Дүйсенбі, 20 Қараша 2017
Осы ғой енді... 1751 1 пікір 13 Наурыз, 2017 сағат 05:58

ЕРЛІК ЖАСАУ ОҢАЙ МА?

Бүгінде не көп, басылым көп. Мемлекеттік қаржыландырумен шығатыны бар, жеке кісілердің қолға алуымен жарық көретіндері бар. Өз-өзін қаржыландыру, қосымша қаржы табу ниетімен қолға алынған басылымдардың дені елді еліктіріп, өзіне көбірек тарту үшін әдептен асып кететін тақырыптарға да тартынбай барады, жоқ-барды жазады, арзан күлкінің аймағына айналады. Осылардың арасында оқырмандарының ой-өрісін өсіретін, рухани сұраныстарын өтейін деген мақсатты ойды діттеген басылымдар да жарық көруде. Солардың бірі де бірегейі бастауыш сынып оқушылары мен ұстаздарына арналған «Жыл – он екі ай» журналы. Биыл мерзімдік басылым ретінде тіркеліп, тарала бастағанына 16 жылдың жүзі ауды. Бұл өзі бастау басын әріден алатын дәстүрлі дүние. Нақтырақ айтсақ, 1961 жылы әдеби-танымдық күнпарақ-кітап ретінде қолға тиген. Жыл мезгілдеріне құрылып, берілетін материалдары мазмұндылығымен үлкен-кіші қауымның ықыласына бөленген, тақырыптық жағынан да, жанрлық аясының кеңейе беруімен де жыл өткен сайын жақсарған. Сөйтіп, отыз жыл бойы үзіліссіз шығарылып келген жинақ қаншама ұрпақ өкілдерінің іздеп оқитын, ұл-қыздарына оқытатын сүйікті кітабына айналған еді.

Кеңестер Одағы ыдырап, ел «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» тірлік кешкен қыспақты кезеңде балалардың да, әке-шешелерінің де әр кітабын аңсай күтіп, сөрелеріне қатарластыра тізіп қоятын «Жыл – он екі айдың» да басына қара бұлт үйірілді. Жинақ құрастырылмайтын болды. Осылай он жылға таяу уақыт жылыстап өте шықты. Алайда балаларға берері мол, тәрбиелік, танымдық, тағылымдық мәні зор күнпарақ-кітапты ойынан шығара алмай жүрген үлкен ағаларымыз бар екен.

