Жұма, 28 Шілде 2017
46 - сөз 1475 0 пікір 9 Наурыз, 2017 сағат 17:07

"ҚОЙ ҮСТІНЕ БОЗТОРҒАЙ ЖҰМЫРТҚАЛАҒАН ЗАМАН ТУАДЫ"

Жаңа ғана бір Құдайдың құлы, Пайғамбардың үмбеті ұялы телефоныма хабарласты. «Осындай да осындай, таңға таяу түс көрдім, соны саған жорытайын деп едім» деді. Айтыңыз дедім. «Айтсам, бір жеңіл мәшинеде келе жатырмын. Шопырдың қасындағы алдыңғы орында атақты ақын, марқұм Қадыр Мырза Әлі отыр да, мен арт жағында отырмын. Бір кезде Қадыр ақынның аузынан, жылқының қылы секілді, бір ұз-ы-ын қыл суырып жатырмын, өзі сұмдық ұзын екен, таусылар емес, бір кезде арт жағына лас қоқыс-қыбыр, жүн-жұрқа ілескен екен, түп-көтере бір-ақ суырып алдым. Сол екен, Қадыр ақын көзден ғайып болып кетті. Бір талдың бұтағында мен суырып алғанға ұқсас қыл-қыбыр ілінген екен, жақсы болды ғой, жел ұшырып әкететін болды деп, қолымдағы қыл-қыбырды соның үстіне іліп жатырмын. Сол кезде оянып кеттім» деді әлгі Құдайдың құлы. 
 Қапелімде не деп жорырымды білмей, ойым-сан-саққа кетті. «Қадыр ақын атеист болды ма, жоқ, Құдайға сенуші ме еді?» дейді әлі таныс пендем қарап тұрмай. «Ол кісі дінге жақын болмады-ау деймін, жұма намазға барыпты, әулие-әмбие аралапты дегенін естімеппін. Бірақ тегін адам емес қой, қазақтың үлкен ақыны, қасиетті кісі, өлең қонған адам, ол да бір әулие десеңіз болады» дедім. 
«Әулие дейсің бе, апыр-ай, мынау бір Қадыр ақынның маған аян берген түсі болды-ау. Жаңа ғана сенің алдыңда түсімді туған қарындасыма айтқанымда, ол жақсыға жорып, «Жарықтық Қадыр ақынның аруағына арнап Құран оқып жіберіңіз, өмір бойы заманның, қоғамның мұң-шерін жырмен қозғап, іштей күресумен өткен адам ғой, ол кісі – заман, ал сіз сол заманның қыл-қоқысын суырып алып отырсыз, езілген елдің басына түскен ауыртпалық осымен бітеді екен дегені» деді. 
«Онда қарындасыңыз әулие екен, өзіңіз де тегін адам емессіз ғой» дедім толқып тұрған түстің арнасына түскеніне қуанып. Сол кезде есіме әулие Мәшһүр Жүсіптің түсе кеткені. Хақ әулие Мәшекең айтқан екен деген сөз бар: «Қазақ жетпіс жыл құдайсыз қоғамда өмір сүреді, одан соң елді 25 жыл ұры-қарылар былықтырады, одан соң қазаққа қой үстіне бозторғай ұялаған заман туады» деген. Жетпіс жылымыз атеистік компартияның заманы ғой, ал одан кейінгі 25 жылда премьер-министрден бастап, обләкімдері, министрлері, генералдары бар, небір атағынан ат үркетін шенділердің шетінен сотталып жатқанын көріп отырсыз, ұры-қарының заманы дегені сол емес пе әулиенің?! Иншалла, Мәшекең айтқандай, қазаққа қой үстіне бозторғай ұялаған заман келеді екен. Қадыр ақын, шынымен де, сіз арқылы аян беріп тұр дедім. «Әумиін» деп, ол кісі қатты қуанып қалды. «Жақсы түс – жарым ырыс» деп, мен бұл жақсыға жорылған түсті ФБ арқылы елге жеткізгенді жөн көрдім.

Төреғали Тәшеновтың FB парақшасынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 22057