Сәрсенбі, 26 Сәуір 2017
23 Желтоқсан, 2016 сағат 14:50 Әдебиет 1720 0 пікір

ҚАНАТ ӘБІЛҚАЙЫР. КІСЕН

(әңгіме)

Келдіқожа жарына қарай көз қиығын  салғаны сол еді, Қызжібек сүріне-қабына орнынан атып түрегелді.

– Әй, балалар-ай! Әкелеріңнің аузына бопыразын салмайсыңдар ма? Кенезесі кеуіп барады ғой. Тез, тез!

Мэлс үстелдің үстінде жатқан шақшаны (махорка салатын құтысын «шақша» дейтін) ала салып, махорка ширатып, әдемілеп қағазға орады. Сосын темекіні тұтатты да, әкесінің езуіне қыстыра қойды.

Дерті меңдеп, әлсіреп жатқан Кәкең бар күшін жинап, көк түтінді құшырлана бір сорып, үрлеп кеп жіберді. Аузынан түтін, маңдайынан тер бұрқ етті.

Екі шекесіне шеге қағып тастағандай тырысып, солқылдап ауырып бара жатыр еді. Бір жұтым көк түтін сол мық шегенің түбін сәл де болса босатып жібергендей денесі бусана қалды.

Келдіқожа кемпірінің бетіне тесіле қарады. Қалың көзілдірігінің ар жағындағы қарашық шарасынан шығып кетердей тыпыршып кетті.

– Ой, сен де... Балалардың мазасын алып бітетін болдың ғой. Алматыдағы Жанар мен Досымды әурелеп не қыласың? Жұмыстарын істей берсін де. Жағдайың тым нашарлап бара жатса, шақырамыз ғой.

Ауруы асқынып, ажал үзеңгісіне аяғын іліп жатқан шал маңдайын тырыстыра қабақ шытып, отты көзбен кемпірін түйреп өтті.

– Ойбай, көтек... Не дейді? Әзір өлмейсің. Кешір мені, шал-ау, кешір! Қазір, қазір-ақ он екі балаңды түгелдей алдыңа келтіремін. О несі-ей, ашуланып.

Шешесінің өзімен-өзі сөйлесіп, аузы дамыл көрмей жатқанына Мэлс күліп жіберді.

 – Әпке, әй, әпке (шешесін «әпке» дейтін) осы сен шалыңның көзімен сөйлесе бастағаныңа қанша жыл өтті?

– Е, оны қайтпек едің?

– Жоға да, ағам (әкесін аға дейтін) бір қараса болды, жаныңды қоярға жер таппай сарнап қоя бересің. Әншейінде байқай бермейді екенмін. Тілі бар ғой, сөйлесін де бір рет. Тым құрыса өмірінің соңында арыз-арманын аузымен айтсын.

– Тәйт әрі. Әкеңді мазақтайын дедің бе? Қатындарыңды ауызбен айтып та, таяқпен ұрып та тезге сала алмай жүріп, менің жаман шалымды әжуаламай-ақ қойыңдар. Пішту. О несі-ей!

Қызжібек апа телефон тұтқасына жармасып, балаларын түгендеуге кіріскен.

Бір жұтым түтінге маңдайын терлетіп, буын-буыны босаған Келдіқожа көзін жұмды. Көзін жұмғаны сол еді, салдыр-сұлдыр етіп ашылып жатқан түрменің есігі көз алдына келе қалды. Аяғындағы кісенін сылдырлатып, баяу басып абақтыға, абақты емес-ау, зынданға кіріп келе жатыр. Кенет, кенет кеудесінен әлдебір күш итеріп жіберіп, омақаса құлады. Аяғындағы кісенге шалынып жығылған байқұс қайтып түрегелем дегенше, түрменің есігі тарс етіп жабылып, ішінен кілтпен сырт-сырт етіп бекітіліп қалды. Арғы жақтан «әке, әке» деп жанұшыра айғайлаған Жанардың дауысы естілді. Сол дауыспен қабаттасып «не үшін, не үшін?» деп темір есікті тарс-тарс соққылап жатқан Досымның жанайқайы құлағын тұндырып жатыр.

Келдіқожа ақсақал құлағын алақанымен бітей қойды. Сонда да анау үн жаңғырып, бұрынғыдан бетер күшейіп барады.

Жанын қоярға жер таппаған Келдіқожа басын көтеріп, көзін ашып кеп жіберді.

Өз үйі, өлең төсегі. Қазақ радиосында Шәмшінің әні шырқалып жатыр. 

Шалының тағы да тым құрыса екі-үш минут ұйықтай алмағанына қиналған кемпірі Мэлс орап дайындап кеткен темекінің бірін аузына сала салып, тұтатып жіберді.

 – Ой, Құдай-ай, әлгі Мэлс қайда кетті? Шалдың бопыразын тұтатып бермей.

Кемпірі көк түтінді бұрқ еткізгенде ащы жапырақтың иісі шалдың тарылған тынысын ашып жібергендей болды. Түтіннің иісін құшырлана бір иіскеп алды да талықсып бара жатты.

***

Тамыздың тынымсыз түндерінің бірі. Дырылдаған трактордың ішінде екі қолы дірілдеп отырған Кәкең күздік бидай егетін егістікті жыртып жүр. Алдына түскен жарыққа шыбын-шіркей мен жындыкөбелектер үймелеп ұшып тыным таппайды. Газды басып кеп жібергенде сәулеге ұмтылған о байқұстардың кейбірі трактор мұржасындағы қарақошқыл түтінге көміліп қалады. Кәкең ара-тұра артына ілген соқаға, соқаның үстінде тарбиып отырған Әлжаппарға қарап қояды. Әлжаппар шегірткенің шырылы мен бақаның құрылын, гүрілдеп жатқан Қысаңның суының дауысын жұтып қойған трактордың сүйкімсіз дырылына ырғала билеп отырғаны. Енді бір қарағанда қара темірге қонақтаған қап-қара қарғаға ұқсап кетеді. Егістіктің басына барғанда соқаның тісін көтере қояды. Сосын соқаның алмастай жып-жылтыр тісіне шөп-шалам оратылып қалмауын, үлкен тас тиіп, күл-паршасын шығарып, сындырып кетпеуін бағып отырады.

