Бейсенбі, 27 Шілде 2017
Алашорда 522 0 пікір 6 Наурыз, 2017 сағат 16:21

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. «ҚЫР СУРЕТТЕРІ» (жалғасы)

Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:

http://abai.kz/post/view?id=7271       

http://abai.kz/post/view?id=7292    

http://abai.kz/post/view?id=7363    

http://abai.kz/post/view?id=7851    

http://abai.kz/post/view?id=7819    

http://abai.kz/post/view?id=7851

http://abai.kz/post/view?id=7963

http://abai.kz/post/view?id=8004

http://abai.kz/post/view?id=8164

http://abai.kz/post/view?id=8190

http://abai.kz/post/view?id=8438

http://abai.kz/post/view?id=8635

http://abai.kz/post/view?id=8747

http://abai.kz/post/view?id=8925

http://abai.kz/post/view?id=8955

http://abai.kz/post/view?id=9050

http://abai.kz/post/view?id=9536

http://abai.kz/post/view?id=9857

http://abai.kz/post/view?id=10194

http://abai.kz/post/view?id=10277

http://abai.kz/post/view?id=10532

http://abai.kz/post/view?id=10740

http://abai.kz/post/view?id=10973

http://abai.kz/post/view?id=11107

http://abai.kz/post/view?id=11260

http://abai.kz/post/view?id=11485

http://abai.kz/post/view?id=11583

http://abai.kz/post/view?id=12512

http://abai.kz/post/view?id=12602

http://abai.kz/post/view?id=12674

http://abai.kz/post/view?id=12762

http://abai.kz/post/view?id=12863

 

 

II.

 

Ал «Қыр әңгiмелерiн» жазған 1922-23 жылы Семейден тұңғыш рет сонша уақыт шалғайға аттанған алғашқы ұзаққа созылған сапары едi. Сақараның сағымы, самалы, салқын жайлау төскейi, сол төскейде «Еркiндiктiң еркесiндей» болған тәттi күн, балалық шақ сағындырған. Сайын дала – еркiндiктiң белгiсiндей боп көрiнiп, ел арасындағы аңыз-хикаялардың желiсiмен, «Мың бiр түн», «Тотынама», «Жетi үй» тәрiздi тосын, қызғылықты оқиғаға құрылған таза шығыс үлгiсiндегi әңгiме жазған. Ондай елiктеу, өзiн-өзi бiр сергiтiп тастау әр қаламгердiң шығармашылық жолының басталуынан ұшырасады. Мысалы: Вальтер Скотт Лондоннан үйiне қайтып бара жатып Личфильдтегi көз таныс, көңiлi жақын әйел Анна Стюардқа соғып, екi сағат қана аялдамақ болады. Алайда, ол екi тәулiкке созылады. Әңгiме мен анекдоттың майын тамыза айтатын бикештiң бiр хикаясы, дәлiрек айтсақ, анекдоты кейiн Вальтер Скоттың «Түскиiз iлiнген бөлме»  атты әңгiмесiне айналады. Ал, кешке жақын төбенiң басына жиналған ауыл ақсақалдарының өткен дәуiр, кешкен заман туралы «ей, тәйiр-ай. Бiз не көрмедiк, не бiр есiл ер өткен ғой» – деп қойып есе жөнелетiн хикаялары Мұхтарға онша таңсық емес едi. Және Өтекелдiлердiң бейнесi ұмыттыра ма.

Қиян шетте жүрiп, оңтайлы оқиғаларды қысқа-қысқа етiп. Өзiн қатыстыру арқылы шындыққа жақындата жазып тастаған сияқты. Сөз, сөйлемдерiнiң, табиғат суреттерiнiң сергектiгi де жазушының көңiл күйiнiң көтерiңкi екендiгiн дәлелдейдi. «Қыр әңгiмелерiндегi» жортар мен жобалай батырдың хикаялары рыцарьлық романдардың кейiпкерлерiн еске салады. Әрi сонау бiр келмеске кеткен, ердiң ерлiгi жортуылда сыналатын замандағы «тентек күндердiң таңбасы» бала жасынан қиялын билеп, әлдилеп алғандықтан да, жүрегiне ерекше ыстық көрiнуi де қисынды.

