Жұма, 29 Наурыз 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6896 1 пікір 26 Қазан, 2016 сағат 14:11

АЛМАТЫ АПОРТЫН САҚТАУ - БАСТЫ НАЗАРДА

Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғындары жылына 17 мың тонна алма тұтынуда. Соның ішінде апорттың алар үлесі басым. Алайда, тіл үйіретін апортымыздың бүгiнде сапасы төмендеген, деградацияға ұшыраған. Алматының апортының бүгінгі жайына алаңдаушылық танытып, апорттың жойылып бара жатқан бірнеше сортын әлі күнге дейін сақтап, өсіріп  отырған Абай атындағы ҚазҰПУ доценті Сәкен Нұрқайдарұлы Іркітпаевпен Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан болатынбыз.

Сәкен Нұрқайдарұлы, Алматының аты  аңызға айналған апортын зерттеп, насихаттап жүрген жандардың бірісіз. Сұхбатымызды мың жылдық тарихы бар Алматы мен апорттың тарихынан бастасақ...

- Қаланың атының өзі айтып тұрғанындай, Алматы – ежелден алманың отаны. Бұл жер сан ғасыр бұрын Алмалық атанып, мұнда алманың неше алуан түрі отырғызылып, өсірілген. Тарихтан белгілі жайт, ежелгі «Жібек жолымен» жүрген көпестерге жергілікті тұрғындар аманат айтып, олар әлемнің қай жерінде қандай алма сорты болса, соны алмалылық бағбандарға әкеліп беріп отырған. Осылайша, орыстар келіп қоныстанғанға дейін де ежелгі Алмалық (қазіргі Алматы) алма атаулының отаны атанған. Мұны көне тарих та растай түседі. Ал, Алматының апортына келсек, сол жақсы дәстүр жалғасын тауып, 1865 жылы Воронеж губерниясының Егор Редько есімді тұрғыны ежелгі Алмалық қаласына (қазіргі Алматы) қоныс аударғанда өзімен бірге бірсыпыра алма көшеттерін ала келеді. Сөйтіп, «Егордың Алатаудың баурайына өз қолымен еккен бірнеше тал алмасы уақыт өте келе, дәлірек айтқанда, 15 жылдан соң алып апорт бағына айналды» деген пікірді қаланың қарт тұрғындары жастарға жырғып айтады. Сөйтіп, мұның өзі дәл осы аймақтың апорт алмасын өсіруге ежелден өте қолайлы болғандығын нақты айқындай түседі. Мұнда алғашқы жылдардың өзінде салмағы 400 грамм, дәмі тіл үйіретін алманың түрі пайда болады. Ал, қарапайым шаруа Егор апорттың көшеттерін сұрап келген тұрғындарға оны өсірудің технологиясын да талмай үйретеді. Осылайша, Алматы апортының бағы жанады. Мысалы, 1908 жылы алғаш рет Германияда өткен бау-бақша өнімдерінің көрмесінде көне қала Алмалықта өсірілген апорт алмасы өте жоғары бағаланды. Осы көрмеге қатысқан көрнекті биолог-ғалым А. Гагарин: «Маннгейм (Германия) қаласындағы көрмеде Алмалықтың апорты өзінің қайталанбас дәмімен, көлемімен бау-бақша ғалымдары мен комиссия мүшелерін қайран қалдырды», – деп жазды өзінің естелігінде.

Апорттың өзге алма сорттарынан өзгешелігі неде?

- Апорттың бір ерекшелігі, ол басқа алмалардай кез келген жерде өспейді. Тек ғана топырағы шұрайлы тау беткейінде, теңіз деңгейінен 900 – 1200 метр биіктікте жақсы өседі. Мұны бау-бақша зерттеуші ғалымдар дәлелдеп те отыр. Тіпті тарихтан белгілі бір жайт, СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Леонид Брежнев өзі билік құрған жылдары Алматыдан Кремльге апорт алмасының үздіксіз жеткізіліп тұруын күн бұлжытпай орындайтын тапсырма ретінде өзінің көмекшілеріне жүктеген көрінеді. Міне, мұның өзі Алматы апортының маңызы қаншалықты болғандығын көрсетсе керек.

