Сәрсенбі, 26 Сәуір 2017
21 Желтоқсан, 2016 сағат 10:42 Алашорда 759 0 пікір

ТОҒЫЗАТ ПЕН АНАҚАРЫС ДОЙБЫСЫ

Әскери демократиялық қоғам орнатқан аттылардың бүгінгі мәдениетінде әскери-тактикалық ойлау сипаты мен оның үлгісі қаншалықты және қандай көріністе сақталған деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Бұл жауапты іздестіру барысында біз аттылар қоғамына (көшпенділер) тиесілі зерделік ойындарды зерделеу барысында қызық жайттарға тап болғанымызды осы баяндама аясында жария етпекпіз.

Зерделік ойындарды зерттеушілер шахматты – үндіге, гоны – қытайға, нардты – парсыға, дойбыны – грекке, ал маңғалатектес ойындарды африкалық-тұрандық ортаға телиді. Сөйтеді де бұларды осы орталардағы қалыптасқан ойлау жүйесінің сипаты мен үлгісі ретінде қарастыруға болатындығын айтады.  Ал, украиналық дене тәрбие пәнінің мұғалімі Евгений Кадниковтың зерттеуіне [1] қарағанда, қиғашжүрісті дойбының шығуы сақтарға тән көрінеді (суретте). Қиғашжүрісті дойбыны ойнауға сақ сарбаздары барынша құмартқан. Оның мәні – сарбаздың механикалық әрі логикалық ойлау қабылетін қарбалас жағдайда шұғыл әрекетке дағдыландыратын сайман болғандығында.   

Бізге жеткен тарихи ақпарат [2] бойынша ежелгі сақтардың саптағы ең төменгі әскери бөлігі 9 сарбаздан тұрған: бес адамдық артқы шептің қақ ортасында тоғызбасы жайғасқан, оның алдын қалқалап төрттік сарбаз  шайқасқан. Бұдан біз тоғыздық санның аса бір киеге тән екендігін ғана емес, оның басты рухани әрі басшылық рөлде болғандығын байқаймыз. Майдандағы бұл әскери жайғасудан хабары бар гректер тоғызбасын өлтірудің тактикасын жасап, оны ылғи да ең алдымен өлтіру арқылы сақ әскерін тұйыққа тіреген. Сақтардың бұл әскери тактикасы құпия түрде қалыптасқан әскери құрамы қос қатарға орналасқан 9х9 өлшемді тікежүрісті дойбы ойынында көрініс тапқан. Сол кезде сақтар дойбысында 17 жай сарбаз және бір сардардан тұратын ойын ережесі кең таралыпты. Гректердің тактикасына қарсы бір біріне қарсылас көлденең төртжолақты және бір бос жолақты ойын тақтасын өзгерту арқылы кемеңгер  Анақарыс әскери майданды жетілдіруді ұсынған. Е.Кадниковтың ежелгі жазбалардан келтіруі бойынша, б.д.д. 596 ж. Анақарыс ежелгі Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып, грек дойбышыларын ұтып, сақ данышпаны ежелгі Грекиядағы өзінің мәрмәр мүсінін қойғызуға еңбек сіңірген аттылардың арасынан шыққан бірден бір далалық жігіт екендігі мәлім. Атина (Афины) қаласында жиі болатын [2]  Анақарыс әйгілі грек билеушісі Солонмен кездесіп, бүгінгі шахматтың түпкі нұсқасы - эллиндік дойбы тақтасын ойлап табады. Аталмыш тарихи жайт дойбы түрлерінің бір танымнан туындағанына меңзейді және дойбы біткен гректікі деген тұжырымды жоққа шығарады.

Бұл дойбы қиғашжүрісті болып келеді және ойын алаңы айқышталған жүріс жолымен төртке бөлінген. Дойбы тақтасының туындауына мынадай хикая негіз болған: Анақарыс бабамыз Саулы патша ағасына қалыптасқан әскери стратегия мен тактикадан мүлдем бөлек жаңаша ұрыс жүргізу тәсілін ұсынған. Әдетте аттылы сарбаздар бір біріне туралай шауып маңдай тірестіре шабуылға бетпе бет аттанған. Анақарыс қарсыластардың бұлайша бетпе-бет келуін доғаруды ұсынып, аттылы сарбаздың маңдайын 45 градусқа бұрып қиялай шабуды жөн санайды.  Бұны теңіз әскери тілімен «галспен жылжу» дейді, яғни қиялай шапқан сарбаз қарсыластың туралай орналасқан қатарын қапталдан алып сиретуге мүмкіндік алады. Және де сарбаздар бес қаруды бірінен соң бірін жаппай бір пәрменмен қолдану керек болған: әуелі  садақ тартылады, сосын найза жұмсалады, одан кейін сүңгі лақтыру мен айбалта. Жауға жақындаған сақтар қойын-қолтық ұрысқа кірісіп, сойыл мен қылышты іске қосқан.Сөйтіп, ұрыс даласының ойын тақтасына түсірілуі дүниеге қиғаш жүрісті үш түсті дойбыны әкелген. Анақарыстың бұл тактикасы мен стратегиясы жаудың зәресін ұшырған.

