Сәрсенбі, 26 Шілде 2017
Алашорда 2588 0 пікір 22 Желтоқсан, 2016 сағат 10:14

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ОЛАРДЫ ДА ҰМЫТПАЙЫҚ...

(Желтоқсан оқиғасының 1986-1989 жылдар арасындағы саяси және қоғамдық өмірдегі ықпалы туралы)

 – Бүгінгі таңда Желтоқсан туралы айтқысы немесе жазғысы келетіндердің қатары көп-ақ. Сол желтоқсан көтерілісінде «мен мынандай ерлік жасап едім» дегендердің сөзінің ақ-қарасын қалай елеп-екшейміз?

– Ұлттың рухани тұтастығы мен мақсат-мүдде бірлігін танытқан ұлы қозғалыстың бірі – желтоқсан оқиғасы. Дәл осы күнде – 1986 жылдың желтоқсанының 17-18 жұлдыздарында қазақ елінің азаттық рухы барынша буырқанып, ұлттық намысы шамырқана оянды. Мұндай өзара түсінушілік пен іштей ұғынысуға жеткен  ұлтты тізе бүктіру мүмкін емес еді. Менің пайымдауымша, егерде қазақ елі 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күндеріндегі рухани түсіністігі мен Ұлттық Бірлік нысанасын қанында суытпай, сол ынтымақтастықты қалпында сақтап қалған жағдайда, онда тәуелсіз мемлекетіміздің ішіндегі бүгінгі алауыздыққа жол берілмес еді және еліміздің кереге бауы кесілмес еді, бейбастақтық пен бейпілдікке, қомағайлыққа, қорқаулыққа жол берілмес еді деп ойлаймын.     

    Өкінішке қарай, сол бір қасиетті сезім мен оянған рухтың қадір-қасиетіне жетпедік. Рухымыздың ұйтқысы ыдырап, «бас – басына би болуға» құштар, «өзінде бармен көзге ұрғысы келген», «күншілдігін қоздырып, өзгеден артылам» деген қазақы дарақылық пен дақпырттың, өзінен бұрынғының, дәлірек айтсақ, өзінен басқаның бәріне «ит көрген ешкі көзденіп қарап», тарихты, оның ішінде желтоқсан оқиғасын өзінен бастағысы келген және осы ұлы оқиғаны өзінің мүддесі мен пиғылына орайластырғысы және сол арқылы өзінің сол күндердегі қитұрқы әрекеттерін жасырғысы келген жамағайындарымыздың қақпақылында кетті. Менің өз жеке басым осы бір сумақай, сұғанақ саясаткерсымақтардың және ұлтжандысымақтардың (оларда толық сүю және толық жеккөрініш сезімі бар деп айта алмаймын) желтоқсан күндерінде сығырая қалған көзінің сұғынан-ақ байқап, тітіркене қалсам да, дәл мұндай бүкілхалықтық көзбояушылыққа қолы жетеді деп үміттенгемін жоқ. Өйткені, жаппай ұлттық қарсылық пен мойынсынбау рухы тұтанып тұрған сәтте олар өзінің жеке басының мүддесін күйттеп, қандай да бір қылығымен көзге түсудің қамын қарастырып  жүрді. Олардың қанжығалырына желтоқсан оқиғасы ілікті. Желтоқсан оқиғасы жеке басына бедел мен мәртебе әкелетін зиянсыз шақ туғанда жалдары күдірейіп шыға келді. «Жазықсыз жазалылар» пайда болды. Ақыры амалын тауып қаһарман боп халықтың қадірін «сауып жүр» (Абай). Енді оларға ешқандай бөгеттің болуы мүмкін емес және беттерінің бояуының қалыңдығы сондай, оны шайып кетіре алмайсың.

   Бетінен жарылқасын! Тек  қиянатқа қыстығасын.

  1986 жылдың 17 желтоқсанынан бастап 1989 жылдың наурызына дейінгі аралықтағы екі жарым жылғы жанығу мен жабығу, буырқану мен булығу, астыртын арбасулар және соған қатысушылар мен қарсы болғандар есімізде. Жаңағы «қаһармандардың» арасынан сол кезде «үндемес пен саққұлақ» атанған, тіпті «жазалау саясатының тұғырын» қалаған пенделерді көріп түршігіп кеттім. Олардың қарғанып сөйлеп, шабыттана Колбинге қарғыс жаудырғаны сондай, соның ішінде жүрген өздерін ұмытып кетіпті. Ал, шын мәнінде, дәл сол екі жарым жылда ұлттық қарсыласу мен мойынсынбауға, желтоқсан оқиғасына ұлттық-идеологиялық, әлеуметтік, заңдық астар беріп, белгілі бір дәрежеде қоғамдық қозғалыс пен көзқарасты қалыптастырып, астыртын әрекет деп бағалауға да болатын адамдардың, кешіріңіздер, нағыз азаматтардың есімін көре алмадым. Еріксіз сол бір күндердегі хаттамалар мен құжаттарға, құпия дәптерлерге көз салдым. Ақыры ойлана келіп, сол бір азаматтардың іс-қимылынан хабардар етіп, мағлұмат беруді өзімнің парызым деп есептедім. Оларды ұмытуға болмайды. Әлгі екі жарым жылдың ішінде жария етілмеген ұлттық қозғалысқа рухани демеулік жасаған да сол «ұмытылғандар» еді. Олар ұлттық тұтастыққа ұмтылды. Қардың көбесін сөккен көктемгі қызыл су сияқты олар да отаршыл биліктің, қоғамның көбесін астыртын сөгіп еді. «Қарғыс алғандардың»  қатарында сол  адамдардың есімдері жүргенде үнсіз қалуға арым шыдамады. Ең басты қынжылысым – қалай ғана арандалып, адасып қалдық екен деген сауалға жауап таба алмадым. Оған тікелей біздің де табансыздығымыз кінәлі деген мойынсынумен сөзімді бастағым келеді.

– 1986 жылдың 16 желтоқсанынан бастап, тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі уақытта қазақ болмысы, мінезі, рухани тұтастығы, әсіресе қазақ жастарының бейнесі қалай өзгерді?

– Иә, сол екі жылда ұлттық мойынсұнбау қозғалысы жаппай тұтанды, ол қазақ ұлтының барлық буынын қамтыды. Кейіннен, «мәңгүрттер» деп ысырып тастаған қазақша білмейтін қаланың қазақтары мен өспірімдерінің арасында бұл қозғалыс тіпті ерекше намысты қарқынмен, ұйымдасқан түрде жүрді. Олардың рухы жоғары іс-қимылдары мақсатты арнамен дамыды. Мектеп оқушыларынан жасақталған ұлттық жасақтардың жетекшілерінің біразының аты-жөндерін ескі дәптерден оқып, олардың атын әзер ажыраттым. Ал оларға қаланың мектептерін бұрын бітіріп кеткен, Мәскеу мен Ленинградта, Новосибирскіде, Қазанда оқитын аспиранттар мен студенттер кеңес беріп отырды. Осы жылдардағы жастардың сол рухын біз кейіннен өз қолымызбен өзіміз тұншықтырдық, «мәңгүрт» деген мөр бастық, сөйтіп, олардың оянған рухын қорлап, ниглистік пиылға итермеледік. Ұлтының мінезін терең түсінген бигелдиндер ол істі ары қарай жалғастырды, ал, көңілі қалған масандар массондарға бет бұрды. Сөйтіп, аса білімді ұрпақтың арасына жік салдық. Ол жікті салғандар да «жаңағы жолбикелер» еді. Өйткені, зиялы қауымның ортасынан шыққан қалалық жастар қасиетті ұлттық сезімін ешкімге қорлатпайтын. Ал бұл мінез «қазақшыл қазақбайларға» жақпады. Әнуар Әлімжанов марқұм осыны өте терең сезініп: «Мен қазір рушылдықтан қорықпайтын болдым. Қазақ үшін  ең қорқыныштысы – қала мен дала тәрбиесін алған жастардың екі жіктеліп кету қаупі туып келеді. Бұл – рушылдықтан да қатерлі бағыт. Соны қазір ойластыру қажет. Кейін кеш болады», – деп күйінгенде, шындығын айтайын, менің өз басым бұл пікірді қабылдай қоймап едім. Күлген болатынмын. «Күлме сен бұған!» – деген Ән-ағаң басын төмен салып. Міне, енді соған күле жеткенімізге көзім жетті. Шындығында да, желтоқсан тұсында ауылдан көрі қала, оның ішінде қала жастары көп қуғын көрді және күресе білді. Ал студенттер мен қала жұмысшыларын жазалаушы жүйе тұқыртып тастаған еді. Өйткені...

– Қалай тұқыртты?

– Сол бейуақ шақта империялық-отаршыл өктем жүйе мен өкімет өзінің зәндемі пиғылын – жаппай жазалау саясатын жүргізу арқылы барынша әшкерелеп алды. Бұл ретте ол жүйе – жазалаудың патшалық, ресейлік, ағылшындық, испандық, португальдық, бельгиялық, кеңестік тәсілдерінің барлығын қолданды. Шабына от түскен империялық шовинизм де шаптыға шабынып, мысық тілеумен жүрген ұлы ұлт өкілдері ұрғашы арыстанның ашуымен бет тырнауға көшті. Әсіресе, мұжықтық можантопайлық түйсіктен  арылмаған есер «естілер» ерекше арқаланып, қолына темір шыбығын (арматура) ұстап шыға келді. Сөйтіп, өшпенділіктің отын көседі, ұлттық рухты Жанна д Арк, Галилей құсап өртеп жіберуге тырысты. Ерекше империялық қамқорлыққа және құқыққа ие екендігіне масаттанған «интернационалист-пролетарлар» Колбиннің, сол арқылы «коммунистік-колонизатролық» (С.Сәдуақасұлы) диктатураның әрбір емеуірінін ыммен түсініп, арандатудың шегіне жетті. Мысалы, Колбин әр жердегі кездесулерінде қазақтың бейітті ерекше қастерлейтінін, әр ауыл мен қаланың шетіндегі төбелердегі зираттарды көріп, қаншама кірпіш пен мәрмәрдің кеткеніне қынжылғанын аузына алуы мұң екен, Кеңсайдағы зират талқандалды. Демек, империялық қастандықты пролетариат қауымы ұмытпаған болып шықты. Ақыры, империя қашан ыдырап біткенше, бес жылдың ішінде қастаншықпағыр әрекетін жүзеге асырып тынды, яғни, желтоқсан тұсында ұлттық рухани тұтастық пен түсінушілікке жетіп, бір-бірінің бауырын жылтқан бауырластарды жік-жікке бөліп, туыстық сезімдерін суытып үлгерді. Тәуелсіздік алған кезде ұлттың ішкі құрылымы жік-жікке бөлініп, аражігі ашылып қалып еді. Оған арандату, қорқыту, таққа тарту, атақ беру, сыбаға үлестіру, пәтер, омырауға тағатын темір-терсек арқылы дәніктіріп, «идіріп тартып» отырды. Ұлттық тұтастық пен күрескерлік рухты ыдыратты, ұлттардың арасына жік түсірді.

– Сіз айтып отырған «жік» қоғамды қалай өзгертті? Және ол 1986 жылғы көтерілістен соң, бес жылдан кейін тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының ішкі-сыртқы саясаты мен экономикасына, дербестік бағытына, ұлттық дамуына қандай кесірін тигізді?