– Әй, Талғат, кезінде өзің де «Жыл – он екі айдың» авторларының бірі болдың ғой. Тәуекел етіп қолға алшы. Алты-жеті жинағын құрастырған тәжірибем бар емес пе, өз алдымызға тәуелсіз ел болған тұста тағы да біреуін құрастырып берейін, – деді жазушы Құрманбай Толыбаев ақсақал. Ол кісінің осы сөзін бүгінде еліміздегі ең қарт қаламгеріміз, балалар әдебиеті бойынша бірінші де соңғы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев ағамыз қуана қолдап қана қоймай, жаңадан жарық көргелі жатқан әдеби-танымдық күнпарақ кітабымызға «Ескірмейтін есті кітап» деп, алғысөз жазып, аталық ақ батасын берді. «Жыл – он екі ай» бұрынғыдай қатты мұқабамен қалың кітап үлгісінде жарық көрмегенімен, мазмұны мықты, тақырыптық ауқымы өте бай жинақ болып, 7 000 таралыммен басылып шықты. Алматының мектептері мен айнала-төңіректен ұзатып алыстағы оқырмандарға апара алмадым. Сол себепті жер-жерден хабарласушы, хат жазушы кісілер көбейді. Әсіресе, ұстаздар жағының өтініш-тілегі ерекше еді. Жинақты алыс өңірлердегі қалың қауымға жеткізу үшін журнал ретінде тіркетуден басқа амал-айлам қалмады. 2002 жылдан бастап ол жылына екі рет ұсынылатын альманахқа айналды. Солай етіп шығаруға ой салып, түрткі болған – ұстаздар қауымы. «Біріншісін жыл маусымдары бойынша дәстүрлі үлгімен шығарыңыз, екіншісін оқу жылы кезінде өтетін мектептегі мерекелік жиындар мен ашық сабақтарға арналған сценарий үлгілерін көбірек басатын басылым ретінде жасаңыз» деді. Осылай деп қана қоймай өздерінің материалдарын ұсынып, жұмысымды жеңілдетті, жөнге салды. Ал, жаздырту мәселесіне келгенде бірлесіп жұмыс істейтін «Қазпошта», «ЕврАзияпресс», «Эврикапресс», «Қазбаспасөз», одан қала берді Оңтүстік Қазақстан облысында «Ернұрпресс» деген бар екен, солардың ықыластана кірісуінің арқасында «Жыл – он екі айды» жаздырып алушылар саны әуелгі жылы-ақ 1500-ден асып түсті. «Қазпоштаның» жер-жердегі бөлімшелері арқылы комиссиялық жолмен бөлшек саудаға 2000 данасы шығарылатын болды. Өткені – өтеді, өтпегендері кері қайтарылады. Жеткізу ақысын өзім төлеймін деп шартқа отырдым. Журналдардың сатылым мерзімі екі ай деп көрсетілді. Жоқ, өте дұрыс жасаппын. Сатылымға жіберілген журналдарымның 80-85 пайыздайы өтті, қайтарылғандарын Алматының мектептеріне апардым. Міне, осы жерде маңдайым тасқа тиді. «Бізге журналыңызды әкелмеңіз. Жоғарыдағылар рұқсат етпейді. Прокурорлар тексереді» деп өре тұрды мектеп директорлары. «Неге өйтеді? Мен мектепке арақ-шарап, темекі алып келген жоқпын, балаларға деп шығарған әдемі журналымды арзан бағамен әкелдім», – деймін, көкейлеріне қондырып ұқтырғым кеп. «Жоқ, болмайды! Сол үшін ұрыс естіп, таяқ жейтін жайым жоқ», – деп табандайды директорлар. «Әй, көке! – деймін күйіп кетіп. – Мен сіз үшін әкелген жоқпын, шәкірттеріңізге әкелдім. Солар оқысын деп әкелдім. Бағасы жазылым бағасынан екі есе арзан». «Бәрібір болмайды дедім ғой, болмайды! Сізге дұрысы – журналыңызды кітап дүкендеріне апарып саттыру...» «Алматыда кітап дүкені қай көшеде екенін білесіз бе? Қашан кітап алдыңыз, қандай кітап алдыңыз?» деймін. Сөйтсем, директор мырзалардың беттері қызарады, ауыздары буылады...

Иә, аяулы оқырман, осындай жан күйзелтіп, жүрек ауыртатын текетірестің талайы бастан өтті. Мен қашанғы керілдесе берейін, өскелең ұрпақтың кітапқұмар, білімдар болуы үшін барын салып қызмет етуге тиісті мектеп басшыларының сөз өтпейтін әлгіндей сорақылықтарын көре-көре түңілдім, айтар уәжім таусылды. Олар жеңді, мен жеңілдім. «Жарайды, жасай беріңдер! Осы беттеріңнен қайтпаңдар», – деп «тілек» тіледім...

Әйткенмен білек сыбана кіріскен ісімді бастамай жатып тастамайын, жоғарыдан қозғау салдыртайын деген ойға келіп, сол уақытта да ҚР Премьер-министрінің орынбасары болып жүрген ұлтжанды азамат Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағанбетовке хат жаздым. Обалы кәне, артынша-ақ: «Сіздер қолға алып шығара бастаған «Жыл – он екі ай» альманағы бұрынғы жақсы дәстүрінен айнымай жас ұрпақтың рухани жан-дүниесін, ой-зердесін дамытуға пайдалы, тәлім-тәрбиелік мәні зор басылымға айналар деп үміттенеміз. Сондықтан бұл альманахты республика мектептеріне 2002-2003 жаңа оқу жылында пайдалануға ұсынылатын оқулықтар, оқу-әдістемелік әдебиеттер және құралдар кешенінің тізіміне ендіруге ұйғарым жасалды» деген, Имекеңнің өзі қол қойған хат алдым. Енді еңбегім жанатын, ауылда журналымды аңсай күтіп жүрген ұл-қыздарды қуандыратын болдым деп марқайдым. Имекеңнің жауап хатының ішінде «...біздің тапсырмамыз бойынша, Білім және ғылым министрлігі «Жыл – он екі ай» альманағын тарату және сатып алу жөнінде республикадағы барлық облыстық, Астана және Алматы қалалық Білім басқармаларына ұсыныс хат жолдады» деген жолдары бар еді ғой, алайда ешқандай нәтиже болмады деген өкпе-наз білдірген хатты Астанаға  және жібердім. Арада екі жетідей өткенде, нақтылап айтсам – 14-наурыз күні, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары К.Шәмшидиновадан хат алдым. «Ой, хат болғанда қандай?» деңіз. Ендеше, соны сөзбе-сөз келтірейін, оқыңыз...