Кәкең алдына қарайды. Алдына қарайды да соңғы кездері оқып жүрген тарихи көркем шығармалардағы кейіпкерлердің тағдырын өз талқысына салып, ненің рас, ненің өтірік екенін таразылай бастайды. Ақиқаттан жалғандығы озып тұрған қоғамның төлі екеніне ызаланады. Кіп-кішкене трактордың тізгінін ұстап отырғанын ұмытып кетіп, елдік деңгейдегі мәселелерге бас қатырып отырғаны.

Оқу деген адамды қияли етеді. Сол қиялилықтан Кәкең де ада емес еді. Терең ойдың орманына бір кірді деген сөз қайта шығар жол жоқ. Адаса бересің, адаса бересің.

Келдіқожа сол орманда адасып жүргенде артына бір қарап қоюды есінен шығарып алып еді. Трактордың даусынан үркіп, қақ алдынан пыр-пыр етіп бөденелер ұшты. Сол бөденелер Кәкеңнің есіне Әлжаппарды түсірді.

Кәкең артына бұрылып, соқаға жалт қарады. Бағана ғана қарға секілді соқада қонақтап отырған Әлжаппар жоқ. Трактордың үнін өшірді де далаға атып шықты. Әлжаппар жоқ! Енді Кәкең жүгіре жөнелді.

«Бітті, біттім. Аман болса жарар еді. Ұйықтап кетіп, жазым болды-ау, бейшара».

Қараңғы түнде далақтап жүгіріп келе жатқан Келдіқожа әлденеге шалынып жығылды. Сіріңкесін жағып жіберіп қараса, Әлжаппар жатыр тырайып.

Соқаның өткір тісі дәл басын жаныштап өтіпті. Байқұс жігіттің басының мылжа-мылжасы шығып, тіл тартпай кетіпті.

Кәкең не істерін білмей басы ауған жаққа жүгіре жөнелді.

***

Келдіқожа көзін шарадай ашып алып, жан-жағына қарады. Аз да болса көз шырымын алған екен. Тынығып, ширап қалғандай көрінді.

Шалын күтем деп шаршаған кемпірі Кәкеңнің қолынан ұстап төсектің аяқ жағында пырылдап ұйықтап отыр. Келдіқожа сәл қолын тартып еді, кемпірі ұшып түрегелді.

 – Шал-ау, не қажет?

Кәкең темекісі тұрған үстелге бір қарап қойды.

Қызжібек апа шалының аузына бопыразды тістетіп, сіріңке жаға қойып еді оттың жалыны қас-кірпігін күйдіріп жібере жаздады.

«Ойбай, көтек» дей сала езудегі темекіні жұлып алып, өз ерніне тістеді де, көк түтінді бұрқ еткізді. Шал бопыразын құшырлана бір сорып алып, аузынан будақ-будақ түтін шығарды. Ішіндегі күйігі сәл болса да басылғандай маңдайы жіпсіп, жаны рахат бір күйге еніп бара жатты. Осы күйді тағы да сезінемін бе деп, көк түтінді үсті-үстіне жұтып-жұтып жіберем деп шашалып қалды.

Шашалудың соңы ұзақ жөтел. Жөтеліп жатып, кемпіріне сұраулы жүзбен тағы бір қарап қойды.

– Айттым бәріне... Таң ата бала-шағаң түгел жиналады. Уайымдама, бірі қалмай келеді.

Кәкең енді жанарын төмен жылжытты.

– Бәрін, бәрін тазаладым. Осы сен шал күйгелек болып барасың ғой.

Шал бұл жолы отты жанарын жарқ еткізіп алып, кемпіріне тесіле ұзақ қарап тұрып қалды.

– Ой, Құдай-ай, біресе балаларды шақыр, біресе шақырма деп... Мені ерігіп жүр деп ойлайсың ба? Не дейді, ойбай... Жанар мен Досымды қайтпексің? Жарайды, жарайды қойдым. Сенің айтқаның-ақ болсын! Әкелерің екеуін ғана көргісі келеді деп айтайын. Осы сен шал алжығаннан саумысың?..

Кәкең басын ірге жаққа бұрып әкетіп, көзін жұмды. Кірпігін айқастырмауға бар күшін салғанымен, ырыққа көнер емес. Көзін жұмғаны сол еді, тағы да түрменің есігінің алдында кісенделіп тұрғанын көрді. Темір есікке кібіртіктей барып, кіре бермек болып еді, біреу итеріп жіберді. Тұрам дегенше есік те жабылды, ар жақтан «әкелеген» Жанардың ащы да даусы естілді. «Не үшін, не үшін?» деп Досымы темір есікті ұрғылап жатыр.

«Байқұс балаларым-ау! Балапандарым-ау!»

***

Әлжаппарды соқаның астына түсіп қайтыс болған соң, Кәкең бірер ай темір торлы абақтының ас-суынан дәм татты. Бірлігі мығым ел-жұрт жақсы еді ғой ол кезде... Ауылдың ақсақалдары араағайын болып жүріп кешірім әперіп, бостандыққа шықты. Үкіметтің темір есікті түрмесінен босауын босады-ау, бірақ дәл сол күннен бастап өз-өзін сананың абақтысына апарып қамады.

