Жексенбі, 19 Қараша 2017
Алашорда 1600 0 пікір 29 Тамыз, 2016 сағат 10:51

БАРЛЫБЕКТІ ТАҒЫ ҰМЫТТЫҚ...

ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған азаматы, Алаш қайраткері Барлыбек Сыртанұлының дүниеге келгеніне биыл 150 жыл! Барлыбек – патшалық империяның қысымы мен езгісіне қарсы күрескен, отар елдің бодандық қамытынан құтылып, жеке дара ел болуын аңсап өткен ер еді...  Өмірзая!

Қазақтың үлкен оқымыстысы 1866 жылы бұрынғы  Жетісу облысыҚапал уезіАрасан болысының Қарашоқы деген елді мекенінде дүниеге келген. Сүйегі – Орта жүздің Найман атасынан. Өз атасы – Құлшан. Әкесі Сыртан халыққа беделді, сыйлы адам болған. Өлең сөздің жүйрігі Жамбыл-Жәкең  Қапал өңірін аралап жүргенінде, яғни,  1881 жылы  «Сыртанға»  атты өлең шығарып, қалдырған екен. Сыртанның балалары  Верныйдағы ер балалар гимназиясында орта білім алып оқыған.

Жастайынан зерек, алғыр болып өскен Барлыбек білім, ғылымның жолына түсіп, қазақ даласынан алыс жыраққа кеткен еді. Ол 1886 жылы Санкт-Петерборг университетінің шығыстану факультетіне оқуға түседі. Студенттік жылдарында Петербор қаласында  оқып жүрген  Мұхамеджан Сералы, Бақытжан Қаратайұлы, Абдолла Темірұлы, Бақыткерей Құлманұлы сынды  қазақ жастарымен  қоян-қолтық араласып, қазақтың мақсат-мүддесін көксейтін   «Жерлестер» атты үйірме құрады.

Петербор – заманында Патшалық Империяның астанасы болған шаһар. Патшалықтың астанасы болған шаһарда  қоғамдық-саяси мәселелерді көтеріп, Ақ патшаға кіріптар болып қалған халықтың мұң-мұқтажын жеткізе білген қазақтың батыл да, батыр жігіттерінің ғұмыры неге тым қысқа болды екен? Кейде осылай ойланып отырып, қиналып қаласың. Неге? Ұланғайыр атырапта, саф ауа, сайын далада дүниеге келіп, ер жеткен қазақ баласына жауын-шашынды, жері сазды, тағаны зәй тартып тұратын Петербордың   қолайсыз ауа-райы кері әсерін тигізді ме кім білген?.. Әйтеуір, аталған қалада оқыған, қызмет атқарған арыстарымыз өмірден ерте өтті. Аяулы Шоқанымыз да, осы Барлыбегіміз де қасіретті құрт ауруына шалдығып, өкпе мен демікпенің салдарынан көз жұмған екен...

 Барлыбек – Петербор университетін алтын медальмен  тәмамдаған сол замандағы қазақтың санаулы оқығандарының бірі. Университетті тәмамдаған соң ол 1891 – 1894 жылдары Ташкент қаласында Түркістан генерал-губернаторының қазыналық палатасында қызмет етті. 1894 жылы 29 кыркүйекте Жетісу әскери губернаторының бұйрығымен облыстық басқарманың іс- жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Мұның артынша ерекше тапсырмалардың кіші шенеунігі қызметін атқарды. Ол Жетісу облыстық басқармасында қызмет ете жүріп, Ресей шенеуніктерінен жәбір көрген қазақ халқының өкілдеріне көмек көрсетуді өз борышы санады.

1903 – 1907  жылдары Б.Сыртанұлы Ресей мен Қытай шекарасының межесін тексеру ісіне атсалысты. Патша өкіметінің орыс шаруаларының Жетісу өңіріне қоныс аударып, жергілікті халықтың мал бағуға, егін егуге жарамды жерлерін тартып алуына наразылық танытты. «Айқап» журналында қазақ халқының әлеуметтік-саяси мәселелеріне қатысты мақалалар жариялады. Сол тұстағы жергілікті халықтың мұң-мұқтажын айқындау  әрі оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында жалпықазақ сиезін шақыру мәселесін көтерді. Оның мұндай ұсынысы С.Лапы баласы, Р.Мәрсекұлы, Ж.Сейдалы және Б.Қаратайұлы сынды қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты.

1910 – 1913 жылдар аралығында Б.Сыртанұлы  өз тарапынан құпия түрде қазақ өлкесін Ресейдің отары қатарынан шығаруды көздеген «Жарғы»  әзірледі. Бұл Жарғыда қазақ жері Ресей отары емес, доминионы (достастық құрамына енген мемлекет, мысалы, Австралия одағы, (Жаңа Зеландия) болу керектігі көрсетілді. Бұл – қазақтың құқығы мен бостандығы жөнінде жазылған алғашқы конститутциямыз болатын.