«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Сіздің «Жыл – он екі ай» альманағын мемлекеттік тілде оқытатын сыныптары бар мектеп кітапханаларына тарату жөнінде Премьер-министрге жазған хатыңыз бойынша төмендегіні хабарлайды.

Баспаларда тапсырыс беру шарты бұрынғы қалпында. Біз қызметтік этикаға сәйкес автордың (Мен вице-министр ханымның пайымынша, автор екенмін. – Т.А.) пайдасы үшін аймақтарға нұсқау бере алмаймыз.

Тапсырысты қалыптастыру, жарнама мәселесімен Сіз өзіңіз айналысуыңыз керек. Жұмыстарыңызға көмек көрсету мақсатында Сізге аймақтық білім департаменттерінің (басқармаларының) мекен-жай, деректерін жіберіп отырмыз».

Иә, өстіп К.Шәмшидинова ханымның бақыт-бағдар беріп, жөн сілтегеніне де шүкір. Облыстар мен Астана, Алматыдағы білім басқарма, департаменттерінің басшыларының аты-жөндері, мекен-жайлары, телефондары жазылған қосымша қағазына сүйеніп  әрқайсысына ерінбей хат жазып, журналымыздың бір-бір данасын пошта арқылы жібердім. Одан кейінгі жылдары, мәселен, өткен 2015 жылы да дәл осылай қайталадым. Ой, бай болғырлар-ай десейші, соған Солтүстік Қазақстан облыстық Білім департаменті бастығының орынбасарынан ғана, онда да электрондық пошта арқылы, жауап алдым. «Облыстағы барлық аудандық білім бөлімдері басшыларына журналыңызды әр мектеп кітапханасына жаздырту жөнінде арнайы тапсырма беріліп, хатыңыздың көшірмесі қоса жіберілді» депті. Қалғандары ләм-мим... Әсте бірде-бірі тұяқ серіппеді-ау деймін, егер басқаша болса, онда биылғы журналымның таралымы, 5-10 000-ға деп аузымды айға білемей-ақ қояйын, ең құрығанда 3-3,5 мыңға көтерілері күмәнсіз еді. Олай дейтінім, республикамызда таза қазақ тілінде білім беретін және қазақ сыныптары жұмыс істейтін мектептер саны 6 000-ға шамалап қалады. Міне, осыдан-ақ халыққа білім беру саласы басшылары мен мектептердегі директорлардың ой-өре деңгейін, патриоттық сезімдерін  бағамдай беріңіз... Демек, балаларға оқитын басылымдарды оқытуға ынталы, ниетті болуға тиісті солардың өзі «Жыл – он екі айдың» бар-жоғынан бей-хабар, ашығын айтқанда, білгілері де келмейді. Ащы да болса, ақиқат – осы!!! Үлкен министрлікте министрдің орынбасары болған К.Шамшидинованың ой-түсінік, пиғыл-пайымы әлгіндей болғанда, одан деңгей-дәрежесі тіпті төмен, пәс жүрген директорларға не дерсің? Не деп өкпелегендейсің?..

Мен әріден санағанымдай жарты ғасырлық тарихы, тағдыры бар, өскелең ұрпаққа берер тәлім-тәрбиелік мәні зор басылымға екінші өмір беріп, әр қиырда әбден рухани шөліркеген қазақ балаларының қамын қаузап, беймаза күй кешіп жүрген «Жыл – он екі айдың» редакторы емес, жеке бастың ауқымынан аса алмаған көп пенденің бірі екенмін. Әй, бүйтіп күйінбеспін! «Әй, вице-министр ханым! Жас ұрпақтарымыз білімге құштар, кітапты жанындай сүйетін өрелі ұрпақ болып өссін деумен шартарапқа шарқ ұрып, сабылып, барымды беріп жасаған жұмысым – қоғамдық, мемлекеттік мәселе емес пе еді? Мен осы журнал көпке қызмет етсін, ұл-қыздарымыз, немере-шөберелеріміз сауатты да саналы боп өссін деген ізгі ойлы азамат емес пе едім? Пайдаңыз тимесе – тимесін, еш болмаса кесір келтірмейін деп, жылы сөзіңізбен желеп-жебей салу қолыңыздан келетін еді ғой. Ешкімді күштемей-ақ, өзіңіздің ықпалыңыздағы елге, «мынау өзі өте қажетті басылым екен, қазақша білім беретін әр мектептің кітапханасына бір-бір данадан жаздыртыңдар» деп, нұсқау бере салсаңыз Сізді әлдекім жауапқа тартатын ба еді?.. Бұл жас ұрпаққа ғана емес, сол мектептердегі бастауыш сынып мұғалімдеріне де пайдасы молынан тиетін ғажап іс болары күмәнсіз еді ғой», – деп, бар даусыммен жарты әлемге жар салғым келді.

