Бейсенбі, 27 Шілде 2017
Алашорда 1077 0 пікір 21 Қараша, 2016 сағат 12:02

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «МҰХТАРҒА ДА ҚАУIП ТӨНДI...» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың (суретте) «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

IV

 Ұлы адамдардың шығармашылық өмiрбаянын салалау өте күрделi құбылыс. Әрбiр дерекке өте сақ әрi нәзiк те сергек сезiммен қарауды талап етедi. Қарама-қарсы көрiнiстердiң өзiнен де негiзгi арнаны дәл және дәлелдi ажырата бiлу керек. Оның iшiнде ой пiкiрiнiң, азаматтық тұлғасының қалыптасу кезеңi тарихтың толғақты тұстарында өткен, ескi таным-түсiнiктердiң түбегейлi қопарылысқа ұшыраған аласапыран шақтарын басынан кешiрген адамның өмiрдегi және өнердегi ұстанған бағыттары тоғыса бермейдi. Творчествоның тұңғиық тылсымы да сонда.

Әсiресе тарихи құбылыстарды саралау творчество иелерiне өте қиынға соқты.

Патшаның отарлау саясаты халықты қорлап, өнер мен ғылымын, мәдениетiн тұншықтырып, ойлау қабiлетiн шектеп, пiкiр айту құқынан айырып, ел арасына өштiк пен қатыгездiктi, алауыздық пен арандатушылықтың ұрығын сеуiп, әбден мезi еткен едi. Николайдың тақтан құлауы бұлыққан жұрттың алдындағы тосқауылды ашып жiбердi. Жан түкпiрiне ұялаған ашу-ыза бiрден сыртқа шықты... “Алаш” партиясының төңiрегiне топтасқан ұлт интеллигенциясы осы екпiнмен қазақтың iргесiн Ресейден ажыратып алмақ болды. Бiразы оған қарсы шықты 1918 жылы наурызда Семей шаhарына кеңес өкiметi орнап, үш ай ғана әкiмшiлiктi қолына алған Кеңестiң ықпалы қыр елiне еркiн тарай алмады.

1918 жылы 2 шiлдеде бүкiл қиыр шығыс пен Сiбiр темiр жолы бойында Чехословак корпусы көтерiлiс шығарып, ақ қазақтардың көмегiмен Семейдегi большевиктiк өкiметтi құлатты. Жергiлiкi халықтың мүддесiн қорғайтын “Алашорданы” Колчак мойындамады да, ескi билiк тәсiлiн алға тартты. Болыстық партияға әбден етi үйренген байлар өкiметтiң жиi алмасуының тарихи тамырын түсiнбей, шарды көп алған жақтың жеңiсiндей көрдi. Бұрыннан жағаласқан жауы қай партияны жоқтаса, соған қарсы партияға мүше болды. Соны, партия деп ұқты. Оған, Мұхтар жақсы бiлетiн, 1915-16 жылдары ауылында бала оқытқан Шыңғыс бөктерiндегi Шаған болысының байлары – бiр әкеден туған Ике мен Мұсатайдың арасындағы “партия тартысы” мысал болады. Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешуде” осы екi көкжалдың “партияшылдығын”:

“Семей уезiнде, Тобықты деген елде, Мұсатай деген және Ике деген кiсiлер бар. Екеуi де ауқатты адам болса керек. Екеуi ағайын iшiнде бәсеке, араз. Екеуi қазақтың белгiлi партиягершiлгiмен, бәсекелестiгiмен елдi екi жарып жұлқысады. Бiрiнiң үстiнен бiрi арыз жаудырады. Бiр-бiрiне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңедi. Үйткенi Семейде “Алашорда” бастықтарының бiрi – Икенiң туысқаны. Сонан соң Мұсатай турашылдықты совдептен iздейдi. Әрине, турашылдықты Совдептен табады. Совдептi, большевиктердi қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, “Алашорда” күшейiңкiреп шыға келген соң, Мұсатай құғынға түседi. Мұсатайды “қазақтан большевик болған”, “социалшыл” бола қалған, алдаушы бұзық деп “Алашорда” жазушылары газетiне жазады. Әрине, Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икенi “Алашордалар” сүйеген соң, турашылдықты Совдептен тапқан соң большевиктердi, Совдептi қуаттамай қайтсiн! “Мұсатай жауыз, ұсталсын!” деп “Алашорданың үкiметi” жарлық шығарады, -деп мысқылдады.