- Апортымыздың сапасының төмендеуі мен деградацияға ұшырауына не себеп деп ойлайсыз?

- Апорт алмасының азып, қа­зіргідей күйге түсуінің басты бір себебі – оны жүйесіз көбейтуде жатыр. Өйт­кені, ұластыруға арналған қалем­ше­лер кез келген ағаштардан алынды. Оның ал­ма­сы са­палы, дәмі мен иісі сорт­қа тән, өнімі көп, жан-жақты тексерілген ар­на­йы аналық ағаштардан алу керек еді. Бұл – жеміс ағаштарын көбейтудің негізгі бір заңы. Бірақ осы жағдайды кезінде ешкім ескеріп жатпады. Ештен кеш жақсы дегендей, енді кешіктірмей, апорт бақ­тары­на мониторинг жасап, аналық ағаштарды белгілеу қажет.

Апортқа телітуші ретінде тек қана жергілікті жабайы алма келеді. Бірақ, оның ішінде арнайы түрлерін ажырата білу керек. Жабайы алманың тұқымын даярлау да өз дәрежесінде жүргізіл­ме­ді, оның сапасы қадағаланбады. Сон­дық­тан, одан өсірілген телітушілер де ой­дағыдай болмады, сапасы әртүрлі болды. Ол ол ма, соңғы жылдары телітуші ретінде қы­тай­дың және сібірдің уақ алма ағаш­та­рын қолданды. Олар апортқа сәйкес келмейді, тіпті бір-бірін бөтенсиді. Осыған байла­ныс­ты Өсім­дік қорғау ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында жабайы алманың бірнеше түрі телітуші ретінде зерттеліп жатыр.

Апорт алмасының нашарлауының та­ғы бір себебі – оның вирус ауруына шал­дыққаны. Біздің зерттеулерімізге қара­ған­да, апорт бірнеше вирус түрімен за­қым­далған. Оның ішінде төрт латентті ви­рус бар. Вирус инфекциясы іштегі құ­рт сияқты апорт ағашын іштен сорып, өнімін азайта­ды, алманың сапасын тө­мен­детеді. Сортты сауықтыру үшін вирустан таза көшеттер өсіру керек. Оның технологиясы бүгінгі күнде көп елдерде зерттелген, енді соны іске қосуға болады. Апорт бақтарының азаюына, оның ата­ғына нұқсан келуіне біздің кейбір ға­лым­дарымыздың да қосқан «үлесі» аз емес. Олар өз сортттарын шығарумен әуес­­­теніп, со­ла­рын итермелеп, одан қал­ды шетелдік сорт­тар­ды насихаттаумен болды. Әрине, жа­ңа сорт шығару керек, шет елдің жақсы сорт­тарын өндіріске енгізу қажет. Бірақ өзіміздің басты, тәжді сортымызды назардан тыс қалдырғаны өкінішті-ақ. Ол ға­лым­дар мен бағбан­дар­дың апортқа таққан «кінәсі»: жемісті екі-үш жыл кеш береді, суды көп қажет етеді,­ өзіне тән сорттық агротехни­каны қа­лай­­ды, интенсивті сорт емес. Тіпті, апорт ал­ма­сының үлкендігі де кінә болып та­ғыл­ды: бір адам алманы жеп тауыса ал­май­ды, қалға­нын далаға тастай­мыз ба, деушілер де та­был­­ды. Кезінде «Күн­­­дестің кінәсі көп­тің» кері бол­ды. Бі­рақ, бұлар апорт­тың олар на­сихат­та­ған сорт­­тарына қарағанда 10-15 жыл артық өмір сү­р­етінін ескермеді, сапа­сын былай қой­ғанда, өнім жағынан көп сорт­тардан асып тү­се­ті­ніне көздерін жеткізбеді. Оның экспорт­тық тауар болатынын түсін­беді, апорт ұлттық мақтанышымыз деген сезімді аяққа бас­ты. «Көп суару керек, арнайы күтім қа­жет» деуші керенаулар «керек етсең жақ­сы зат, еңбек сіңір – бабын тап» деген қа­ғи­даны қаперге алмады. Сөйтіп, апорт­ты бүгінгі мүшкіл жағдайына жеткізіп тынды.

