Жұма, 29 Наурыз 2024
Экономика 6700 0 пікір 5 Қараша, 2016 сағат 00:00

АМАНГЕЛДІ САДАНОВ. "ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ"

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің микробиология және вирусология институтының бас директоры – Қазақстан Республикасы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, биология ғылымының докторы, профессор, академик Аманкелді Құрбанұлы САДАНОВПЕН "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі сұхбат жүргізіпті. Біз оқырман назарына сол әңгімені толықтай ұсынуды жөн санап отырмыз.

– Аманкелді Құрбанұлы, еліміздің ғылымында ойып тұрып алған өз орны бар институт бүгінгі таңда сала бойынша қай бағытқа басымдық беріп, күш жұмсап келеді?

– Қазақстан қоғамы, ғылым өркендеп жатыр бірақ оның нәтижесі әлі байқалмайды, оның қызығын халық қашан көреді деген секілді деген дүдәмал ойдан әлі де арыла қойған жоқ. Соған қарамастан ғылым – өндірісті дамытатын үлкен күшке айналып келеді. Жаңа технология мен озық техника, гендік инженерия мен биотехнология жетістіктері өмір сүру дағдыларын жеңілдетуге, тіпті өркениетті өзгертуге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл туралы Елбасымыз Н.Назарбаевтың «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында егжей-тегжейлі нақтыланды. Сол себепті ғылыми жаңалықтар ел экономикасын алға сүйрейтін негізгі күшке айналуы керек-ақ. Осыған орай, Институттың ғалымдары қоғамның әлеуметтік сұраныстарына жауап бере алатын заманауи технологияларды пайдалана отырып, медицина, ауылшаруашылығы мен қоршаған ортаның өзекті мәселелерін шешуге арналған жаңа отандық биопрепараттар өндіріп шығарып, оны аталған салалар бойынша кеңінен қолдану үстінде.

Өзіңізге мәлім, еліміздің негізгі ең басты салаларының бірі ауылшаруашылығы, оның ішінде, соңғы жылдары мемлекет тарапынан малшаруашылығына аса көңіл бөлініп отыр. Ауылшаруашылық малдарын, әсіресе, сүтті ірі қараны құнарлы азықтандыру ең маңызды мәселе болып табылады. Сондай-ақ, мал өнімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі азықтандырудың қысқы үлгісін жаздық үлгіге барынша жақындату болып табылатындығы мәлім. Сондықтан да шаруалар үшін құнары мен қуаты жоғары пішендеме мен сүрлем сияқты мал азығын пайдалану аса қажет. Сол себептен, біздің «Казбиосил» препаратының қазіргі таңда нарықтағы үлесі 80 пайызға жетті. Бұл биопрепаратты Қазақстанның 12 облысындағы мал шаруашылығы қожалықтары белсенді түрде өз өндірістерінде қолдануда. Тек соңғы екі жылдың өзінде осы биоконсервантты қолдану бойынша шамамен 3,0 млн тонна сүрлем мен пішендеме дайындалған.

– Бұл препараттардың өндірістік тиімділігі туралы не айтуға болады?

– Әдетте, ауылшаруашылық малдар 100 пайыз төлдегенмен, өсе келе оның 60-70 пайызы ғана тірі қалады. Оған бірнеше себептер бар. Сол себептердің бірі төлдердің аралас ішек инфекцияларының әсерінен әр түрлі ауруларға шалдығуы. Осыған орай, институт ғалымдары ішек инфекцияларына қарсы кең ауқымды «Полилактовит» пробиотигін өндіріске енгізді. Бұл препарат жас төлдің ағзасындағы патогенді және шартты патогенді микроорганизмдердің өсуін тежейді, нәтижесінде организмдегі иммундық жүйенің функциясы артады. Атап айтсақ, колибактериоз, сальмонеллез, Ньюкасл сияқты аурулардың алдын алуда және емдеу барысында осы препараттың тиімділігінің жоғары екені дәлелденді. Ауруды алдын алу үшін «Полилактовит» преператын жаңадан туған төлді қоректендіруден 10-15 минут бұрын, үш күн қатарынан 50 мл-дан берсе, ішек инфекцияларына төзімді болып, нәтижесінде төл басы 100 пайыз сақталады.

