Жексенбі, 19 Қараша 2017
Шамшырақ 2758 4 пікір 20 Наурыз, 2017 сағат 09:29

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН "РЕФОРМАЛАУ" ҚАЖЕТ

Қасиетті Жер-ана ақ көрпесін ысырып тастап, жасыл желекті көйлегін киді. Күннің көзі күлімдеп, ғалам мейірімді бір ананың кейпіне еніп, тіршілік атаулы жаңарып, жаңғырып жатыр. Әз-Наурызда төл жаңа жылымыз да босағамызды аттап, адамзат атаулы шат-шадыман күйге енген. Ақ жаулықты аналарымыз қыстан қалған бар жылы-жұмсағын қазанға салып, наурыз көже пісіріп, мәре-сәре. Әрине, әр қазақ баласы келер жылдан тек жақсылық күтетіні хақ. Сол үміт еткен жақсылықтың баянды болмағы, Әз-Наурыз өз биігінен, өз орынтағынан көрінуі үшін не істемек керек? Біздің бүгінгі сұрағымыз осы… Мәселен, төте жолды «Әз-Наурызды шекараны жауып тастап тоғыз күн тойлау керек пе?» деген сауалдың астарынан іздеп көрелікші.

Наурыз – қазақтың төл мерекесі

БІРІНШІДЕН, Әз-Наурыз – ұлттық мереке. Бұл қазақы мейрамның шыққан жерін, тарихтағы мөлдір бұлақтай бастауларын шығыс халықтарынан немесе парсылардан іздеуді, өзіміздің төл мере­кемізді осы арқылы жат елдерге тели салуды до­ғару қажет. Қазақтың абыз-ақсақалы, белгілі этнограф-ғалым, марқұм Жағда Бабалық ата­мызбен бірге өткізген сәттерімізде осы ойды жиі айтушы еді. Ол кісі 1970 жылдары Мәскеудегi Ленин атындағы кiтапхананың архивiнен ескi бiр жырды кездейсоқ қолға түсiргенін, араб әрiп­терiмен жазылған сол жырда Нұх пайғамбардың кемесi күн мен түннiң теңескен күні Қазығұрттың басына тоқтағаны, Нұх пайғамбардың кемеден түскен барша тiршiлiк иелерiне ең ұлық мереке – күн мен түннiң теңелуiн, яғни жаңа бiр өмiрдiң басталуын тойлауға әмiр бергенi жа­зылыпты дейтін-ді. Осы аңызды ақиқатқа балауға да бо­латынын айтып, қызықты деректерін тізбелейтін. Қазы­ғұрт тауы – қазақтың жері. Демек, біздің ға­лым­­дар осы негізді әңгімені індете зерттесе, әлем­дік өркениет үшін Наурыздың егесі қазақ бо­лып шы­ғар еді. Яғни ғаламның бірқатар елдерінде аталып өтетін Әз-Наурыздың заңды мұрагері де – бізбіз. Олай болса, төл Жаңа жылымызды басқа ме­рекелерден бөлекше тойлау керек қой.

ЕКІНШІДЕН, көршіміз Түрікменстанда 12 желтоқсанда өзге ешбір елде кездесе бермейтін өздеріне ғана тән «бей­тараптық күні» аталып өтіледі. Осы мерекеде түрік­мендер шекараны жауып тастайды. Бұл шектеу 7-сінен 13-інші желтоқсанға дейін, яғни алты күнге жалғасады. Ал іргедегі саясаты құбылмалы өзбектер «Мустакилик байрамы» (Тәуелсіздік мерекесі) кезінде де шекарасын бекітіп алып тойлайды. Қытайлар болса, жылда өздерінің ай күнтізбесі бойынша Жаңа жылды тойлауға байланысты қаңтардың аяғынан бастап шекарасын екі аптаға  жауып тастайды. Неге?

