Дүйсенбі, 20 Қараша 2017
Не дейді?! 2344 0 пікір 23 Ақпан, 2017 сағат 12:43

БІЗГЕ ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ДЕГЕН ЛАУАЗЫМНЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ

Қазір Ата-Заңға өзгеріс енгізу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Әр-кәлләда - бір қиял. Біреулер "әркім" деген сөзбен алысса, енді біреулер ислам дінінің орнын Конституцияға бекіткізіп алмақ. Әрине, мемлекеттің болашағы үшін қоғамның бұлай алаң-көңіл болуы қуанарлық жағдай. Бұл орайда жастар жағы да өз үндерін қосып жатыр. "Ақыл жастан" демекші батыста оқып жүрген Нұрмұхаммед Байғараевтің мына бір ұсынысы мені елең еткізді. Ол Фейсбуктегі парақшасында былай деп жазады.

Нұрмұхаммед Байғара:

"Конституциялық реформа бойынша құрылған комиссияға менен бір ұсыныс:

Келесі президент премьер-министрдің де қызметін қоса атқарса жөн болар еді, яғни премьер деген қызметті Ата Заңнан алып тастау керек. Дәл АҚШ-тың жүйесіндей.

Артықшылығы:

- Проблема туындаса, Президент үкіметті сынап, жауапкершілікті соларға артпайды.

- Министрлер "президенттің тапсырмасы, президенттің арқасы" деп жауапкершілікті президентке лақтырмайды.

- Парламент Президент пен үкімет мүшелерін бірдей бақылайды, яғни екеуін де жұмыс нәтижесі бойынша, себебі олар бір команда болып жұмыс істейді.

- Шешімдер тез қабылданады. Яғни, қазіргі 1-үкімет 2-парламент 3-президент деген ұзақ цикл қысқарады. Сәйкесінше, үкімет жұмысында мобильділік, жылдамдық артады.

- Президент әкімшілігі мен премьер канцеляриясы отчет, хаттармен атыспайды, әр министрлік екеуіне екі бөлек хат, есеп дайындап уақытын, ресурсын кетірмейді. Ол әр министрлікке қарасты ведомствалардың да қағазбастылығын азайтады. Жалғыз орталық болады.

P.S. Бірақ ондай үкіметті бақылауға духы мен күші жететін мықты Парламент керек..."

Жалпы, біздің елде қысқартып тастауға болатын құрылымдар жетерлік. Мәселен, сенаттың қажеттілігіне жоқ екені жайлы да сыни пікірлер бой көтере бастады. Сенат - қариялар кеңесіне айналып бара жатқанын өткенде жазған болатынбыз.

Премьер-министр орынтағы елдің көп талқысына түсетін - орын. Тікелей Үкіметті басқаруды - Президент құзіретіне беріп, министрлерді тағайындау құқығын парламентке ұстатсақ, таразының басы теңшелер ме еді? 

Шындығын айту керек, бізде жасалған әр бастаманың жауапкершілігін мойнымен көтеретін құрылым жоққа тән. Мысалы, осы уақытқа дейін білім саласында қаншама реформа жасалды. Оның дұрыс, бұрыстығы кімнің мойнында? Қаншама қаржы желге ұшып жатыр? Бұған үкімет те, сол тұстағы министр де жауапты емес. Сонда халық есепті кімнен алады? 

Бізде жауапкершілікті мойнына алатын шенеунік жоқ. Есесіне халықтың ақшасымен күн көріп отырған қажетсіз мемқызметкер құмырсқадай қаптап жүр. Бір ғана мысал келтірейік. Жапонияда 128 млн. халыққа небәрі 9 мың шенеунік қызмет етеді, ал 18 млн халқы бар Қазақстанда 99 мың шенеунік бар екен.

Бұл біріншіден, жалпы билік құрылымын жүйелей алмауымыздан болып отыр. 

Екіншіден, біздің елде мемлекеттік қызмет баюдың, жағдай жасаудың кілті іспетті. Қазір кез-келген жас 30 мың айлыққа болсын мемлекеттік қызметке баруды ойлайды. Себебі, әкімияттың айналасында жүргендердің киімі көк, қарны тоқ болатыны аксиомаға айналған.

Егер де мемлекеттік қызметтің жоғарғы сатысынан бастап, ауылдық деңгейге дейінгі бөлігіне жауапкершілікті артыра алсақ, бір-біріне сілтеп, сүттен - ақ, судан - таза болатын бүгінгі жүйе өзгерер еді. 

Қош! Негізгі премьер-министр деген лауазымға оралайық. Президент пен премьер-министр лауазымын біріктіру қандай елдерге тән?

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Жалпы, өз басым бұл бастамаға қарсымын. Әлемнің біршама елдерінде премьер-министр лауазымы президенттен де жоғары екенін білеміз. Президент деген - символикалық лауазым болып саналады. Жалпы, саяси партиялары табиғи жолмен пайда болған елдерде сайлау да әділ өтеді. Сол әділ сайдаумен билікке келген партияның басшысы премьер-министр лауазымын иеленіп, ел тізгінін қолына ұстайды. Бізде әділ сайлау өткен емес, табиғи жолмен ірі партиялар құрылған емес. Сондықтан, бұл екі лауазымды біріктірудің әзірге мүмкіндігі жоқ. 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10108
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18247