“Үйткенi Семейде “Алашорда” бастықтарының бiрi – Икенiң туысқаны” деп Сәкен мегзеген адам – Халел Ғаббас ұлы. Ол 1917 жылы желтоқсандағы өткен Семей облыстық “Алаш” комитетiнiң жиналысында оның төраралығына сайланды. Жұмысшы және солдат депутаттары өкiметiнiң тұсында астыртын ұйым құрып, жарна жинаған. Алаш (қазiргi жаңа Семей) қаласын астана деп жариялаған. Қазақ комитетiнiң кейiнгi ақпарында: “Көкек айының басында бiздiң мақсатымызды көздеген тағы бiр жасырын ұйымның бар екенi аңықталды. Сол ұйыммен тағыз байланыс жасау үшiн олардың қатарына өз адамдарымызды енгiздiк: әскери шаралар жөнiнен – капитан Тоқтамысов, азаматтық iс жөнiнен Биахмет Сәрсенов пен Халел Ғаббасов жiберiлдi. Аз уықыттың iшiнде қалалық жасырын ұйымның қорына 35.000 сом қаржы жинақталады”- деп түсiндiрме берiлген. Шiлдеде контреволюциялық төңкерiс тұсында Мұсатайды қамаққа алуға бұйырған Халел де Ике мен Мұсатайдың ортақ бауыры болатын.

Халықтың тағдыры шешiлiп жатқан кезде рушылдықтан арыла алмаған, билiктiң кезек алмасуын өзара кек қайтаруға пайдаланған жылпостық Мұхтардың жанын түршiктiрдi. Тiптi қиянаттан аулақ Шәкiрiмдi де оған араластырып үлгiредi. “Қазақ iшiндегi партия неден?” -деген мақаласында рушылдық iндетiн ашына жазғырып, оның халыққа тигiзетiн қасiретi мен кесiрiн талдап бердi. Атаман Анненков пен ұлтшыл реакционерлердiң қатты қысымына қарамастан 1918 жылдың күзiнде “бiздiң ендi ескеретiн нәрсемiз сол жуан мен нашар арасындағы айырмашылықты жоғалтып, жұртты бүлiксiз тыныштық өмiр қалпына түсiру”- деп ашық жазды. Әрине, мұндай пiкiр бүлікшiлiктi ұйымдастырғандарға жақпады. Себебi: бұл – сол уақытта түрмеде жатқан, кейiн атып өлтiрiлген Нұрғали Құлжанов сияқты большевиктердiң iсiн қостау едi. Мұхтар 1919 жылы жазда гимназияны бiтiрiсiмен қаланы тастап ауылға кетiп қалды.

Тарихи төңкерiс тұсындағы бiр күннiң оқиғасының өзi творчество адамының санасына ерекше әсер етедi. Әкiмшiлiк, билiк, саяси бағдар қалай құбылса да, Мұхтар күнделiктi тiршiлiк толқынының ағысында кетпедi. Өшпейтiн, өзгермейтiн мақсаты – халақтың ақыл-ойын билейтiн оқу, ғылым, мәдениет iспеттi рухани қажеттiлiктi дамытуды мұрат тұтты.

Көңiл көзiмен болжай отырып Мұхтардың басынан кешкен күйiнiш-сүйiнiшiн, тағдыр талқысындағы толғанысын жүйелеп, бұдан да қызықты тәсiлмен баяндап беруге болар. Бiрақ бiз мақсатты түрде, Мұхтардың сол кездегi белгiлi-белгiлi өзгерiстерiне қатысты тек өмiрлiк деректердi ғана назарға салуды ұйғардық. Соның iшiнде, әрбiр оқиғаның тiкелей куәсi болған адамдардың бұрын-сонды белгiлi-белгiсiз, автордың өзi әңгiмелескен сәтiнде қағазға түсiрген естелектерiн уақыт жүйесiмен баяндау тәсiлiн саналы түрде қолдандық. Ол – тек әдеби әдiс емес, барынша шындықты көрсету ниетiнен туған қажеттiлiк. Шығармашылық еңбектерi жөнiнде кейiнгi тарауда толық мағлумат берiлгендiктен де, жеке басына, қызметiне қатысты жайлар қамтылды. Өзге оқиғаларды осы кезең туралы дербес зерттеудiң еншiсiне қалдырамыз. Ал шығармаларына арқау болған өмiрлiк көрiнiстер әр туындының жазылу тарихи айтылатын тарауларда баяндалады. Ескерте кетерiмiз, замандастарының естелiктерiнен тұратын шығармашылық – өмiрбаяндық портрет жасау ежелден бар дәстүр.