Бірінші: қазақстандық ұлттардың арасына жік салып, оны көрінбейтін ең қасиетті сезімге – ұлттық намысқа негізделген белгімен бөлді. Республика халқы: қазақтар және қазақ еместер боп екіге ажыратылды да жергілікті ұлт қауіп пен қатердің ошағы, ұлтшылдықтың ұясы ретінде нысанаға алынып, өзге ұлыстардан оқшау қойылды. Өз жерінде өмір сүргені үшін жексұрын етіп көрсетілді. Аса қуатты ұлыдержавалық қысым мен насихаттың барысында «жергілікті емес ұлттардың» ресми емес, бірақ «коммунистік-колонизаторлық» пиғылдың ықпалындағы қазақ ұлтына қарсы саяси күш қалыптасты. Оларды партия не қозғалыс деп те бағалауға болар еді. Қарусыз да емес еді. «Қарусыздану» жөніндегі пәрмен мен «қарусыздандыру науқаны» тек қана қазақтарға ғана қолданылды. Ал казактардың сол кездің өзінде-ақ бес қаруы бойында болатын. Бұл науқанның күштілігі сондай, өзінің ықпалына қазаққа қандас ұлттарды да қосып алуға ұмтылды. Жасыратын несі бар, сол тұста ұйғыр ағайындардың кейбір есерлеу өкілдері Жетісуды иемденіп шыға келгені анық еді. Кәбіров сияқтыларды былай қойғанда, топтасып жиын өткізген зиялылардың пікірлері баспасөздерде және теледидар мен радио арқылы кәдімгідей белең алды. Солардың қатарында менің ең жақын досым мен ұйғырдың ұлы композиторы Құддыс Қожамияровтың да шаң беріп қалғаны бар. Құддыс акамыз менің осы туралы пікірімнен кейін Орталық Партия комитетіне барып, менен түсінік алуын талап еткенін, бұл «түсінісудің» жарты жылға созылғанын Орталық комитеттің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков жақсы білетін. Көзі тірілерден сол кездегі кеңесші Сейіт Қасқабасов, «Қазақ әдебиетінің» сол кездегі Бас редакторы Төлен Әбдіков, ұйғыр баспасөзі жөніндегі нұсқаушы ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Тек татар мәдени орталығының жетекшісі ғана қарсы шығып, қазақ ұлтының мүдделі мәселелерін шешуге шақырған еді. Сол жылдары аз ұлттардың мұң-мұқтажы қазақтың мойнына жүктелді. Бұл науқанның салдарынан Қазақстанда әуеліде славян тектілердің, кейіннен орыс еместердің қауымдастықтары құрылып, ақыры Қазақстан тәуелсіздік алған тұста өзінің айтқанына көндіретіндей тығыз топтасқан саяси-әлеуметтік қозғалысқа  айналды. Қазіргі неше түрлі бірлестіктердің негізін «коммунистік-колонизаторлық» кеңес өкіметі осылай қалап кетті. Бұл күш қазір мемлекеттік-ұлттық саясатымыздың бағыт-бағдарының негізгі беталысын анықтап беретін, өз дегенін істеткізетін, дербес саяси -экономикалық саясат жүргізе алатын, өзімен есептесуге мәжбүр ететін «қазақстандық легионның» міндетін атқарып отыр. Ал бұлардың идеологиясын қалыптастырып отырған – империялық, ұлы державалық пиғылдан бас тартпай отырған ресейлік партиялар мен қозғалыстар. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы саяси-экономикалық байланысты реттеп, қақпайлап жүрген де сол күш. Олармен қазір есептеспеске ешқандай лажың жоқ. Ал мұның негізі сол «Желтоқсан оқиғасының» тұсында қаланды.

 Екінші: ұлттық тұтастық нысанасына  жарықшақ түсіріп, ортақ мүддені бөлшектеп, әрбір тұлғаның арасына  сына қақты, жасанды көсемдерді сахнаға шығарды, қазақтың ең нәзік, талмалы тұсы – жүздік «жалған намысты» оятты және оны өте әккілікпен пайдаланды. Жеке тұлғаларды жазалау мен жарылқау барысында олардың арасындағы пендешілік кілтипандарды идеологиялық қарама-қайшылық пен қарама-қарсылық дәрежесіне дейін көтерді. Олар бір-бірін әшкерелу арқылы топ пен тобырдың арасына сызат түсірді. Ақырында, бұл шиеленіске Колбиннің және қауіпсіздік комитетінің араласуының қажеті де болмай қалды. Бұл екі күш те жоғарыдағы  «орыс емес легионның» қолдауына жүгінді. Ал олар болса екі қошқарды кезек-кезек қолдап, әлсін-әлі екеуін де дәметтіре отырып, әбден сілікпелерін шығарды. Шындығында оларға бұл  «екі қошқардың ешқайсысы да» қажет емес  болатын. Кейін екеуінен де бас тартып, бет-беттеріне жіберді. Бұған коммунистік идеология мен қауіпсіздік комитетінің жіпсіте арандатуы, ұлыдержавалық пиғыл шешуші қызмет атқарды. «Жансыздың» күні осы кезде туды. Бара-бара «қазақы күрес» қамшы салдырмай, өз бетімен сумандай жөнелді. Соның екі дәйегін келтіре кетейін.

  а/. Қазақ ұлтын бүкілодақтық (бүкілдержавалық деп түсініңіз) деңгейде жеккөрінішті көрсетіп алғаннан кейін (әскер қатарындағы жастардың азап пен қорлығын былай қойғанда, Қазақстаннан тыс жердегі, әсіресе, Ресейдегі кәсіпорындардың директорының өздері қазақстандық кеңес өкілдерін қабылдамай, тапсырысты орындаудан бас тартып, сарсаңға салғанын, кемсіткенінін еске алыңыздар),  Қазақстандағы  «орыс еместерді» қазақтардан бөліп алған соң, енді ұлтты, яғни, қазақтарды қазақтарға жазалатты. Ол үшін жүздік жазалау жүйесін ойлап тапты. Жазықты-жазықсыз тұлғалардың жүздік, рулық белгісі арқылы «жазалау шарасын» жүргізді. Әуелі  «Онтүстік облыстардағы оңшылдар» әшкереленді, демек Ұлы жүзді жаппай қаралау науқаны басталды да, соңынан өзге екеуінің құйрығына шала байланды. Өкінішке орай, қазір осындай айыппен қудалау көрген адамдардың біразы сол рушылдық денгейден аса алмай қалды. Оларды түрмеден азат еткен де, арашалап алған да  «жүздік намыс» деп түсінді. Шындығында, ол жалпы ұлттық рух пен қозғалыстың нәтижесі еді. Әуеліде ұлттық сезімі бетіне шыға жаздаған жандар, міне, осы кезде белсеніп шыға келді. Олардың дәл қазіргі көңілдері пәс. Өйткені, арандап қалғандарын артынан түсінді. Мен екі топтың да атын айтып жатпаймын, олар менсіз де жұртқа жария. Асанбай Асқаровтың тергеу ісін еске салсақ жетіп жатыр.

            б/. Тұлғаларды мемлекеттік тұрғыдан ресми түрде қудалау және оны қазақтың өз қолымен жүзеге асыру саясаты жүргізілді. Солардың арасында Олжасқа қарсы арандату әрекеті ерекше көзге түсті.  «Жүзіне қарап жазалау» да, «кәнігі қарсыластарын қайрау» да, «орыс еместердің қарсылық симптомы» да нәтижесін бермеген соң тікелей астыртын арандатуға көшті. СССР жоғарғы кеңесіне депутаттыққа ұсынылған кезде Олжасқа қазақ өкілі Қайырлыны қарсы қойды. Жұмысшы табына астыртын үндеу үлестіріп, оны қаладағы әр үйдің сыртқы есігіне жапсырды. Қазақ жұмысшыларына тараттырды. Ол үндеуді жазған адам, өкінішке орай, жазушы қауымынан еді. Қарсы үгіт жүргізгендердің арасында қаламдастарымыздың болуы ресми өкіл ретінде маған да ауыр тиді. Үндеу таратушылармен сөйлескенімізде олардың дені жұмысшылар боп шықты. Ал олардың соңында Колбиннің жансыздары қарауылдап жүрді. Әрине, қарсы әрекет те болмай қалған жоқ. Бірақ ол мойынсынбау дәрежесінде ғана болды. Сөйтіп,  «желтоқсан оқиғасы» құр жаңғырыққа айналды да, оның басты себептері ысырылып қалып, партиялық, кеңестік, халықтық топтар мен тұлғалардың арасындағы есеп айырысу майданына айналды. Онсыз да әзер-әзер дәнекерленген ұлттық бірлік қаусап сала берді.

Үшінші: осындай биік, лауазымды деңгейдегі жекпе-жектер қызған кезде оған ұлттың ішіндегі әлеуметтік топтарды байқатпай іліктіріп жіберді. Тіл, ұлттық мектеп деген мәселені көтере жүріп Колбиннің өзі және өзге де  «қазақ емес» дәбірлер қазақша білмейтін қазақтарды, қалада өскен жастарды сұқ саусағымен көрсетіп, оларды мазақтың құралына айналдырды, соған еліккен  «қазақы тілділер» ақыры оларға  «мәңгүрт» деген лақап ат тақты. Ал, байыбына барсақ, тура сол кезде әлгі  «орыстілділер» қазақшаға ден қойып, тіпті Мәскеуде, Ленинградта оқып жүрген  «мәңгүрттердің» өзі өзара қазақша сөйлесуге  «ант» беріскен еді. Ұлттық қозғалыстың түбірлі тәуелсіздікке бет алуына, адам құқықтары жөніндегі қозғалыстардың дамуына, шет елдегі және СССР-дағы алдыңғы қатарлы ұлттық идеяларды Қазақстанға әкелуге, Ресейдегі түрмеде отырған желтоқсаншыларды қармағына алуға,  «Желтоқсан оқиғасының» барлық зардабы мен жазалау ауқымын Біріккен Ұлттар Ұйымының назарына іліктіруге дейін атсалысқан  «орыстілді қазақтарды» өзіміз сыртқа тептік. Олардың көңілін қатты қалдырдық. Ең соңында олар, «Бутя»,  «Астана - моторс», «Әлемсистем» болып Қазақстанға қайтып оралды. Біз бұларды ұлттық қозғалысымызға дұрыстап пайдалана алмадық. Ал ауылдан келгендердің белгілі бір орта тауып, саяси көзқарасқа ие болуына уақыт қажет еді. Олар байыбына бармастан көңіл-күй ауанымен төртінші топтың жетегінде кетті. Олардың жазығы да жоқ. Ал жаңағы  «қалалық қазақша білмейтін мәңгүрттер» сол кезде Мәскеуден, Ленинградтан, Новосибирьскіден, Киевтен, Харьковтен, Қазаннан, Владивостоктан,  Омбыдан, Орынбордан, Ригадан, Вильнюстен Алматыға арнайы келіп,  қозғалыстың  бағыт-бағдары, оның түпкі  нәтижесі мен күрес жолдары туралы пікір алысулар ұйымдастырып жүрді. Саяси науқандарға қатысты. Қарағанды мен Павлодарға, Петропавловскіге, Ақтөбеге, Өскеменге барып, кәдімгідей саяси іс-қимылдар ұйымдастырды. Ал, өзіне қарап тон пішіп, өзінің орыс тілді қаншыл баласын естен шығарған зиялылар оларға қорлайтын  «ат» тауып берді. Біз, яғни, ұлтымыз үлкен рухани күшті сырттатып алдық. Бұл жөніндегі ыдырату саясаты да толығымен жүзеге асты. Қазіргі  «Азаматтың» тірегі де солар болып қалды. Олардың енді қайтып ұлттық идеяға бас ұруы өте қиын.

Төртінші:  алдыңғы үш себептің әр қайсысының шалығы тиген ерекше топ қалыптасты да, оқиғаның қатері азайып, абыройы көтеріле бастағанда көлденеңнен қосылды да, бірден ойқастап шыға келді. Бұлар  ештеңеден аянбады. Оңға да, солға да таяқ сермеді. Ал ең қиын кезде, яғни, 1986 жылдың 17 желтоқсанынан бастап,  1989 жылдың наурызына дейін басын бәйгеге тігіп ұлттық қозғалысқа араласқан, түрмедегілердің босануына барынша күш жұмсаған, жазалау саясатының тоқтатылуына үлес қосып, мәселені ашық түрде қоюға алып келген адамдар, нағында, ұлтжанды азаматтар ысырылып қала берді. Олар өзінің азаматтық парызы мен борышының өтелгенін медет тұтты. Жалаңбас белсенді топтың есерлігі әуелгі байыпты ұлттық мүддені ұмыттырып жіберді. Өзгені былай қойғанда, сол желтоқсан оқиғасына қатысып, жазаға тартылған ұландардың өздерінің де арасына жарықшақ түсті. Әуелгі мақсат-мүддеден ауытқып,  «мінезі ақылының сауытына сыймай», жалған дақпырт пен ұранның, пендешілік кілтипан мен кикілжіңнің  жетегіне ілесіп, шектеулі шеңберде қалып қойды. Соның  нәтижесінде,  ұлттың ұйытқысы болатын ұлы  қозғалыс саяси жалғасын таппай, соңы дақпырт даңғазаға ұласты. Соңында, желтоқсан оқиғасы туралы құрылған мемлекеттік комиссия істің бағытын басқа жаққа бұрып жіберді. Барлық күш пен қуат тек құқықтық ақтауға және қылмыстыларды іздеуге бағытталды. Оқиғаға қатысып, жазаға тартылғандар мен сотталғандарды ақтау – қозғалыстың іс-әрекетінің бір ғана саласы болатын. Өйткені, желтоқсаншылар, сотталып, жер аударылып, соңынан бүкіл ғұмырын өзін-өзі ақтап алу үшін алаңға шықпағаны анық. Олар белгілі бір ұлттық-саяси талап қойды. Ақтала жүріп, сол талаптарының орындалуы үшін күрестерін жалғастыра  беруі тиіс еді. Қашан ұлттық талаптары орындалғанша тағы да азап тартуға әзір болатындай ыңғай танытқан болатын. Мұның бәрі де бүркемеленіп, «қараңғы бөлмедегі қара мысықты іздеуге» жұмыла кірісті де кетті. Жеке-жеке бөлшектенген мүдделердің нәтижесінде қозғалыстың рухы өшіп, айғай мен ұран ғана қалды. Егерде, Қазақстан тәуелсіздік алмаса, дәл бүгінгі күндері ол рухтың қандай дәрежеде жаңғырығып  жететініне менің көзім жетпейді. Сөйтіп, желтоқсан оқиғасын тудырған қоғамның қозғаушы күші мен оған қатысушылардың рухын жаныштап, тұтастығын ыдыратқан дәбірлік құрылымға айналды. Мұндай «қарсы жазалау әрекетінің» томырық қимылының сойқандығы сондай, желтоқсан оқиғасына қатысқандардың ішіндегі саяси қайраткерлік қабілеті бар және алаңға саналы түрде, белгілі бір мақсат-мүдде ұстанып, компартия мен кеңес өкіметіне саяси және  ұлттық талап қойған қайраткерлерді әлгі қозғалыстың құрамынан желкелеп жүріп қуып шықты.