Барлыбек Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның құрдасы болған. Әлекеңмен Барлыбек тізе қосып, ел мен жердің тағдырына алаңдап, болашаққа бағыт-бағдар жасаған да болатын. Алаш көсемі замандасы, құрдасы әрі үзеңгілес серігі дүниеден өткенде қапаланып отырып, азанама жазған екен. Онысы – «Барлыбекті ұмытпасқа» деп аталады. Азанамада Алаш көсемі: «Бауырым, Міржақып! Бүгін Барлыбек опат деген хатыңды алдым. 1890 жылы мен Петроград барғанымда Барлыбек сол жылы жолдасы Ғабдолла Теміровпен (осы күні Тобол окружной сотында шілен) Петроградта тұрып қалды. Онда мен оқу қуалап анда-санда болмаса, жақындасқан іс қылғанда белгілі болады. Ол кезде оқу оқып жүрген қазақ баласына жұртына қызмет қылу парыз болып көрінген шақ», - дейді. Алаш көсемінің жазғанынан аңғаратынымыз мынау – сол уақыттағы оқуға түскен қазақ жастары – қараңғы қазақтың соңғы үміті болған. Жарық сөнуге таяған шақта, қазақтың ортасына түскен шаңырағын қайта көтеріп, отауын бөлек тігеміз деп алға ұмтылған. Оқыған азаматқа елінің тілеулесі, жанашыры болу – үлкен міндет болған.

Әлихан Бөкейханның азанамасынан тағы бір мысал келтірейік: «... Барлыбек жеріне қайтып, Жетісу областной мекемесінде қызмет қылды. Кешегі бұлт айығып, күн шыққанда заманда ұялшақ қыз мінезді Барлыбек жұртым деп іске кіріп орнынан шықты:

Алдың жалын, артың мұз,

Барар едің қай жаққа.

1910-1911-нші жылы Жетісу қазағының жеріне қам қылам деп  Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты.

Мінезі:  «Ақырын жүріп анық бас,

Еңбегің кетпес далаға» еді.

Бұл жолы көп сөйлесіп, Барлыбек мінезімен жақсы ашқа болып едім. Ақ көңіл, қыз мінезді көріп едім», - дегенінен Барлыбектің мінез-құлығын және алға қойған жоспарын байқаймыз.

Бірақ, амал нешік, ұлты үшін «жүрек майын шам қылған» Алаш қайраткері барлық қазақтың жиылып,  «Алаш туы астында...» болған заманына жетпеді. 1914 жылдың 26 қазанында  ауыр науқастан көз жұмды. Егер ол тірі болғанында, замандасы Әлиханмен қатар жүріп, «Алаш Орда» ұлттық-территориялық мемлекетін құрысар еді. Егер ол тірі болғанында, қазақтың конститутциялық құқығын қорғайтын тағы да басқа заң жобаларын жазар еді. Егер ол тірі болғанында, қазақтың келешек жастары үшін оқу құралын даярлап, өзінің жолдастарымен бірге қазақ ғылымының іргетасын қалар еді. Иә, осылай істейтін еді. Егер ол тірі болғанында, ол да Алаш зиялылары қатарлы сталиндік репрессияға ұшырап, түрмелі қуғын, сіргелі сүргінді көріп, ату жазасына кесілетін еді.

Алаштың көрнекті қайраткері, Барлыбектің шәкірті Мұхамеджан Тынышбайұлы ұстазы жайында: «Қарақтарым! Оқыңдар, қазағыңды ойларыңнан тастамаңдар! – деп айтып отыратын. Сондай Жетісу деген түкпірден қазақ көрмеген, естімеген жерге Барлыбек барды. Жарық дүние көруге, кейінгілерге үлгі, жол көрсету үшін жалғыз кетті» деген екен. Мұхамеджанның айтып отырған  бұрын-соңды «қазақ көрмеген, естімеген жері» – Петербор қаласы болатын.  

Меніңше, Барлыбек Сыртанұлының өмірлік қызметі, азаматтық ұстанымы «Орыстың мақалы айтқандай, «Ұжмаққа барғым келсе де, күнәларым жібермейді» деп, қазақ үстіне Ұжмақты бір күнде-ақ орнатқым келеді, бірақ қолымнан келмейді» (А.Байтұрсынұлы) дегенге ұқсайды. Киізтуырлықты, қам-қарекетсіз жатқан қазақтың болашағы үшін заң жобаларын әзірлеп, дау-дамайға араласты, алайда, алқымнан алған ауру оған мүмкіндік бермеді.

Барлыбек – арманда кеткен боздақ! Ол бар болғаны 48 жыл ғана ғұмыр сүрді. Ол дүниеден өткеннен кейін, «байтал түгіл, бас қайғы» болған кесапат заман орнады. Ел оны ұмытты. Кейінгі жылдары да ол тірнектеліп қайта жазыла бастаған қазақ тарихының тасасында қалған. Күн түспейтін көлеңкеде жатқан асылды туған елімен қауыштырған профессор Сәкен Өзбекұлы еді. «Барлыбек!» деп өткен марқұм Сәкен ағамыз болмаса, қайтер едік... Бірақ, біз тағы да Барлыбекті ұмыттық. Алаш көсемі «Барлыбекті ұмытпасқа!» деген еді, тым болмаса, 150 жылдық мерейтойлары қатар келіп отырған Әлихан мен Барлыбекті осы жылы ұлықтасақ болатын еді-ау...

Елдос Тоқтарбай,

әдебиет зерттеушісі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10074
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18181