«Жыл – он екі айдың» 2001 жылы шығарылған әуелгі саны Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының белгілі ғалымдары мен білікті мамандардан тұратын кеңесінің сараптауынан өтіп, әдістемелік оқу құралы ретінде де тіркелген дүние болатын. Біз оны әр саны сайын жұтындыра жетілдіріп, жалпақ жұрт пен өскелең ұрпақтарымыздың алдында жүзіміз жарқын болуы үшін тімтіне ізденіп, бәсін түсірмей және жарық көру кестесінен бір күн де кешіктірмей шығарып келеміз. Әрине, содан соң сөзіңнің өтпегеніне, еңбегіңнің елге жетпегеніне күйінесің, күйзелесің. Бәрінен де бұрын білім беру саласын басқарып келе жатқан министрлік тарапынан қолдау таппағанына өкінесің.

Құрметті оқырман, өкпесін өршелене, қазбалана айтып кетті деп кінәлай көрмеңіз. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң – мәкүрік», сондықтан көмейіме кептеліп келген тағы бір әңгімемді айтайын. Сыбау үшін емес, елдің есебінен екі жеп, пайда қуғандарға сабақ болсын деп ауызға алайын. Өйткені, одан бері не заман өтті, бірақ ілгерілеп кеткен ештеңе жоқ. Мен бұл пікірімді қазақ басылымдарының жай-күйіне байланысты да айтар сөзіме ілік етіп отырмын.

Иә, сонымен... Сонымен, мен журналымды енді ғана тіркетіп, алғашқы жазылым жұмыстарын бастаған кез еді ол. Сол уақытта жанында «Ашық акционерлік қоғам» деген анықтауышы бар «Қазбаспасөз» дейтін мекеме болды. Кеңестік қоғамда құлшына жұмыс істеген, социалистік жүйе  күйреген кезде қайта тіркелуге мәжбүр болған «Союзпечать» бірлестігінің қазақстандық жалғасы.

Енді, сөзімді сағыздай соза бермей, әлгі мекемеге жазған екі хатымды назарларыңызға ұсынайын. Біріншісі 2002 жылдың 18-қаңтары күні жазылып, пошта арқылы жолданған болатын.

 

«Қазбаспасөз» ашық

акционерлік қоғамының президенті

Ә.Т.Төреханов мырзаға

«Тоғанай Т» ЖШС-і өзі құрылтайшылық еткен «Жыл – он екі ай» журналына байланысты жазылым жүргізген еді. Жылына екі рет жарық көретін журналымыздың бірінші – қаңтар айында ұсынылатын саны бүгінде баспаханада жатыр. «Қазбаспасөз» ААҚ-ы арқылы 225 оқырман жазылған. Әрбір санының жазылым бағасы 150 теңгеден. Құрылтайшы шотесебіне түсуге тиісті ақшаны кешеуілдетпей аударуыңызды сұраймыз.

Қаржының қайда аударылатыны өздеріңізбен жасасқан келісім-шартта көрсетілген.

Серіктестік директоры Т.Айтбайұлы.

 

Бұл хатым 24-қаңтар күні қолдарына тиіпті. №6983 болып тіркелген. Жыл жаңа басталып жатқан қарбалас кез. Алайда, қаншама хат алғандарын қараңызшы!

Енді екінші хатқа кезек берейін. Бұл хат ААҚ президенті атына 11-ақпанда жазылыпты. Мәтіні былай болып келеді:

«Осы жылдың қаңтары күні «Жыл – он екі ай» альманағының қаңтардағы саны жарық көргелі жатқанын хабарлап едік, бүгінде басылым оқырмандарға жол тарту дайын. Бірақ, баспаханаға қаржы төленбегендіктен біз дайын өнімді ала-алмай отырмыз. «Қазбаспасөз» ААҚ шотесебіне түскен жазылушылардың ақшасын шотесебімізге аудармайынша тапсырысты орындаған баспаханаға төлейтін қаржымыз жоқ екенін есіңізге саламыз.