– Қуғаны қалай? Оған нақты дәлел бар ма?

– Оған мен ғана емес, он мыңдаған адам куә. Дәйек келтірейін.

1991 жылы Ұзынағаштың оңтүстік батысындағы балалардың жазғы демалыс саяжайында Желтоқсан оқиғасының бес жылдығына орай Қазақстан мен Қырғызстан жастарының кездесуі өтті. Екі елдің Елбасылары қатысты. Сонда! Иә, сонда! Коммунистік партия мен кеңес өкіметіне (ол кезде ССРО әлі тараған жоқ болатын – Т.Ж.) саяси-азаматтық, мемлекттік, экономикалық, ұлттық мәні бар мәселелер қойып:

Желтоқсан оқиғасын тудырған негізгі себептердің әлі де жойылмағандығын;

Қайта ол себептердің бұрынғыдан да тереңдеп кеткендігін;

«Желтоқсаншылардың» атын пайдаланған жаңа «келісімпаздардың» империялық-колонизаторлық-коммунистік өктемдіктің жетегінде қалып, алаңға шыққан ереуілшілердің негізгі мақсатын бұрмалап, мүлдем басқа бағытқа түсіріп жібергендігін;

ұлттық мүдделі мәселелердің (жер, тіл, экономикалық тәуелсіздік т.б) тез әрі түбегейлі түрде шешілуін;

˝Құйын˝ әскери-әкімшілік жазалау операциясына қатысқан барлық лауазым иелерінің заңды түрде жауапқа тартылуын, кінәлілердің үстінен қылмыстық іс қозғалуын;

КПСС орталық комитеті мен Қазақстан КП орталық комитетінің, оның ішінде желтоқсаншыларды жазалауға бұйрық берген Горбачев пен Колбиннің ˝қазақ ұлтшылдығы˝ деген анықтамасы үшін жария түрде қазақ елінен кешірім сұрауын;

Желтоқсан оқиғасын жазалауға қатысқан әскерилер мен жасақтардың және оқиға құрбандарының толық тізімінің жариялануын;

1986-1989 жылдардың арасында әкімшілік қысымға ұшыраған, жер аударылған, қуғынға түскен, түрмеге отырған адамдардың барлығын саяси қудаланушылар деп жариялап, олардың азаматтық құқын толықтай ақтап, бұрынғы қызметтеріне қайта алынып, сол сүргінде өткен мерзімдеріндегі еңбекақыларының өтелуін талап етіп жүрген Хасен Қожахмет бастаған желтоқсаншылар әлгі жиналысқа шақырылмады.

Жасыратын ештеңесі жоқ, «Желтоқсан оқиғасына» байланысты тергеуге алынғандар мен сотталғандардың дені алаңға: «Ойбай, қазақ жастары алаңға жиналып жатыр екен! Біз де барайық!» – дегеннің желеуімен ереуілді тосыннан естіп, тұтқиылдан барғандар. Көпшілігі жеке-дара жүрген, әр тұстан бас қосып келген жұмысшы жастар. Ал сап түзеп келіп, сап түзеп қайтқан студенттердің арасынан қолға түскендер некен-саяқ. Олар кейіннен барып «қақпанға түсті». Сонда «Желтоқсан оқиғасы» тобырдың топыры болғаны ма? Алаңға тиген ең бірінші өкше кімдікі, ең бірінші  шеру қайдан келді? Әуелгі идея кімдікі? Ондай қозғаушы күш бар еді. Ол – ғасырлар бойы көмейге жиналған өксік пен ұлттық намыстың кекті түйіні еді. Сондықтан жаңадан ғана түрмеден босатылған олар өздерінің арыз-армандарын Елбасыларына (ол кезде бірінші хатшылар) жеткізу үшін амалын тауып Ұзынағашқа барған кезде оларды алаңға жуытпады. Сол ауданның кезекті хатшысы алдыңғы қатарда отырған  кеуделері сусылдап орден-медальға толған ақсақалдарға кәдімгідей жекіп сөйлеп, ым қағып еді, ішінен бір жарғақбас, сумақай шал (олай демеске амалым жоқ) «желтоқсаншыларға» жетіп барып:

– Кетіңдер қаңғыбастар! Өңкей сотталған бұзықтар! Сендердің қандарың бұзылған! Бұл – желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың жиылысы! Біздің жиылысымыз. Жер біздікі. Біз сендерді жерімізге шақырғанымыз жоқ. Қайда тусаңдар – сонда кетіңдер. Әйтпесе Алматыларына барыңдар! Бұзықтар!,  – деді қақшаңдап.

– Ақсақал! Бұл әлі сіздің жеріңіз емес. Империяның жері. Егер Қазақстан тәуелсіздік алса – сонда ғана сіздің жеріңіз болады!, – деді Хасен Қожахмет қатқыл үнмен.

Орденді ақсақалдар үре түргеліп: «Жойылсын! Кетсін бұзықтар!» – деп айғайға басты. Әлгі арандатушы хатшы қос мықынын таянып, ризалықпен қарап тұрды. Іле әскер келді. Әскер сүйемелдеген данқ пен дақпырт келді де желтоқсанға қатысқан қайраткерлерсіз-ақ, «Әйгілі  желтоқсан оқиғасының сабақтары мен саңлақтары туралы» салтанатты мәжіліс басталып кетті.

Сөйлеушілер – марапатталып үйренген  «желтоқсаншылар» еді. Ал қоршаудың сыртына ығыстырылғандар зәбір-запа шеккен нағыз желтоқсаншылардың өздері болатын. Онда бұлардың саптары түзу, қатары мол, сөздері ширақ, ұйымшыл еді. Кейін олар да екіге бөлініп кетті. Сол күні желтоқсан оқиғасының қозғаушы күші мен тұтастықтың рухының күлтөбеге көмілгенін түсіндім. Түсіндім де осы қозғалысқа байланысты өзіме тапсырылған белгілі бір міндетті одан әрі жалғастырудан бас тартуға бел будым. Өйткені, өз міндетімді, азаматтық  парызымды өтедім деп есептедім. Желіккен желөкпелерге ілескім келмеді, ал, екінші топқа қосылуға моральдық құқым жоқ еді. Себебі: мен 17-18 желтоқсан күндері алаңға  шыққан жоқ едім.

– Желтоқсан қозғалысының саяси бағыт алуына және жәбір-жапа көргендер мен қаза тапқандардың есімін анықтауға басын бәйгеге тігіп жүріп, жеке басы мен үй-ішінің қамын ысырып тастап, Тәуекелге барған азаматтар кімдер еді? Желтоқсан оқиғасының себеп-салдарын тергеп-тексеруде Жазушылар одағының рөлі қандай болды?

– Өкінішке қарай, олардың есімі ескерусіз қалып барады. Сол кезде өзіміздің іс-әрекетіміз туралы ешкімге тыс жарып айтпауға келісіп едік. Олар сол уәдесінде тұрды. Белгілі бір дәрежеде менің де тікелей қатысым болғандықтан да, бұл азаматтардың ұлт мүддесі мен намысы үшін жасаған  еңбектеріне рахмет айта отырып, оны қалың қауымға жария етуді парызым деп есептедім. Екіншіден: істің мән-жайын толық білмегендіктенде, сол кезде лауазымды қызметте болған, бірақ желтоқсан қозғалысының саяси астар алуына барынша көмек көрсеткен адамдар «қарғысқа ұшырағандардың» тізімінде жүр екен. Бұл – тарихи әділетсіздік. Сондықтан да, сол бір аласапыран күндердегі құжаттар мен хаттарды алдыма ала отырып, біраз түйткілді мәселенің сырын суыртпақтай кетсем, еш сөкеттігі жоқ қой деп ойлаймын.

Жасыратын түгі де жоқ, тура сол кезде өкімет пен партияның жүргізіп отырған саясатына дербес қоғамдық пікірді қалыптастыратын бірден-бір зиялы күш – жазушылар қауымы болды. Композиторлар да, артистер де, суретшілер де, ғалымдар да орталық партия комитетінің нұсқаулары мен қаулы-қарарларын дәл жазушылар одағындағыдай дәрежеде талқылап, тойтарыс беріп, түзету жасай алған жоқ. Бұл – ақиқат. Ал желтоқсан қозғалысы осы жазушылалардың ой-өріс пайымынан ұшқын алып, зиялылар арқылы жастардың арасына тарап, белгілі бір дәрежеде ұлттық ойлау жүйесін қалыптастырды.

Желтоқсан оқиғасы  өзінен-өзі пайда болған жоқ. Ол сонау «Алашорда» қозғалысынан басталып, 1921-1922 және 1927-1929 жылдардағы саяси- мемлекеттік пікір таластарының идеясын ұстанып, бірде «Үлкен Түркістан», бірде «Жас тұлпар», бірде «Талап», бірде    «ҚҰҚ»,  «Жас қазақ» іспетті ұйымдар арқылы сүзіліп келген ұлттық астыртын, жартылай астыртын немесе мәдени үгіт-насихат тәсілін пайдаланып ашық жұмыс істелген қозғалыстың заңды жалғасы болатын. Ал ондай көзқарас  пен көңіл-күй тек қана жазушылар одағынан тамыр тартып отырды. Әсіресе, 1986 жылғы 17-18 желтоқсан күнгі жастардың ереуілінен кейін ол салмақ дерліктей қаламгерлердің мойнына түсті. 17-18 желтоқсан күні жастар шеруі одақтың үйінің алдына арнайы тоқтап: «Жазушы ағалар, қайдасыңдар! Еліңнің намысы үшін аттанып барамыз. Бізге қорған болыңдар!» – деп айғайлаған үні әркімнің есінде шығар. Одақтың үйінің есігі жабық болатын. Терезеден қарап, үнсіз жылап тұрған қаламгерлердің талайын көрдік қой. Соның ішінде Әбіш Кекілбаевтің бұйра шашы ұйпаланып, көзі жасаурап, ішінен егіліп сыртқа қарап тұрған бейнесі көз алдымда қалыпты. Сонда жастар жазушыларды ұлт ұстазы деп түсініп, кәдімгідей демеу тұтты, өздерін жазықсыз жапа шектірмейтініне сенді.

Кәміл сенді.

Жастардың сол сенімін ақтау – әр жазушының көкейкесті арманы, парызы, міндеті еді. Оған оқиға өткеннен кейінгі он күннен соңғы Колбинмен өткен кездесуде сөз сөйлеген Жұбан Молдағалиев, Сафуран  Шаймерденов, Дмитрий Снегин, Қалмұқан Исабаевтар нысаналық негіз қалады. Олар империялық жазалау саясаты мен өктемдік пиғылына тойтарыс берді. Ешқандай қарсылыққа жолықпай, ойындағысын істеп әдеттенген жазалау құрылымы ашық қоғамдық қарсылыққа жолықты. Олар сонда жаппай жапыра жаныштаудан бас тартып, сескеніп қалды. Күндердің күнінде жауап беруге тиіс екендігін түсінді. Енді айла мен аярлық арқылы ғана қимылдауға болатынына көзі жетті. Колбиннің өзі абдырап қалды. Менің пайымдауымша, ол өзінің бұл орында ұзақ отырмасын сол күні-ақ білді. Білді де әр түрлі жалтақтық пен алдарқатуға көшті. Өрекпіген екпіні басылып, әуселесі түсті. Бұл – үлкен рухани жеңіс еді. Одақтағы бұл рухты өзге өнер саласындағы зиялылар да қостады. Сол нысананы ұстана отырып, қал-қадерінше тойтарыс берді. Сөйтіп, жазушылар одағы рухани қарсылық пен ұлттық қозғалыстың бірден-бір ұйтқысына айналды. Шерхан Мұртазаның:  «Алаңнан әскерді әкетіңдер!», С. Бердіқұловтың «Талай сұқ саусақты көргенбіз. Шошайтпаңыз!», Досқан Жолжақсыновтың: «Жазалауды тоқтатыңыздыр!», Олжас Сүлейменовтің: «Хатшылық – Қазақстанның ұстамалы дертіне айналды!» – деген қанатты сөздерін әр адам бір-біріне сүйіне, егіле отырып айтып жүрді. Егерде, Олжас Сүлейменов Колбинді кездесуге шақырып, оны көндіріп, жазушылар одағына алып келмегенде, мұндай ашық пікірлердің дәл сол кезде айтылуы мүмкін емес еді. Жекелеген пікір иелерін «үндеместер» үнін шығармастан үнін өшірер еді. Ал мынау үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ресми көзқарастың қалыптасуына  негіз қалады. Сонымен қатар, ұлтшылдықтың негізін рушылдықтан, жүзшілдіктен, ләппайшылдықтан, қазақтың ұлттық санасының оянуынан, оқығандарының санының көбеюінен, жатақханадағы интернациональдық тәрбиенің жүргізілмеуінен, тарихи шығармалардың көп жариялануынан іздегендердер де болды және идеологиялық жазалаулар мен шаралар осы бағытта біразға  дейін жүргізілді. Соның ішінде: «Соңғы кезде қазақтың ұлттық өнері қатты дамып, ескі дәстүрлері қайта жанданып, айтыс, ұлттық оркестр, көркемөнерпаздар үйірмесі, түрлі ойындар теледидардан жиі көрсетілетін болды. Бұл ұлтшылдықты тудыратын қатерлі бағыт еді. Мен бұл оқиғаны іштей күтіп жүргемін. Міне, бүгін соның кесірін тартып отырмыз» – деген мазмұнда сәугейлік жасап сөйлеген орыстың мықты қаламгері Иван Шеголихин қазіргі Тәуелсіз Қазақстанның халық жазушысы атанып, тұңғыш орденін тағып, ұлтаралық жарастыққа сіңірген еңбегі үшін Елбасының марапатына ие болды. Мұндай пікірді қазақтар да, орыстар да, ұйғырлар да, украиндар да, еврейлер де айтты. Бұл пәлендей айып-шамы жоқ шындық. Мен сол кезде  әрбір сөз сөйлеушінің ұлттық тегіне ерекше мән берілгендіктен тілге тиек етіп отырмын. Оның ішінде дербес ойлау жүйесі мен дербестігі қалыптасқан тұлғаларды ғана мезгеп отырмын.