– Қазір халықтың құлағы базарларда сатылатын малдың салмағын аттыру үшін белгісіз бір препараттарды ине арқылы егеді екен деген әңгімеге үйренді. Өтірік емес…

– Ауыл адамының, жалпы қазақтың құлағына жағымсыз естілетін әңгіме екен, шындық болар… Бордақылайтын малдардың салмағын арттыратын, мал азығына қосатын «Бентобак» атты биологиялық препаратымыз бар. Бұл препараттың ерекшелігі, препарат құрамындағы бактериялар ірі сабақты мал азықтарын толықтай қорыту арқылы, қосымша салмақ жинауына ықпал етеді. Сонымен қатар, азықтандыру үрдісінде туындайтын ацидоз, кетоз ауруының алдын алады. Мәселен, осы препаратты мал азығына қосып берген жағдайда, әрбір мал орта есеппен тәулігіне 600-800 грамм салмақ қосады. Қалғанын өзіңіз есептей беріңіз… Қазір Қызылорда, Қостанай, Алматы, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында мал бордақылаушылар бізге келіп, аталған осы препаратымызды сатып алуда.

– Адамзаттың да жан-жануардың да қоректенетін азығы бәрі-бәрі топыраққа бірден-бір байланыста екенін жақсы білеміз. Қазақстанда жер көп болғанмен егін егетін, жем-шөп даярлайтын, көксөк өндіретін бір плантация ғой. Оған қаншама жыл химиялық тыңайтқыштарды аяусыз шашып келдік. Зиянды жағын біле тұрып ескермедік. Қазақтың топырағын сауықтыру үшін не істеуіміз керек, осы орайда сіздің институтыңыз қандай әрекет жасап отыр?

– Өте дұрыс байқағансыз. Жасыратыны жоқ, егін алқаптарындағы топырақтың құнарлы қабаты, яғни қарашіріктің мөлшері өте төмендеп кетті.Оған ауыспалы егіс жүйесінің сақталмауы, суғару талаптарының бұзылуы, минералдық тыңайтқыштардың жиі берілуі негізгі себепкер болып отыр.

Қазіргі заманда біз сол минералдық тыңайтқыштарды алмастыратын биологиялық препараттар жасап шығарып және оны өндірісте кеңінен пайдаланып отырмыз. Бұл препарат «Ризовит-АКС» деп аталады. Бұршақ тұқымдас өсімдіктердің дәнін себер алдында аталған биопрепаратпен өңдеп барып сепкен жағдайда өнімі 33-35 пайызға дейін артады, яғни бұл орташа түсімге қосымша астық жиынының гектарына 5-7 центнерін беретінін көрсетеді. «Ризовит-АКС» биопрепаратының құрамындағы түйнек бактериялар ауадағы азотты өсімдік тамырына сіңіріп, азотпен қоректендіріп қана қоймай, топырақта әр гектарда 200-300 килограммға дейін биологиялық таза азот жинақтайды. Демек, бұршақ тұқымдас өсімдіктерден кейін ауыспалы егістікте егілетін ауылшаруашылық дақылдардың азотқа деген қажеттілігін кемінде 2-3 жылға дейін қанағаттандырады, яғни минералдық азот тыңайтқыштарын пайдаланбай-ақ жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.

Ал енді минералды фосфор тыңайтқышына келсек, межелі өнім алу үшін жыл сайын егін алқаптарына гектарына орта есеппен 150-200 килограмм мөлшерінде беріледі. Мұндағы ескеретін жайт, минералды фосфор тыңайтқыштармен өсімдіктерді қоректендіргенде құрамына байланысты әртүрлі әсер етеді. Әсіресе, топыраққа енгеннен соң фосфаттар олармен химиялық реакцияларға түседі, бұның салдарынан өсімдіктер олардың аз бөлігін ғана өз бойына сіңіре алады, ал негізгі бөлігі өсімдіктер сіңіре алмайтын түрлеріне айналып кетеді.