Біздің пікірімізше, біріншіден, бұл елдер осы бір ғана қадамы арқылы атал­мыш ме­ре­кеге деген ұлттың құрметін көр­сетіп отыр. Екін­шіден, олар осы шара ая­сында ұлттық құн­дылықтарды на­­си­хаттауға, мемлекет ішін­де салт-дәс­түр­ді дамытуға мүмкіндік ала ала­ды. Үшін­шіден, аталған мемлекеттер осындай мей­­рам­дарда ұлттық патриотизмді сыртқы сая­си қатынастардан да жоғары қойып, ел­дің ру­хани серпілуіне септеседі. Біз тоғыз күн бо­йы шекараны жауып, төл жаңа жылымызды той­ласақ, осы үш айтылған жайттың сыртында да біраз жетістікке жеткен болар едік. Мысалы, «Нау­рыз ме­рекесі осы уақытқа дейін қаң­тар­дағы Жаңа жылдың көлеңкесінде қалып қой­ды» деген пікірді жиі айтамыз. Біз шекараны жа­уып, тік тұрып құрмет көрсету арқылы, бұл пікірдің күлін көкке ұшы­рып, ұлт­тық сипаттағы мемлекет құруға бет ал­ға­ны­мызды көрсетер едік. Сонымен қатар, әр мей­рамда шетелдің өнерпазын шақыртып, қар­жыны аямайтын әкім-қаралар, қал­талы аза­маттар ойланар еді. Өз мәдениеті­міздің ты­н­ысын ашуға жол ашылар-ды. Екі күн артық демалар болса, ше­телге шығуға құ­мартып тұратын «шіріген бай­лар» өзіміздің ел­дегі туристік орын­дар­ға барып, бізде де ше­телдікімен пара-пар ғаламат жерлеріміз бар еке­ніне тұшынған болар-ды. Ше­тел­ден ағылып жатқан сансыз мемлекеттердің азаматтары қа­зақтардың ұлттық мерекеге деген құр­ме­тіне сүйіспеншілікпен қарар еді. Көптеген мемлекеттер тойлайтын «көктем мерекесін» әлемге біздікі ретінде дәлелдеп, Әз-Наурызды шекарасын жауып той­лайтын тұңғыш мемлекет ретінде тарих бетінде қатталып қалар едік.

«Неге тоғыз күн тойлау ке­рек?» деген мә­селеге келсек, қазір кез келген бәй­­шешектей құлпырған аруларымыз бен «тұлпар көңіл» жігіттеріміз келер жылдан жақ­сылық күтіп, шапқылап жүр. Олардың көңіл кү­йіне қарап, бағзы замандағы «отыз күн ойын, қырық күн тойын» той­лай­тын тойшыл қа­зақ­тың бет-бейнесі, кес­кін-келбеті көз ал­ды­ңызда көлбеңдегендей бо­лады. Бірақ на­рық­тық қоғам диірменінің шыр айналған та­сының үстінде жүріп, күнкөрістің ұршығын иір­ген бүгінгі исі Алаш баласына «отыз күн ойын» ойнау артықтық етері сөзсіз. Сондықтан да осы бір қалыптасқан сөз тіркесті «он күн ойын, тоғыз күн тойын» жасапты деп сәл өз­ге­ріс енгізетін кез келген сияқты. Яғни бізге он күн ойын мен тоғыз күндік той да жетіп жа­тыр.

1926 жылы Кеңес үкіметінің шаласауатты «сыңарезу саясаты» Наурыз мейрамын ислам дінінің сарқыншағына балап, тойлауға басы бүтін шектеу қойғызған. Десек те, 1988 жылы бірқатар ұлт зиялылары Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Колбинге Наурызды  тойлау жөнінде мәселе көтеріп, хат жазып жүріп, ақыры төл Жаңа жылымыз өз халқымен қауышқан болатын. Бір қызық дерек ретінде, ұлт зиялыларының бастамасын бюро мүшелерінен екі-ақ адам қолдағанын, оның бірі – сол кездегі Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков екенін айта кеткен жөн. Неге дейсіз бе? Кешегі темірдей құрсаулы Кеңес идеологиясына қарсы біткен бұтақтай осы мерекеге бола басын бәйгеге тіккен Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгідей Тәуелсіздіктің қыраны кеңге қанат жайған тұста, «Наурызды тоғыз күн шекараны жауып тастап тойлау керек» деген идеямызды қолдайды деп ойлаймыз. Лайым, солай болғай!

Қанат БІРЛІКҰЛЫ

Abai.kz

4 пікір
Дана Қазақ 2017-03-28 06:36:27
300 жыл таяк жеген Казах ........ https://www.youtube.com/watch?v=PXI2-SVYGpQ
Дана Қазақ 2017-03-27 22:54:55
https://www.youtube.com/watch?v=MjAgL8kD914
Дана Қазақ 2017-03-27 18:49:03
Казахстаннын жолдары сиякты жылда аустыратын болдындыр гой .....
дана Қазақ 2017-03-27 17:52:03
м абай кз п...ц болдынба ...........

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10036
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18139