Сол үрдiстi де ұстанамыз.

Қаладағы қарбалас тiршiлiктен қажымаса да, 1919 жылы жазда Мұхтар қырға шығып кеттi. Әуез ата ұрпақтарының тiзгiнiн ұстаған Разақтың бөрiлiдегi үйiнде жас келiншегi – Райхан ықыласы бұзылмаған қалпында жарының жолын тосып отырған. Көктемнен кейiнгi соққаны осы. Тұңғыш Мұғамиланың да тiлi шығып қалып едi. Шоқан атты ұлы да дүниеге келедi.

Сонымен, 1919 жыл. Жаз айы.

Мұхтардың туған әпкесi Зұбайланың күйеуi Қабдеш Әсiржанұлының жиенi тарихшы, профессор Мұсатай Ақынжанов:

“Бiз Әсiржан аулына келгенде Мұхтар бастаған топ Қабдеш ағаның отауында қарындасы Үмияның үйiнде екен. Үй-iшi лық толған жастар мен тiлеулес достары екен. Орталарында Мұхтар бiр төбе, жазбай таныдым. “Текшенiң бауырында” деген, осы Қабдеш ағалардың көш асуы жайында жазған бiр әңгiмесiн оқып отыр екен. Бiз барған соң әңгiме бөлiндi...

Мұхтар сөзi әрi шешен, нанымды көрiндi. Ол отырғандардың барлығына, әсiресе мен үшiн мүлде тың жаңалықтарды айтты. Осы уақытқа дейiн Шыңғыс жерiн мекендеген (ол кезде оны тек ру атымен Тобықты, Қанжығалы, Садыр, Матай деп атайтын) жұрттың есiнен қалмай келе жатқан “Еңлік-Кебектiң”, “Қалқаман-Мамырдың”, “Бiржан-Сараның” әңгiмелерiн мысалға алды. “Қалқаман-Мамырдың дауындай...” Немесе “Еркек тоқты құрбандық, Кебек қаны тамбаса, Шыңғыс бiзге қоныс болмас едi...” деп, барлық ескiшiлiк пен өрескелдiктi, рушылдық-феодалдық оспадарлықты жуып-шайғысы келетiндерге қарсы Мұхтар шындықты ашатын кiтаптар жазатынын айтты.

Сонымен бiрге Мұхтар бұл әңгiме-жырлар iшiнде халық тiлiнiң не бiр асыл-қазыналары жатқанын сөз қылды. Өлең-жырдың бағасын өз алдына бiр сала етiп дәлелмен көрсете келiп, “қара сөздiң” одан қалыспайтынын айтты.

Ендi бiр сәтте Мұхаң Кеңгiрбай мен Қараменде бидiң Шыңғыс бөктерiн мекендеу үшiн болған дауын көпке түсiндiре отырып, ұзақ баяндап айтып бердi. Сөзден ұтқан Кеңгiрбай осы Шыңғысты мекендеп қалыпты да, ұтылған Қараменде Тобықты тобын бастап Балқаш жаққа, Кеңқақ деген жерге көшiптi.

...Сол күнi кешке Мұхтардың сұрауымен ауылда алтыбақан құрылды. Түнi бойы ауыл алды, қой шетi сауық-сайран, ән-күйге бөлендi. Мен сауық сайранда жұмысым жоқ, нағашы апам Жекебайдың үйiне барып iштей Мұхтар сөзiн пысықтаумен болдым...

Ұмытпасам, шiлденiң бас кезiнде, дүйсенбi күнi Жүкен үйiнде, Бөбiкей шоқысының алдында Әсiржан ауылдарында тұңғыш жазғы мектеп ашылды. Мектептi ашушы да, жетекшi де Мұхтар болды. Сегiз жасар Бабиранның қолынан ұстап Мұхтар, Қабдеш екеуi мектепке бiрiншi болып кiрдi. Келген балалар iшiнде Бабира, Садуақас сықылды сегiз жасар балалармен бiрге, Кенжетiлеу Доламбекұлы сықылды он жетi жасар, менiң өзiмнен үлкен бiрнеше ауыл жастары да бар едi. Мұхтар мен Қабдеш ағаны көрген ауыл ересектерi тегiс жиналды. Жиналған ауыл адамдары алдында Мұхтар сөз сөйледi...