Дегенмен де, ешкім ресми түрде мойындамаса да, ұлттық рухани мойынсынбау қозғалысының мәйегі ұйығаны және оның жазушылар одағында қалыптасқаны өмірлік шындыққа айналды. Мұны орталық комитеттен бастап мектеп оқушыларына дейін білді. Астанадағы № 12 мектептің оқушыларынан келген хат соны толық дәлелдейді. Өздерінше балалық қиялмен астар  берген «ДОС», «Әруақ», «ҚҰРАН», «НАЗАР», «НАЙМАН», «Шейіт», «СӘЛЕМ», (асты сызылған атаулар әр сөздің бас әрпінен құралған аббревиатура) атты жасақтары болды, кейіннен өкінішке орай, бұл аулалық, маһалалық топтың жырғасына айналып кетті. Бұлардың түпкі ниетін бұрмалау үшін Колбиннің өзі: «Мектептерде де руға бөлініп, топ құрып жатыр екен!» – деп жар салды. Марқұм Сағат Әшімбаев соған кәдімгідей сеніп, қатты назаланып жүретін. Ал осыларға қарсы ұйымдастырылды «МАМБЕТ» (Межнациональная ассосация мстителей и боевиков европейских трудящихся) атты қалалық қосын ұйымдастырылды. Сонда, «Мәмбетті» кім ойлап тапты? Үгіт-насихаттың күштілігі сондай, бір -екі жылдан кейін қала мен ауыл балаларының арасындағы жеккөрініштің ұранына айналып, мүлдем басқа мағынада қалыптастырып жіберді. Сол бір көзінен ұшқын ата әрі қымсына жазушылар одағына кірген өспірімдер қазір қайда екен деші?

Қалайда жазушылар одағын тұқыртып ұстау үшін барлық империялық айла-амал мен аярлықтың тәсілдері қолданылды. Ең соңында бұрыннан жарықшақ түскен тұлғалардың арасындағы топтық жіктеулерді іске қосты. Міне, соңғы  «жүріс» өзінің нәтижесін берді. Ең алдымен жазушылар одағындағы бірінші хатшыға және оның жақтастарына қамшы үйірілді. Әбіш орынынан ауыстырылды. Олжастың елу жасқа толуына орай суретін басқаны үшін «Жұлдыз» журналының сол кездегі редакторы Бекежан Тілегенов қысымға алынды. Онда жарияланған шығармалардың ұлтшылдық, рушылдық бағыттары әшкереленді. Орталық комитеттің желтоқсан оқиғасының себептерін ашатын және баға беретін пленумында жасалуға тиісті баяндама да дайындалды. «Ұлтшылдық сезімді оятқан жазушылардың тізіміне марқұм Ілияс Есенберлин де ілінді, тіпті, ол туралы сыни мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде  жарияланып та кетті. Олардың қатарында  Бексұлтан Нұржекеев, Софы Сматаев, Сәтімжан Санбаев және «жас алашордашы» Тұрсын Жұртбаев бар еді (Қалған екі жазушының есімі дәл қазір нақты есіме түспей тұр). 1987 жылдың мамыр айына дейін өзара үнсіз әрі бөлінусіз томаға тұйық күн кешкен тұлғалар бірте-бірте жанданып, үрейленген әдетіне көшті. Өзінің жеке басының дау-дамайға түсіп, пәле-жалаға ұрынып, қуғынға ұшырап жүргеніне қарамастан Олжас Сүлейменов 1987 жылдың  қаңтар айында мені шақырып алды да көмекшісі Сүният Бәкеновке: «Түрмеге отырғандар мен олардың ата-анасына келген телеграммаларды Тұрсынға көрсет. Сайынмен ақылдасыңдар», –  деді. Жеделхаттардың ұзын саны елуден асады екен. Мен дағдарып қалдым. «Ойласыңдар. Амалын табыңдар, қалайда көмектесейік! Жасыма!» – деді Олжас Сүлейменов.

Жазушылар одағының ішіндегі ұлттық рухани мойынсынбау мен ішкі қоғамдық қарсы пікірдің қалайда бір арна тауып сыртқа  шығатыны анық еді. Тек сол арнаны бұрып жіберетін кішкене ғана түрткі керек-тін. Ол күш пісіп-жетіліп келе жатқан. Бірақ та сол «түрткінің» маған түсетіні үш ұйықтасам түсіме кірмеген шаруа. Зады, Олжекеңе менің «Алашорда» туралы зерттеулерімнің жай-жапсары мәлім болса керек және «Алаштың ала байрағы» деген сөз үшін өзім жақсы танитын үлкенді-кішілі екі адамның көрсетуі бойынша жүргізілген Орталық комитеттің тексеруі әсер етсе керек. Оның үстіне 15 беттік «Солшыл жас ұлтшылдан сақтанайық!» – деген арыздың да әсері тиген сияқты. Сол арыз жөніндегі әңгімелесуде мен өзімнің «алашордашылдығымның» мән-маңызын және Олжастың атын сатып Мәскеуде өсек таратып жүрген достарының сумақайлығын ашық айтқандығым да, жанына жақын тартуға себепкер болды ғой деп ойлаймын. Мәселе – менің жеке басым туралы емес, ең үлкен мәселе – ұлттық қозғалыстың ұйтқысы боларлық болашақ комиссияның жұмысының басталуында еді. Еріксіз ойланасың және тәуекелге бекінуің керек. Сұният ағамыз жұбатып арқамнан  қақты.

Істі қалай бастаймыз? Кімге барамыз? Қайдан жөнін сұраймыз? Әкімшілік пен заң орындарының қолдауынсыз не бітеді? Оның үстіне іс-әрекетімізді қалай құпия ұстаймыз? Кім бізді тыңдайды және мен оларға кіммін?? Тіпті жазушылардың өзі көзге іле ме? Дегеніммен де, әлдебір ойлар келді. Бұған Мәскеуден, Ленинградтан, Новосибирскіден, Қазаннан, Балтық бойынан келген студенттер мен аспиранттардың пікірін тыңдай жүріп, «праволық комиссия» деген тіркеске тоқталдық. Кезекті кездесуде Олжас: «Істі жүргізудің амалын және қолдаушыларды сөзсіз табамыз. Мен Мәскеуден қайтып келгенше жай-жапсарды анықтап қойындар» – деді. Бұл кезде Әкім Тарази үшінші хатшы болып келді одаққа. Сөйтіп,  жеделхаттармен қоса өзге де жайлардың жөнін білуге кірістік.

Алайда, мұның барлығы менің мүмкіндігімнен тыс міндеттер еді. Ойлана келіп тапқанымыз: қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін одаққа кездесуге шақыру, шындықты солармен анықтап білу болды. Ал ол үшін желтоқсаннан басқа өзге де маңызды себептерді табу қажеттігі туды. Ақыры Олжас Сүлейменов КСРО жазушылар одағының жанынан праволық комиссия құрылғанын, енді Қазақстан жазушылар одағының жанынан соның бөлімшесінің құрылуы заңды екенін тілге тиек етіп: «Ресми жағын өзім мойныма аламын» – деді. Ол кезде Колиниченко бастатқан тергеушілер Алматыны тіміскілеп жүрген еді. Солардың екпінімен ССРО жазушылар одағындағы праволық комиссияның төрағасы, белгілі де беделді журналистің бірі Алматыға келе қалып, сол комиссияның атынан қандайда болсын іс-әрекетпен шұғылдануыма кепілдік берді. Істі орайластырған Олжекеңнің өзі еді. Одақта бұл іспен Сайын Мұратбеков пен Әкім Тарази шұғылдануға тиіс болды.

Қазақ ұлтының рухани тарихында тұтқырланып қалған көкейтесті мәселелер өте көп еді. Тек қана желтоқсан оқиғасымен шектеліп қалу – қоғамдық қозғалыстың шеңберін тым тарылтып жіберетін әрі  бірден түпкі мақсат ашылып қалса, онда ойлаған істің басталмай жатып сөнуі сөзсіз. Айла, амал, әдіс, қалқан қажет еді. Сол тұста Балтық бойындағы елдердің, Украинаның, Польшаның, Татарстанның ішіндегі ұлттық қозғалыстардың жасырын бағдарламалары «ғайыптан» қолыма түсті. Неге екенін білмеймін, шет елде басылып шығатын Гандидің саяси жолын, яғни, «бейбіт мойынсынбау» саясатын насихаттайтын бір газет пәтеріме келіп тұрды. Соларды іріктей отырып жоспар жасалып, одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен хатшы Әкім Таразидің назарына ұсындық. Ондағы бағыттың қысқаша мазмұны былай;

  1. Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туғанына 90 жыл толуына орай жазушыны толықтай саяси тұрғыдан ақтау. 1932 жылғы 10 маусымдағы «Социалды Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған және 1953 жылы «Литературная газетаға» жолдаған ашық хаттарындағы өз шығармаларынан бас тарту туралы пікірлерінің саяси-идеологиялық қысыммен жазылғандығын ескеріп, оның күшін  танымау туралы мәселе қою, шығармаларындағы зорлап енгізілген тараулар мен өзгертулерді әуелгі қалпына келтіру туралы арнайы топ құру. 1930-1932 жылдардағы түрмедегі тергеу ісімен танысу және азаматтық ақтау. Бұған қоса 1947-1953 жылдардың арасында қабылданған Кенесары қозғалысы, «Абайдың ақындық мектебі», «Зар заман әдебиеті»,  «Қазақстанның тарихы мен әдебиеті тілі туралы» қалаулылардың күшінің жойылуы, 1932-1933, 1951-1953 жылдары айтылуға тиым салынған қазақтың 300 әнінің сөзі туралы жарлықтың пәрменін алып тастау туралы орталық комитеттің алдына арнайы мәселе қою.
  2. Репрессияға ұшыраған жазушылар мен олардың тиым салынған шығармаларының тағдырын қайта қарау. Неміс, ұйғыр, корей халықының ұлттық мұрағаттарын жариялау, 1937-1953 жылдардың аралығында ресми мемлекеттік құрметті атақтарынан айырылған мәдениет қайраткерлері мен қаламгердің атақтарын қайырып беру, өтемін төлеу, «Кенесары - Наурызбай», «Едіге», «Ер Сайын», «Шора батыр» жырларын, Дулат, Нысанбай, Шортанбай, Ғұмар Қарашев, Нарманбет, Мұрын, Машһүр Жүсіп, Көкбай т.б. ақындардың шығармашылық мұраларын қайта қарап бағалау.
  3. «Алаш» партиясы мен  «Алашорда» үкіметіне қайтадан тарихи баға беру. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел және Жаһанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Телжан Шонанов, Смағұл Сәдуақасов, Шәкерім Құдайбердіұлы іспетті қоғам және мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық қызметіне жаңаша баға беру. «Қазақ», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай» іспетті мерзімдік басылымдар жөніндегі шектеуді алып тастау.
  4. Жазушылардың авторлық құқын және көркемдік нысанасын (идея, тақырып, көркемдік тәсіл, оқиға құрылымы т.б.) қорғау және қаламгерлерге келіп түскен азаматтардың түрліше арыз-тілектерін, өтінішін қарап, заңдық тұрғыдан, олардың мүддесін қорғауға атсалысу.
  5. Құқықтық мемлекет және жеке адамның азаматтық құқы туралы пікір, талқылау ұйымдастыру.

