Жұма, 29 Наурыз 2024
5976 0 пікір 10 Қаңтар, 2017 сағат 13:04

ҚАЗАҚТА ОТАН БАР, ОТАНШЫЛДЫҚ ЖОҚ

Мұрат Әбенов жүргізетін «Қоғамдық кеңес» бағдарламасында Амангелді Айталы ағамыз бір шындықты шыжғырып отырып бетімізге басты.

-         Менімен кездескен адамдар, хал-жай сұрайтын таныстарым: «Ақтөбең қалай?», «Ақтөбеңде не жаңалық?» дейді. Осы дұрыс сөз бе? Шындығында Ақтөбе менің ғана Ақтөбем емес, бәріміздің Ақтөбеміз. Ел, жер бәрімізге ортақ. Біз әлі соны сезіне алмай жүрміз. Өйткені азаматтық сана, азаматтық қоғам жоқ бізде, - деді.

Расында солай. Қазақ өзінің тұтастығын ұғына алмай келеді. Мысалы Ақмола облысының байырғы тұрғыны  мейлі Маңғыстаудан кел, мейлі Талдықорғаннан кел, сені «южан» деп қарсы алады. Ақтаудағы ағайынға ата-тегіңді қанша жерден таратып айтсаң да, иә арғын, иә найман екенсің ғой дейді де қояды. Бұл нені білдіреді? Бұл түбектегі жұртты өзінен басқаның тарихы, тағлымы,  шежіресі, мәдениеті, ерлігі, ертегісі, аңызы, әңгімесі, тауы мен тасының аты мен атауы қызықтырмайды дегенді білдіреді. Әрине, бұқараның бұл қалпына зиялы қауымды, әсіресе, ақын-жазушыларды кінәлай алмаймыз. «Менің елім», «менің қазағым» деп егілетін ел ішінде ерлер аз емес. Бірақ, олардың дауысы бар қазақтың дауысына қосылып, олардың отаным деп соққан жүрегі бар қазақтың   жүрегінен жол таба алмай тұр. Сөздің қысқасы, бүгінгі қазақта ұлы бабалардан аманатқа қалған байтақ Отан бар, бірақ, отаншылдық сезім жоқ. Соның мыңнан бір мысалы Айталы ағамыздың айтқаны дер едік:  «Ақтөбең қалай?», «Ақтөбеңде не жаңалық?» Сол Ақтөбеде (Ақтөбе облысында) өткен жылы сойыл тілеген сойқан шықты. Атылған да, атқан да  - қазақ. Қаза құшқанның бәрі – қазақ. Алайда, әлгі сұмдық оқиға Ақтөбенің ғана маңдайына жазылғандай қалған қазақ қыңқ еткен жоқ.

Алыстан арып-ашып көшіп келіп жатқан ағайын бар. Оларға да бүгінгі қазақ жатсына қарайды. Мүлдем жат, бөтен, бөгде жұрт көшіп келіп жерін басып алып жатқандай жауығып, реті табылса, жуан жұдырығын білеп қояды. Тағы да сол өткен жылы ҚХР бетінен көшіп келген арыстай үш азамат қанышерлердің қолынан өлді. Сондай қайғылы жайтқа қабырғасы қайысудың орнына қайсібір қазақ: «Осы оралмандар жалмаңдап, құтырып кетіп еді, дұрыс болды. Бұл өзі өзгелеріне сабақ болды» десті.

Қазақта отаншылдық сезімнің, ұлттық ұжданның кемдігіне тағы бір дәлелді Тәуелсіздік күні көреміз. Оған мысалды жақын бір досымның әңгімесін көлденең тарта отырып айтайын. Досым көп сөзге жоқ, біртоға, ойға зерек, оқуы кемел – жан.

-         Бала кезден арласатын бір топ отбасы жыл басында мереке күндерін бөлісіп аламыз, - деп бастады әңгімесін досым. – Ол үшін мереке күндері қағазға жазылады да бүкетіледі. Бес отбасы болсақ, қағазға ел деңгейінде аталып өтетін бес айтулы күн таңбаланады. Мысалы, 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні, 1 маусым – балаларды қорғау күні, 1 мамыр – ынтымақ күні, 9 мамыр – жеңіс күні, 7 қараша – бұрыннан келе жатқан мерекеміз, 23 ақпан – Совет армиясының құрылған күні, 31 желтоқсан – жаңа жыл.   Осы мерекелердің қайсысы қайсысымызға тиетіні жеребе бойынша тартылып, анықталып жатады. Бірде мен мерекелердің қатарын толықтырғым кеп: «7 қарашаны қайтеміз, Совет армиясының да құрылған күні керек емес. Бұрынғы күнтізбелерде қып-қызыл болып тұратын осы екі күнді қазақ енді пәлендей ескермесе де болады» деп едім, пәлеге қалдым. Алдымен бәрімізді билеп-төстегісі кеп жанығып жүретін қаймақ ерін қара қатын шапшыды: «Сенің Тәуелсіздігің кімге керек?» деп. Оның сөзіне абысыны болып келетін семіз сары әйел қосылды. Өзгелері де сол екеуінің ізімен кетті. Мен жәрдем тілегендей жалтақтап бала кезден бірге өскен достарыма қарағам. Сөйтсем олар да бір ауыздан: «Сол Тәуелсіздік күніңді қойшы» демесі бар ма? Ал, бұндай киізкеуделікке не дерсің, үндемей түнеріп үйіме қайттым.

Осыны баян етіп сәл үнсіз қалған досым, ащы бір мысқыл айтардағы қалпын тауып,  езу тартып отырды да: «Мұнай, газ, уран, мыс, мырыш, бидай – бәріне керек қой. Тәуелсіздік ешкімге керек емес пе екен? Дайын Тәуелсіздікті сатып аламын дейтін ел болса, біздің билік Тәуелсіздігімізді де сатып жіберетін шығар. Көзіқарақты, қолы да, құлағы да ұзын адамсың ғой. Қарай жүрші, сондай бір ел болса, жоғары жаққа ескерте сал. Менің де достарым үлес алып қалар», - деп сөзін түйіндеді.

Тәңірім сақтасын, сөздің заттанатын қасиеті бар. Бұндай сөзді ойнап та болса, айтуға болмайды. Алайда, ашынған, күйінген адам кейде не демейді? Демесіңді дегізіп тұрған да сол - қазақтың қамсыздығы, өзін өзі сыйламайтындығы, өзінің елдік, ұлттық болмысын сезіне де бағалай алмайтындығы себеп болып тұр емес пе? Сіз қалай ойлайсыз? Таратып айтар ойыңыз болса, ортаға тастаңыз, бек қабыл аламыз.

 

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz  

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558