Мысалы, бір вегетациялық кезеңдегі, құрамында фосфор мөлшері өте жоғары қос суперфосфаттың өсімдіктерге сіңірілу коэффициенті 8-10 пайызды ғана құрайды, қалған 90-92 пайызы жыл сайын топырақта «қажетсіз» қор болып жинала береді. Нәтижесінде, топырақта қоректік элементтердің тепе-теңдігі бұзылады.

Енді осы мәселеге байланысты, мен сізге тағы бір жаңалықтың шетін шығарайын, біз фосфордың күрделі, өсімдік сіңіре алмайтын түрлерінен өсімдіктер тез оңай сіңіре алатын түрлеріне айналдыра алатын, жоғары белсенді фосфатсіңіруші (фосфатмобилиздеуші) бактериялардың негізінде бактериалдық биопрепарат әзірлеп, жасап шығардық. Аталған биопрепаратты қолданғанда топырақтағы көп жылдар бойы жиналған фосфордың ерімейтін түрлерін 20-30 пайызға дейін өсімдікке қолайлы, әрі сіңімді түріне айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл көзге көрінбейтін құбылыс. Ғажап емес пе? Диқанға да керегі сол емес пе, айтыңызшы?

– Өндіріске ауадай қажет «іскер» микробтардың дүниеге келуі мен таратылуы, егістік алқабы мен дақылдарға тигізер әсері жайында айтсаңыз?

– Біздің институтымызда микроорганизмдердің өндірістік штаммдары сақтаулы тұр. Сол микробтарды өсіріп өзіміздің зауытымызға жібереміз. «Өнеркәсіптік биотехнология» микробиологиялық зауыты биологиялық және медициналық препараттарын шығаратын қазіргі талаптарға сай жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Кәсіпорын жылына институт қызметкерлері әзірлеген 7 биопрепараттың 40-50 тоннасын жасап шығарады. Ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға арналған биопрепараттардың өндірістік циклі үздіксіз жыл он екі ай жүріп отырады.

Өзіміз жасап шыққан «Фитобацирин» биологиялық препаратымыз туралы дәл осы жерде айтып өтейін. Ауылшаруашылығында түйежоңышқа мен жоңышқа өсімдіктерінің өнімділігінің төмендігі. Оның себебі тұқымның сыртқы қабығының өте қатты болуында. Осы себептен егілген жоңышқа мен түйежоңышқа тұқымының тек 20-30 пайызы ғана өніп шығатындықтан,егістіктің 1/4 бөлігі бос қалып жататындығы да жиі кездеседі. Тұқымдық дәнді себу алдында осы биопрепаратпен өңдегенде, аталған дақылдардың шығымдылығы 80-90 пайызға дейін артады. Яғни, бұған дейінгі себілген жоңышқа тұқымының қалыпты нормасы гектарына 18-20 келі болатын болса, өңдеуден өткеннен кейінгі нормасы 8-10 келіге азаюына мүмкіндік жасайды.

– Химиялық тыңайтқыштардың адам ағзасын бұзып түрлі кеселдерге шалдықтыратыны көпшілікке бұрыннан мәлім де белгілі жайт. Сіз айтып отырған экологиялық таза биологиялық-микробтарыңыздан соң тек қана топырақ қана емес, адам ағзасы да сауығады деп батыл тұжырым жасауға бола ма?

