Сәрсенбі, 26 Сәуір 2017
13 Қазан, 2016 сағат 10:31 Бұ не мазақ? 1491 0 пікір

ЖАМАНҚҰЛОВ ӘРІПТЕСТЕРІНЕ НЕГЕ ЖАҚПАЙ ҚАЛДЫ?

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлының басынан дау арылмай келеді... Сонау бір жылдары марқұм Рахат Әлиев салған лаң кезінде Арыстанбек мырза Әлиев деген фамилиясын Мұхамедиұлы деп өзгерткен еді. Содан бері талай елдің назарына түсіп, түрлі дау-шарға ілігіп, елдің күлкісіне қалып келеді. Тұзы жеңіл адам ба деп қаласыз... Енді міне, кезекті дауға килікті те кетті. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» болып шықты.

Актриса және Арыстанбек

Әнеугүні аяқ астынан Еңлік Сыдықова атты актриса видео жазба таратып, онда Арыстанбек Мұхамәдиұлы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясына түсер кезде өзін ректор басымен ойнап-күлуге шақырғанын (жыныстық қатынасқа тартып, бопсалау) жалпақ жұртқа жария етті. Сол-ақ екен, бұл әңгіме ел ішіне лезде таралып, қауға тиген өрттей лапылдап, жалындап шыға келді. Әлеуметтік желіде желдей ескен жаңалықты көп адам бөлісіп, пікір айтты. Еңліктің министр мырзаға қарата жария еткен видео мәлімдемесі шыққан күні кешке актер, театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың да видео сұхбаты жарқ ете қалды. Қалың қазақтың көңілінде қазақ хандарының, Ораз мергеннің, Құнанбайдың бейнесі ретінде орныққан атақты актер видеода Еңліктің айтқанының жаны бар екенін әрі Мұхаммедиұлы ректор болып тұрған тұстағы басқада қиғаш істерге барғанын айтты. Сөйтіп, дау үлкейіп, ушыға түсті. Желіде әр жақты өзінше қорғаштап баққан адамдардың қарасы да молая түсті.

Жаманқұлов әріптестеріне неге жақпай қалды?

Жұрт енді не болар екен деп елеңдеп отырғанда ертесінде күтпеген жерден театр қайраткерлерінің кезектен тыс сьезді өтетіні мәлім болды. Әуезов театрында өткен жиналысқа Қазақстандағы қазақ, орыс, ұйғыр және басқа театрлардың басшылары, атақты театр және кино актерлері қатысты.

Жиналыс басталған бойда тағы дау шықты. Сьездің өтуіне қарсылар жоқ па деген дауыс шығысымен-ақ, бір күнде ұйымдастырылған сьездге келіп қалғандарын енді білген актерлер аң-таң күйге түсті де тез естерін жиып, «Қайдағы сьезд, бұларың не? Жиналыс деп келсек, сьезді несі тағы?» десіп шуласты. Мінбеге Н.Сац атындағы театр директоры Надежда Горобец шығып, сьездің өтуіне одақ мүшелерінің бестен бірі қолдау білдіргенін, жергілікті театрларға хабарлағанын, яғни, заңды екенін айтып еді, оған да болмады. Ақыры, мінбеге театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов шығып, одақ жарғысы бойынша сьезд өткізуді пленум шешетінін әрі сьезд бес жылда бір рет өтетінін және пленум сьезд өткізу туралы шешім қабылдаса, онда ол екі ай бұрын хабарланатыны, сьездге әр аймақтағы театрдан өкілдер қатысуы тиіс екенін айтып, жарғыны көрсетті. Тұңғышбайдың сөзінен кейін бұл не жиналыс деген сұрақ тіпті қоюлана түсті.

Министрдің абыройы Мәңгілік елден қымбат па?

Актерлер енді қайтер екен деп іштен тынып отырғанда кәріс театрының директоры Любовь Ни шығып, жиналудағы мақсат Президент Н.Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясы және бес институционалдық реформасын өнер адамдарына түсіндіру екенін айта келіп, дайындаған баяндамасын оқыды. Алайда, Мәңгілік ел жайына қалып, мінбеге шыққан әр адам Тұңғышбай Жаманқұловтың министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қарата айтқан видеодағы әңгімесіне толық ойысты. Жаңағы Любовь Ни ханым "министрге бұлай деу тікелей Президентке барып тиеді. Себебі, Үкіметтің, оның құрамын Президент бекітеді" деп салды. Кейінгі сөйлеушілер Жаманқұлов әрекетін сөккендерімен Ни ханымның «биігіне» шыға алмады. Сөз алғандардың барлығы театр қайраткерлері одағының жұмыс істемей отырғандығын, жарғыға сай жұмыс жүргізе алмай, әркез қаражаттың жоқтығын ғана айтатын сөз ете келіп, Сыдықованың мәлімдемесін сынап, Жаманқұловтың істегені абыройсыз іс десті. Тіпті, мұндай дауға ақсақал Асанәлі Әшімовтің өзі араласты. О кісінің не дегенін жалпақ жұрт телеарналардан көрді. Сонымен, Жамақұловты жаман адам етіп шығарған жиналыстың соңы белгісіздікпен аяқталды. Ал, Жаманқұлов болса, "мұның бәрі жоғарыдан түскен тапсырма, сөйлеушілер де сол тапсырманы орындау мақсатында сөйлеп отыр" деді.

Өнер адамдарының шұғыл жиналып, жиын өткізуіне Тұңғышбай Жаманқұловтың видео арқылы Сыдықованың сөзін растағандай сұхбат беруі себеп болған сықылды. Өйткені, жиын Жаманқұловқа арналды. Ал, өнер қайраткерлерінің шамдануына Тұңғышбай мырзаның жеке өз атынан емес, театр қайраткерлері одағының төрағасы есебінде әлгіндей видеоға шығу негіз болмаған-ау деп топшыладық.

Айтпақшы, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы түн ортасында келіп, ойнап-күлуге дедектетіп алып кетпекші болды деп тағы бір адам шықты. Ол – Роза Бақтығалиева. Министрдің өзі де бұл дауды ұйымдастырылған әрекетке балап, Сыдықованың да, Бақтығалиеваның да айтқандарын жоққа шығарып, оларды біреулер айдап салып отыр деді.

Бұл даудың ақыры немен тынатыны белгісіз...

Абай болайық, ағайын!

Кемел Қарасартов

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2331
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3160