Сана абақтысының алғашқы жазасы өте ауыр еді. «Кәке, Кәке» деп басына көтеріп, қайғысы мен қуанышын тел емген ел-жұрттан ірге бөлуге тура келді. Балалық күндердің бал дәурені, жігіттік шақтың бар қызығы зымырап өткен туған жерімен қоштасты.

Кешірім деген өшкен шырақты қайта жаға алмасын білген шарасыз жанның тағдырдың жазғанына көнуі ғана. «Бір күн болмаса бір күні бала-шағама Әлжаппардың туыстарынан қатер болар» деген ой тыным бермей, жылы орнын суытты.

Сосын Алматының іргесіндегі Панфилов ауылына көшіп келіп, жаңа бір өмір бастағандай болды. Бірақ, бұ өмір ауылдағы о өмірден ауыр боларын біліп пе?

Сол бір тамыздың түнінде Әлжаппар соқаның астына түсіп кетпесе, Келдіқожа қазір елдің ішінде жүрмес пе еді? Бәлкім, мына бір соры қалың жылдарды көрмес пе еді?

«Әй, Құдай-ай! Өз дегеніңді жасайсың ғой»... 

Келдіқожа ауданның түрмесінде жатып-ақ талай сұмдықты көрді. Тергеуші деген сумаңдаған сұр иттің сұрамайтыны жоқ. Бар кінәңді мойындап отырсаң да, сығып сөліңді алады. Жасамаған қылмысыңды мойныңа қойғысы келіп, қаныңды тірідей ішеді. Бір сұрағанды мың сұрап, жындандырып жібере жаздайды.

Сондағы айтатыны – «Сен Әлжаппарды әдейі, қастандықпен өлтірдің» деген бір ауыз сөз.

Көзін жұмса болды, түрменің есігі тұрады көлбеңдеп. Кәкең сол бір сұр есікті көргісі келмейді. Көргісі келмегендіктен жанарын ашып алу үшін жанталасады. Бірақ, дерт меңдегелі бері дұрыс ұйықтай алмаған ақсақалдың кірпігі айқаса кетеді.

Кірпігі айқаса сала сылдыр-сылдыр еткен кісенін сүйретіп, әлгі темір есіктің алдына бара қояды.

«Әй, дүние-ай, көрейін деген қорлығым осы ма еді»?

***

Шалының күрк-күрк жөтелі Қызжібек апаны оятып жіберді.

– Шал-ау, бірдеңе қажет пе?

Төсектің басында тұрған жарықты сырт еткізіп жаға қойды.

Көкке қарап жатқан Кәкең іштегі бар запыранды сыртқа ытқытып жіберетіндей ауыр бір күрсініп алды.

– Ұйықтамағансың ба, байқұс-ау! Өзіңді-өзің қажай бермей демалсаңшы, енді.

Келдіқожа ақсақал көзінің қиығын кемпіріне салып еді кемпірі:

– Қазір, қазір, сәл шыда. Түбі түскір шақшаңды жер жұтты ма? Табайын әзір, табайын да ширатайын, ширатайын да аузыңа салайын... – деп өзімен-өзі сөйлеп жүріп шақшаны тапты. Көз ілеспес жылдамдықпен темекі орап, бұрқ еткізіп тұтатты да, шалының аузына апара қойды.  

– Әй, шал осы саған бопыразыңды тұтатып берем деп жүріп «пианшік» боп кетпесем жарар еді. Әлгі Мәдіге Қытайдың ащы темекісін ала кел дедім. Орап әуре болмай, соны да көр. Бұдан басқа не қызығың қалды? О дүниеге барғаныңда бопыразыңды орап беретін мен жоқпын. Сол үшін де тарт. Құмарыңды қандыр.

Келдіқожа кемпіріне жақтырмай бір қарағаны сол еді, әңгіменің ауаны өзгеріп сала берді.

– Е, Мәді ме? Е, оны қай Құдай алады дейсің? Бір күн шекараның ар жағында, бір күн бер жағында шапқылап, сауда жасап жүр де...

Қызжібек апа күмбір-күмбір сөйлеп жатыр. Ал, Кәкеңнің кірпігі ілініп бара жатыр еді.

***

«Әй, Мәді-ай! Мәдім-ай! Сенің әкең Тәліпақынның азабын да тарттым ғой мен бейбақ»...

Тағы да терезесі жоқ тар бөлме. Тағы да тергеушінің алды.

Бұ тергеуші басқа адам. Беті бұжыр-бұжыр біреу. Бірақ, түп тектері бір емес пе? Бұл да сумаңдаған сұр ит еді. Ит емес, шибөрі.

– Шекаралы ауданнан не үшін көшіп кеттің, айт жаныңның барында!

Табаны тастай «Жетісу» етігінің тұмсығымен қырсүйектен бір тепті.

Кәкең үйреншікті жауабын жақсы оқитын баладай судырата жөнелді.

– Адам өлтіріп, бостандықта жүрмін де, ит!

Алақанымен сүйеніп тұрған үстелінің үстін тарс еткізіп бір соқты.

– Сенің Әлжаппарды не үшін өлтіргеніңді анықтадым.

– Не үшін өлтіріппін?

– Тәліпақын есіңде ме?

– Ол кім?

– Ағаң Тұмарбектің баласы. Қытайдағы ағаңның ұлы. Шекараны бұзып саған келе жатқан жолда қолға түсті. Тыңшы екен.

Бауыры Тұмарбектің атын естігенде Кәкеңнің жүрегі шым ете түсті. Үш балалы болған соң, бақиға аттанғанын білетін. Қәдірақын деген соның бір баласы болғаны ғой.