–Жаратылыста қоршаған ортаның бәрі де бір-бірімен тығыз байланыста ғой. Институт ғалымдары жүргізген зерттеулердің ішіндегі топ жарған жаңалықтардың бірі – тері аурулары (зең) мен вирусқа қарсы кең ауқымды жаңа отандық медициналық жақпа май дайындалуы. Қазақстанда бір дәріні шығару үшін 20-30 жыл уақыт кетеді, ал біз азғантай уақыт мерзімінде, яғни, соңғы 10 жылда «микробтар айқасының» арқасында зең ауруларына қарсы кең ауқымды медициналық препарат жасап шығардық. Микробтан бастап тауар белгісіне дейін алған патентіміз де бар. Қазақстан дәрігерлерінің мәліметтеріне жүктенсек, еліміздегі әрбір 4-ші адам зең ауруына шалдығады екен. Оны жазу үшін шетелден шамамен 4-5 мың теңге тұратын дәрілер түрін сатып алып жатады. Ал, біздің препарат олардан әлде қайда арзан және тиімді. Оған дәлел, шетелдік дәрілердің емі 20 күнге дейін созылатын болса,біздің препаратпен науқас бір аптаның ішінде емделіп шығады. Қазір біздің дәрімізбен үшінші кезең бойынша 600 адам сынақтан өтуге тиіс, оның 530-ы бүгінгі күні сынақтан өтті. Қалған 70 адам сынақтан өткеннен кейін дәрі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне тіркелуге жіберіледі де, одан соң еліміздің дәріханаларына түсе бастайды… Келешек, 21-ғасыр микробиология ғылымының дәуірлейтін заманы екенін көпшілік әлі де сезінбей отырған сыңайлы. Табиғат бір микробты тудырады, екінші пайда болған микроб оған қарсы әрекет жасайды. Мұны микробтың микробқа қарсы іс-қимылы десек түсінікті болар. Микробиология – тұңғиығы шетсіз, шексіз өте үлкен де терең ғылым.

– Бұл айтқаныңызбен келіспеске шарамыз жоқ. Оның үстіне бүгінгі әңгімеңізден соң шегінерге де жол да қалмады. Дейтұрғанмен, біздің республикамыздың топырақ құрамы барлық жерде бірдей емес қой. Мысалы, елімізде топырақ құрамы минералды тыңайтқыштардың қатысынсыз яғни түрлі жағдайда бұзылған аймақтар бар емес пе?

– Осы жайында өзімде айтайын деп отырмын. Біздің еліміздің Батыс өңірінде – Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында мұнай өндіріледі. Әрине, мұнайды өндіру мен өңдеу жұмыстарының мұндай қарқын алуы қоршаған ортаның, әсіресе, топырақ пен судың ластануына әкеліп соғатыны белгілі. Жоғарыда аталған Батыс Қазақстан өңірінде мұнай және мұнай өнімдерімен ластанған топырақтың аумағы бүгінгі күні 1 млн гектардан асып отыр. Химиялық препараттармен оны тазалау тиімсіз. Осыған орай, институт мұнаймен ластанған топырақты микробиологиялық тәсілмен тазартуға арналған тиімділігі жоғары «Бакойл-KZ» бактериалды препаратын әзірлеп шығарды. Препараттың негізгі құрамы Батыс Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайына бейімделген топырақтардан бөлініп алынған жоғары белсенді мұнайды тотықтыратын бактериялардан тұрады. Препаратты өндіріске енгізу нәтижесінде топырақтағы мұнай құрамы 98 пайызға дейін төмендеді. Отандық биопрепараттарды қолдану арқылы мұнай және мұнай өнімдерінен топырақты тазартудың жаңа технологиясы жасалды. Жалпақ тілмен айтқанда, осы препараттағы микробтардың жейтін тамағы – мұнай! Міне, микробиологияның күші.

– Сонда мұнай қайда кетеді?

– Мұнай ыдырап, су мен қөмірқышқыл газына айналады. Ол таңғажайыпты тудырып отырған біздің әлгі «Бакойл-КZ» деген биопрепаратымыз. Мұнайшыларымыздың біздің институттың ғалымдарына айтар алғыстары шексіз…

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Талғат СҮЙІНБАЙ

АЛМАТЫ

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3559