Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 8190 0 пікір 13 Қаңтар, 2017 сағат 11:49

ЖYЙЕНІҢ ҚҰЛЫ БОЛҒАНДАРДЫ ҰЛЫ САНАЙМЫЗ. АЛАШОРДАШЫЛАРДЫ ШЕ?

Биылғы жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Ал өткен жылы еліміз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жүз жылдығын атап өтті. Кейінгі кезде көтеріліс басшылары мен Алашорда қайраткерлерін көзқарастарының қарама-қайшылғын тілге тиек қылған материалдар ғаламтор бетінде көбейіп кетті. Бұл материалдардың басым көпшілігінің авторлары Совет Одағы кезіндегі шыққан әдебиеттерге сүйенеді. Ал советтік идеологияның негізгі мақсаты Алаш үкіметі мен оның жетекшілерін қаралау болғаны бесенеден белгілі. Оның үстіне биылғы жылы Октябрь төңкерісінің, яғни революцияның басталғанына да 100 жыл болады.

Заманға сай болу үшін қазақтың далада өскен баласы да әскер қатарына алынуы керек екендігін Әлихан Бөкейхан бас болған Алаш қайраткерлері қолдады. 1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізген. Қазақтарды тылдағы  жұмысқа алу туралы патша жарлығы бойынша 19-43 жас аралығындағы қазақтар армияның қорғаныс құрылыстарын құру жұмыстарын жасауға  тиіс еді.

М.Тынышбаев «Қазақ» газетінде: «қазақтарды әскери қызметтің қай түріне (атты, не жаяу әскер) алынатындығы ғана ойландырады... Қазақтардың көпшілігі казак-орыспен теңесіп, жерімізді сақтау мақсатында атты әскер қатарында қызмет етудің тиімділігін жақтадық. Қазақтардың тек азғана бөлігі жаяу әскер құрамында болуды қалайды» - деп жазды.

«Қазақ» газеті халыққа жолдаған Үндеуінде:«Біздің жұрт­қа айтатынымыз, бұған көнбеске бол­май­ды…Көнбейміз дегеннің сүйенгені жан тәт­тілік болса, салыстырып қаралық. Көн­ген­де: жұртқа қандай ауырлық бар, көн­бегенде қандай ауырлық бар? Көн­ген­де: шаруаға кемшілік те келер, барған жі­гіт қазаға да, бейнетке де ұшырар, бірақ елдің іргесі бұзылмас… Көнбегенде көре­тін ауырлық: …елдің берекесі кетеді, бас пен малға әлегі тиеді, елдің іргесі бұзы­лады», – деп түсіндірді.

«Қазақ» газетінде жарияланған «Торғай һәм Ырғыз уезінің халқына!» жазылған үндеудегі: «Бұл хатты жазушы біздер - өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туыстарымыз іштерінде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар! ...Біз газет арқылы болсын, ауызша да болсын, бұрын сан рет айтқанбыз, көнбесеңдер, елге бүліншілік болады, әскер шығады, түбінде алмай қоймайды дегенбіз. Сол айтқанымыз, міне, келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен. Әлі де болса, бізді осы елдің баласы екен дейтін болсандар, біздің ең соңғы, қысылғандағы ақылымызды алыңыздар! Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді» деген жолдардан да олардың қазаққа қаншалықты жаны ашығанын айқын көреміз.

Қазақ зиялыларының көпшілігі сол кезде қазақтардың тылдағы жұмысқа баруына да қарсы болған жоқ. Ал  он алтыншы жылы халық арасында толқу басталғанда олар елдің босқа қырылып қалу қаупін алдын ала білді. Жасанған жауға (жазалау отрядтарына) шитті мылтық және найзамен шапқан Аманкелді сарбаздары кейін большевиктер жағына шығып кетпегенде түгел қырылу қаупі шынында да зор еді.

Отыз жетінші жылы «халық жауы» деген желеумен атылып кеткен ақын Сейітжан Бекшентайұлы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде көтерілісшілер арасында болады. Олардың қолдарындағы қаруды мысқылдап, әзілдеп айтқан өлеңі ел аузында. «Сатып алдық бір-бір істік, мұныменен кімді пістік? Зеңбіректер тарс еткенде, бәріміз де артты қыстық», – депті сөзтапқыш ақын. Істігі кәдімгі штык дегені. Осы бір шумақ өлеңде сол кездегі заман шындығы дәлме-дәл бейнеленген.

