Бейсенбі, 19 Қазан 2017
Кәсіп-түбі нәсіп 2276 0 пікір 14 Қараша, 2016 сағат 17:44

ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

2017 жылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынады. 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады.

Қазіргі таңда қоқысты іріктеуді игере алмай жатқан мемлекеттер – дамушы елдер.  Мұның түрлі себебі бар -  тұрмыс қалдықтарын өңдейтін технологияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі, сонымен қатар, адамдардың қоқыстан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбеуінде.

 Күнбе-күн қалдықтарды қоқыс жәшігіне салмас бұрын көпшілігіміз бұның бәрі қайда кетеді деп ойланбаймыз да. Пакеттерге тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик аралас салынып, толассыз тасталып жатыр.

Астана қаласы әкімдігінің (http://astana.gov.kz) дерегінше, елордада қоқыс көлемі тұрғындардың санына сәйкес ұлғайып келеді.  2014 жылы жалпы 570 мың тонна қоқыс (2013 жылы 462,7 мың тонна болған) жиналған. 2015 жылы 604 мың тоннадан артық қалдық жиналды, соның ішінде 353 мың тоннадан астамы қатты тұрмыстық қалдықтар.  

2016 жылдың бес айында 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,6% артық қоқыс жиналған. Астана қаласында «Астана Тазарту» ЖШС және «Таза Әлем-Астана»  ЖШС ҚТҚ жинау қызметімен айналысады.  Сондай-ақ, 85-тен артық арнайы техника жұмыс істейді.

Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуін ескере отырып, елордада қалдықтарды бөлек жинау бойынша іс-шаралар қолға алынған. 2013 жылдан бастап халықтан құрамында сынап бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау және одан әрі пайдаға асыру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр.  

Жоба аясында құрамында бар энергия үнемдегіш шамдарды жинау үшін 300 арнайы контейнер орнатылды (жоба іске асырылған кезеңде халықтан екі миллионға жуық құрамында сынап бар шам жиналып, пайдаға асырылды); 2015 жылы 150 жаңа контейнер алаңын салу, 294 контейнер алаңын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді, ҚТҚ жинауға арналған контейнерлер (күл жинауға арналған көлемі 0,75 текше метр – 566; 1,1 текше м – 512; көлемі 0,8 текше метр – 148) сатып алынды.

Келесі жылы Астана айналысындағы қоқысты азайту мақсатында Ақмола облысында ауылшаруашылық және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салынады.

Зауыттың негізгі қызметі – түрлі қалдықтарды қайта өңдеу. Аталған жоба қазақ-герман кәсіпорны ECONEP-тің қолдауымен шетелдік инвестор арқылы жүзеге асырылып жатыр.

 2017 жылдан бастап Қазақстанда қоқысты сұрыптап жинау қолға алынады. 2019 жылдан бастап қайта өндіруге сұрыпталмаған қоқысты көмуге тыйым салынады.

 

Әлемдік тәжірибе

Дамыған елдердің көбінде тапталып жерде жатқан тұрмыс қалдықтары – әжептәуір табыс көзі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі.  Тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар.  

 

Франция

Қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан жетекші орында – франциялықтар. Францияда қоқыспен күресуде қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мәселен, Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді.  Қоқыстарды парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция қоқысты селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы  30% алюминий, 50% әйнек,  сонша газет қағазын өңдіреді.

Қытай

Көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Аспан асты елінің Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. 

Жапония

Өмір сүрудің өзіне жер таппай отырған жапондықтар қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайды. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады.  Мәселен, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді.  Супермаркеттерде пакеттердің шамадан тыс қолдануын шектеу мақсатында пакеттер берілмейді. Қоқысты жинау қызметі бір күнді тек бір қоқыс түріне арнайды.