– Менің Тұмарбек деген бауырым болған емес.

– Соқ өтірікті.

Тергеуші  жұдырығымен қақ тұмсықтан бір перді. Келдіқожаның мұрнынан қан сау етті.

– Танисың, інің Тәліпақын бәрін мойындап қойды. Сенің Қытай тыңшысымен астыртын кездесіп жүргеніңді Әлжаппар біліп қойған. Ол біреуге айтып қоймасын деп өлтіргенсің.

– Құдай ақы, мен...

– Мойында, ит, мойында...

Тергеуші өзі отырған темір орындықты ала салып, Кәкеңді тоқпақтай бастады.

***

Келдіқожа көзін үрейлене ашты.

«Құдай-ай, ештеңенің қарасы жоқ бола тұра мені осылай тепкілеген қаныпезерлер Жанар мен Досымды аяды дейсің бе? Байқұс балаларым-ай, Он екіде бір гүлдерің ашылмай жатып, көресіні көрдіңдер-ау»...

Өзіне-өзі күбірлеп сөйлеп жатқан шалына Қызжібек апа жетіп келді.

– Шал-ау, кіммен сөйлесіп жатырсың?

Келдіқожа кемпіріне тесіле қарап қалды.

– Е, сөйдемейсің бе? Өткен күндер есіңе түсіп жатыр ма? Байқұсым-ау, маңдайыңның соры бес елі ғой. Тозақтың бәрін көріп, енді ғана арқамыз кеңіді ме дегенде кішкене қалт-құлт етіп жүре тұрмай ана жаққа асығып жатырсың.

Шал көзінің қиығын шақшасы тұрған жаққа салды.

– Ойбай, қазір. 

Қызжібек апа бопыразды бұрқ еткізді де шалының ерніне қыстыра салды.

Кәкең сәл ғана езуін тартты.

– Е, күлесің-ә! Күл, мен де саған күлейін. Әлгі екі баланы қамап тастағанда өкімет екеумізді де жау көріп, осы есікті еңгезердей екі жігітке күзеттіріп қойып еді ғой. Соларды оқтаумен ұрып қуалағаным есіңде ме? Әй, қорқағым-ай! Жандалбасалап жүгіріп кеп, оқтауға өз жотаңды тоса қойғаныңда не ұрарымды, не ұрмасымды білмей сасып қалғанмын.

Келдіқожа ақсақал кемпіріне жаратпай бір қарап қойды.

– Ой, осы сенің болмашыға ренжи қалатының не осы? Өздері де күйдіріп, ана Мэлсті завучтықтан босатты. Қанатты комсомолдан шығарды. Сені күн-түн демей ауылдық, аудандық партия комитетінің жиналыстарына салып, қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді алған жоқ па? Ол аз болғандай есігіңе екі иығына екі кісі мінгендей жігіттерден күзет қойды. Сонда деймін-ау, екеумізді Үкіметтің үйін төңкеріп тастайды деп ойлайды ма, солар...

Келдіқожа шал көзін жұмды.

Тағы да түрменің есігі сырт-сырт етіп бекітіліп жатыр. Ар жағынан әмірлі дауыс:

– Кайыркулов, к стене, – деп саңқ етті.

Досым бетін қабырғаға беріп, қақшиып тұра қалды.

Балаларым-ай, балапандарым-ай, сендердің орындарыңа сол түрмеде мен отырсамшы.

Шалдың көз алдынан бұлдыр-бұлдыр елестер өте бастады.

***

Досым желтоқсан көтерілісі кезінде елмен бірге алаңға барған.

Ызғарлы сол түнде Досым алаңда арнайы жасақтың қанішер жендеттері тепкілеп жатқан қызды құтқарып алып, қашып бара жатқанда ұсталды.

Үш күн бойы тергеуде таяқ жеп, сосын қолхатпен босап шықты.

Содан бастап, Келдіқожа әулеті тағы да тұманды күндерге аяқ басты.

Досымды күнде тергейді. Тергеуден шыға сала үйге келеді. Сосын әкесіне бар жағдайды баяндап береді.

Кәкең Досымды қамайтын күннің тақап қалғанын сезіп жүрді. Қасиетті жұма күні бір қойын алып жықты да, көршілерге құдайы таратты. Осы құрбандық шалғаннан үш күн өткен соң, Досым қамалды.

Сол күннен кейін Кәкең мен Қызжібек апа түрменің есігін күн-түн демей күзетуді әдетке айналдырды.

Досым іште, Қызжібек екеуі сыртта, зар еңіреп жылап еді-ау...

Баяғыда Тәліпақын шекара бұзып қамалғанда «осы түрмеде жатыр» дегенді тергеушіден естіген.

Інісі жатқан түрмеге келе алмап еді сол жолы... Енді міне, темір есіктен кірген-шыққанды күзетіп табанынан таусылып жүр.

– Біздің тұқымның ұясына айналды-ау, бұл зындан!

Келдіқожа шалдың көзінен бір тамшы жас ытқып кетті.

***

Келдіқожаны жөтел қысты. Әдетінше кемпірі жетті алқынып.

– Сыртқа шығып кете қойып едім. Мені іздеп қалмадың ба, шал-ау!

Келдіқожа ақсақал арқасын қабырғаға сүйеп жатыр еді. Кемпіріне отты жанарын жарқ еткізді.

– Ой, Құдай-ай, Досым түнде келіпті. Біздің мазамызды алмайын деп, Мэлстің үйіне қона салыпты.

Кәкең енді кемпірінің әжімді жүзіне ұзақ қарап отырып қалды.