Бұл жоспар 1987 жылдың қазанында жасалынды. Қазір тәуекелсіз атқарылатын бұл мәселелердің барлығы да ол кезде асқан байыптылықты, тиянақтылықты және тәуекелді қажет ететін, бірнеше ұрпақтың өзегін өртеп, күйінді еткен көкейтесті түйткілдер болатын. Соның ішінде желтоқсан оқиғасына қатысты негізгі іс-әрекетті «қаламгерлерге келіп түскен азаматтардың түрліше арыз-тілектерін, өтінішін қарап, зандық тұрғыдан  олардың мүддесін қорғауға атсалысу» және «құқықтық мемлекет және жеке адамның азаматтық құқы туралы пікір алысуды, талқылауды ұйымдастыру» – деген сөздердің астарына сиғыздық. Бағдар мақұлданды. Енді сенімді, алымды да шалымды және заңды, тарихты, саяси хал-ахуалды жетік білетін қаламгерлерден праволық комиссияның мүшелерін құру қажет болды. Салихалы, беделді жетекші керек екенін түсініп  оған академик – заңгер Салық Зиманов ағамызға хатшылардың ұсынысымен хабарласып едім, ол кісі уақыт тапшылығын айтып, сыпайы ғана бас тартты да, бұл жүк менің мойынымда қалып қойды. Әуеліде тізім саны көп еді, істің түп тамыры ашыла бастағанда біраз әріптестеріміз бен ағайындарымыз сытылып кетті. Өздері тілек білдіргендер де болды. Ал қандай да бір тәуекел мен қауіп-қатерге қарамастан праволық комиссияның жұмысына белсене және сеніммен араласқан Ғалым Ахмедовтің, Сафуан Шаймерденовтің, Қалмұхан Исабаевтің, Евгений Гусляровтың, Константин Эрлихтың, Смағұл Елубаевтің, Сәбетқазы Ахатаевтің, Ахметжан Ашировтың, Хан Диннің, Қойшығара Салғариннің, Қанапия Бекетаевтің, Ілия Жақановтың, Жәнібек Кәрменовтің,  Армиял Тасымбековтің, Бейбіт Қойшыбаевтің, Марат Тоқашбаевтің, Қажытай Ілиясовтің, заңгер-жазушы Мөртай Қосщығұловтың, Коммунар Табеевтің, авторлық құқықты қорғау агенттігінің кеңесшісі Нұрғайша Сақыпованың, адвокат Сәуле Сыздықованың және сол кездегі республикалық прокуратураның бөлім бастығының орынбасары, қазіргі жоғары соттың төрағасы Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаев пен марқұм, жоғары соттың мүшесі Қазықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевтің есімдерін ерекше ілтипатты  құрметтпен еске алып, айырықша атап өткім келеді. Өйткені, дәл осы азаматтардың табанды қызметтерінің нәтижесінде желтоқсан оқиғасына саяси баға беріп, қоғамның демократиялық бағыт алуына және жоғарыда көрсетілген  бағдарлы мақсаттардың шешілуіне, ақтандықтардың жойылуына белгілі бір дәрежеде ықпал жасалды.

– Өзіңіз айтып отырғандай, 1986-91 жылдар аралығында үлкен лауазымды міндеттер атқарған тұлғалардың Желтоқсан оқиғасын әділ тергеп-тексеру үшін жасаған қандай да бір ықпалы болды ма?

–  Қазіргі  кезде сол бір аласапыран жылдары  аса үлкен лауазымды қызметте отырған адамды жаппай кінәлап, қара тізімге қосу етек алып барады. Алайда солардың арасында елі үшін қабырғасы қайысқан, қалайда халқының тізесі бүгілмес үшін қал-қадерінше көмектесіп, жанашырлық жасаған адамдар болды. Олар бізге жөн-жоба нұсқады. Ақиқат үшін сол кісілердің атын айту – парызым.. Өйткені, сол бір зауалды күндері коммунистік  партияның жазалау саясатына ашық қарсы шығу мүмкін емес еді және ондай тәуекелге барған адамды кездестірген жоқпыз. Ал әр түрлі жарлықтарға қол қойып, реті келгенде істің иінін келтірген лауазымдылар болды. Егерде жаппай ләппайшылдық орын алған жағдайда,  сотталғандардың алды бір жылдан кейін еркіндікке шығуы тіптен мүмкін емес-тін. Сонымен қатар төтенше тергеу тобын республика прокурорының орынбасары А.Д.Мызников тікелей басқарды. Ал оған бас  прокурордың да, жоғары соттың төрағасының да үкімі жүрмейтін. Жазалау үкімін жоғары соттың қылмысты істер жөніндегі коллегиясяның төрағасы Е.Грабарниктің тікелей нұсқауымен шығарды. Бұл «екілікке» Колбин мен Мирошниктің, Князевтің жарлығынан басқа ешкімнің де сөзі өтпейтін. Мәжбүрлікпен қол қойғандар да болды. Бәріне кепілдік бере алмаймын. Соның ішінде бүгіндері «қара тізімге» ілінген, анда-санда аты аталып қалатын сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамас Айтмұхамедовті, сондай-ақ, коллегия мүшесі марқұм Қазықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевті, бұған қоса Мақсұт Нәрікбаевті, орталық партия комитетінде істеген Сабыр Қасымовты бөле жара атар едім. Жоғары соттың төрағасының өзі кеңсесіне шақырып алып, желтоқсаншылар мен «Алашордашыларды» қалай ақтаудың жолын емеуірінмен түсіндірді. М.Нәрікбаев жоғарыға жазылған хаттың заңдық негіздерін қағазға түсірді. Ал С.Қасымов соны партиялық тұрғыдан орайластырып, хатшылардың назарына іліктірді. Әрине, біз оны ішімізден білдік. Бұл жігіттер өздерінің биік мансабынан айырылып қалу қаупіне қарамастан белгілі бір дәрежеде тәуекелге барды  «Сыртымен»  «оқшантайдағы патрон» боп көрінгенімен, ішінен ұлттық намысты қатты ұстанды. Әсіресе, орталық комитеттегі кадр мәселесімен айналысқан, жұрттан пікір жинақтап, оны ұлт мүддесіне қарай бейімдеп, кейбір шовинистік пиғылдағы ірі қызметкерлердің бетін қайырудың, реті келсе жолын кесудің айла-амалын нұсқап, бізге іш тарта қараған Сабыр Қасымовтың қолдауы кәдімгідей арқаландырды.

Сол шовинист секретарьлар мен депутаттардың атын айта кетуге де болар еді, бірақ оның дәл қазір шағымды уақыты келген жоқ. Оның үстіне бұл азаматтың қазір қай салада қызметте жүргенін білмеймін, бірақта «қазақ ұлтшылдығы» деген қастаншықпағыр сөзді ресми түрде алып тастауға үлкен еңбек сіңірді. Орталық комитеттегі жазалау бағытын ұстағандардың әптігін басып, басқаша көзқарас қалыптастыруға ықпалы тиді. Өз басым ол азаматпен бір-ақ рет жүздестім, үш-төрт рет телефон арқылы хабарластым. Егерде бұл пікір алысудың сақтықпен жүргізілгендігін ескерсек, жоғарыдағы азаматтардың есімін желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтап алу қозғалысының ұйытқыларының бірі болды деп айтуға толық болады. Өйткені мемлекеттік құрылымдағы адамдардың қолдауынсыз және істің ыңғайынсыз ешқандай әрекеттің жүзеге аспасы белгілі. Ал бұлардан өзге адамдардың  есімін мен білмеймін. Ондай азаматтардың саны көп екені анық. Бізді бұл адамдармен байланыстырған және сеніміне кіргізген Олжас Сүлейменов еді. Сондықтан да пікірімізді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Егерде, коммунистік партия мен кеңес өкіметінің күші әлсіремей, қаһарына мініп тұра берген күннің өзінде де, бұл азаматтар түптің-түбінде қозғалыстың бар шындығын айтып беретіндей тәуекелге барар еді деп есептеймін. Әйтеуір, маған солай көрінді. Қателесуім де мүмкін, кім білсін.

Дүбірлі де дүрлікпелі, дүдәмәл де дүрдараз шақ туып, республикадағы саяси және ұлтаралық қарым-қатынас шиеленісіп кетті. Оның біраз кілтипанын жоғарыда айттым. Жазушылар әрбір пікір таласына белсене қатысып, қаулаған өрттің алдынан  «шолақ өрт» қойып, қарсылық әрекеттер жасады. Бетін тойтарды. Әсіресе, әртүрлі ұлттық автономиялар туралы ұсыныстардың бетін қайтарып, территориялық тұтастықты сақтап қалды. Егерде, ондай әрекеттерге жол берілгенде, (ол мүмкін еді) бүгін Қарабақтың кебін кешпесімізге ешкімде кепілдік бере алмас еді. Сөйте жүріп тәжірибе жинақтадық.

Зады, біздің ұлттық ділімізде өте төзімсіз бір мінез бар. Ол бір тұлғаның пікіріне екінші тұлғаның төзіммен, түсіністікпен қарай алмауы және сонымен азаматтық тұрғыдан есептесе білмеуі. «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» деген Абайдың өсиетін сақтай бермейтініміз. Сол кездегі Олжастың іс-әрекетін тілге тиек етсем-ақ болды, қабағы  түйіліп кететін, «Жә, оны қойшы. Басқа әңгіме айт» – дейтін  ағаларды да, несіне бәлденетінін, несіне менсінбейтінін өзі де білмейтін әлдекімсымақтарды да жиі кездестірдім. Шынын айтайын, егерде Олжастың сол кездегі үш үлкен әрекеті болмаса, республикамыздағы саяси ахуалдың қандай боларын болжап білу қиын еді. Соның бірі – осы праволық комиссияның жұмыс барысы болатын. Ол тұста Олжекеңнің жеке басы қудалауға түсті де, желтоқсан оқиғасына байланысты түрмеге түскендер мен қудаланғандардың ісі кейінге ысырыла берді. Бірақ та ол негізгі үш бағытта жұмысты жүргізуге нұсқау берді:

Бірінші: «Алашорда» қайраткерлері туралы деректерді барынша жинақтап, саяси-әдеби, идеологиялық тұрғыдан тиянақтап, байсалды, пайымды тұжырым жасаңдар. Аға жазушылар мен ардагерлерге хат дайындатындар. Колбинмен, Назарбаевпен, Нұрқаділовпен жазушылардың кездесуі өткен кезде  «Алаш» мәселесін көтеріп сөйлейтін қаламгерлерді дайындаңдар. Елден хат ұйымдастырыңдар.

Екінші: Желтоқсан оқиғасы туралы барлық деректі жинастырыңдар. Кім қай түрмеде жатыр? Қандай айып тағылды? Олардың әке-шешесімен, туған туысқандарымен хабарласыңдар. Жоғары сотқа кассациялық арыз жазсын. Оқиғаға қатысқандардың куәлік сөздерін жиыңдар. Ал облыстағы мекемелерге хат жолдаңдар. Ол рухани сүйеніш болады әрі қатал үкім кесуге, жұмыстан шығаруға еркіндік бермеуі мүмкін. Жазушылардан сескенеді, жазушылар одағын сыйлайды. Ең бастысы, желтоқсан оқиғасына саяси баға беру және оның империялық-отарлық өктемдіктен туғандығы туралы түйінді тұжырым әзірлеңдер әрі ол  ұзақ мерзімге арналған азаматтық қозғалыс жоспары болсын. Мәскеуде сондай пікір өрістеп келеді. Біз де кеш қалмайық.

Үшінші: жеке мәселелерді қозғай беріңдер. Сол арқылы тәжірибе жинақтайсыңдар. Жазушылардың пікірін ұйымдастыр. Репрессияға ұшыраған жазушылар мен жариялануға рұхсат етілмеген шығармаларды ақтап алу туралы батыл мәселе қойыңдар – деп нақты тапсырма жүктеді.

Бұл үш мәселені талқылауда жоғарыдағы аты аталған праволық комиссияның мүшелері мен кеңесшілері белсене қатысты. Сақтық үшін олармен жеке-жеке әңгімелестік, әркім өз ыңғайы бойынша іске кірісті. «Алашорда» ісі туралы Олжас жоғары соттың төрағасы Тамас Аймұхамедовпен сөйлесті. Ол тергеу ісін КГБ-дан алдырып, коллегия мүшесі Қазықан Кенжебаев арқылы маған таныстырды. Үш күн таңертеңгі сағат оннан бастап кешкі төртке дейін марқұм Қазықан Тоқтыбайұлының бөлмесінде отырып  «Алашорданың» тергеу ісімен таныстым. Олардың әдеби, тарихи мұралары туралы барлық мағлұматты Қазықанға айтып, түсіндіріп бердім. Ол құпия түрде «Алаш» партиясы мен оның қайраткерлерінің ақталуының заңдық құқықтары мен тұжырымдары туралы ауызша айтып берді. Жасырып қайтейін, мұндай сенімге оның өзімен және әйелі, адвокат Гүлнар Сейітбекқызымен қатарлас оқыған жайыттар да негіз қалады. Ақылға сала келіп, алдымен Шәкерім Құдайбердіұлын ақтап алуға тырыстық. Немересі Кәмилә Қапырқызының (хатты ВААП-тың қазақ бөлімшесінің заң кеңесшісі Нұрғайша Сақыпова жазды) және Семей облысы Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матеевтың қолы қойылған хаттар түсірдік. Орталық комитеттің секретары Өзбекәлі Жәнібековке қатынас жолдадық. Істің барысын анықтай келгенде Шәкерімнің шығармаларына ешқандай тиым салынбапты. Тек Абзал Қарасартовтың арызының негізінде уақытша тоқтатылған екен. Әрине, іле–шала арыз да жетті. Сөйтіп, сеңнің алғашқы көбесі сөгіліп, орталық комитет арнайы қаулы қабылдады. Бұған Өзбекәлі ағамыздың ықпалы көп тиді. Істің соңы жақсылыққа бет алды.

