Жексенбі, 25 Маусым 2017
11 Қараша, 2016 сағат 14:17 Маңызды 1392 0 пікір

ӘЛЕКЕҢНІҢ ТОЙЫ НЕГЕ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛДЫ?

Кеше, 10 қараша Алаштың Әлиханының әруағы бір аунап түскен күн болды. Төр қаламыз - Астананың төріндегі Ұлттық музейде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы мен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы" атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Алқалы жиында Әлекеңнің өмірі, қоғамдағы рөлі, қызметі, тәуелсіздік жолындағы күресі, ғылымның салаларына сіңірген еңбегі және. т.б. әңгіме өзегіне айналды. Ең бастысы, Астана қалалық әкімдігі, қалалық тілдерді дамыту басқармасы Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастырған басқосуда Әлекеңнің әруағына арналып ас беріліп, құран бағышталды. Бұл -еліміздің рухани өміріндегі үлкен жаңалық.

Бірақ... жайшылықта "Қатты желден ағаш құлады" немесе "Астанаға қалың қар жауды" дегенді дабырайтып таласа-тармаса жаңалық етіп тарататын орыстілді және қазақтілді БАҚ-тардың ешбіреуі ләм-мим деп "аузын ашпады". Ақсақал басылым - "Егемен Қазақстан" газетінің сайты ғана үлкен фотосуреттермен шағын ақпарат берді. Сонда дейміз-ау, ұлт көсемі - Әлекеңнің 150 жылдық тойынан ақпарат бермеген сайттар "атасының басынан ақпарат бере" ме??? Алқалы жиында қаншама рухты баяндама оқылып, парасатты пікірлер айтылды. Әлекеңнің біз білмейтін қаншама қыры ашылды. Бірақ... мұндай оқиға біздің бас шұлғығыш БАҚ-тарды қызықтырмаған екен. Олай дейтінім, кешкілік ғаламтордағы сайттардан Әлекеңнің тойы жөнінде кім, қандай ақпарат берді екен деп іздеп едім, "Егеменнен" өзге ешкімді таппадым. Бұл не деген масқара?


Ақтоғай мен Қарқаралыда, Семейде Әлекеңе қатысты дерек жоқ!

Ұлттық музейде өткен "Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасаған әдебиеттанушы-ғалым Айгүл Ісімақова Әлекеңе қатысты әділетсіздіктің өзімізден басталатынын саналы жандардың жүрегіне батырып айтты. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Әлекеңнің 150 жылдығына орай ҚазГЕО ұйымдастырған "Әлихан Бөкейхан ізімен" атты экспедицияның құрамында болған Айгүл ханым жаға ұстатарлық жағдайларға тап болыпты. "Менің қатты жаныма батқаны - Әлекең туралы Ақтоғайда, Қарқаралыда, Семейде дерек жоқ болып шықты. Мысалы, Қарқаралыда Әлекең оқыған мектептің ескі ғимараты бар. Ол жер қазір дүкенге айналыпты. Біз анық-қанығын білмек болып, жергілікті биліктен сұрап едік, олар ештеңе айта алмады. Семейде де Алаш туралы ақпарат көп, бірақ Әлекең қатысты ешқандай жаңа дерек кездестірмедік",- деді А. Ісімақова. Атап айтарлығы, алқалы жиындағы ең мазмұнды, қызықты баяндама осы Айгүл ханымдікі болды. Өкініштісі, модератор болған Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Тілеуғали Қышқашбаев баяндаманы "үзіп" тастады.

Әлекеңнің шығармаларын басып шығаруға соқыр тыйын бөлінбеген!

Сүйінші, ағайын! Кеше елордамыздың төріндегі Ұлттық музейде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметіне арналған қазақ және орыс тілдеріндегі қос томдықтың тұсауы кесілді. Құнды дүниенің авторы - танымал алаштанушы ғалым, "Алаш" рухани-мәдени даму институтының директоры Сұлтанхан Аққұлұлы. Екі томдық шығарманың алғашқысы "Қазақ жерінің жоқшысы", екіншісі - "Аманат" деп аталған. Орысшасы "Творец истории" және "Завещание" деп аталады. Жаңа кітаптардың тұсауын филолог-ғалым, академик Сейіт Қасқабасов пен жазушы-драматург, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бірге кесті. Ең өкініштісі, Сұлтанхан Аққұлұлы 17 млн. халыққа бұл кітаптар небары 400 данамен ғана таралатынын айтып, қатты қынжылды. Айтпақшы, Сұлтекең Әлекеңнің 150 жылдық мерейтойы жылында бюджеттен кітап шығаруға соқыр тыйын да бөлінбегенін, қос томдық жекелеген азаматтардың қаражатына шыққанын ашынып жеткізді. Ол келер жылы Алаштың 100 жылдығына орай, осы кітаптарды ағылшын, түрік, украин тілдеріне аудару жоспарланғанын хабарлады.

Төлен Тілеубай, Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 18445