– Е, бұ еркек деген жаратылыс мұншалық шыдамсыз болар ма, тегі. Сенің көргеніңді мен де көріп едім ғой. Сен жұтқан запыранды мен де жұтып едім ғой, шал-ау. Неге таусыла бересің? Әне, бала-шағаңның бәрі дін аман. Көз алдыңда жүрген жоқ па, құлдыраңдап?! Ел-жұрт «батырдың әкесі» деп төрін береді. Қу басыңа бұдан артық не керек? Шал-ау, айтшы. Айтып өлтірші. Сенің жаныңды жегідей кеміріп жатқан не шер?

Шалы көзін темекісіне қарай төңкерді. Кемпірі ылдым-жылдым бопыразды орап, шалының аузына тосты.

Түтінмен бірге маңдайының тері де бұрқ етті.

***

Досым қамалғаннан соң, араға ай салып барып, кездесуге мұрсат алды. Осы бір айдың ішінде жиырмаға толмаған жігіттің маңдайына пышақпен тілгендей екі қалың әжім түскенін көріп, Кәкеңнің жандүниесінде алай-дүлей бір дауыл соққан.

Сол ұйытқыған дауылға теңселіп кеткені сол еді, Досым езуін тартып күлді.

– Біз қайғыдан қан жұтып жүрсек, күледі ғой, қарғам, – деп жылап жіберді Қызжібегі.

– Жәй, сендерді көріп қуанғаным ғой, – деді Досым тағы да күлген болып.

«Әке-шешем мені ойлап, қайғыра бермесін» деп баласының зорлана езу тартып тұрғанын әкесі бірден аңғарды.

– Бізді Маңғыстаудың түрмесіне ауыстыратын болды, әке! – деді содан соң...

– Балам, шыныңды айтшы! Ұрмай ма, іште! – деді шешесі.

– Неге ұрады екен, ұрмайды. Тергеу кезінде аздап мұрнымыз қанаған, әпке (шешесін Досым да әпке дейтін)! Бас-көз демей бір соққанда қулықпен тоңқалаң асатынбыз. Соған бола «мен бір ұрып құлаттым» деп қасындағыларға мақтанып, мәз болады бейшаралар. Уақыт келсін, ұрғанның қандай болатынын көрсетемін мен оларға...

Досым тісін сықыр-сықыр еткізіп қайрады. Жақ сүйегіндегі қантамырлары жарып шығардай болып жыбыр-жыбыр ете қалды.

Сол қантамырлар көз алдын көлбей өткені сол еді, Жанары есіне түсіп, қолқа жүрегін біреу жұлып алғандай болды.

Бар өшін темекіден алмақ болып, шақшасына қол соза берді. Осыны күтіп отырғандай кемпірі бопыразын тұтата қойды.

***

 

– Әке, мені де тергей бастады, – деді бір күні Жанар үйге келіп.

Осы бір ауыз сөз Келдіқожаны қақ маңдайдан бір ұрғандай есеңгіретіп тастады. Соңғы кездері қызы өзімен-өзі арпалысып, жүдеп бара жатқанын байқайтын.

«Тұрмыс құрамын деп жүрген жігіті Оралға қашып кетіпті» деген сөзді құлағы шалған. «Соған бола осылай жүдеуге бола ма?» деп Кәкең уайым қылушы еді. Сөйтсе, қызын жете танымаған екен.

Алматыда тігін фабрикасында бригадир болып жұмыс істейтін жиырма екі жасар Жанар көтерілістің бел ортасында жүріпті. Түнімен плакаттарға ұран жазып, оны өзінің қарамағындағы 18 адам арқылы алаңға таратқызған.

Қанды қырғын болған күні қолға түсіп, Құдайға қараған бір адамның септесуімен құтылып шығыпты.

Құтылып шыққан да, түк көрмегендей тілін тістеп жүре берген.

Бірақ, жердің астындағыны да күні бұрын біліп отыратын Үкімет адамдары Жанарды жайына қоймаған. Досымы көрген тергеудің талқысына Жанарды да салып, қауызын жаңадан жарып келе жатқан гүлді мыжғылап жіберген.

Жанардан бар мән-жайға қаныққан Кәкеңнің көз алды қарауытып кетті. Тұрды да бір ауыз тіл қатпастан өз бөлмесіне кіріп, есікті құлыптап алды.

Таң атқанша оймен арпалысып еді, сол түні...

«Ұлды қойшы, енді мынау кәззаптарға қызымды талатып қойғанша, өле қалғаным дұрыс еді» деп ойлады. Бірақ, өле салу оңай емес еді. Өле алмады.

Кәкеңнің басына қан құйылып жатқандай болды. Атар таңды көз ілмей қарсы алды. Бозарып атқан таңға қарап отырып: «Бұ тағдырға не жаздым? Осынша азапқа саларлықтай не жазығым бар еді, Құдай!» деп боздай берді, боздай берді.  Боздап жатып, шашын уыстап жұлып, қабырғаға тарс-тарс еткізіп соғып-соғып жіберген.

Таң ата өзіне-өзі келіп, есікті ашты. Бір ауыз сөзбен болсын, қызын жігерлендірейін деген оймен еңсесін тіктеп алға қарай қадам басты.

Ар жақтан кемпірі шыға келіп, әкесі жаңа өлгендей шошына шыңғырып жіберді.

– Шал-ау, шашыңа не болған?. Бір-ақ түнде бір тал қарасы қалмай, қудай болып кетіпті ғой. Ой, Алла-ай, ой, Алла-ай.

Келдіқожа жеделдете басып айнаның алдына келді.

Кеше ғана шашының ағынан қарасы көп болатын. Бүгін қар басқан Қаратаудай бір-ақ түнде аппақ болып кетіпті.

Кәкең тізесінен әл кетіп, сылқ етіп отыра кетті.

 

***

Келдіқожа көзін ашты.