Сақтардың жойқын батырлығы мен жаугерлігі бүгінге жеткенмен, оның сыры Анақарыстың құпиясында екенін ешкім білмеген.Себебі, бізге жеткен аңыздарға сенсек, Анақарыс патшалық сарбаздар, яғни тоғызбасыларына үштүсті осы дойбыны ойнатып, ақыл-ой дағдыларын шыңдаған. Бұдан соғыс тактикасы мен оның дойбылық үлгісінің құнын жақсы сезген сақ патшасы ойын тақтасы мен ережесін құпия ретінде жариялап, онымен тек сарбаздарды ойнатқан, дйбының былайғы жұртқа таралуы мен ашық ойналуына қатаң тыйым салған. Және Анақарысқа барлық қолбасыларын үйретуге бұйрық еткен. Осылайша сақтардың әскери-тактикалық ойжүйесі тақтаға түсіп, астыртын зерделік спортқа ұласқан. Бәлкім, сондықтан да болар бұл дойбы ойын ретінде таралмай, жұмбақ күйінде қалған көрінеді.

Анақарысқа дейін сақтардың әскери қолының [2]  төменгі бөлігі тоғыз сарбаздан тұрған және майданда тоғызбасының екі жағын ала төрт сарбаз орналасқан. Анақарыс әуелі тоғыздықты екі қатарға бөліп, алдына төртеу, соңына бесеуін орналастырған. Аға сарбаз екінші қатардың қақ ортасында болған. Кейін ол әскери бөлімшені үш қатарға орналасқан 14 сарбаздан жасақтайды: бірінші қатарда – бес сарбаз, екінші қатарда – төртеу және үшіншісінде – бес сарбаз. Сөйтіп, тоғызбасы үшінші қатардың қақ ортасында болады. Кейін осы тактикаға сәйкес сақ сарбаздары құмарта ойнайтын екітүсті дойбының 9Х9 өлшемі өзгеріп, үш қатарлы 5:4:5 түріндегі дойбы тастарының жайғасуы түзілген. Ал ерекше мүмкіндігі бар дойбыдағы би тақтада түпкі қатардағы ортада жайғасады. Осылайша болашақ шахмат тастарының жайғасу тәртібіне алғышарты жасалған көрінеді.

Анақарыс дойбысының аттылардың әскери-тактикалық ойлау жүйесінің көрінісі екендігінде шәк жоқ. Ал бүгінде пайда болғанына кемі 4 мың жыл болған тоғызқұмалақ ойынына қарап, бұл ойынның Анақарысқа дейінгі қалыптасқан аттылы қоғам мәдениетінің танымдық-философиялық әрі әскери-тактикалық ойжүйе екендігіне көз  жіберген дұрыс.

Біріншіден, бұл Анақарысқа дейінгі тоғызбасыдан тұратын [1,2]  сақтардың әскери құрылымын еске салады.

Екіншіден, тоғызқұмалақ ойыны қазақтарда ХІХ ғасырдың соңына дейін «тоғызат» деп аталған. Бұған патшалық Ресейдің шендісі әрі қазақ-қырғыздың этнографиялық мұраларын зерделеген Тоқмақ қаласының әміршісі Г.С. Загряжскийдің [3] 1874 жылы  «Туркменские ведомости» журналында жарық көрген «Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи» жинағындағы «Тоғыз ат» мақаласы куә. Ойынның тоғызат аталуы оның әскери сипатын танытады. Өйткені көшпелі жұрттың танымында аттылы адам ғана әскер, қарулы күш саналған және де тоғыз ат ойынының әр тасы сарбаздың рөлінде деп ұққан абзал.

Үшіншіден, тоғызқұмалақтың тақтасы әскери демократиялық мемлекеттің жүйесін танытады: ежелгі таным бойынша киелі 9 санына иек артқан аттылылар қоғамы басты шешуші мәнді 9 санымен сипаттаған да, мемлекет құрушы елдер/тайпалар санын да тоғызбен есептеген. Осыдан келіп, тоғыз оғыз, тоғыз оба, тоқсоба ұғымдары орныққан. Тоғыз тайпаның бірігіп бір хандық құратынынан тоғызқұмалақ тақтасындағы әр тарапқа тән саны тоғыз отау/үй аталатын ойын құрылымы да мақұлдайды.

Төртіншіден, тоғызқұмалақ ойынының басты терминдері мен атаулары аттылар қоғамына тиесілі, әсіресе жылқыны дәріптейді. Төмендегі кестеде берілген отау атауларынан [4,17-21], [5,12] аттылы қоғамның ойлау жүйесін ғана қанағаттандыратын сөздік қорды байқауға болады.