Әрине, Аманкелді сарбаздарының көзсіз ерлігін ешкім де жоққа шығармайды. Алайда, әскери стратегия, тактика тұрғысынан оларға саяси баға беретін болсақ, көтерілісшілердің соғыс тәсіліндегі мергендер тобының құрылуы, олардың алдыңғы сапындағы Кейкі батырдың орны ерекше. Ал ашық майданда жолыққан сарбаздар мен жазалаушы отрядтардың қайсысының жеңіске жететінін болжамаса да болады. Зеңбірегі мен оқсебері (пулеметі) бар, жақсы әскери дайындықтан өткен орыс отряды өзінен сан жағынан он есе артық болса да, сарбаздарды тас-талқан етіп жеңер еді.

Орыс отаршылдарының жалғасы іспеттес Кеңес билігі орнағаннан кейін қазақтың көрнекті ақыны Нұржан Наушабайұлы: «Алаш еді ұранымыз, дін-ислам құранымыз, дүния-ақірет жайынан қолда жоқ еш құралымыз, ата қоныс кетті қолдан, бұған бар ма қыларымыз?!», – деп қамықты.

Қазақ ұлтының мүддесі үшін коммунистік партия қатарына кірген Ахмет Байтұрсынов 1920 жылдың 17 көкегінде В.И.Ленинге жазған хатында былай деп атап көрсетті: (орыс тіліндегі нұсқасын сол қалпында беріп отырмыз) «В виду изложенного представляется необходимость:

1)     поставить во главе управления Киргизским краем настоящих
идейных коммунистов и испытанных честных идейных работников из
киргизских интеллигентов, которым народ вполне доверяет, но никоим
образом коммунистов по названию. Настоящие  идейные коммунисты и
идейные   работники   из   киргизов,   хотя   бы   последние   были   не
коммунистами, скорее могут найти общий язык для понимания друг друга
и общие точки зрения на дела, чем поверхностные коммунисты как из
киргизов, так и из других;

2)     во всех органах власти, в ведении коих подлежат районы со
смешанным населением, представителей угнетенной нации должно быть
не менее 2/3.

3)  управление хозяйственно-экономическим учреждениями Киркрая,
независимо от централизации или децентрализации, должно находиться в
руках киргизов без всякого раздробления и подчинения другим губерниям
или областям под разными предлогами экономического тяготения;

4)  вся политическая и культурная работа киргизских коммунистов и революционной   интеллигенции   должна   основываться   на   началах
советской социалистической хозяйственной политики;

5)  создать военный округ, объединяющий Киргизию, с управлением
в гор.Оренбурге;

6)   гарнизоны в городах должны быть обязательно из киргизов;

7)  в отношении границы Киркрая не должны допускаться никакие
изменения, кроме нижеуказанных...»

(ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты,  811.20 бума,  568 іс).

Міне, осы құжаттан да Алашорда қайраткерлерінің Алаш әскерінің болашағына қатты алаңдағанын көруге болады.

Осы орайда назарға салар бір жай, тәуелсіз Қазақ елі кімнің жырын жырлауы, мұңын мұңдауы керек?! Кешегі солақай саясаттың сойылын соққан Әліби Жанкелдин секілді шоқынған қазақтарды ма, оның үгітінен кейін «балшебектер» сапына қосылған Аманкелді Имановты ма, әлде қазақ халқының болашағы үшін қанын төккен, жанын қиған Алаш арыстарын ба?!

Мұстафа Шоқай 1936 жылы жазған «Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат» деген мақаласында: «Түркістан қазақтары газеттерінің беттерінен көптен бері жиі кездесетін есімдердің бірі - 1916-ыншы жылғы Торғай далаларында орыс үкіметіне қарсы көтерілген халық көтерілісінің басшысы - Амангелді Иманов. Ол турасында баспасөз беттерінде қисапсыз көп материалдар жарияланды. Ақындар толып жатқан өлең-жыр, дастандар шығарды, драматургтер сахналық қойылымдар дайындады және тағы да дайындап жатыр. Ол аз болса, Амангелді өмірінен фильм түсірілуде, оған арнап ескерткіш тұрғызылуда. Осы айтылған мақала, өлең-жыр, сахналық қойылым, кинофильм және ескерткіштердің бәрі «әліпті таяқ деп білмеген», Торғай өңірінен басқа жер, өз руынан басқа ел көрмеген қараңғы Амангелдіні дүниеде теңдесі жоқ төңкерісшіл, ұлт пен ұлтшылдықтан жоғары тұратын интернационал большевик, дінге дұшпан, Түркістан түріктігін орыс большевизмі және интернационалдық төңкерісшілдікпен табиғи түрде тығыз жымдастырған ірі тұлға ретінде көрсету идеясына қызмет етіп отыр» - деп жазды.