Ал «Алашорда» қайраткерлері туралы қаулының кешігіп шығуына кейбір аға жазушылардың жүрексінуі, сол кездегі пленумдар мен кездесулерде сөйлеуден бас тартулары себеп болды. Мұхтар Әуезовтің 90 жасқа толуына байланысты жасаған Олжастың баяндамасында шет жағасы айтылды. Бірақ та баса көрсетуге бюроның тиымы кедергі болды. Бірақ соған қарамастан жұртшылыққа ой салатындай пікір айтылды. Тек сол бір қасиетті толқынның тәрбиесін көрген зиялы да аяулы дегдар Ғалым Ахмедов ағамыз барынша ақыл-кеңес беріп, қолдап, тиісті түсінік-нұсқау жасады. Телжан Шонанұлы туралы өмірбаяндық құжат дайындады. Сондай-ақ, қазақ әнінің 300 сөзіне шек қойған жарлықты табу және ол әндердің сөзін қалпына келтіру жұмысы Ілия Жақанов пен марқұм Жәнібек Кәрменовке тапсырылды. Жәнібек сол бұйырықтың түпнұсқасын тапты. Кейін өзі құрастырған екі томдық  «Қазақ әндерінің антологиясында» бұл қателердің біразын түзетіп, түсініктемелер жазды. Әттең, Жәнібектің Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың әндері туралы зерттеуі жазылмай қалды. Ал Ілия Жақанов әндердің тарихына зерделей үңіліп, бір жыл бойы архивте отырып кітап жазып бітірді. Реті келгенде айта кетейін, өкінішке орай, жөні де келіп, зерттеу бағыты да бір ізге түскен осы 300 әннің тарихы мен тағдыры туралы мәселе қорытылмай, мемлекеттік дәрежеде шешімін таппай қалды. Қазір бұған ешқандай бөгет жоқ, алайда қай сөз қай  әндікі, осыны тиянақтау, тұжырымдау жағы қолға алынбай, игі бастама қортындыланбай, ізі суып кетті. Бұл да енжарлығымыздың бір белгісі. Әлі де кеш емес. Түбі әр ән сөзін, өзінің иесін табуға тиіс. Әсіресе, ертеректегі операдағы әндердің түпкі тағдыры көмескі.  Енді елу жылдан соң  «Сармойынның»  әуенін жазған Евгений Брусиловский деп дүниежүзілік анықтамада жүрмесіне кім кепілдік береді. Ал зәру іске үлесін қосқан жоғарыдағы екі азамат та елінің бір намысын дер кезінде қорғап берді деп есептеймін.

Мұның барлығы жеке-жеке тапсырма атқарып жүрген праволық комиссияның мүшелеріне күш-қуат, сенім бітірді. Әлі есімде, 1988 жылы 13 қаңтар күні Олжас Сүлейменов орталық комитетке барып келді де:  «Ал енді іске тікелей кірісеміз. Мен КГБ-ның төрағасының орынбасары генерал Әбдірахмановты және тиісті бөлімдердің бастықтары 7 полковникті праволық комиссияның мүшелерімен кездесуге шақырдым. Олар репрессия мен желтоқсан оқиғасы туралы сұрақтарға жауап береді. Дайындалыңдар» –деді. Генерал Әбдірахманов хабарлама жасады. Жазушылардың ішінен Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Қасым Қайсенов, Әлжаппар Әбішев өте шағымды сауалдар қойды. Сонда тұңғыш рет желтоқсан оқиғасына байланысты 105 адам сотталды, 2 адам  өлді, 2400 адам қамалды, 355 адам жараланды – делінген дерек айтылды. Әрине, бұл толық емес әрі нақтыланбаған мәліметтер екені ескертілді. Сол әңгімеде Мағжанды кім көрсеткені және оны ақтауға қарсы болған бір кездегі жазушылар одағының хатшысының аты да аталды. Қауіпсіздік комитеті жазушылардың праволық комиссиясының жұмысына көмектесетіні, арнайы кеңесші бөліп беретіні туралы уәде берді. Бұл кездесудің біз үшін мәні ерекше болды. Енді жасқанатын ештеңе қалмады.

– Демек, бұдан арғы уақытта біраз шаралар жасалып, қоғамдық пікір қалыптасып, деректер жинастырылып, құқықтық комиссияның іс-жоспары да нақтыланып қалған болды ғой?

– Иә, дұрыс айтасың. Ендігі мәселе, тұжырымдалған пікірлерді жинақтап, тиісті ресми мекемелерге жолдау, батыл әрекетке кірісу міндеті еді. Сонда ғана барып мәжілісхатты жүргізу мүмкін деп шештік. Бұл ашық түрде қимылдаудың белгісі еді. Енді жасырып әрекеттенудің қажеттігі жоқ болатын. Пікірім шашыранды шықпас үшін 1987-1989 жылдардың арасында жүргізілген жұмыстарды бағыт-бағдары бойынша жүйелеп айта кетейін:

Бірінші: жаппай жазалау саясаты, ұлттық белгісіне қарап тергеу жүргізу, қызметтен қудалау, басшыларды ұлттық тегіне қарай қою, жалпы құқықтық негіздердің бұзылуы туралы жазушылардың атына келіп түскен жекелеген арыздарды тексеріп, қортындыларын баспасөз бетінде жариялап отыруды мақсат тұттық. Бұл ретте марқұм Қанапия Бекетаев көп еңбек сіңірді. Әсіресе, жазықсыз сотталғандар мен әкімшілік қысым көргендер туралы бес-алты мақала жариялап, жоғары соттың үкімін қайта қаратқан «Күрті ісі» мен көп балалы аналар туралы мақаласы нақты нәтижелер берді. Бұдан кейін құқықтық комиссияға келушілердің саны көбейді. Оларға тиісті көмек көрсетілді. Олжас Сүлейменов өзінің атынан түрлі баспалдақтағы мекемелерге хат жазуға пұрсат берді. Комиссияның жұмыстары мен арыздардың нәтижесі туралы хаттамалардың жұмыстағы сейфтен жоғалып кетуіне байланысты нақты деректерді келтіре алмай отырмын. Оның ішінде Мұхтар Әуезовтің сотталуы мен қудалануына қатысты құжаттар да бар еді. Тек  «құпия дәптердегі» мына адамдардың атын атай аламын. Олар: Күртіден Шектібаев Кәрімбек, Тілеубай Үсенбаев, Келісбек Нүрпейісов, Боранбаев Бейсахметтер. Қанапия Бекетаев марқұм бұл істі ақтауда үлкен еңбек сіңірді. Марқұм Қасым Тоғызақовтың мұрагерлік мәселесі шешілді. Алпыс жылдық өмірінің отыз жылын түрмеде өткізген Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетінің классигі Қажықұмар Шабданұлының тағдыры туралы хат ҚХР-дың мемлекет басшысы Жаң Зы-минге, жазушылар одағына келген өкілдерге, Қазақстанның орталық комитетіне, Горбачев пен ССРО жоғары кеңесіне жолданды. Өкінішке орай ресми мекемелер қолдамады. Бірақ та Шабданұлының тағдыры мен шығармалары туралы мағлұматты қазақстандықтар білді. Кейіннен шығармалары ішінара жарияланды. Асанбай Асқаровтың тергеу ісінің мән-жайы қазір көпшілікке мәлім. Бұл тек қана Асқаровқа, Арғынбаевқа, Ақмырзаевқа, Алтунинге, Бекжановқа, Көмекбаевқа қарсы қозғалған жазалау әрекеті емес, сол арқылы бүкіл қазақ халқына қолданылатын қорлаудың басы болуға тиісті еді. Егерде бұл топтың «қылмысы әшкереленсе», онда келесі кезекте Дінмұхамед Ахметұлының тұрғаны анық, «екінші Рашидов» боп шыға келері  сөзсіз еді. Сол ретте Жамбыл облысының Мерке ауылындағы Есенин көшесі, № 2 үйде тұратын Байдәулет Дауылбаев бастатқан Қойлыбай Қабатаев, Қайсарбай Ыдырысов, Әліпбай Беріков іспетті ардагерлер комиссияға келді. Әкім Таразидің бөлмесінде шағын кеңес құрып, топ мүшелерін белгіледік. К.Табеевті сот ісіне қатысуға, оның есебін жариялап тұруға міндеттедік. Калинишенко, Клепцов, Романцев іспетті тергеушілердің арандату, ұрып-соғу, камераға қанішер қылмыстыларды жіберу сияқты әрекеттеріне тиым салу жөніндегі хатты Қырғызстанның жоғары сотының атына жолдадық. Ақыры әлгі ардагерлердің «Әділет» тобы түпкі мақсатына жетті. Қазақ баспасөздерінде соттан есептер жариялана бастады. Талдықорған облысы Панфилов ауданындағы «Ашарал» колхозынан жолдаған Құлбаев Ақбаланың арызын жазушы Қойшығара Салғарин тексеріп, партия ұйымының хатшысы Қожақанов Жұмағалидан шағымға орай, ол кісіні бухгалтерияға қайтадан орналастыру туралы уәде берген жауабы келді. Мұндай жайлар өте көп еді, оның барлығын тізбелеп жатудың реті жоқ. Жазушылар бұл тұста барынша азаматтық белсенділік танытты.

Екінші: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов туралы тиянақты тұжырымдар дайындалып, орталық комитетке ұсынылды. Олар мұны қолдап, арнайы комиссия құрды. Ал жоғары соттың төрағасы Тамас Аймұханбетов пен коллегия мүшесі Қазыхан Кенжебаев бұл мәселенің заңдық ақталуын шешуге дайын тұрған еді. Бір айға жетер-жетпес уақыттың ішінде ақтау туралы үкімнің әзірленіп бітуі де соны байқатады. Керісінше, сарашы ғалымдар бұл қортындыға келу үшін екі-үш ай уақыт жұмсады.