Осыны күтіп отырғандай кемпірі бопыразын тұтатып жатыр.

– Шал-ау, Жанар да келді. Ол да ағасының үйіне түсіпті. Бұ құрғыр балалар «сенің мазаңды алмайық» деп жүріп, Мэлстің шаңырағын үлкен үй етіп алмаса болғаны.

Кәкең кемпірін жанарымен түйреп өтті.

– Ойбай, қойдым. Қарашаңырақты ұмытпасын деп жатқаным ғой. Шақырайын ба балаларды?

Кәкең басын изеді.

Темекісінің түтінін будақ-будақ шығарып, жаны рахаттана бастады.

– Аға, әпкем сені өлгелі жатыр деген соң, ұшып жеттік түнде,  – деп қарқылдап күлді Досым.

– Сен де бір қоя тұрмай, қарбалас кезде килігіп. Төрт көсемнің құрметіне Мэлс деп атын қойған балаңа обал болатын болды, елуге келгенде жетім қалып...

Баласының кісі өлтірер қалжыңына Кәкең езу тартты.

– Аға, жағдайың қалай? – деп Жанары құшақтап бетінен сүйіп жатыр.

– Досым, сені әзілдемейтін жерде күлкі қысатыны не осы?

– Қойдым, Қайырқұлова жолдас, қойдым... Шал тағы тілін тістеп жатыр ма, әпке? – деді шешесіне қарап.

– Әй, шал-ай, біз саған әпкем емеспіз. Айтарың болса, аузыңмен айтып кет, – деді сосын әкесіне.

Кенет ыз еткен масаның дыбысы шығып, ұшып келіп Кәкеңнің дәл бетіне қона қалғаны. Жанары атып тұрып, әкесінің бетінен сарт еткізіп, шапалақпен бірді салды.

Сөйтті де, үстел үстінен бір газетті ала сала умаждап, бөлмеден маса іздеп кетті.

– Жанар, ұмытсаңшы енді. Ұмытшы барлығын. Кіп-кішкентай маса ғой ол. Жиырма жылдан асты...

– Қанішер, қанішерлерді жек көремін...

Жанар тістеніп, егілгісі келсе де жыламай ернін жымқыра берді. 

Кәкеңнің де, кемпірінің де, Досымның да көңілі нілдей бұзылды.

– Қазір, қазір бірін де қалдырмай өлтіремін.

«Құдайдың жәндігімен өштестіріп қойған қу заман» деді шешесі көзінің жасын сүртіп жатып.

Жанар қамалған кезде үш күн, үш түн қандалаға толы камераға түскен. Адамды ұрмай-соқпай жазалаудың ең үлкен жазасын тырнақтың ұшындай жәндіктен тартып, рас азаптанған. Үш күн, үш түн қандала талаған адамның денесіндегі бар қанды жәндік сорып алады екен де, тұтқын ес-түссіз құлайтын көрінеді.

Содан бері қанмен қоректенетін жәндік көрсе болды, тұла бойы түршігіп, қай-қайдағы есіне түсіп, жанын қоярға жер таппай тыпыршып кететіні бар.

Кәкең шым етіп, шаншу қадалған жүрегін алақанымен басып, уқалай бастады. Уқалап жатып көзін жұмды.

– Совет өкіметіне, Коммунистік партияға деген көзқарасың түзелді ме? – деп дікең-дікең етті бұжыр бет тергеуші.

Шынашақтай қызыңды қандалаға талатып, әр баласының артынан үш әріптің сумақай итін сап қойған өкіметке деген көзқарас өзгеруші ме еді?

Кәкең бірер секундтық ұйқысының жетегінде кетіп бара жатты.

***

Жанар 1987 жылдың шілдесінде қамалды.

Кекең үшін тағы да түрме күзету, тағы да сол баяғы азапты күндер қайталанып жатты.

Өзі шет-жағасын білетін абақтының өмірі қызын аямасын біледі. Сол үшін қиналады. Қиналғаннан не пайда? Арқа сүйер ешкімі жоқ.

«Батырлардың әкесі» деп жатады бүгінде ел-жұрт. Өтірік бәрі. Батырдың әкесі екені рас болса, қызын зынданға түсірмеудің жолын табуы керек еді ғой. Пана болуы керек еді ғой желдің өтіне мұздап қалған нәзік қызғалдағына...

Жанар ұсталғанға дейін милиция көрсе, Кәкеңнің шекесі тырыса қалатын әдеті бар еді. Қызы қамалған соң, бұл көзқарасы өзгере бастады. Алаңдағы жастарды ұрып-соғып, автобусқа басып, қамауға апарғанда Жанарды бір қазақ милиция құтқарып жіберіпті. «Мойнына мінгізді де, қоршаудан асырып лақтырып жіберді» деп әңгімелеген қызы. Қазақ милиция кездесе кетсе, «Сен менің қызымды құтқарған жігіт емессің бе?» деп сұрағысы келетін.

Сол бір қайырымды жанның кім екенін білмейді, әттең... Білсе, алтыннан ескерткіш қойғызар еді.

Кәкең қызы шілдеге дейін бостандықта жүргені үшін сол бір жігітке екі дүниеде де разы.

Кім білсін, сол күні қызын босатып жібермесе, Жанардың күйі не болар еді? Бәлкім, Сәбира мен Ләззаттар секілді...

Ойлаудың өзі қиын.

Кәкеңнің көз алдына енді Кемелбаев елестей кетті.

Досымның адвокаты ғой ол жігіт. Алматы қалалық адвокаттар кеңесінің төрағасы болған Кемелбаев Досымды қорғап қалмақ болып, басын қатерге тіккен.

«Досым төбелес кезінде солақай бола тұрып, оң қолмен тас атып, бір милицияның басын жарыпты».