Біздің ойымызша, ақты ақ, қараны қара демекші, кім болса да өз заманында қандай қызмет жасаса, олардың әділ бағасын беруіміз керек. Бай-кедей деп бөлінгенде, «кедейдің сөзін сөйлейік, байлардың барлығы онбаған» деген пиғылдан, Совет Одағы тұсында ел басқарғандардың барлығы қиянатшыл деген ойдан арылу керек секілді. Ол үшін осы күні қөшелер, мектептерге есімдері берілген кісілердің еңбегін түгендегеннің де айыбы жоқ. Әйтпесе  аталастары мен руластарының, ауылдастарының  жырын жырлағандардың сөзі өтіп кетіп жүргенін күнде көріп-біліп жұрміз. Бір ғажабы, кешегі аштық, қастық жылдарында қызмет еткен әлдебір «қайраткерсымақтарға» да көше аттары беріле бастады.

Википедияда отыз алтыншы жылы тамыз-қараша айларында Қазақ АССР Орталық атқару комитеті Президиумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы қызметін атқарған, 1936—1937 жылдары Қостанай облыстық атқару комитетінің төрағасы болған, Байдақов  Бақытжан (1898—1938) деген кісіні совет, партия және мемлекет қайраткері деп атап көрсетіпті. Сол сұрапыл жылдары халыққа емес, қаныпезер үкіметке қызмет еткен адамдарды қайраткер деп танимыз ба, әлде қылмыскер деп жариялаймыз ба?!

2014 жылдың 15 тамызында «Түркістан» газетінде жарық көрген «Жасындай ағып өткен» деген мақалада Тараздық  медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков 1938 жылдың 28 ақпаны күні   40 адамға «халық жауы» деген жала жабылып, мәскеулік көшпелі соттың үкімімен (НКВД-нің үштігімен) атылған қазақ интеллегенциясының сол кездегі қаймақтары қатарында Б.Байдақовты да атайды.

Кедей отбасында тәрбиеленген, шешесінен үш жасында жетім қалған кісінің тағдыры оны солақай саясаттың теріс жолына салып жібергені рас. 1926 жылдан ВКП(б) мүшесі болған Б.Байдақов 1918 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітіріп шыққаннан кейін ауыл мұғалімі болады. Содан кейін аудандық дайындау кеңсесі саяси ұйымының меңгерушісі, Темір уездік еңбек, сақтық кассасының меңгерушісі, Казкрайсоюздың саяси бөлімі меңгерушілігінен Батыс Қазақстан облысының Орал аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Батыс Қазақстан облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы дәрежесіне дейін көтеріледі. Басқа да партия-совет қызметін атқарады. 1928 жылдары байларды кәмпескелеу науқанына белсене араласады, одан кейін Темір және Ырғыз аудандарында  коллективтендіруге қарсы шыққан көтерілісшілерді басып-жаншуға қатысады.

Халықты ату жазасына кесу туралы НКВД-ның аса құпия № 00447 жарлығына орай ҚСРО ішкі істерінің халық комисариаты 1937 жылдың 13 шілдесінде шығарған № 00447 жарлығында: «Жүргізілген тексеріске сәйкес Кеңес одағына қарсы адамдар, бұрынғы биліктегі азаматтар, ертеректе репрессияға ұшырағандар және лагерьлер мен итжеккенге айдалғандардың көбі ауылдарда (деревня) тұрып жатыр. Сондай-ақ ауылдарда діндарлар мен Кеңес үкіметіне қарсы саяси ұйымдардың өкілдері де шоғырланған. Осы аталғандардың біразы қалаға келіп өндіріс ұйымдарына, көлік пен құрылыс саласына кіріп кетті. Олардың барлығы да халық жаулары. Үкіметімізге қарсы іс-шаралар ұйымдастырып жатуы әбден мүмкін. Мемлекеттік қауіпсіздік ұйымдары алдында бұлардың көзін жойып, жұмысшы тапты қорғау туралы мәселе тұр. Кеңес мемлекетінің саясатына қарсы келетіндерді біржолата құрту керек. Сондықтан 1937 ЖЫЛДЫҢ 5 ТАМЫЗЫНАН БАСТАП БАРЛЫҚ РЕСПУБЛИКАЛАРДА, ОБЛЫСТАР МЕН АЙМАҚТАРДА КЕҢЕС ҮКІМЕТІНЕ ҚАРСЫ БАСКЕСЕРЛЕРДІ ҰСТАП, КӨЗДЕРІН ЖОЮҒА бұйырамын» деген бұйрық дайындалған. 1937 жылғы репрессиялау туралы бұйрықты «ruskline» сайтынан алып  «Намыс порталы (аударған Рүстем Нүркен. namys.kz) жариялады.