Мектеп ашылған алғашқы күндерi Мұхтар Қабдеш ағаның ауылында болды. Ауыл арасы өте жақын болатын. Мұхтар менi осы күндерi көп нәрсеге үйреттi. Жаңа әлiппе жоқ. Мұхтар мен Қабдеш ағаның оқыған iнiсi Қадуәшiм екеуi орысша жазылған азбуканың үлгiсiмен қазақша әлiппе жасап бердi. Мен ол әлiппелердi жеке-жеке дәптерге баспадай етiп көшiрiп, өздерiне көрсеткенiмде, олар қатты қуанды. Мен көшiрiп жазған әлiппенiң бiреуiн таңдап алып, жиенiнiң қолына ұстатып, Мұхтардың баламен балаша қуанып қақылдап күлгенi әлi есiмде. Ретi келген соң айта кетейiн, Мұхтарға менiң қолым ұнағаны сонша, ол кейiннен көптеген қолжазбаларын маған көшiртетiн болды, себебi Мұхтардың арапша қолжазбасын көзi қанықпағандар тануы қиын едi. Мұхтар өзi кейде “Самарбайдан қалған мұра ғой” дейтiн. Шындығында да Самарбай сықылды ескi молдалардың қолын тану қиын едi.

Күзге қарай Мұхтар ағасы Разақты жiберiп, менiң әкем Бекболатпен сөйлесiп, бiр жағынан балаларын оқытпақ, екiншi жағынан менiң өзiмдi орысша оқыттырмақ болып, Шыңғыстың бауырынан сексен шақырым жердегi өз аулына алып келдi. Бұл менiң үйден ұзап тұңғыш шыққан ұзақ сапарым болды. Анам марқұм Бибиғайша “алыс сапарға аттанып бара жатырсың, балам...”, - деп жылап қалды.

Мен барып қожалар аулына мұғалiм болып орналасқан кезде, Мұхтар Семейде едi. Мен Мұхтардың өзi үйiнде тұрып, сол үйдi бала оқытатын мектеп орнына пайдаландым. Мұхтардың қырдағы үйiндегi кiтапханасын пайдалануға шама жоқ болатын. Орысша кiтаптардың тек суреттерiн көрiп, сурет астына жазылған бiрдi-екiлi адам, хайуан аттарын ғана оқи бiлетiнмiн”.

Демек, жаз айларында Мұхтар ауылда демалған. Күзде қалаға қайтып оралған. Қарашада қалада төтенше жағдай орнады. Ол Қызыл Армияның Колчакты Семей төңiрегiне тықсыра ығыстырып, қыспаққа алуынан кейiн тiптi күшейе түстi. Колчактың 43-шi және 46-шi полкi, Семейдiң түбiндегi ауыл станциясында “Түркістан” бронепоезының құрамы қызылдар жағына шықты. 29 қараша күнi барлық билiк атаман Анненковтың қолына көшiп, саяси тұтқындарды жаппай ату басталды. Оның iшiнде Нұрғали Құлжанов та бар едi. I желтоқсан күнi 85 большевиктi ату жазасына бұырды, 30 қараша күнi кешкi 20 сағат 30 минутта большевиктердiң астыртын ұйымының шешiмiмен темiржол батальоны, эсерлер мен зеңбiрекшiлер құрамының қолдауымен қарулы көтерiлiске шығып, қаладағы серб ротасын қарусыздандырып, түрменi, корпус штабын басып алып, генерал Бржезовскийдi тұтқынға түсiрдi. Корпус командирi Анненковқа: “Барлық әскери бөлiмшелер көтерiлiске шықты. Олар Семейде қалды, маған елу шақты офицер ғана ердi”-деп телеграмма салып, өзi Алаш қаласына (Ертiстiң сол жағындағы қазiргi жаңа Семей) бас сауғалады. Анненков жанталаса қимылдап, күдiктiлердi жаппай жазалауға бұйрық бердi. Ұсталғандарды ұлтына, тегiне қара тексерiп жатпады. Бiрден түрмеге қамады. Мұхтарға да қауiп төндi.

(жалғасы бар)

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21928