Сәрсенбі, 26 Шілде 2017
Ханталапай 3423 0 пікір 18 Қараша, 2016 сағат 13:16

ЕСІМОВ ЖҮРГЕН ЖЕРДЕ КӨПІР ҚҰЛАЙДЫ

Күні кеше Астанада құрылысы әлі аяқталмаған «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің көпірі опырылып түсті. Әлеуметтік желі мен БАҚ-та қызу талқыланған қираған көпірге қатысты шенеуніктер пікір білдіріп, бұл туралы көп айта бермеуді сұрады.

ЭКСПО павильондарын бір-бірімен жалғап тұрған көпірдің декаративті дүние екенін құрылысқа жауапты компания (BI Group) өкілдері айтты.

Ал Ахметжанға жақтасқан Ерлан Ыдырысов мырза көпірдің құлауы көрменің абыройына нұқсан келтірмейтінін айтып шыр-пыр болды.

Әйтсе де, алдыңғы басшылар үптеп-сүптеп кеткен соң, өтері-өтпесі бұлыңғыр болған бұл көрмеге Ақаң Алматыдан арнайы келгенде елдің де, Елбасының да үміті оянған-тын. Айналасы аз уақыттың ішінде бітпей жатқан құрылысты бітіріп, павильондарды тарата бастаған Ақаңа жұрт "бәрекелді" десті. Сөйтсек, арзан-құрзан материалдармен әшекейленген ғимараттың  сапасы сын көтермейтін болып шықты.

"Жүрген жерінен шөп шықпайды" деген сөз бар еді ғой қазақта.  Ахметжан Смағұлұлының  артынан енді «көпірқұлатушы» деген жанама аты еріп жүретін болды.

Бұлай дейтініміз Ақаң Алматыны басқарып тұрғанда «айналма көпір» құлап еді. Рысқұлов пен Саин көшесі тоғысатын тұста салынып бітіп, пайдалануға берілгелі тұрған үлкен жолайрық көпір құлап, 20 адам жарақат алған-ды.    

Жә, сонымен көпірдің қирауына кім кінәлі?  Арқаның сақылдаған сары аязы мен толассыз жауған қар ма? Жоқ, «BI Group» компаниясы ма? Бәлкім, салғырттық танытып, сапасыз көпір салдырған Ақаң мен оның компаниясы болар... Не десек те, қордан бөлінген қаржы қапыда құмға сіңгендей жоқ болды. Сарапшылар болса, құлаған көпірді қайта тұрғызу үшін кемінде 1 жыл уақыт керек дейді. ЭКСПО-ның есігі ашылар сәтке 1 жылдан аз уақыт қалды. Ақаң үлгере ме? Қайдам... Өткенде Елбасының алдында есеп берген Ахметжан Есімов ЭКСПО құрылыс жұмыстарынан қыруар қаржы үнемдедік деп еді.

Бақандай  131 миллиард теңге.  Бұл бұл ма, алдағы уақытта үнемделген қаржы көлемі тағы өсуі мүмкін деген.

«Бұл көрме ел бюджеті үшін қып-қызыл шығын әкеледі» деп болжаған сарапшыларды да, кадрларының қымқырып-жымқырып кеткеніне қынжылған Елбасын да сендіре білген Есімов «қаһарман» образын ойнап, еңсесі тік шыққанда, бір былықтың боларын сезген едік.

Ал жауапты компания басшысы Айдын Рақымбаев болған оқиғаға қатысты былай депті: «Инженерлермен кеңестік. Болжам бойынша, металдың химиялық құрамы дұрыс болмағандықтан 90 метрлік ферма аязға шыдамай опырылған. Темірдің сапасы құжатта көрсетілгенімен сәйкес емес. Яғни, Қытайдан алдыртқан құрылыс заты сапасыз болуы мүмкін».

Рақымбаев мойындап, құрылыс материалдарының қытайлық өндіріс екенін айтты. Демек, Ақаңның Елбасына берген есебінде айтқан үнемі осы болды.

Сонымен, құлаған көпір құлады. Енді Есімовке Елбасыға болған жайды баяндау қалды. Көпірді қайта тұрғызуға 1 жыл уақыт керек. Ал Ақаңда арқаны кеңге салып жатар уақыт жоқ. Үнемделген 131 миллиард теңгенің барар жері белгілі болды. Егер есеп түзу болса, әрине.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21902