Апорттың азып-тозып кетуінің  се­бебінің барлығы дерлік антропогендік фак­торларға байланысты, яғни біз өзі­міз кінә­ліміз, сондықтан да оны жаң­ғыр­ту адам­ның қолында. Уақыт күт­пей­ді. Апорт­тың азу процесі жыл санап кү­шеюде. Біз оны бүгін сақтап қалма­сақ, ертең кеш болады. Өйткені, аналық ағаш­тар – сорттың гено­фоны жыл са­йын азайып барады. Апорт мәселесін енді ұзын арқан, кең тұсауға салуға болмайды. Жаң­ғырған апортты XXI ғасырдың тәжді сортына айналдыру па­рыз.

Апортымыздың жағдайын жақсарту үшін қандай шаралар қолдануымыз қажет? Апортты қай өңірде өсіргеніміз дұрыс?

- Апорт алмасының керемет болуы­ның басты факторы – ол Іле Алатауы­ның ерек­ше экологиялық жағдайы мен таби­ғаты. Бұл сортқа қолайлы жағдай – осы таудың теңіз деңгейінен 900-950 метр­ден 1300-1350 метр аралығындағы кеңістік. Жоңғар Алатауында бұл ке­ңіс­тік 850-1250 метр аралығында жатыр. Ал, апорт бағы бұдан жоғары орналасса, оған қажетті жылу жетіспейді, одан тө­мен болса, ар­тық­тық етеді. Бірақ, XX ғасырдың 60-70 жыл­дарында көпшілік бақтар жо­ға­ры ай­тылған деңгейден тыс орналас­ты­рыл­ды (не төмен, не жоғары). Мұндай жер­де өскен апорттың сапасы төмендеп, аза бастайды. Оған қоса, осы бақтардан қа­лемшелер даярланды, оның ұнамсыз қа­сиеттері келесі ұрпаққа берілді.

Дәлірек айтқанда, апорттың нағыз жері, сорттың экологиялық оптимумы Іле Ала­­­тауында – 950-1250 метр, Жоң­ғар Ала­тауында – 850-1150 метр ара­лы­ғы болып есеп­­теледі. Міне, осы кеңіс­тік­те апорт жай­нап кетеді, өзіне тән қа­сиетін барынша алға салады. Өкініштісі сол, бұл жерлерде басқа дақылдар (жү­гері, бидай, көкөніс, т.б.) егу орын алды, оларға басқа жер де жа­­рап жатар еді. Бүкіл әлемге даңқы жа­йыл­ған апорт­­ты өз жерінен ығыстырып, оның ор­нына бас­қа дақылдар еккеніміз дұрыс бол­ма­ды. Ал соңғы жылдары апорт­тың таң­дау­лы жеріне «жаңа қазақтар» мен «жа­ңа орыс­тар» өздерінің ғимараттарын са­лып тас­тады. Сонда жаңғырған апорт­ты қай жер­­ге егеміз? Қинайтын мәселенің бірі – осы.

Сіздің апорттың жойылып бара жатқан бірнеше сортын әлі күнге дейін сақтап, өсіріп  отырғандығыңызды білеміз. Өз тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз.

- Осы Алматының апортын қайта қалпына келтіру барысында  мен өз тәжірибемді жасап көрдім. Менің тәжірибем бойынша, алматының апортын көп жылдар бойы өсіріп,  тәжірибе жасау нәтижесінде Алматы апортының  10-15 жыл өсуіне байланысты, әр 10 жыл сайын Алматының апортын қалемшеден 10 см жоғары дінін толығымен кесіп, дінінен өсіп шыққан жас өскінді өсірсек, 2-3 жылда Алматының апорты жеміс бере алады. Сондықтан қайтадан дәнегінен өсіргеннен гөрі, тез жеміс алуға және Алматының апортын  жоғалтып алмауымызға  көмектеседі. Осының нәтижесінде Алматының апортын әлі күнге дейін сақтап, өсіріп  отырмын.

- Рақмет!

Сұхбаттасқан БӨЛЕГЕНОВА Гүлзада Маратқызы

экономика және бизнес магистрі,

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544