Әлемнің көп жерлерінде қоқысты өртеуге тыйым салынған, өйткені тұрмыс қалдықтарынан түрлі улы газдар бөлініп ауаны ластайды. Қалдықтарды өртеу АҚШ пен Жапонияда рұқсат етілген, бұл елдерде плазмалық газдау әдісі қолданылады. Жапондықтар өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғылармен тығыздап, құрылыс заттарын өңдіреді, ғимараттар тұрғызып, тіпті бүтін жасанды аралдар салып жатыр.

Түркия

Түркия астанасы, жалпы қалалары тазалығамен тамсантады. Түрік қоқыс тазалаушысы – беделді әрі жалақысы жоғары мамандық. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған: медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор. 

Ресей

Мәскеуде қоқыс үйінділерін игеру бойынша жағдай мүшкіл. Ресей астанасы ТМД елдері қалаларындағы мәселелерге ұқсас қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі реттелмеген. Үйінділерді сұрыптау үшін арзан жұмыс күші саналатын мигранттар тартылған, күнделікті шайлығын табуға мұқтаж жандар осындай лас жұмысқа жалдануға мәжбүр.

Қоқысты қайта өңдеп пайда табу

Адамзат барда еш уақытта таусылмайтын қор – қоқыс. Ендеше полигондарда үйіліп жатқан қоқыс үйінділерін сұрыптап, жаңа өнім шығаруға әбден мүмкін. Қоқыс саласы бизнес көзіне айналуы үшін қомақты қаражатты, жақсы дайындықты талап етіп тұр. Сондықтан бұл салаға кәсіпкерлік тәжірибесі мен капиталы бар бизнесмендер араласа алады.  Ең кемінде көлемі 1000 шаршы метрден асатын қойма, қайта өңдеу цехтары, жоғары температураларда өртейтін пештер, қоқыс сұрыптауыш  машина, темір арқанды аспалы магнит, жүк көлігі керек. 

Осы саламен айналысып, бизнеске айналдырамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін «KazWaste» (http://www.kaz-waste.kz/kaz/) қалдықтарды басқару бойынша қауымдастығы бар. Ұйым 2013 жылы кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешу ісінде көмек көрсету мақсатында құрылған.

Қауымдастық құрамында тозығы жеткен көлік шиналарын қайта өңдейтін 6 компания («Inter Rubber Recycling», «Soltustik Rubber Recycling», «Kazakhstan Rubber Recycling», «ЭКО Шина», «КазКаучук», «Ж.Құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері), пластик қалдықтарын пайдаға асыру және қайта өңдеу бойынша "Soyuz Plast" компаниясы,  электр құрылғыларын өңдейтін 2 компания ("ALEKS-ASU", «ПромТехноРесурсKZ»), медициналық қалдықтарын қайта өңдеу бойынша екі компания, қалдықтарды кешенді басқару бойынша 10 компания, қалдықтардан қағаз өнімдерін шығаратын  1 компания («Kagazy Recycling»), өңдірістен шыққан қауіпті қалдықтарды жою бойынша 1 компания («Промотход Казахстан») жұмыс істейді.

Алайда бұл шаралар аздық етеді.

Ең бастысы, қазақстандықтар экология мәселесіне назар аудармайтыны қынжылтады.

«Мен неге қоқыс жайлы ойлануым керек? Ай сайын коммуналдық төлем төлеп отырмын ғой», дейді тұрғындар. Бірақ, пакетке оңды-солды салынған түрлі санаттағы тұрмыс қалдықтары қала шетіне барып үйіліп жатқанынан залал көп келеді.

 Басынан дұрыс жиналмаған қоқыс қайта өңделетін шикізат ретіндегі құндылығын жояды – қағаз өнімдері бүлінеді, бөтелкелер жарылады, жуындымен араласады. Бұдан қоршаған ортаға орасан зор зиян келуде.

Күнделікті шығатын тұрмыс қалдықтарын сұрыптап, арнайы қоқыс жәшіктеріне салу, макулатура, шина мен бөтелкелерді өткізіп, пайда табу әрі қоршаған ортаны қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз болуы тиіс.

Әлия Кемелбекова

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 7677
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 14919