Өзіңіз басқаратын мекеме мен серіктестік арасындағы 2001 жылғы 19-шілдедегі №268 келісімшартта әркімнің жауапкершілігі анық көрсетілген. Өздеріңізге қатысты талаптарды орындауыңызды өтінеміз. Серіктестіктің шотесебі өзгерген жоқ.

«Жыл – он екі ай» альманағының Бас редакторы Т.Айтбайұлы», – деп қол қойып, сол күні президентінің өзіне табыстайын, бір жағы таныса кетейін деп, әдейілеп мекен-жайы бойынша іздеп бардым. Кіре алмадым, кіре беріс бөлмеде күзет бар. Әрмен қарай өтер жолда – көлденең темір. «Ішке жібере алмаймын. Керек кісіні шақыртыңыз» деді күзетші. Бір қызметкері есік аузына келіп, хатыма сырттан келген №6722-ші хат деп белгі соғып, тіркетіп әкелді. Сол кезде қойылған нөміріне мән бермеген екенмін. Осы материалды жазу үстінде зер салсам, қалыпты адам қайран қалатындай тіркеу. Бері кеткен емес, кері кеткен нөмірлер: жиырма күн бұрынғы тіркеу саны 6983-ші болса, одан кейінгісі – 6722. Сонда қалай болғаны?..

Өстіп, өзіміз құйтырқы құпиясына бойлай алмаған ААҚ-ның қайран қалдыратын, басымызды быт-шыт қылып шатастыратын, шат-шәлекей ететін «концерттері» көп екенін барған сайын біле түстім. Телефон шалсам – тұтқаны көтереді, жауап береді, содан кейін сол бөлмеден тағы бір телефон шыр етсе, «қазір» дейді де соған жүгіріп, қайтып сөйлеспей қояды. 2-3 күннен соң тағы да телефонмен хабарласамын. Тұтқаны көтерген кісі «мұнымен айналысатын адамды қазір шақырып келейін» дейді де, бітпейтін бір әуенді тыңдатып қояды. «Алоу, алоу» деп 10 минут отырасың, уақытты ұзартып және отырасың. Жоқ, ана жақтан ешкім келмейді. Тұтқаны орнына қойып, қайта хабарлассаң басқа бір әдіске салады. «Қап, сендермен әдейілеп барып сөйлесейін» десең, күзет есіктен әрмен қарай аттатпайды...

Мен үшін әрбір оқырман қымбат. Сол себепті «Қазбаспасөз» арқылы жазылған ешкімді де ренжітпей, журналдарын қолдарына тигіздім. Әйткенмен, таратуға тапсырылған әрбір журналдың арасына «бұдан кейін журналымызға «Қазпошта», «ЕврАзияпресс» немесе «Эврикапресс» тарату орталықтары арқылы жазылуыңызды сұраймыз» деп жазылған тілдей хат салып жібердім.

Қысқасы, жазылым ақшасы жайына кетті. Біздікі түк емес қой, басқа басылымдардың жүз мың теңгелеп (ол уақытта ақшаның құны тәп-тәуір еді), тіпті миллиондап саналатын жазылым қаржысы біз білмейтін бір қулардың көмейіне құйылды. Жылдың соңында ма, әлде 2003 жылдың басында ма, ол жағын нақты айта алмаймын, бір газеттен «Қазбаспасөздің» банкрот болғандығы жөніндегі хабарландыруды көзім шалды.

Аталарымыз «алып – алтау, жеп жетеу болмайсың» дейді. Жұрттың ақ-адалына ауыз салғандардың көгеріп-көктегені болды ма өзі? Әсіресе, балалардың еншісіне емінгендерді айтамын. Мен пақыр не жасап жүрмін, әлгі «азаматтар» не жасады? Бәлкім, оңай олжаға әбден меймілдеген шығар. Олай болатыны «Қазбаспасөзбен» жұмыс істеп, артынан сан соғып сарсылып қалған басылымдар қатары көп болатын. Бірақ, ақиқаты сол, бұл әсіресе өздері жарымай жүрген қазақ газет-журналдарына үлкен соққы болды.