Ырыздығын жортудан, олжасын жауынан айырған тентектер арғы-бергi кезеңде үзiлiп бiтпеген. Әр ауылдың өз Робин Гуды, арыстан жүректi Ричарды, Айвенгосы, тiптi, Өткелдi, Қиясбай iспеттi Дон-Кихоты да болған. Шыңғыстауды аралаған поляк азаматы Адольф Янушкевич 1846 жылы 10 қыркүйектегi күнделiгiнде: «Округтегi ең атышулы жолбасшылардың бiрiн көрдiм. Бүкiл өмiрiн барымтамен өткiзгендер ең тәуiр жолбасшы болып табылады. Мәселен, 15 жасынан 50 жасқа дейiн жыл сайын барымтаға шығып келген Түнқатар жер жағдайын жақсы бiледi. Бiрде көзге түрткiсiз түн болса да, бетбақ далада келе жатып, ерткен қолын ап, тұп-тура бұлақтың үстiнен шығарыпты. «Мен бұл жерде бұдан он бес жыл бұрын болған едiм. Мына бұлақтан көп ұзамай, әне бiр дөңес үстiнде бәкiмдi тастап кеткенмiн. Барып тауып әкеле қояйын» – дептi. Ол таң қылың бергенде барып бәкiсiн тауып алапты» – деп жазыпты. Өзге көк жалдарды былай қойғанда, өзi 1915-16 жылы Шаған бойында ұстаздық құрғанда, атақты ер Тәукенiң жанына ерiп жүрiптi. Әншi, сал-серi Мәдидiң, Иманжүсiптiң есiмi де таныс. Тiптi, өзiнiң немерелес ағасы Қарабалтаның да хиқаясы ұзақ жыр. Кейiн қуғынға ұшырап, оққа ұшқан. Сондықтан, Жортар мен Жобалайдың, Сүлеймен қарттың образын бейнелеу қиынға соқпаған. Өмiрдiң өзiнен алған. Өзiнiң балалық дәуренiнiң елестерiн әңгiмеге айналдырған.

Әрине, бiр адамның емес, бiрнеше адамның кейiп-келбетi көз алдында тұрған. Жердiң, елдiң аты да сол қалпында пайдаланылған. Бiрақ кейiпкерлердiң нақты аты кiм, оның өмiр тарихы қандай, кiм болған, қай заманда тiршiлiк еткен? Мiне, осыны аңықтап барып. Тұжырымымыз түйiнделедi.

«Қыр суреттерiнiң» бiрiншi хикаясы «Сыбанның моласында» деп аталады. Сыбан – Мұхтардың ата қонысы Бөрiлiмен етектес жатқан ел. «Еңлік-Кебектегi» әйгiлi би Еспенбеттiң қыстаумен қапталдас. Орда, арқаттың шығысынан басталып, Аякөзден аттап, Тарбағатайға тiреледi. XVIII ғасырда батырдың, бидiң басына «үй орнатамыз»  деп, төбесi жабық кешендер салатын болған. Кеңгiрбай бидiң, Мамай батырдың мазарлары сондай. Мамай батырдың құрылысы тiптi ерекше. Мазардың екi жағында екi киiз үйдей күмбез тұрғызылған, екi ортасы дәлiзбен жалғастырылған. Оған мүнәжат ете келгендер қыста, күн жауында өздерi кiрiп, атын да кiргiзiп, тынығуға арналған. Шығыс жағындағы күмбезде Мамай батырдың өз денесi, сол жағындағы күмбезде мiнген атының қаңқасы көмiлген. Қабiр үстiнде аттың қу бас сүйегi әлi де жатыр. Мұндай күмбез зираттарды Сыбан елi тұрғызған. Арқаттың iшiң аралап, жарма темiр жолына, не Аякөзге беттесең, әлi де төбелерi шошайып көрiнiп тұрады. Сондықтан да, әңгiмедегi «Сыбанның төбесi шошақ моласының» бiрiн емес, бiрнешеуiн табуға болады. Не, Еспенбет бидiн, не Сабырай ақынның бабасы Ақтайлақ бибiң ауылының мазары ма, оны да анықтау қиынға түспейдi. Автор үшiн ол оқиғаны iлiгi ғана. Сондықтан бiз де қазбаламаймыз. Ретiне қарай айтамыз.