Бұйрықта халық жаулары екі топқа бөлініп, бірінші топтағылдар  дереу тұтқындалып, үштіктің ұйғарымы бойынша атылуға тиісті аса қауіптілер қатарына жатқызылған. Ал екінші топтағылар аса қауіпті емес, бірақ қарсылық көзқарасы бар элементтер ретінде сотталып, 8-10 жыл арасында түрмеге қамалсын деген нұсқау берілген. НКВД-ның аудандық және облыстық бөлімшелерінің есебі бойынша репрессиялануы тиіс адамдар саны Қостанай облысы бойынша бірінші топта 150, екінші топта 450 деп көрсетілген.

КСРО ІШКІ ІСТЕРІНІҢ ХАЛЫҚ КОМИСАРИАТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ БАС КОМИСАРЫ – Н. ЕЖОВ қол қойған құжаттың негізінде Қостанай облысындағы үштіктің құрамы төраға — Павлов,
мүшелері Кузнецов, Байдақов болып бекітілген. Халық жауларын әшкерелеу операциясы 1937 жылдың 5 тамызында басталып, төрт айдың ішінде аяқталуына қарағанда, жазаланған 600 адамның тағдырына Байдақов тікелей араласқан.

1937 жылдың 10 қарашасында облыстық партия комитетінің  ІІІ пленумы облыстық атқару комитетінің бұрынғы төрағасын контрреволюционер-ұлтшылдардың облыстық ұйымының филиалына басшылық жасады деген айыппен пленум мүшесі құрамынан шығару туралы шешім қабылдайды.

Отыз жетінші жылғы зобаланда көптеген қазақтар қанды қырғынға ұшырады. ¥ҚК мұрағатында сақталған № 02754 істегі құжаттарға назар аударсақ, Қостанай облыстык УНКВД үштігінің 1938 жылдың 13 акпанындағы қаулысы бойынша Жітіқара ауданының Забеловка селосының тұрғыны Нұрхан Мұстафин ату жазасына кесілген. Үкім 1938 жылдың 16 ақпанында орындалған. Дәл осы күні белгілі ақын, Жітіқара каласының тұрғыны Сейітжан Бекшентайұлына да «Жітіқара-алтын» прийскісінде үкіметке қарсы үгіт жүргізген бай-молдалар тобының мүшесі деген айып тағылып, оған да осындай үкім кесілген. Сөйтіп, алғашқысы өз елінде Дархан әулие деген атқа ие болған, кейінгісі арқалы ақын болған қос азамат бір уақытта ұсталып, бір  мезгілде каза тапқан. Аталған екі арыс 1990 жылы 22 тамызда ақталды. Нұрхан Мұстафинның сол кездегі өмірбаяндық деректерінде оның 55 жастағы Мұдиха және 45 жастағы Айнакүл деген екі әйелі болғаны, қыздары Кәмаш бес жаста, Кәлима бір жаста екені көрсетіліпті.

Бақытжан Байдақов осы екі кісімен бірге бір уақытта атылуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Ол 1937 жылдың 10 қыркүйегінде өзіне өзі қол салады. Сол кезде НКВД тергеушісі: «обнаружен во дворе собственного дома, в каменном сарае, крытом жестью, на земляном полу приваленным к стенке деревянного курятника лежал на правом боку председатель Облисполкома тов. Байдаков с тяжелой раной из огнестрельного оружия в правой височной стороне головы. Около него вблизи лежало двуствольное 20-го калибра ружье с одним заряженным и другим выстреленным патроном… Серая простреленная кепка, осеннее окровавленное кожаное коричневого цвета пальто … изъяты... Мы застали тов. Байдакова лежавшим на боку в курятнике при дворе при сильном кровотечении из головы после саморанения. Никаких предсмертных записок или же писем не обнаружено», - деп болған жайды толық баяндап жазады. Кім біледі, ол өткен іске өкініп, өзіне өзі қол салды ма, әлде, жазаланатынын біліп, өмірден қиналмай кетудің жолын іздеді ме, ол жағы бір Аллаға ғана аян.

