыз ететін бірден бір фактор болса керек.
Қалай болғанда да, Өзбекстанда билік транзиті техникалық тұрғыдан қалай өтетініне қарамастан, Орталық Азия турбулентті кезеңге енуде. «Өзбек мәселесі» биліктің тұрақтылығы мәселесін өткірлей (аймақ үшін негізгі әрі өзекті мәселе) түсті. Көшбасшының кенеттен кетуі, биліктің берілуі институционалдық негіздермен нығайтылмауы және билік транзиті тәжірибесінің жоқтығы билік үшін күресті шиеленістіріп, өршіту қаупін тудырып отырып. Бірақ, билік транзиті сценарийін кенеттен жүзеге асырудың әртүрлі қатерлері болғанымен де, бұл жағдай аймақтық үдерістерге оң ықпалын тигізуі де әбден мүмкін
».

 

Ал, заң бойынша Өзбекстан Конституциясына сәйкес, республика президентінің міндетін уақытша Парламенттің жоғарғы палатасының төрағасы атқарады. Ал, президент сайлау үш ай ішінде өткізілуі тиіс.

Түрлі сарапшылардың болжамдарына қарамастан, Өзбекстандағы саяси жағдайдың қалай өрбитіні әзірге белгісіз.

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы бауырлас өзбек халқына Президент Ислам Каримовтың қазасына орай, қайғырып көңіл айтады. Өзбек халқына болашақта тұтастық пен бірлікте өркендеу беруді тілейді.


Нұра Матай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522