 

Отаулар

Қазақша

Қырғызша

Қарақалпақша

№ 9 отау

маңдай

ооз

куу моюн

маңлай

№ 8 отау

көкмойын

көк моюн

көк моюн

көк мойын

№ 7 отау

қандықақпан

эки тишти

эки тишти

қаңлы қақпан

№ 6 отау

белбасар

ак колтук

ак далы

бел басар

№ 5 отау

бел

бел

бел

бел

№ 4 отау

атсыратар

далы

белдин алды

атсыратар

№ 3 отау

атөтпес

текилдек уй

жаман үй

ат өтпес

№ 2 отау

тектұрмас

ат өтпес

ат өтпес

тектурмас

№ 1 отау

арт

куйрук

куйрук

арт немесе таңлық

 

Ойында барлық отауы құмалақсыз қалған ойыншының ауыр жағдайын «атсырау» ұғымымен білдіреді, бұл – атсыз қалып жаяу қалу, сарбаздық мәртебеден ажырау дегенді білдіреді. Тіпті, ойын кезіндегі жүрістің «көшу» етістігімен айтылатыны да [6,537]  тоғызаттың «көшпелі» болмысын аша түседі. Сайып келгенде тоғызат ойнаушы қос тарап, тоғыз тайпалық әрбір хандықтың тақта бетіндегі таласы болып табылады. Ендеше ойынның бар мазмұны аттылы, көшпелі қоғамды дәріптеуімен маңызды, құнды және қызықты.

Біз келтірген тоғызқұмалақтың аттылар мәдениетінің әскери-тактикалық ойлау сипаты мен үлгісін көрсететін ішінара нышандарына қоса    тоғызаттанушы Мақсат Шотаевтың [6,513] мына пайымын келтіре кетуге болады: «...тоғызқұмалақта жүріс бағытқа негізделгендіктен, шындап келгенде бетпе-бет соғысу жоқ. Ойын ережелеріне көнедегі ғұндардың сенімі әсер еткен. Сондай-ақ тоғызқұмалақ ойынында ғұндардың таңдап алған соғысу стратегиясына сәйкес, тактикалары да көрініс тапқан. Мәселен, шабуылдау, қорғану, торуылдау, негізгі күштерді артқы күштерден бөліп тастау, жауларын өз жеріне тереңдей енгізу арқылы тұтқиылдан шабуыл жасау және т.б.»

Қорыта келгенде, тоғызат  пен Анақарыс дойбысы  бірін бірі толықтыратын  аттылы түркілердің мәдени-танымдық құндылығын бойына сіңірген  әскери-тактикалық ойлау сипаты мен үлгісі менмұндалап тұрған құнды жәдігері екеніне назар аударатын уақыт жетті дегіміз келеді.              Серік Ерғали, мәдениеттанушы,

педагогика ғылымдарының магистрі

 

Дереккөздер

1.  Шашечные арабески  / Е.А. Кадников. - Симферополь : Арабески, 1997. - 319 с. - ISBN 966-95041-0-4 

2.  В. Латышев. Известия древних писателей о Скифии и Кавказе.

3.  Г.С. Загряжский. Быт кочевого населения долин Чу и Сыр-Дарьи. «Туркменские ведомости»,1874 г., №29.(приведено по 531 странице книги "Игры народов СССР", 1933 г.,"Полиграфкнига", г. Ленинград, 563 стр.)

4.  Сұлтанбеков Т. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. – Алматы: Қазақстан, 1967.

5.  Орозобаков Т., Чылымов А. Тогуз коргоол. – Бишкек, 1997.

6.  Түркологиялық зерттеулер. Жауапты редактор Сағидолда Г. – Астана, «Сарыарқа» баспа үйі, 2012. – 560 б. 

7.  А.Машанов. Әл-Фараби. «Жазушы», 1970 ж.245 бет.   

8.  Ә.Ақшораев. «Тоғызқұмалақ», «Қазақстан» баспасы, 1979 ж. – 204 бет.

9.  Маккей Э. Древнейшая культура долины Инда. – М.:Изд.Иностранная литература, 1951. – С.125

10.  Ә. Акшораев, Н.Жүнісбаев«Тоғызқұмалақ». – Алматы, «Мектеп», 1980

11.  Краснов А.Н. Очерк быта Семиреченских  киргизь.(Известия русского географического общества). Общ.23 том,1887.

12.  Аманжолов С. Тоғызқұмалақ. – А., 1936. Қазақша және орысша.

13.  Карутц Р. Среди киргизов и туркменов в Мангышлакь. С-Петербургь, Издание А.Ф.Девріене, 1910.

14.  Popova A., Deledicq A. Wariet Solo: Le Jeu de Calcul African. Cedic, Paris (France), 1977.

15.  Шиляев А.,  Тогыз-кумалак. Казахская игра - свидетельство зарождения десятиричной системы счисления - http://thaichess.narod2.ru/shahmatnie_legendi/nagrada_izobretatelyu/

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2331
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3161