«Өмір бойы солақай болған жігіт қалай оң қолмен тас атады?» деп шырылдады Кемелбаев. Әр сот отырысы сайын тағылған айыптың жалған екенін дәлелдеп, айыптаушылардың өтірігін ашып жатты.

Сөйте тұра Досым бес жылға сотталып, Кемелбаев қызметінен төмендеп, қатардағы қорғаушы болып қалды.

Сот залында бір өзі ғана баласының сөзін сөйлегені үшін Кемелбаевқа да екі дүниеде де разы Келдіқожа...

Жауың кім, досың кім екенін айырып болмайтын қарбалас күндерде екі адамға назаланып еді Кәкең... Енді міне, сол назаны о дүниеге бірге ала кетпеу үшін өзімен-өзі арпалысып жатыр енді.

Жанары қанды қырғын болған күнге дейін бір жігітпен көңіл қосып, тұрмысқа шықпақ болып жүріп еді. Алаңға да бірге барған көрінеді. Жанардың артына үш әріп түсе сала әлгі жігіт ұшты-күйлі жоғалды. «Оралға қашып кетіпті» дегенді естіген.

Тағдырдың тепкісіне түскен қызының қорғаны болудың орнына өз басын арашалай сала безсе керек.

Екінші адам – Досымның досы. Университетке барғанда ұстаздарына «алаңға шыққан жоқпын» деп ақталып, достарының ортасында болғанда «не көріп, не болғанын» айта береді екен. Сол айтқанның бірін қалдырмай тиісті орындарға хабарлаған әлгі досы.

Досымның кінәсін о бейшара жіпке тізбесе де ұсталар еді, қамалар еді...

Сонда да Кәкең баласын сатқаны үшін сол бір жігітке қапаланған.

– Бәрін-бәрін Құдайға тапсырдым, – деді Келдіқожа көзін ашып алып.

– Мен айтқан қарғыс ол балаларға алғыс болып тисе екен, я Құдай! Қарғысым қате тиіп, өссе екен, өнсе екен...

***

–         Шал-ау, бопыразыңды тартасың ба?

Қызжібек апа темекі тұтатып, шалының ерніне қыстырды. Шалы бала кезден бері аузынан тастамай келе жатқан бопыразын бұрқ еткізді. Сөйтті де, кемпіріне көз тастады.

– Әй, алжыған шалым-ау, балаларды арнайылап шақырып алып, бір ауыз тіл қатпағаның не? Осы мінезіңнен-ақ көресіні көріп бітетін болдық-ау! Айтсаңшы, арыз-арманыңды. Ақтарсаңшы, шеріңді... Анау артымыздан қалмай, сүмеңдеп еріп жүретін үш әріптер де жақ ашпаушы еді. Солардай болмай шешілсеңші.

Келдіқожа шал ештеңе естімеген адамша басын ірге жаққа бұрып әкетті.

Кемпірі әлгі үш әріптің адамдарын ұрғаны есіне түсіп, мұңайып қалды.

Бұл араша болып, оқтауға арқасын тоса қойып еді-ау! Абақтыдағы балаларға кесапаты тимесін деген еді ол кезде.

Үш әріптен көресіні көрді-ау өзі де...

Бір жігіт бір елі артынан қалмаушы еді ғой. Шал сол шоңайнадай жабысқан бәледен екі жыл дегенде құтылды. Ал, Жанар мен Досымның артынан әлгілер 1996 жылға дейін қалмады емес пе? Кәкең сол үш әріптердің тәуелсіздік алғаннан кейін де балаларының ізін аңдуын қоймағанына нала болады. Тәуелсіздік алмап па едік? Азат ел болмап па едік? Ендеше мына сұғанақ сұр иттерге не керек? Кәкең бұл сұрақтарға жауап таппай қиналады. Жұмысқа бірге барып, жұмыстан бірге қайтып жүріп әлгілермен туысқандай болып кетіп еді байқұс балалар.

Шыдамның да шегі бар. Бір күні Жанар ашуланып, әлгінің ит терісін басына қаптапты.

Ертесі күні Жанарды Ұлттық қауіпсіздік комитеті шақырып алып, қауіпсіздік саласының қызметкерін балағаттағаны үшін қатаң сөгіс беріп, шығарып салған.

Жанар ертерек ақталды. Ал Досымды 1996 жылға дейін ақтамай созбақтап жүріп алды емес пе? 

Досым ақталғаннан соң, әулеттің басына үйірілген қара бұлт сейіле бастады.

Шал терең бір күрсініп алды да, мызғымақ болып көзін жұмды.

***

Аяғында кісен. Темір есікті түрменің алдында тұр. Ішке кірмек болып еді, тағы да бір белгісіз күш итеріп құлатты. Тұрам дегенше, есік жабылып, ар жақтан қызы мен ұлының айғайлаған дауысы құлағының жарықшағын жарып жібере жаздады.

Тәуелсіздік алған соң, шекара ашылды. Арғы бетте қалған ағайын-жұрт көшіп келе бастады.

Баяғы шекара бұзғыш Тәліпақын да жол тауып (Қытай елі істі болғандарды шекарадан шығармайды), елге оралды. Тәліпақынды, оның баласы Мәдіні көрген сайын қай-қайдағы есіне түсіп, денесі дір ете қалатыны бар.

Келдіқожа шал темекісін бұрқыратып отыр.

Досымы көз алдына келе қалды. «Әке, біз іздеген әділдіктің бәрі абақтыда ғой. Түрменің заңындай әділ заңды көрген жоқпын» деді қабағын шытып.