Үшінші; желтоқсан оқиғасына қатысты нақты деректер жинақталып, пікір қорытуға негіз қалады. Барлық мәліметтер анықталды. Түрмеде жатқандардың тізімі жасалды. Зардап шеккендерден куәліктер алынды. Бір қынжыларлығы, жалған дақпырттың көптігі мен оқиғаға қатысушылардың және қиянат көргендердің ата-аналарының жалтақтығы талай істі тығырыққа тіреді. Баласының не жолдастарының нақты аты-жөнін айтудан бас тартқандар да жиі кездесті. Ресми түрде мына адамдардан хат пен хабар келді: Алматы облысы  Қаскелең ауданы Құрылысшы полселкасындағы Котовский көшесі, № 29 үйде тұратын Зылиха Қауқаева баласы Таубаев Бақтығали Артықбайұлының 1987 жылы 28 ақпанда сотталып, Карлагқа жөнелтілгенін, онда түрмедегі офицерлердің азабына шыдамай аштық жариялағанын, ерегескен олар Бақтығалиды тағы да екі жылға соттағанын, кейін Павлодарға ауыстырылғанын мәлімдеді. Хасен Қожахметовтен хат келді. Ойнабеков Аманкелді, Болат Жұбатыров, Мүлікбаев Өткірхан Қошқарұлы, Жұмабаева Күлімхан, Үмбетов Абай, Қабылов Рүстем, Иманбаев Қайыхан, Қилыбаев Расул, Нұрлан Нұрғазин, Тайманов Нұрлан, Әлімжан Исабаев, Әшімова Гүлнар, Аманғазы Кәріпжанов, Сыздықова Сәуле, Құрманғазы Рахметов іспетті азаматтар түсінік берді немесе олар туралы нақты деректер жиналып, расталды. Сондай- ақ облыстық жерлердегі жазаға тартылғандардың  тізімі тізілді. Соның ішінде Ақтөбе облысы Алға қаласында желтоқсан күндері Алматыдағы оқиғаға үн қосқан Телеуов Болаттың, Арынғазиев Болаттың, Тайбөкенов Беріктің ісі назарға ілікті. Бұлар спорт мектебінің мұғалімдері екен. Трофимовтың баяндамасында  «лжеучителей» –  «жалған ұстаздар» деп қараланып, бас еріктерінен айырылды. Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұрауына ие боп, ақталуға не түрмеден босатылуға келісілген болатын. Бұл азаматтар туралы 1996 жылғы желтоқсан айының ішінде «Қазақ елі» газетіне берген Телеуов Болаттың сұхбатындағы түсінікте айтылған:  «Он жыл бойы темір тордың ішінде аңдасып, арпалысып жүріп іштей түлеген желтоқсандық батырлар 1996 жылы қарашаның 25-де ҚР Жоғарғы сотында Мақсұт Нәрікбаевтың төрағалық етуімен азаттық алды» – деген сөзді түсінбей қалдым. Сонда олар он жыл бойы түрмеде отырған ба? Әлде стильдік селкеулік пе? Бұл үш жігіт «азаттық» емес,  азаматтық ақталу алған шығар. Міне, осындай жұмыстар  жанданған кезде Сафуан Шаймерденов ағамыз Әбу Сәрсенбаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Рахманқұл Бердібаевтің, Әбдуәли Хайдаровтың, Әбдіжамал Нүрпейісовтің, Мекемтас Мырзахметовтің қолдары қойылған үндеу хатты тапсырды. Біз оның алдында әрбір істің өзінше құпиялылығын сақтау үшін екі-үш адамнан шағын топ құрған едік. Әр топ өзге топтың не істеп жатқанынан хабарсыз болатын. Өйткені, бұл өзі өте шамшыл және намысты мәселені қамтитын. Сондықтан да зорланған қыздардың абыройын сақтап, олардың келешегін ойлап жария етпеудің амалын ойластырдық. Әрі оларды куәлік беруден сескендіретін, имендіретін. Сол топтың бірін Сафуан ағамыз басқарды. Смағұл Елубаев пен Коммунар Табеев, Қажытай Ілиясов белсенді кірісті. Кейде түңіліп те жүрді. Облыстарға жеке адамдарды астыртын жіберіп, бопсалай жүріп деректер жинады. Соның нәтижесінде КГБ кейін ресми түрде жариялаған Ербол Сыпатаевтан басқа Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхаметжанованың есімдерін анықтадық. Жазушы Асқар Алпысбаев  «Жұлдыз» журналының командировкасын пайдаланып Өскеменге барып, Сәбираның тағдырын, қалай құрбандыққа ұшырағанын анықтап келді. Қарқалпақстаннан келген екі бала құрбан болды деген Әзиза Нұрмаханованың және Жамбылдың Мерке селосында баласын жоқтап жылап, Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Мекебаевқа шағынған әйелдің деректері расталмады. Мен өзім Маңғыстау, Гурьев, Ақтөбе облыстарын аралап, нақты куәлердің растауы бойынша ізге түскен бір қыз баланың өлімі туралы мәліметті анықтай алмадым. Оралдан да іздестірілді. Әйтеуір, батыс облысының қызы екені анық. Тұрған пәтеріндегі киімдері мен қағаздары жоқ. Пәтер иесі орыс кемпірі «кетіп қалған» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Зады, Астрахань не Орынбордан келген адам болуы да ықтимал. Әрине, тірі болса – қуаныш. Ал құрбандыққа ұшырап, әке-шешесі жасырып жүрсе – тексіздік. Аса үлкен мөлшерде ақша беріп, басқа қаладан, аудан орталығынан үй алып беріп, дымын шығармаған жайлар орын да алған сияқты. Бұл іспетті күдікті сондай сапардан оралған әр жазушы айтты. Оны мәскеулік үндеместер жүзеге асыруы мүмкін. Қолтаңбасы соны аңғартады. Жоғары Каменка, Қалқаман, Дмитриевка, Бірінші май поселкаларының шетіндегі жарлауыттарға машинамен апарып, зорлап, қорлап кеткен солдаттар мен офицерлердің азабы мен мазағы жөніндегі деректер расталды. Қылмыс орындары анықталды. Солардың ішінде алаңға тәртіп сақтау үшін барған жасақтар да бар екен. Олар да растап берді. Комсомолдың орталық комитетіндегі ауыл шаруашылық бөлімінде істейтін бір жас жігіт сондай күйге түсіпті. Бұл деректі Ғалым Доскенов дәйектеді.

Үлкен қиыншылық тудырған және осы уақытқа дейін тиянақталмаған бір жайт – сол оқиға тұсында психологиялық қысымға шыдамай не тергеу мен ұрып-соғудың нәтижесінде түрлі жаратқат алып, кемтар болып қалғандардың алаң мен түрмеден тыс жерде кейіндеу өлген адамдардың тағдыры. Мысалы, тура сол желтоқсан оқиғасы тұсында жүректен қайтқан халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің кенеттен қайтыс болуына психологиялық қысымның әсері  болды деп есептеймін. Жерлеуі де ың-шыңсыз өтті. Милиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан Молдабаевтің өлімінің мотиві де жұмбақ еді. Мұны  түбейгейлеп тексеруге біздің мүмкіндігіміз жетпеді. Мысалы, желтоқсанның 31 күні қайтыс болған делінген Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Маханбетова Бақыт та сондай қысымның құрбаны. Көкшетау облысының Көкшетау ауданның Ортақ селосында жерленген Бақыттың ата-анасы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Өздері кейін басқа ауданға көшіп кеткен. Мұндай оқиғалар әр жерде кездесті. Бірақ қолхат беруден де, аты жөнін жариялаудан да бас тартты. Тіпті, «бала өзіміздікі, сендердің не шаруаларың бар» – деген сөздер айтылып қалды. Әрине, бұған істер қандай лажың бар? Зады, осы бір жайтқа ерекше назар аударып, тиісті деректер жинастырған лазым. Сонда жазалау саясатының барлық зардабы толық ашыла түсер еді.

Екі жылдың ішінде саяси пікір қалыптастырып, мемлекеттің алдына мәселе етіп қоятындай деректер мен құжаттар жиналды. Оның үстіне  Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұрауымен елуге тарта іс қайта  қаралып, кешірім жасалуға бет алды. Сол кезде Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің президиумына, ССРО жоғарғы кеңесінің президиумына праволық комиссияның атынан мәлімдеме жолданды. ССРО жоғары кеңесінің депутаты ретінде Олжас Сүлейменов Кремльдегі мәжілісте арнайы сөйлеуге тиіс болды. Тиісті құжаттар мен деректер жеткілікті болатын. Бұған Олжастың тікелей өзі анықталған жайлар да қосылды. Ол жеделхаттар мен құжаттар көмекшісі Сүният Бекеновте әлі де сақтаулы жатқан болу керек. Қысқасы, Бүкілодақтық деңгейде адам құқы жөнінде мәселе көтеретіндей тұжырым дайын болды. Сол мәлімдемелердің ішіндегі:

«Қазақстан жазушылар одағының жанындағы қоғамдық негізде құрылған праволық комиссия 1986 жылғы Алматы қаласындағы желтоқсан оқиғасының себептерін анықтау және жазаға тартылғандардың тағдырына араша түсу мақсатымен арнайы шұғылданды. Оқиғаның барысымен толықтай танысып, тиянақты тұжырым жасау үшін республиканың жауапты мекелеріндегі тергеу, сот істерімен танысуға, кино, фото, видео құжаттарды көруге, түрмедегі адамдармен сөйлесуге рұхсат берулеріңізді сұрайды. Праволық комиссия қазірдің өзінде де бұл оқиғаның саяси мәні мен себептері, қозғаушы күші, және тергеу барысында жіберілген түрлі заңсыздықтар туралы  тұжырымды мәлімдеме жасауға әзір, оған негіз қалайтындай куә – деректер бар» – деген сөзді айту үшін қаншама тер төкті десеңізші! 

Осындай салмақты мәлімдемені Олжас Мәскеуге алып кетті. Ол қалайда сөйлеуге тиіс болды және мәселені бір жақты етіп келуге барын салатыны анық еді. Сол кезде Алматы облысының Кеген ауданынан сайлауға түскен Мұхтар Шаханов та кешігіп барып депутаттыққа өтті. Ол кісі Мәскеуге жүрер алдында жаңағы Олжасқа берілген тұжырымдаманы сұрады. Біз  көшірмесін бердік. Кім болса да, әйтеуір, желтоқсан оқиғасының шындығын және оған берілуге тиісті саяси бағаны жұртшылыққа жеткізсе – мақсатымыздың орындалғаны деп түсіндік. 1989 жылғы көктемгі сессияда Мұхтар Шаханов сөз алып, дүние жүзіне жария етті. Біздің комиссия мүшелері бір-бірін құттықтап, арқаларынан үлкен жүк түскендей күй кешті. Расында да олар ұлтының алдындағы жазушылық парызын орындаған нағыз азаматтар еді. Сол істері үшін де оларға мың да бір рахмет. Бұдан кейінгі оқиға барысы өзгеше сыпат алды да, комиссия мүшелерінің біразы Мұхтар Шахановтың тобына қосылды. Тек Қазақстан өкіметі жағынан желтоқсан оқиғасы жөнінде арнайы комиссия құрылғанда наразылық білдіріп хат жолдадық. Өйткені, өкімет комиссиясының мүшелерінің ішіндегі Дмитрий Снегиннен басқаларының барлығы да ресми лауазымы бар адамдар еді және олардың өздерінің жеке мүддесі комиссия мүддесімен тоғыспайтыны анық болатын. Олар іскерлік бағытын басқа арнаға бұрып жіберді. Сол кездегі бағыттан аса алмаған желтоқсан оқиғасы туралы әрекеттердің барлығы түрмеге түскендерді ақтаумен ғана шұғылданды. Ол он жыл өткен соң да тәмамдалған жоқ. Мәселені саяси тұрғыдан қойғанда мүлдем өзгеше арнаға бет алар еді. Сонда осы күнге дейін: жазықсыз сотталдым. Оқиғаға кездейсоқ қатысып едім. Үйім жоқ, күйім жоқ. «Көмектесіңдер» – деген сықылды жеке-жеке адамдардың ғана арызы айтылмай, ұлттық қозғалыс ретінде дамып, бәрімізге ортақ Отандық – патриоттық партия ретінде қимылдауға мүмкіндік туған болар еді. Мүмкін, сол партияны Елбасының өзі де басқаруы мүмкін еді.  Ал ол үшін үлкен саяси бағдар мен ұлттық қозғалыс керек еді. Өкінішке орай, мүдделер бөлініп кетті. Мүмкіндік қолдан шықты. Негізгі іскерлік бағыт әшкерелеу мен бет тырнауға, дақпырт пен даңққа, жеке бастың мүддесіне қарай ауысып, қарама-қарсы күштердің ырғасуына алып келді. Тіпті желтоқсан оқиғасына қатысушылардың өзі екіге бөлінді, «Алаш», «Азат», «Желтоқсан», ақыры  «Азамат» болып бұтарланып тынды. Бұл, менің ойымша, қазақтың ұлттық рухани қозғалысына үлкен зиянын тигізді. Тәуелсіздікке емес, саяси тәуелділікке бет бұрғызды. Керісінше, бұрынғы  «орыс еместер» немесе  «орыс тілділер» қозғалысы нығайып, мемлекеттік саясатқа ықпалын тікелей жүргізуге қол жеткізді. Ал мүдде мен билік бөлінген жерде ортақ ұлттық қимыл ешқашанда болмайды. Бұл да сол империялық іріткі салушы арандату әрекеттерінің кесірі. Бұған  «бас – басына би болғысы келген өңкей қиқымдардың»  (Абай) зардабы қатты тиді. Қоғамның ішіндегі қозғаушы күш ыдырап, ақыры айғай мен даурығуға ұласты. Ойлы жұрт одан бас тартты. Сөйтіп, ұлт ретінде ортақ нысанаға келген қазақ елі желтоқсан оқиғасынан кейін бес жылдан соң баяғы қалпына қайтып оралды. Тұлғалар тұлданып, жеке қалды. Қозғалыстың мәйектері іріген  соң ол өз-өзінен ыдырап кетті.

– Егер, соңына дейін ұлт болып ұйыса алу жолында бір бағытқа қарап бет түзей алмасақ, желтоқсан оқиғасы сияқты дүмпулердің қазаққа не керегі бар еді? Жалпы, Желтоқсан оқиғасы бізге нені дәлелдеп, нені айқындап берді?

– 1989 жылы ақпан айының 14 және 17 күні Дегелеңдегі сынақ полигонында қатарынан екі рет сынақ өтті. Мен тура сол мезгілде жазушы, сыншы Төкен Ибрагимовтың 50  жасқа толу мүшелтойына қатысу үшін Семейге, одан Қарауылға бардым. Тойға барған басым көңіл айтудан қолым босамады. 1988 жылдың мамыр айында болған сынақтан кейін улы газ ауаға тарап, жас балалардың өкпесін күйдіріп, үлкен қатер төндіргенінің куәсі болып едім. Колбиннің өзі жедел ұшып барып, істің мәнісін түсінген соң:  «тұмау тарапты» – деп Алматыға асыға қайтып кеткен болатын. Бұл жолы жүрегі әлсіз қарияларды жусатып салыпты. Елдің де жүйкесі тозып, шыдамы шегіне жетіпті. Құмыға құсалы күйге түстім. Алматыға келісімен бірден одаққа тарттым. Барлық мән-жайды Олжасқа түсіндіріп, депутат ретінде бір қайрат көрсетуін тіледім. Мамырдағы оқиғадан хабардар Олжекең:  «Сволочи! Жетті! Енді шабуылға шығу керек. Сен барға (шарапханаға) бара бер. Мен де барамын» – деп шығарып салды да, телефонға жармасты. Хатшылар Сайын Мұратбековті, Әкім Таразиді, Леонид Кривощековті, Геннадий Толмачевті шақырып алды. Іле қарбалас басталды. Бір сағат өткен соң: «Сенің айтқаның рас екен. Мәскеудегі қорғаныс министріндегі сенімді адам растады. Сен парызыңнан құтылдың. Ендігісін маған қалдыр» – деді. Үшінші күні, жұма күні келгенімде Қадыр Мырзалиевтің, Дмитрий Снегиннің, Сайын Мұратбековтің, өзінің депутаттық қолы қойылған наразылық  мәлімдемесін көрсетті. Кешінде теледидар арқылы барша жұртқа жайды. Жексенбі күні Жазушылар одағында ресми емес митингі өтті. Сөйтіп,  «Семей - Невада» қозғалысы дүниеге келді. Бұл – Колбиннің есін тандырған алғашқы соққы еді. Оның мекіренген аяр күлкісі сол күні тиылып, өзінің туының жығылғанын сезді. Енді Қазақстанда оған орын жоқ болатын. Мен дәл осы бір септестігім үшін азамат ретінде кәдімгідей көңіліме мақтаныш пен жұбаныш ұялатамын. Еңбек пен ерлік – Олжастыкі. Дегенмен де, жерлестерімнің алдында бетім жарық сияқты көрінеді. Бұл да  желтоқсанның рухы еді.