Бүкіл өмірін газет ісіне сарп еткен Шерхан Мұртаза ағамыз қолына қалам ұстаған мамандық адамдарын «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп түйемен салыстырады. Өте әдемі, қонымды теңеу. Әрбір журналист, ақын-жазушы әлінің келгенінше ақ-адал қызмет етіп-ақ жатыр. Нарық заманының есігінен енгелі еңбегінің өтеуі – қаламақы алу дегенді мүлде ұмытты. Соған әбден үйреніп, көндіккені сондай – оны сұрауды да қойды! Міне, сол ағайындардың арасында мен де бармын. Олардан өзгешелігім – ақша таппайтын қорғансыз қауым жасөспірім ұл-қыздарымызға арнап журнал шығаратындығым. Он алты жыл әлетінде «Жыл – он екі айдың» 72 санын ұсыныппын. Әуел баста 176 бет болып, одан соң жылына екі рет шыға бастағанда 112 беттік үлгіге түсіріліп, екі ай сайын жарық көргенде 96 беттік көлемге келтірілген балалар басылымының әрқайсысын, ешқандай әсіреулеусіз айтқанда, бір-бір кітап деуге әбден болады. Оның жыл басында және жыл аяғында жасалатын нұсқалары кітап шығару қиындап, таралымдары еселеп азайған қысталаң уақытта балғын оқырмандарымыздың рухани талап-тілегін өтеу мақсатын діттесе, қалған төртеуі жыл мезгілдеріне арналған дәстүрлі үлгіде, ешбір кешеуілсіз, кестедегі көрсетілген мерзімінде шығарылып, таратылып келеді.

«Жыл – он екі ай» кітабы әу баста қазақ балалары үшін мемлекеттік қаржыландырумен қолға алынған әдеби-күнпарақ делінсе, бүгінде мемлекеттен көк тиын да қаржылық қолдау көрмейтін, тіпті солай болады екен-ау деп дәметпейтін де басылым. Он алты жылдан бері арқамды ауыртпалыққа тосып, бар машақатын өз мойныммен көтеріп келемін. Мұның қаншалықты ауыр, азапты еңбек екенін тағы да айтып, несіне ауыз ауыртайын.

«Әй, Талғат, бұл ерлік қой! – дейтіндер де ұшырасады. «Жылына алты журнал шығарады екенсің. Соған қарағанда демеушің мықты-ау» – деп сыр суыртпақтап, сауал беретіндер де кезігеді.

Иә, не дейін оларға? Ағымнан жарылып: «Жыл – он екі айдың» жалғыз ғана демеушісі бар. Ол – жер-жердегі балғын оқырмандар, солардың сауатты, саналы, білімді болып өсуі үшін жаздыртып алатын ата-аналары», – деймін.

Дүние тарылып, ауыртпалық артып, жұмыссыздық жайлап, қарапайым халықтың күнкөріс жағдайы барған сайын қиындап, күрделеніп бара жатқан мына тозақы уақытта газет-журналға жазыл деудің өзі ауыр-ақ. Сондықтан мен үшін осындай тар кезеңде өз ынта-ықыласымен журналыма жазылған әрбір оқырманның ісі де ерлікке парапар әрекеттей көрінеді. Ұл-қыздарының ертеңін есінен шығармайтын, өзінен тәлім-тәрбие алып жүрген ондаған, жүздеген шәкірттерінің қамын қара басының күнделікті күйкі тіршілігінен биік қоятын ұстаздар мен ата-аналар, мектеп басшылары, аудандық, облыстық және басқа да әр деңгейде жетекшілік жасап жүрген арлы,  намысқой, ұлтжанды азаматтар ғана дәл осылай ете алатын секілді. Ендеше мың алғыс айтамын Сіздерге! Әттең-айы, азсыздар. Кәне, құрметі ағайын, бауырлар сіз де ұрпақтарымыз үшін сол биіктен көрініп, ерлік жасап көріңізші! Бұл – соншалықты қиын нәрсе емес, ұл-қыз, немерелеріңіз үшін жасалатын жақсылық. Және күні ертең балаларымыз есейіп, ер жеткенде еселеп қайтатын ерлік еңбек, шуақты қуаныш болары күмәнсіз.

Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы, «Жыл – он екі ай» журналының Бас редакторы

Abai.kz

1 пікір
Zhannat.Sandibaeva@mail.ru 2017-07-13 21:44:08
Сәлеметсіз бе!Осы журналға қызым да жазылды.Өзім де бастауыш сынып мұғалімімін.Қызым екеуміз шығармашылықпен жұмыстанамыз.Қызым мен оқушыларымның мақалаларын жіберейін деп едім,журналдың эл.поштаңын қалай білсем болады?

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10108
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18247