Жексенбі, 19 Қараша 2017
Маңызды 1949 0 пікір 9 Қаңтар, 2017 сағат 15:46

БАТЬКА БАТЫЛ ШЫҚТЫ. БІЗ ШЕ?

Апта басталды. Ел ішіндегі «екі ұшты» мәселелер қызу талқыланып жатыр. Онсыз да халық пен биліктің арасындағы кетеуі кеткен байланыс одан бетер алшақтай түсуде. Осы орайда Қазақстанға қатысы бар деген, жә болмаса отауы бөлек болғанмен, одағы бір көршілес елдердегі кейбір өзекті мәселелерге шолу жасаған едік.

Әуелі, орыспен құрған одаққа арқасын берген Белоруссия Президенті жақында мәлімдеме жасапты. Минскідегі «Свято-Духова» кафедралды шіркеуіне тәуап етуге барған Александр Лукашенко: «Не жағдай болса да белорус халқын ешкімге де қорлатпаймын» депті.

«Ria.ru» агенттігі Батьканың батыл мәлімдемелерін қалт жібермей қадағалап отыратыны белгілі. Әсіресе Петербордағы саммиттен соң, орыс одағының іргесі сөгіле бастағаны туралы болжамдар да айтылды. Ресей Президентінің арнайы шақыртуын пысқырмаған Лукашенко туралы ресейлік дезинформаторлар түрлі қауесет тарата бастады.

«Сіздер түсініңіздер, біздің әрекетіміздің басты мүддесі – халықты, мемлекетті ешкімнің мазағы мен табасына қалдырмау» деген Ол, ондай жат пиғылдылармен «сөйлеспек түгілі, байланыс орнатпайтынын» айтыпты.

«Мен немесе менен басқа да басшылар белорус халқын басқарып тұрғанда, ешкімнің біз туралы жаман пікір білдіріп, еркімізге қол сұғуына жол бермеймін. Біздің мемлекетіміз бар. Ол Тәуелсіз мемлекет. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ бұл солай. Сондықтан бізбен санасулары керек. Біз оларға қалай қараймыз, бізге де солай жауап қатсын», - дейді Александр Лукашенко.

Лукашенконың бұлай кіжінуіне тағы бір себеп – өткен жолғы саммитте қаралған Кедендік кодекс болса керек-ті. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, дәл осы Лукашенко бұл кодекске о бастан қарсы болған. Петерборға келмеуінің де сыры осы.

Ал «Взгляд» басылымы «Батька мен Путин достығының соңы сарттың саудасына ұласты» деп жазады.

Ал бұл екі арада Ресей Мемлекеттік Думасының спикері Сергей Нарышкин «Ресей мен Белоруссия достығына ешкім сызат түсіре алмайды» деп тырмануда.

Белорус басшысының қиқар мінезді екені әуелден-ақ белгілі. Дегенмен, берекесі кеткен одақта түрлі ойын көрсетіп келеді. Ресейдің ығына жығылуға бейімсіз көрінетін тұстары да жоқ емес. Әйткенмен, осы жолы Лукашенко Кремлге өкпесі қара қазандай екенін танытты. Бұғып қалмады. Шындап келсек, Ресейден ертеде кеткен кек демесек те, бертінгі 25 жылда елімізге келтірген түрлі залалдары үшін алар құнымыз көп... Ой таразысына сап қарасақ, белорус құрлы бір батыл мәлімдеме жасай алдық па? Жасадық. Өткен жолы ғана қызметінен босап қалған Ерлан Ыдырысов, қазақстандықтарға Қырымға инвестиция салмауға шақырды. Қырымның кімге тиесілі екені әлі анықталмағанын айтып, бір апаттың алдын алды. Осыдан соң, ол қызметінен босап қалды. Әйтпесе, Талғат Мұсабаев секілді тонналаған у жайылып, Ресейдің зымырандары ай сайын құлап жатқанда қыңқ демей өтсе қайтер ек...

Айтпақшы, Ресей  өткен жылғы АҚШ-тағы Президент сайлауына да араласқан көрінеді.

ОББ (Орталық барлау басқармасы) Доналд Трамптың сайлаудағы компаниясына Мәскеудің араласқанын мәлімдеді. «New York Times» деректеріне сүйенсек, ресейлік хакерлер (арнайы агенттер) WikiLeaks арқылы АҚШ Демократиялық партиясының әм Трамптың басты қарсыласы болған Хилари Клинтонның электронды поштасына шабуыл жасапты. Сөйтіп, Клинтон мен оның партиясының жеке хаттары мен құжаттарын Трамптың сайлауалды компаниясына берген. Бұл өз кезегінде сайлау соңындағы көрсеткіштерге айтарлықтай ықпал еткен (In the months before the election, it was largely documents from Democratic Party systems that were leaked to the public. Intelligence agencies have concluded that the Russians gave the Democrats’ documents to WikiLeaks).


Бұл туралы «Washington Post» басылымы да жазады. АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің Америкадағы сайлау процесіне араласуы аяқ астынан емес, алдын ала жоспарланған деп мәлімдеді. Ол бұл жөнінде жексенбі күні ABC каналына берген сұхбатында айтқан.

Америкалық арнайы қызметтің ресейлік кибер-шабуылға қатысты мәлімдемесіне Дональд Трамптың шүбә келтірген сөздеріне қатысты Обама «Мен көптеген республикашылдардың өзінің отандастарынан гөрі Владимир Путинге көп сенетініне алаңдаймын. Өйткені олар осылай өздерінің "демократ" екенін дәлелдеп жүрген секілді» деген пікірін жеткізді.

Қош, Батька азуын көрсеткен Путинмен Трамптың ауыз жаласып кетуі алда әлі талай қызықтың боларын білдірсе керек.\

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Рухани жаңғыру

Қанат Әбілқайыр. Қарыз бен Парыз

Abai.kz 10074
Қауіп еткеннен айтамын

Қазақстанда жүрген қытайлар кімге сүйенеді? 

Н.Қошаманұлы 18181