Желтоқсан оқиғасы қазақ ұлтын тітіркендіріп, шамырқандырып, рухани серпілтіп, қуатты қоғамдық қозғалысқа түсірді. Қазақ елінің дәл осы кездегідей жұмыла белсенді болған кезі сирек. «Желтоқсан»,  «Семей–Невада» қозғалысы,  «Арал» қозғалысы сол тұста дүниеге келді. Егерде осы үш қозғалыстың басын біріктіріп, ұлттық мүддеге орайластырып, саяси орталық құрылғанда, ұлтымыздың мерейі үстем, өзара түсіністігі мығым, ұлттық тұтастықты мұрат еткен ұлттық рухани майдан қалыптасары сөзсіз болатын. Бұған зиялы қауымның ынтасымен дүниеге келген  «Қазақ тілі» қоғамы идеологиялық негізді қалай алатындай мүмкіндігі бар еді. Мұнда саясат та, экономика да, мәдениет те, ұлттық даму бағыты да қамтылды.  «Азат» қозғалысының төралқасы құрылған сәтте-ақ оның жіктеліп тынатынын өз басым білдім және бұл ойымды Сәбитқазы Ақатаев ағамызға айттым да. Бұл – көсемсігендік емес, ондағы қалыптасқан шындықтың өзі солай бет алып тұрған. Соңынан қос жарылды, ақыры  байбаламның байрағын көтерді. Әлі де ауызбірлікке жеткен жоқ. Бір адамды қаралап, бір ғана бағытты ұстап, жұдырыққа жүгінген қозғалыс ешқашанда абырой әперген емес. Қазір сол қозғалыстың кейбір  «көсемсымақтары» «Азаматқа» ауысты. Ал бұл  «Азаттың» бағытына мүлдем қарама-қарсы ниеттегі қозғалыс. Түптің түбінде олар өздерін өздері әшкерелеп тынатыны сөзсіз. Өйткені, мұнда ешқандай мемлекеттік, ұлттық, рухани тұғыр жоқ. Массондық мақсат қана бар. Әттең, осы бес қозғалыстың мүддесі мен қимылы («Желтоқсан қозғалысы»,  «Семей - Невада», «Арал»,  «Азат»,  «Қазақ тілі») өзара үйлескенде, бүгінгі берекесіздікке жол берілмейтін еді. Дәл осы қозғалыстардың бойына демократиялық, конституциялық, ұлттық, патриоттық, конгрестік, ассамблеялық идеялардың бәрін де ұйытуға алғы шарттар жасалынып, дайын тұрған. Бұл ниет жүзеге аса қалған жағдайда, қазіргідей әкімшілік жіктелуге жол берілмей, ұлттық мемлекет қайраткерлері іріктеліп шығар еді. Иә, өкінішке орай, бәрі де  «еді» дегенмен аяқталды. Бүгінгі күнгі саяси-әкімшілік жіктелуге алып келді. Егерде, әрбір қазақтың көксегені Тәуелсіздік екені рас болса, онда біздің өзара тіл табыспайтындай себебіміз жоқ болатын. Ұлтымыздың өз ішінде бірін-бірі жек көретіндей өшпенділік  сезімі оянбаған еді, әлі де төзімі таусылған жоқ, соны біріктіретін қуатты сезім керек. Ол үшін ұлттық тұтастық идеясын оятып, қанымыз бен жанымызға сіңіре білуіміз қажет, тым құрымағанда келер ұрпақтың бойына сіңіріп кету – перзенттік парызымыз.

Екіншіден, желтоқсан оқиғасы ұлттық көсем немесе тұлғаларды іріктеп шығара алатындай мүмкіндігімізді анықтап берді. 1986-1989 жылдардың арасында қайраткерлер мен зиялыларымыз өте жауапты сынақтан өтті. Осы үш жылдың ішінде өзімен-өзі жұмыс істеп, қатты шыныққан саясаткердің қатарына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жатады. Меніңше оның өмірі, нағыз саясаткерлік тұлғасы, мемлекеттік қайраткер ретіндегі болмыс-қимылы осы үш жылда қалыптасып, сақа саясаткерге айналды. Мұны өзі де мойындайтын шығар. Қыл үстінде тұрған қайраткерден тәуелсіз елдің президентіне дейінгі аралықтағы уақытта адам ретінде жанкешті сезімдерді басынан кешті. Соның өзінде де жол тапты. Ең бастысы ұлттық намыс деген идея жүрегіне ұялады. Биліктің өз философиясы бар. Соны қапысыз меңгергендігін көрсетті. Өзге қайраткерлеріміз өзін-өзі жеңе алмады. Идеологиялық жылымда қалып қойды.

Екінші тұлға – Олжас Сүлейменов. Ол өзіне табиғат сыйлаған қасиеттердің барлығын сыртына шығара білді және азаматтық адалдығы мен өжеттігін, күрескерлік қасиетін көрсетті. Жұртты соңынан ертті және адастырған жоқ. Саясатта да ақын бола алды, яғни, саясаттан поэзия жасай білді.

Үшінші адам – Мұхтар Шаханов. Ол желтоқсан оқиғасына құлшына кірісіп, жанын салды. Аралды да арашалағысы келді. Ақыры елшіліктен орынын тапты. Олжас пен Мұхтардың елшілігінің салмағы бірлей емес. Мұхтар Шаханов әрбір істі ақындық шабытпен қызу бастады да, тура ақындар сияқты тез суынып кетті. Соның нәтижесінде Аралдың да, желтоқсанның да мәселесі толық шешілмей, тез жинақталды. Ол үнемі ұшып жүргісі келді, бірақ, саясаткерліктің инемен құдық қазатын мамандық екендігіне мойынсынғысы келмеді, табандап кірісуге мойны жар бермеді. Ал, жүрегінің тазалығында мін жоқ. Ұлттың сеніміне ие болды. Сол сенім оны халық жазушысы етті.

Мемлекеттік басқару тәжірибесі бар Михаил Есенәлиев пен саяси күрес жолынан өткен ойлы да саналы Сәбетқазы Ақатаев халықты соңына ертті. Неге екені белгісіз ортақ тіл табыса алмады. Арадағы желбуаз не әсіре айқайшылардың мысын баса алмады. Жасарал Қуанышәлі ғана өз бетін айқындады. Ал Ормантаев мықты ғалым, шикі саясаткер дәрежесінде қалып қойды.  «Желтоқсанның» жетекшісі Хасен Қожахметтің тұлғасы бұлардың бәрінен де тосын және шешілмеген жұмбақ, әрекет-қимылы толық ашылмаған күйінде ықылас аударып келеді. Ол өжет те шешімді, батылдығы мен табандылығы бар, саясаттың қитұрқы тәсілдерін біледі, ешкімнің ықпалына көнбейді. Оны мойындайтындар да, мойындамайтындар да, тіпті, менсінбейтіндер де бар. Тек басқару тәжірибесі жоқ. Ол өзін-өзі көндіріп, мемлекеттік мекеменің қызметіне жегіліп, ысылса – он жылдың ішінде елдік тұлға дәрежесіне  көтерілуі кәміл. Оппозиция – мақсат емес, қазақ елінің тәуелсіздігі мен мемлекеттігі – басты мақсат. Ал бұл жолда ұлттық тұтастыққа ұмтылу – парыз. Шіркін, ондай түсіністікке жетсек, қазақ елі өркениетті елдердің алдыңғы қатарына таяу арада шығарына еш күмән келтірмейтін. Сәбетқазы бұл жолға мойын бұрғандығын аңғартты. Бірақ жуастық та, жасықтық та, неғылайындық та ұлттық ой иесінің таңдайтын, бой үйрететін жолы емес. Қазір қаражатқа сүйенген қайраткерлер шығып келеді. Солардың арасынан Серік Әбдірахмановтың еңсесін басатындай тұлғаның сұлбасы көрінбейді. Экономикалық саясат пен қаратжаттың қапысын тапқандары дұрыс, бірақ, рухани ішімайың болмаса, ұлттың ықыласын өзіңе қарата алмайсың.

Ұлттық тұлғалар туралы қазбаламасам да болар еді. Бірақ ел-жұртқа  «Желтоқсан оқиғасы» тұсындағы ұлттық бірліктің кейіннен неге ыдырап  кеткендігіне көз бен көңіл сұғын қадау арқылы ел-жұртқа ой салғым келді. Өйткені, аталған тұлғалардың бұл мәселеге тікелей қатысы барлығын бәріңіз де білесіздер. Осылардың арасында бәрінің де мүддесін жалғастырып, мемлекеттік тұтқаны ұстаған Әбіш Кекілбаевтың жөні басқа. Ол өзінің басты ұлттық мүддесін табандылықпен және сондай көмпістікпен жүзеге асыра білді. Ауыр да азапты әрі жауапты күрес жолынан өтті. Тіпті кей-кезде басынғандарды да кешіре білді, бірақ өзі оларды қорламады. Мемлекеттің екінші тұлғасы болуы арқылы басқару билігіне ойлы парасат әкелді. Мемлекетіміздің ойлы ел болуға бет алғанының нышанын аңғартты. Лайым ойлы мемлекеттің азаматы болуға жазғай сіз бен бізді. Ондай құқыққа ие болуға қазақ ұлты толық еңбек сіңірді. Оған еліміздің жүріп өткен жолы, күрес тәжірбиесі, рухани қуат-күші дәлел.

– Желтоқсан оқиғасы уақытында қазақ баспасөзінің үні қалай шықты?

– 1986-1989 жылдардың аралығында ұлттық мойынсынбау қозғалысына тәуекелмен ат салысқан жазушы ағайындардың рухани ерлігін еске сала кету керек. Шындығында да, қаламгерлердің қайраткерлігі болмаса, біздің еліміздің көңілі сәл-сәл пәс күйінде қалары сөзсіз еді. Тәуелсіздікке дайындалмай келіп, дағдарып қалуымыз да ықтимал болатын. Айта кетейін, сол кезде Шерхан Мұртаза ағамыз басқарған «Қазақ  әдебиеті» газеті ұлттық қозғалыстың үні болды. Әбіш Кекілбаевтің декабристер туралы мақаласы, Несіпбек Айтов аударған Науайдың  «Ескендірнамасындағы» жаппай жазалау туралы тараудың жариялануы емеуірінмен танытылған ескерту еді. Өзге басылымдар 1989 жылдың ортасынан бастап еркін ой білдіруге көшті. Мұны да ескерген лазым. Хасен Қожахметовтің тобы Алматыдағы Дзержинскийдің ескерткішін құлатқан күнімен желтоқсан оқиғасының соңғы күрес қимылы аяқталып, тарихтың еншісіне кеткендей әсер етті маған.

Ендігі саяси әрекеттің жөні мүлдем басқа еді. Әттең, сотталғандарды ақтаудан әрі аса алмадық. Ал басты мақсат ол емес еді ғой. Түбі қайырлы болып, тәуелсіздіктің туын көтердік. Бұл – желтоқсанның жебеуі, ұлттық  қозғалыстың өтеуі, үш ғасырға созылған арманның орындалуы болатын. Ал ол арманның орындалуына жазушылар өлшеусіз үлес қосты. Азаттық рухын өшірмеді. Одақтың бүгінгі  қиналысы қабырғамызға батады. Бірақ қалайда шыдап бағып, қара шаңырағымызды ортасына түсірмей ұстап қалу – жазушылардың да, тәуелсіз мемлекеттің де парызы. Ойымды қорыта келіп, сөз арасына ілігіп кеткен  «мен» деген сөз үшін кешірім сұраймын. Мұндағы  «менді» менің «менім»  емес, куәгердің  «мені» деп түсінерсіздер деп ойлаймын. Тіпті болмаса,  «өз сөзім – өзімдікі» ғой. Пікір білдіруге қақым бар деген байламмен ойымды тұжырымдаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21902