Қанша «халық жауының» көзін жоюға ат салысса да, өзі де ажал құрығынан құтыла алмаған басшы 1937 жылдың қазан айында ұсталып, 1938 жылдың ақпан айында атылған. Оның келіншегі Фатима Хакімқызының ұлты башқұрт, жас кезінде жетімдер үйінде тәрбиеленген екен. Оны да отыз сегізінші жылы соттап, түрмеден  қырық бесінші жылдың аяғында ғана босатылады.

Бұйрықты орындаушылардың бірі болған Бақытжан Байдақов та құрбан болғандар қатарында аталып, елу сегізінші жылы көппен бірге ақталды. Бірақ, жазықсыз жапа шеккендердің үрім-бұтағы оны кешіре қояр ма екен? Күні кеше Алматыда Желтоқсан көтерілісі кезінде өз бауырларына қорлық көрсеткендер, Жаңаөзендегі қанды қырғында қарусыз халыққа оқ атқандар да бұйрықты орындадық деп ақталуы мүмкін. Алайда, сол бұйрықты орындай алмаймын десе ғана олар халықтың қарғысына қалмас еді, алғысын алар еді.

Қостанай қаласындағы Жастар көшесі осыдан бірнеше жыл бұрын өзгертіліп, генерал Таутан Арыстанбековтың есімі берілді. Ол туралы да энциклопедияда мемлекет және қоғам қайраткері деп жазылған. Бұл кісі КГБ жүйесінде ең алғаш генерал-майор атағын алған адам екен. Сондықтан да қазіргі КНБ ардагерлері оның есімін көшеге беру туралы ұсыныс жасаған. Мен сол тұста облыстық онамастика комиссиясының мүшесі болатынмын. Ұсынысты талқылау кезінде өз ойымды ашық айттым, «генералдың жақсы адам екеніне дау жоқ, алайда, ол кісі, марқұмға қара жер хабар бермесін, отыз жетінші жылы Семиозер ауданында (қазіргі Әулиекөл) НКВД бастығы болып қызмет жасаған екен,  сол кездегі қылмыстарға қатысы болуы да мүмкін ғой» деген уәж айттым. Мені қолдаушылар да аз болған жоқ. Сөйтіп ұсыныс өтпей қалды, бірақ, арада бірер ай өткенде облыстық мәслихаттың мәжілісінде (мені қатыстырмай)  аталған комиссия мүшелігінен шығарып тастады да, әлгі даулы мәселені қайта дауысқа салып, белден басып дегендей, көше атауын өзгертіп тынды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қостанай қаласында биылғы «Билер институтының дамуы» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-теориялық конференция өткен болатын. Конференция қорытындысында Арқаға аты жайылған үш би Наурызбай Қазыбайұлы, Тоқсан Жабайұлы, Шеген Мусин есімдерін Қостанай қаласының көшелеріне беру туралы ұсыныс жасалып, ол бір ауыздан мақұлданған. Алайда билер сөзін билік сөйлемеді. Алаш арысы Елдес Омарұлының есімін қаланың бір көшесіне беру туралы ұсыныс да аяқсыз қалды.

Бір таң қалатыным, осы күні де не лауазымды қызмет атқарған, не Парламент депутаты болған шенеуніктерді зейнетке шыққаннан кейін де мемлекет және қоғам қайраткері деп жатады. Қызмет істесе, еңбекақысын алған, депутат болса, халық сөзін сөйлеудің орнына қалғып-мүлгіп отырған «сен тимесең, мен тимен» қасқалардың қайраткерлігіне күмәнім бар. Олай болса жауырды жаба тоқымай, әр нәрсені өз атымен атағанға не жетсін?!

Басшылық қызмет атқарған кісілерді ел ағасы деушілер көбейді. Ел баласы болса бір сәрі. Аға болып не тындырыпты? Көбісінің тындырғаннан сындырғаны, жақсылық жасап үлгергенінен бүлдіргені көп. «Халықтың қалаулысы, елдің елеулісі» дейтін тіркестерді де соларға жиі жапсыратын болдық. Қалаулы болып халық көңілін тапқаны аз, елеулі болып ел көңіліне жаққаны аз. Депутаттар да осындай бейнелі теңеулерден кенде емес. Оларды халықтың ұлы деушілер де табылады. Шындығына келсек, халықтың ұлы ғана болмай, халықтың құлы болу керек. Халыққа қызмет еткен адам ғана мемлекеттік қызметкер болуы керек.

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1580
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3606