Сәрсенбі, 29 Наурыз 2017
Тарих 1366 0 пікір

АҚИҚАТЫН ТАРИХШЫЛАР АЙТСА...

Жазушы Қабдеш Жұмаділов пен сайт авторларының бірі Камал Әбдірахман арасындағы тарихтағы кейбір мәселелерге қатысты ой алысқан әңгімелерін жіті қадағалаған семейдегі оқырмандарымыздың бірі Дәулет Тілеубердиев мақала жолдапты. Онда автор Камал Әбдірахманның келтірген деректеріне қатысты ойын жаза келіп, тарихтағы мұндай мәселелерге тарихшылар төреші болып, ақиқатын солар айта деген ниетін білдіріпті.

Оқырман мақаласын толық жариялап отырмыз.

Abai.kz

 

 

«Абай» порталындағы   қазақтың майталман  қаламгері Қабдеш Жұмаділов пен Камал Әбдірахман арасындағы  пікір таласты  оқып,  қолыма қалам  алдым. Камал ағамыз: «1754 жылы Қабанбай батыр шығыстағы қай жерді керей мен найманға бөліп береді? Арқада табжылмай отыр. Өткенде соны бір дерек келді. Біз орысқа қарсы шаққан башқұрттың Салауыты мен Қарасақалын ғана айтамыз. Бірақ 1755 жылы Батырша деген башқұрт та көтеріліс жасап, ақыры ол да қазақты паналапты. 1770 жылы орыстар оларды Нұра бойындағы Қабанбай батыр ауылынан табады. Осы жылы Ата дүниеден өтті емес пе, Арқада! Қайдағы шығыс?» десе, бір сөзінде Н.Аристов, Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Н.Мыңжан, Қ.Халид сынды белгілі тұлғалардың деректеріне сүйенгенін айтады...  

Камал Әбдірахман тілге тиек  етіп отырған Құрбанғали Халидтың айтуынша, Тарбағатайдың күнгейіне қазақтар 1760-1770 жылдары аралығында көшіп келген екен. Ғалым өзінің «ТАУАРИХ ХАМСА» кітабында Аягөз өзенінің бойында болған «Қандыжап» («Мамырсу») бітімінің қай жылы болғандығын нақты айғақтармен дәлелдеу арқылы, бүгінде дау тудырып жүрген кейбір тарихи деректердің бетін  өткен ғасырдың басында  ашқан.  Қ. Халид өз еңбегінде:

«Бұл бітімге халық «Қандыжап бітімі» деп ат берген, өйткені қалмақтардың бастапқы ойы өлген ханының құнын сұрау екен, кейін оны біржола кешіріп, өлген ханның қанын жабулы қалсынға келіседі. Ханның өз аты да Қандыжап еді. Осы хабарды бізге жеткізушілер оннан аса адам болды, бәрін санау орынсыз болар. Бірі 60-тан асқан Айбақ Соқран баласы атасынан естігенін маған 1305 һижра жылы 2-ші жұмадил – ахир айы, яғни 1888 жылы 2 февраль күні айтып берді:

- Атамыз Соқранның жылы ит, 92 жасында жылан жылында дүние салды. Осы үстіміздегі доңыз жылында оның қаза болғанына 43 жыл толады. Атамыз Мамырсу бітімін жасаған жылы төрт жасар екен. Келесі жазында Даған дили (тілі болуы мүмкін) жерде оны сүндетке отырғызған. Оның келер жазында, қоян жылы Аягөз бойына келіп, осы күнгі қыстауымызды бабамыз Қонысбай иеленген. Бізден бір жыл бұрын Қаржы (Қарашы) қыстаған, бітім болатын жылдан бұрын Қызай елі қыстапты. Қазақта Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ деп айтушы еді»,- дейді.

Осы айғақтарға сүйенсек, бітім 1756-1957 жылдары жасалынған.
Ал мына арада айтылып отырған бабамыз Қонысбай деп отырған адам бүгінде Үржар ауданының Егінсу ауылын қоныстанып отырған Семіз найман ішіндегі Алдияр руының (Қырқымылтықтың) түп атасы. Мен де сол әулеттің бір  баласымын. Санап отырсам, мағанға дейін Қонысбай бабамыздан бері он ата толыпты. Содан бері әрбір ұрпақ арасын 25 жылдан алғанда екі жарым ғасырдан астам уақыт өткен екен. Бізден гөрі сол тарихи кезеңге  бір табан жақын болған   Құрбанғали Халидтың дәлелмен айғақтаған мәліметтері   шындыққа жанасатын сияқты. Жалпы,  «Тауарих хамса» -  құнды тарихи  деректерге  бай  еңбек.

Ал белгілі тарихшы - ғалым  Амантай Исин фейсбуктағы жазбасында: «Камал Әбдірахман жаңылыс айтып отыр. 1755-1756 жылғы башқұрт көтерілісінің үндеушісі, мишәр халқынан шыққан Батырша 1756 жылы ұсталып, көп азап шегіп, 1762 жылы Балтық жағалауындағы Шлиссельбург бекінісінде өлтіріледі. Ал, қазақтардың жоңғарды толық тоздырып Тарбағатайды иемденуі - 1754-1755 жылдар. Мәнжур-қытайлар (Цин империясы) Жоңғарияны оккупациялағанда олар Жоңғария жерінің тұтастай қазақтардың қолына өтіп кетпеуін көздейді. Бұған қатысты деректер 1989 жылы жарияланған»,- дейді.

Осы деректерге сүйене отырып, қазақ Тарбағатайға  XIX ғасырдың басында келді деген Камал ағамыздың пікіріне өз уәжімізді  ұсынып отырмыз. Какең өз ойын қуаттау үшін осы деректі жиі айтып,  жиі жазып жүр.  Алайда, ақиқатын тарихшылар айтса, дұрыс болар еді.

 Бас батырдың аруағын ардақтап жүрген Камал ағамыздың еңбегін ерекше құрметтейміз. Осы кісінің бастамасымен Қабанбай бабамызды насихаттауда  біршама  игілікті істер  атқарылды. Әсіресе Ел ордамыздың   жанындағы Дарабоз Батырдың  кесенесі ұлттық рухымызды  асқақтатып,  бүкіл қазақ баласы тәуіп ететін киелі орынға айналып отыр.

Дәулет Тілеубердиев

Семей қаласы

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Білгенге маржан

«ХАБАР» АРНАСЫНАН МЕРЕКЕЛІК ШАШУ (ФОТОРЕПОРТАЖ)

Абай-Ақпарат 550
Әттең...

НҰРСҰЛТАН АТАМА ХАТ

Абай-Ақпарат 1749