Нақты оқиғаның өткен жерi анық. Арқаттың шығыс сырты. Ұсақ төбешiктердiң Тарбағатайға қосылатын жотасы. Ендi лирикалық Геройдың жөнiне көшсек онда «Ел Көксеңгiрдiң күнгейiнде» «Еңлік-Кебектегi» – дейдi. Көксеңгiр – Шыңғыстың сырты, көршi керей елiмен жамыраса жайлайтын, Жәнiбек жазығының сiлемделiп бiтетiн тұсы. Қаражан көпестiң. Ике мен Мұсатайдың өрiсi. Оразбайдың майқұдығынан он-он бес шақырымдай. Жазықтың ортасында орналасқандықтан, үнемi сағымға оранып, көкшiл тартып, мұнарта бұлдырайды. Үлкен Көксеңгiр, орта Көксеңгiр, бала Көксеңгiр деп бөлiнедi. Мұхтар 1915-1916 жылдары осы жайлауда бала оқытқан. Оның себебi, бiрiншi тарауда айтылған. Көксеңгiрге қатысты жайдың толық мағлұматы «Текшенiң баурайында» атты екiншi әңгiме талданғанда толық берiледi. Бұл арада ескертерiмiз, Мұхтардың «Жортар ақсақалмен әңгiмелесiп, құдықтың желке жағындағы тастақ төбенiң басына таман аяңдап келе жаттық» – дегенде, Ташкентте отырып, туған елiнiң нақты келбетiн көз алдына елестете жазғанын назарға iлiктiру. Шыңғыстың өзге қапталдарындағы сай-саланың бәрінен бұлақ ағады. Жайлаудағы ел соны жағалай қоныстанады. Көксеңгiр – өзге таудан үрiккендей жазықтың ортасында оқшау тұрғандықтан да су көзi тапшы. Құдықтан су тартады. Осы кiшкене детальдың өзi де дәл сақталған. Әйтпесе, көркемдiк шындыққа қиянат, әңгiмеге нұқсан болар едi. Сол бiр жастық шақтағы жадында қалған жақсы суреттердi қаз қалпында пейзаж етiп мөлдiретiп берген.

Ендi әңгiменiң творчестволық тарихына қатысты заңды сұрақ туады. «Ұзақ жолда ыстық күннен оңғандай болып сарғыш тартқан отты көздерi, үлкен құлақ, кесек мұрны бұл адамды ескiлiктiң тiрi қалған белгiсiндей» көрсеткен, «ескiнiң шын сарқыты» Жортар батыр кiм өмiрде болған адам ба? Мұхтар бұл оқиғаны өз аузынан естiген бе, әлде, лирикалық «мен» – әдеби тәсiл ме? Деректерге қарағанда, Жортар – тарифи адам. Мұхтар оқиғаны бала кезiнде естiген. Өзi кейiпкермен жүздесiп, сұқпаттасқандай болуы – шығарманың шындығына сендiруден және келесi «Текшенi баурайындағы» хикаясымен үндес, сарындас шығу ниетiнен туған. Екi әңгiменiң басын қосып тұрған – сол лирикалық кейiпкер.

Мұхтар Әуезовтiң көркем шығармаларындағы өмiрлiк деректердiң анық-қанығын ажыратуға тырысқан өзге мақалалардан гөрi «Сыбанның моласының» куәсi көп. Және оны Мұхтардың өзi мойындаған. Ол «мойындаудың» куәлерi де осал емес – Сапарғали Бегалин, Есмағанбет Ысмайылов, Қайым Мұхаметқанов. «Абай» жолының» бiрiншi романы жарық көрiп, екiншi кiтапқа кiрiскенде 1943 жылы Аякөз арқылы Шыңғыс бектерiн аралап, көптi көрген қарт адамдармен сұхбаттасқан. Сол сапарда жазушы Шыңғыстың шығыс сiлемiндегi алыстан бұлдыраған жалғыз зиратты көрiп, оған ұзақ уақыт қадала қараған. Ол iштей толғанып тұрып:

– «Сыбанның моласына» арқау болған мазар осы едi, – дептi.

Сәлден кейiн жолсерiктерiне «Сыбанның моласында» атты әңгiменiң дүниеге келуiн баяндайды. Сол сапарда бұл хикаяны тыңдаған, Абай өмiрiнен көптеген материалдар, деректер жинақтап Мұхаңа достық көмек ретiнде қол ұшын берген байсалды аға жазушы Сапарғали Бегалин былай еске алады:

– «Аякөзден шығып бiз Шыңғыс пен Тарбағатай сiлемдерiнiң түйiсер белестерiмен жүрiп келемiз. Бiр кезде сыбан руларының мекенi болған салалармен өтiп келе жатқанымызда, жолдан үш-төрт шақырымдай жерде бiр шошақ бейiт көрiндi. Қолында дүрбi бар. Мұхтар соны алып, машинаны тоқтаттырып, бейiтке қарады. Сөйттi де жүргiзушiге: «Анау бейiтке соға жүрейiк», – дедi. Талай жылдардың, жауын-шашынның ыстық-суығын көрген шошақ бейiттiң сырты көнерiп, есiгi тозып, сүмпиiп тұр. Бiз айналасын шолып өтiп iшiне кiрдiк. Iшiнде екi-үш қабiрдiң төмпешiгi жатыр. Мұхтар тiнте, зерттей қарады. Осы бейiтке байланысты не оқиға болғанын сұрадым. Мұхтар:

– Менiң онда бұрылғанымның үлкен себебi бар. Менiң алғашқы шығармаларымның бiрi «Сыбанның моласында», сол әңгiменiң өзегi де, өзi де осы молда болған жайлардан алынған едi. Сол жайларды басынан кешiрген кiсiден естiгенiмдi тiптi жас болатынмын. Менiң үлкен әкем Әуез халықтың оқшау әңгiмелерiн жақсы көрiп, әсiресе, бiзге өзi айтып, ауылға әңгiмешiл кiсi келсе соларға әңгiме айтқызып, бiздi қасына алып үнсiз тыңдап отыруға мойын ұсындыратын. Бiр күнi денелi, қабағы түксиген Жүнiс деген кiсi келдi. Атам:

– Жүнiс батыр, талай оқиғаны басынан кешiрдiң. Ер жiгiттiң басынан не өтпейдi. Балаларыма өз басыңнан кешкен қызықты әңгімелерiндi айтып бер, – дедi.

Жүнiс сөзге сараңдау, даусы коңқылдап шығатын икемсiздеу кiсi екен.

– Сiз бұйырған соң айтпай болмайды. Өзiмнiң ат жалын тартып мiнгеннен бергi бiр шошынған жайымды айтып берейiн, деп сөзiн сабақтады.

– Онда аттан түспей бiрдi бiрге сапырып жүрген кезiм ғой. Бiрде мына өзiмiзбен iргелес Сыбанның бiр ауылының жылқысын торыдық. Жылқышылары сондай сайланған сақ екен. Қолыма ештеңе iлiктiре алмай қайта оралып едiм, қара бұлт түнерiп келiп, жауын құйып бергенi. Көзге түртсе көргiсiз түнек қараңғы. Ендiгi ойым – жауыннан паналайтын жер тауып ықтау. Ол да кездеспей бiр алқапты өрлеп келе жатыр едiм, алдымнан бiр сопайған нәрсе қарауытты. Қасына келсем, шошақ бейiт екен. Қуанып кеттiм. Атым бейiттiң ығына қаңтара салып, есiгiнен iшке кiрiп, томпиған зиратқа сүйене, жантая келiп отырдым. Бiраздан кейiн белiмдi шешiп, сыртқы киiмiмдi сiлкiп суын сорғытып, қайта киiп отыра бергенiмде, бейiттiң сол жақ бүйiрiнен бiр нәрсе тырс еттi. Жат дыбысқа жалт қарадым. Бiр болымсыз сызат от жылтырап, ырсиған ауыздан ақсиған тiстер көрiнгендей болды. Әлгi дыбыс шыққан жерге баруға баталым бармайды. Үрейлене сақтанған болып отырғанымда, әлгi болымсыз от тағы жылт етiп, әлгi тiс тағы бiр ырсиды. Мен жаман шошыдым. Аманымда кетейiн деп, есiктен шыға бергенiмде, бiр нәрсе келiп, шап берiп арқама жабыса түстi атыма мiне сап шаба жөнелдiм. Ондағы ойым артыма жабысқан пәле ұшып түсер деген едiм. Ойым болмады. Қайта қапсыра құшақтап жабысып айрылар емес. Бұл бiр қасқыр ма, әлде басқа бiр пәле ме деп, белiмдегi қанжарымды қынынан алып, арқама жабысқан пәлеге сермедiм. Арқамдағы пәле үн қатып: «Ой, Жүнiс, қанжарлап өлтiремiсiң, тарт қанжарыңды» дегені.  Адам екенiн бiлiп, өзi менiң атымды айтып келе жатқан соң, тiзгiндi тежеп атымнан түстiм. Әлгi жабысқан пәле бiрге түстi. Тани кеттiм. Ол өзiмiздiң елдiң қой ұрлайтын Түбек деген белгiлi ұрысы екен. Ана шошақ бейiттiң қасындағы ауылдан қой ұрламақ болып келiптi де, күзетшi қуып, иттер тақымдап бейiтке келiп тығылып, күннiң ашылуын күтiп отыр екен. Әлгi жылт еткiзiп сөндiрiп отырғаны – сiрiңке екен. Бiрақ, үн қатпай тап кетерде арқама жабысқаны – өз ауылына жетiп қалу екен. Өзiм өз болып жүрiп мұндай шошыған, қорыққан кезiм болған емес, – деп Жүнiс әңгiмесiн аяқтады.

