Сәрсенбі, 26 Сәуір 2017
14 Наурыз, 2017 сағат 16:39 Маңызды 4559 0 пікір

РЕСЕЙ "КСРО АЗАМАТТАРЫНА" ТӨЛҚҰЖАТ ТАРАТПАҚ

Ресей Федерациясы бұрынғы Кеңес одағы елдері азаматтарына төлқұжат таратпақ көрінеді. Ресей Думасының Ұлттар ісі жөніндегі комитеті Ресей азаматтығын алғысы келген немесе бұрынғы одақ аумағында туған-туыстары бар азаматтарға жеңілдетілген жолмен РФ азаматтығын беру мәселесін талқыға салмақ.

(https://news.mail.ru/politics/29059398/), (http://www.politonline.ru/interview/22889503.html).

Жеңілдетілген жүйе бойынша РФ паспортын алу үшін тұрып жатқан елінің азаматтығынан шықпай-ақ қойса болады екен.

Ресейлік БАҚ бажайлап жатқан осы мәселе 17 наурыз күні Думада қаралады. Заң жобасының авторы – ТМД істері жөніндегі комитеттің төрағасы, Еуразиялық интеграция бойынша кеңесші Константин Затулин («Единая Россия» партиясы). Затулиннің «затеясын» Владимир Путин тізгіншілік ететін партияластары қолдап отыр. Путин демекші, бұл Заң жобасы тіпті РФ президенті Владимир Путиннің жұмыс үстелінде жатқан көрінеді.

(Дәл сол ресейлік депутат  Константин Затулин)

Мұндағы мәселе не? Біріншіден, Ресей төлқұжаты орыс тілі мен орыс мәдениетін насихаттап, тұтынып жүрген азаматтарға, соның ішінде, Ресей империясы мен Кеңес одағында туған адамдардың тікелей ұрпақтарына беріледі-міс (необходимо разработать ускоренный порядок предоставления российского гражданства носителям русского языка и русской культуры, прямым потомкам тех, кто родился и в Российской империи, и в Советском Союзе, тем, кто хочет переехать на постоянное жительство в нашу страну и, соответственно, отказаться от своего сегодняшнего гражданства).

«Abai.kz» порталы мәселенің мән-жайын білмек болып, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшілігіне хабарласты. Астана қаласындағы Елшілік кеңесімен байланысқа шыға алмағандықтан, сұрақтарымызда РФ Елшісінің атына бағыттап, электронды пошталарына үшбу хат жазып жібердік. Алдағы уақытта Елшілік түсініктемесін жариялайтын боламыз.

Осы тұста Кремльдің жапатармағай төлқұжат таратуға кірісуі көңілге күдік ұялатады. Егер бұл мәселе заңды күшіне енетін болса, орыстар жиі қоныстанған "бұрынғы одақтас республикаларда" саяси проблемалар тууы мүмкін бе? Неге Дума Заңында «этникалық орыстар» деген анықтауыш көрсетілмеген? Жеңілдетілген рәсімдеуде «өзге елдің азаматтығынан шығу туралы құжат» неге міндеттелмеген? Бұл туралы саясаткерлер не айтады?

ҚР СІМ РЕСЕЙ ЕЛШІСІНЕ ҚАРСЫ НОТА ТАПСЫРУ ТИІС!

Айдос Сарым, саясаттанушы:

- Әрине, алаңдауға негіз бар. Себебі, біздің Солтүстік Қазақстан жақтарда қазіргі күннің өзінде қос азаматтығы бар адамдар туралы ақпараттар шығып жатыр. Екі елдің зейнетақысын алып отырған адамдар да бар. Немесе, өткендегі Өскемендегі, ШҚО мәслихатының депутатына қатысты нақты қандай шара қолданылғаны белгісіз. Сондықтан, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстандағы елшісін шақырып, наразылық нотасын тапсыру керек. Мұның артында үлкен қауіп бар.

Мұнда бірінші назар аудара кететін жайт – егер бұл Ресейдің ішкі мәселесі болатын болса, қабылданатын заңдарында этникалық орыс азаматтары және тұрғылықты мемлекеттің азаматтығынан шығу туралы құжат арқылы ғана жүзеге асуы тиіс. Ал көріп отырғанымыздай, жеңілдетілген жүйемен паспорт үлестіру – азаматтықтан шығу туралы құжатты керексіз деп тану, сондай-ақ КСРО-да туылғандарға жалпылама береміз дегені арандатушылық іспетті көрінеді. Себебі, мен де КСРО кезінде тудым. Демек, кез келген Қазақстан азаматы Ресей паспортын ала алады деген сөз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның Заңдарын бұзу болып табылады.

Екіншіден, кезіндегі Абхазияны белесіз ғой. Ресей паспорттарын таратып жіберді де, артынан бүлік шығарды. Ертең сол жағдай қайталанбасына кім кепіл?..

Рас, Ресейде қазір депопулизация жүріп жатыр, еңбек күші аз. Әлемдік саясатта адам ресурстарына талас үлкен. Ресей ішкі демографиясын осылай реттемек көрінеді. Бірақ, кімнің есебінен? Сондықтан, СІМ бір шара қолдануы керек.

СИМПАТИЗАНТТАРҒА ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

- Бұл жерде дәл қазір болмаса да, арада аздаған уақыт өткен соң территориялық дау туындайтыны сөзсіз. Сосын Ресейде қазір жұмыс қолы жоқ. Посткеңестік территорияды орыс тілділер көп болғандықтан, арзан жұмыс күшін тартудың жолы, бұл. Ресейдің жаппай паспорт таратуы – қос азаматтықты орнатуға жасап отырған қадамы. Егерде әңгіме, этникалық орыстарда болса, онда алаңдауға негіз жоқ. Себебі, шындығында қазір Қазақстанда 19 пайыз ғана орыс ұлты бар. Онда да шал-шауқан ғана. Мұнда жалпы КСРО-да туғандарға және олардың ұрпақтарына деп тұр ғой. Бізде жасыратыны жоқ, саяси симпатизанттар бар. Солтүстік Қазақстан жақтағы, Петропавлдағы бір қазақ жігіті «Мен Путин үшін он қазақтың мұрнын бұзамын» дегенін де естігенбіз. Себебі, Ресей телеарналарымен ақпараттанған. Саналары уланған азаматтар көп. Солар үшін мына Заң таптырмайтын мүмкіндік болатыны рас.

Мұның сыртында саяси ықпал жасау қауіпі тағы бар. Қазіргі басшылық «қазақ тілінің» бағын әдейі байлап отырған жоқ. Геосаяси жағдай соған мәжбүрлеп отыруы ықтимал. Бірақ, бір дүниені ұмытпаған жөн. Ресей ЛНР мен ДНР арқылы экономикалық әлеуетінің жоқ екенін түсінді. Сондықтан, дәл қазіргі жағдайда Кремль экспансия жасай қоюы екіталай. Оған қазір еңбек күші ғана керек. Ал бұл тақырып біраз уақыттан соң қайта қозғалуы мүмкін.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 2379
«Соқыр» Фемида

Сағадиевтің сөзі  құрғақ уәде болып қалғаны ма?

Дәлел Жанатұлы 3190