Баласының бұл сөзді түрмені сағынғандықтан емес, қазіргі әділетсіздікке күйінгендіктен айтып жатқанын сезетін. Сезетін де түпсіз ойдың тереңіне батып кететін. Бес жылға сотталып, оның үш жылын Алматы, Маңғыстау, Сібірдің түрмелерінде өтеп қайтқан баласының кеудесіне қатқан шемен шер бар еді. Ол шемен шердің жібір күні туа ма?

Ал, Жанар үш жылға сотталып, соның үш айын абақтыда өткізді. Сол үш айдың өзі үш ғасырдай болмады ма, байқұс қызға. Қалған уақыттың бәріне қара жұмыс алып, бақылауда жүрді.

Әне, бес қабатты ғимараттың үстіне зәмбілмен кірпіш тасып барады Жанар! Кірпіш тасып жүріп, бұғанасы қатпаған қаршадай қыздың белі майырылды. Енді қазір бір шыр еткен сәбиге зар болып, көзінің жасын көл етіп жүр.

Жанар қамауда жатқанда кездесуге барған. Сонда қызы: «Сендер жіберген сәлемдемені түрмедегі әйелдер тартып алды», – деп боздап еді ғой. Кәкеңе қызы содан бері әлі күнге көз жасын тия алмай жүргендей көрінеді.

Кәкең бәрін ұмытқысы келеді. Бірақ, көршісін көрген сайын ескі жараның беті ашылып кете береді. Қайтып ұмытады, сосын. 

Ауылдық, аудандық партия комитеті күнде жиналысқа салып, балаларын дұрыс тәрбиелемегені үшін жерден алып, жерге салып жатқан күндері дүниемен бірге үйі тұрған ауланың да тарыла бастағанын байқады. Көршісі үй арасындағы қоршауды бұзып, қайта салғанда 2-3 метр мұның аумағына кіріп кетіпті.

«Бұларың не?» деп шырылдаған кемпіріне: «Баратын өкіметің болса, бар. Арыздан. Бәрібір «халық жауының» шешесі деп сенің сөзіңді ешкім де құлағына қыстырмайды» деді көкбеттеніп.

Бұ қорлыққа да төзді Келдіқожа...

1996 жылы Досым ақталғанда той жасады. Сол тойдың ертесі күні ешкімнен үш қадам жерді дауламаса да баяғы қоршау қалпына келтіріліп жатты.

 

***

Келдіқожа көзін ашып, қалың әйнегі бар көзілдірігін киді.

– Шал-ау, не қажет? – деді кемпірі шалының жанарына үңіле қарап.

– Ә, қазір, суреттерді ме? Әкелейін, әзір...

Келдіқожаның алдында үлкен қоңыр альбом келді. Кемпірі парақтай бастады. Досымның күртеше киіп түрмеден шыққан күні түскен суреті. Көзі үңірейген баласы тірі әруақтай әкесіне қарап тұр. Міне, Жанардың екі суреті. Желтоқсанға дейінгі, желтоқсаннан кейінгі... Екі суреттегі сұлбаны бір адам деп айтуға келмейді. Бір-біріне ұқсамайтын мүлдем басқа екі адам.

Кәкең іштегі бар шерін ытқытып жіберердей болып, ауыр тыныстап, бір күрсініп қойды. Сөйтті де, альбомға жапсырылған газет қиындысындағы «Қайырқұлова Жанар Келдіқожақызы – 3 жыл», «Қайырқұлов Досым Келдіқожаұлы – 5 жыл» деген жазуларды сипады.

– Кемпір-ау, – деді соңғы оншақты күннен бері тұңғыш рет тіл қатып.

– Кемпірім-ау, менімен бірге өткен тағдырыңа ризасың ба? Шыныңды айтшы.

– Ойбай, көтек не дейді? Мал-жанды, бала-шағаны сұрай ма десем...

Кәкең қабағын түйіп, кемпіріне тіке қарады.

– Ризамын, ризамын, риза болмағанда ше?

– Ал, мен риза емеспін. Екеулеп жүріп, балаларға тек шындықты айтуды үйретіппіз. Бұл қу мен сұмның заманы екен. Қулық пен сұмдықты үйретсек, ана екеуі тағдырдың азабын тартпас еді ғой. Әй, дүние-ай!

Сөйтті де көзін жұмды.

Көзін жұмғаны сол еді Жанардың қолымен жазылған «Долой, власть!» деген ұран қақ алдында көлбеңдеп тұра қалды.

Сосын салдыр-сұлдыр етіп түрменің есігі ашылды. Аяғындағы кісенді салдырлатып әлгі темір есікке кіре беріп еді, біреу кеудесінен итеріп жіберді. Шалынып құлап, түрегелем дегенше есіктің ар жағынан «Әке, әке!» деп жанұшыра айғайлаған Жанардың, «Не үшін, не үшін?» деп темір есікті ұрғылаған Досымның дауысын естіді.

Қайдан келгені белгісіз, қасында Әлжаппар тұр.

– Келдіқожа аға, қиналмаңызшы. Мен, мен өз ажалымнан өлдім ғой. Өз ажалымнан...

Кәкең Әлжаппарды құшақтай алған.

Келдіқожа көзін ашып жіберіп, темекісі тұрған үстел жаққа қолын созып, қарманды. Кемпірі бопыразын бұрқ еткізді. Көк түтінді құшырлана бір соратын әлі де қалмаған екен. Баяу ғана шоқтанып тұрған бопыразының тұқылына қимастықпен бір қарады да, Әлжаппармен қолтықтасып кете барды.

Артына бір қарап қалып еді, Жанары мен Досымы түрменің ішінде емес, сыртында әкесіне қарап күлімсіреп тұр екен.

Бірақ, екеуінің де аяқ-қолында кісен...

13.11.2016 жыл

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2331
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3161