Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 4186 0 пікір 12 Желтоқсан, 2016 сағат 09:36

ЕРМҰРАТТЫҢ ӘНДЕРІ ТАЛАЙ ӘНШІНІ ЖҰЛДЫЗ ЖАСАЙДЫ

ҚР Мәдениет қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, композитор, әнші, актер, қаламгер Ермұрат Зейіпхан биыл тірі болса ердің жасы 50-ге келер еді. Марқұмның артына қалдырған рухани мұрасын кеңірек насихаттау мақсатында 2016 жылдың 7 желтоқсанында кешкі сағат 18.00-де Алматыдағы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» атты еске алу кеші өтті. Кеште Ермұрат Зейіпханұлының таңдаулы әндерін белгілі өнер жұлдыздары орындап, сондай-ақ, ақын өлеңдерінен сахналық композиция қойылды.

Бұл кешті көрген көрерменнің көпшілігі "өте жақсы өтті" деген бағасын беріп жатыр. Бұл да болса Ермұрат Зейіпханға деген барша қазақтың ықыласы мен Ермұрат ағаның достары Тілеубек, Омарәлі, Рақым, Базарәлі, Тұрыснбай ағалар мен олардың өкшесін басып келе жатқан інілері Мәденғали, Әбдіғани және Ерекеңнің туған інісі Нұршат ағаларымыз бен жастар жағын артына ертіп, осы шараның негізгі жауапкершілігін мойындарына алған Тоқтарәлі мен Шаттық ағалардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып атсалысуының арқасы. Жоғарыдағы аты аталған және аты аталмаған осы шараны ұйымдаструшы азаматтардың бәріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. "Өз ағасын ағалай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды" дегендей Ермұрат ағамның арқасында жоғарыдағы аты аталған ағаларымды одан ары жақсы тани түстім. Ең бастысы бұл кісілердің қай-қайсысы болсын, өз атақ-абройын шығару үшін емес, Ермұрат ағаға деген таза көңілдері үшін жанын салып кірісті. Бұл кештегі бір өкінішіміз, Ерекеңнің 50 жылдығын өткізіп жатқанымызда өзінің болмағаны ғана, бұ дүниені бізге қалдырып, өзі о дүниеде «Екі дүниеде жалғызым – Қазақстан» деп жатқаны еді.

Ермұрат ағаның 50 жылдығын еске алу болғандықтан, ұйымдастырушылар алқасы ағаның өзі жұмыс жасаған Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында өткізуді баста жоспарлаған болатын. Кешке келушілер теартдың үш қабат залына да сыймай қалып, 2 сағаттан астам түрегеліп тұрып көргендер де болды. Кешке еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысты десек артық айтпаған болар едік. Әр саланың адамдарды келіп, "Ермұрат Зейіпханның концерті болады екен дегенді естіп келдік" деп бізден билет сұрап жатты. Сөзіме дәйек ретінде мына бір үш баласын көтеріп келген, ананың фейзбуктағы пікірін келтірейін. Жанботан Сұлтанмұрат: "Тоқтарәлі, шыныңды айтып, 3 билетті ұстата салған саған мың алғыс! Әдемі кештің әсерін балапандарым әлсін-әлсін әлі айтып жүр. Көк Тудың желбірегенін көзімен көріп, өз құлағымен естісін деп алып барып едім. Қобызбен ән айтылғанда Ермұрат марқұмның өзі айтып жатқандай әсер қалды..." деген екен. Шынында, бұл концерттің бір жаңалығы осы десек болатындай. Өйткені, бұл кеш «Жиырма бес, отыз бесім, ай-хай, арлан» деген әнді қобызбен орындаған Қазытай Ахметтің тұсауын кесті. Шынашақтай ғана бала қобызбен осы әні тамылжыта шырқағанда залда сүйсінбеген жан қалмағаны анық. Кеш соңында сұрасақ, Қазытай белгілі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманның шәкірті екен. Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 1 курс студенті болып шықты. Қазытайдың өнеріне ақ жол тілеп, Ермұрат Зейіпханның тағы да басқа әндерін орындауын өтініп жатты. «Ермұрат Зейіпхан тірі болса, аты шықпаған әлі талай ақынның да өлеңіне ән жазып танымал ақын қылып шығаратын еді» деген өкінішімізбен бірге, өзі кетсе де Ермұрат Зейіпханның артында қалған мұрасы – әндері әлі талай әншіні жұлдыз жасап шығатынын айта келіп, «Ертең Ермұрат Зейіпханның 55 жылдығын өткізер кезде, өзіңе қайта-қайта телефон шалып, ұшағыңның билетін алып, қонақ үйіңді дайындап жүріп әрең әкелетін болайық. Ермұрат ағаның әнін де хит қыл, өзің де қазаққа танымал әніш бол» деп әзіл-шыны аралас ақыл-тілегімізді айттық. Әрине, бұл тек бір Қазытайға ғана айтақнымыз емес. Ермұрат Зейіпханның 70-ке жуық әндерінің ішінен әлі талай ән талай жасты елге танымал әнші жасап шығарына сенімдіміз. Сонымен бірге бұл кештің атына сәйкес «Екі дүниеде жалғызым –Қазақстан» әнін  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері, еліміздің Әнұранын орындаушы – әнші Талғат Күзембаев орындаса, Хан Кенеге арналған «Кенесары» әнін ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уашов орындап ұлттық рухымызды бір көтерліп тастады. Ал «Күнес-ай» әнін орындаған Гауһар Қаспаованы да «тамаша орындады, әсерлі жеткізді» деген мақтаулар көп болды. Кеш мұрағаттан алынғынан Ермұрат Зейіпханның өзінің орындауындағы «Көк тудың желбірегені» әнінің видеосымен аяқталды.

Естеріңізге сала кетсем, 2016 жылдың 5 желтоқсанында сағат 12.00-де Қазақстан Жазушылар одағында Ермұрат Зейіпханның 50 жылдық мерейтойына арналған бағдарламаларды, қолға алынып жатқан шаруаларды елге жеткізу мақсатында арнайы пресс-конференция өткен болатын. Жазушы Қабдеш Жұмаділов бастаған әдебиет пен өнердегі ағалары Ерекең туралы естеліктерімен бөлісіп, «Дүние ғапыл» атты толық шығармалар жинағының тұсауын кескен еді. Сонымен бірге, Талғар қаласының орталығынан көше берілетін болғанын да ақпарат құралдары сүйіншілеген еді.

Енді мың ақын, мың сазгер өлең арнап, ән жазса да "Мен жүрген жайлаудың" биліктігіне жетіп, "Күнес-айдың" көркінен асып, "Адуыргердің" ағысына ілесіп, "Сәбилердің" шаттығын жырлап, «Түсіндегі анасына» тербеліп, "көк туыңнан" асырып туын желбіретіп кете алмас.

«Бабамның көздеріндей көзім барсың,

Көктегі Тәңір барда – өзің барсың.

Тәңіртау – сен пәнилік, мен бақилық,

Тым құрыса өзің жайлы сөзім қалсын», - деп өзі жырлағандай әні де, сөзі де, аты да қазақ бар жердің бәрінде қала береді.

Тұрдыбек Құрметхан

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1571
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3565