Жүнiстiң осы әңгiмесi, менi ересен қызықтырып, бiр сөзiн де ұмытпай балаларға айтып беретiн едiм. Кейiннен әңгiмелер жазуға кiрiскенде. Алғашқы әңгiменiң бiрi – осы «Сыбанның моласында» болды. Әрине, мен Жүнiстiң өз атын өзгертiп. Көркемдеу үшiн көптеген көрiнiстер қосып жазым едiм. Бүгiн жол үстiнде сол Жүнiс айтқан мола көзiме түскен соң әдейi бұрылуды жөн көрдiм».

Хронологиялық ретпен алғанда «Қыр әңгiмелерi» деген атпен шағын-шағын екi новелланың басын қосқан бұл шығарма Әуезовтiң төртiншi туындысы. 1923 жылы «Шолпан» журналының № 6-7-8 санындарында жеке-жеке басылып, кейiннен бiрнеше рет қайтадан жарық көрген. «Сыбанның моласында» атты әңгімесiнiң жоғарыда айтылған желiсiн жазушының iнiсi Ахмет Әуезовтың айтуы бойынша, бала Мұхтар 8 жасында тыңдаған екен. Ахметтiң естелікнамасында тамыз айында балалар күзгi сабаққа барғалы дайындалып жатқанда, Мұхтар алғаш рет сол хикаяны естiген екен. 

«Ауылымыз Бөрiлiнiң сыртында. 1905 жылы Бөкеншiдегi үлкен Жүнiстiң ауылға келген орайы болды. Қапсағай денелi келген осы кiсi батыр болған, ер жiгiт болған. Жалғыз өзi жорыққа аттанып, талай-талай ерлiк iстеген кiсi екен деп естушi едiк», деп баян қылады А.Әуезов. Демек 8 жасында естiген ертегi тектес оқшау оқиғаны 17 жыл бойы жадында сақтап, жүрегiнде тербетiп, жиырма бес жасында қайтадан жаңғыртып қағаз бетiне түсiрген. Әрине, тарихи бейнелердiң аттары өзгертiлген. Оқиғаның кейбiр тұстары, шешушi кезеңдерi, өзара байланыстары, соңғы түйiнi сәл өзгертiлiп алынған. Бұл жас жазушының естiген әңгiмесiн сол күйiнде пайдаланбай, әдеби қөзқарасына сай етiп талғамы зор талапқа орайластыра жазғанын көрсетедi.

Көркем әңгiме мен айтушының жүйелiк желiсi, сюжет құрылымы ұқсас. Баяндау тәсiлi де орайлас, бiр үйлесiмге саяды. «Қасымызда отырған Құдайберген ақсақал «Айтып бер бір әңгiмеңдi балаларға, ендi бiзге әңгiме айтқаннан басқа не қалды?» – деп күлген соң, Жортар ақсақал бiр әңгiмесiн айтпақшы болды» – деп басталады оқиғаның өрiсi. Қорыта айтсақ, «Сыбанның моласындағы» басты кейiпкер Жортар батыр – өмiрдегi Жүнiстiң прототипi. Ал зираттың iшiне тығылған Бура – Алтыаяқтың есiмi Бегалин мен Ахмет Әуезовтiң айтуынша өзара сәйкес келмейдi. Бiрақ ұқсас. Түбек не төбет. Алайда осы Бура – Алтыаяқ та сол кезде есiмi ел аузына барымташылығымен iлiккен адамнан әдебиетке ауысқан кейiпкер екенi анық.

Мiне, ұлы жазушының тағы бiр шығармасының жазылу тарихы мағлұм болды. Қашанда ғұлама адамдардың әрбiр өмiр бетiнiң өзi құпиясы мол жұмбақ, қызықты хикая ғой. Сегiз жасар Мұхтардың Бөрiлiдегi қыстауда естiген әңгiмесi кейiннен арналы шығарманы арқауы болды. «Қыр әңгiмелерiнiң» бiрiншi бөлiгi «Сыбанның моласындағы» өмiрлiк оқиғаның ұзын-ырғысы, мiне, осындай.

(жалғасы бар)

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21928