Бейсенбі, 27 Шілде 2017
Талқы 2334 0 пікір 7 Қаңтар, 2017 сағат 15:57

ҚОР...ТАҒЫ ДА ҚОРЛАДЫ

Республикалық Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасары қамауға алынды. Бұл туралы «Абай ақпарат» хабарлайды.

БЖЗҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев пен оның орынбасараларының бірі қордың 5 миллиард теңгесін қолды қылды деген күдікке ілінген. Қазір ҰҚК қызметкерлері бұл істі тексеруде.

Айта кетейік, тексеріс былтыр желтоқсан айында басталған болатын. Ал 6 қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында БЖЗҚ-ға қатысты қылмыстық істің Ұлттық банктің өтінішінен кейін қозғалғаны мәлім болған.

«Zakon.kz» мәліметтеріне сүйенсек, 39 жастағы экономист Руслан Ерденаев пен оның әріптестері қордағы 5 миллиард теңгені жымқырып кеткен-мыс.

Зейнетақы қоры Қазақстан халқының жылдар бойы жинап-тергені, бүгінгі әм ертеңгі зейнеті. Дегенмен, бұл қорға бақылау Мемлекет тарапынан жүргізіледі. Демек, ондағы әр тиынның сұрауы Мемлекеттен болатыны сөзсіз. Соңғы жылдары қазынасы ортайған Үкімет дәл осы қордың қаржысына бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырды. Басқасын айтпағанда, өткен жылы ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысына да дәл осы қордың қаржысы тартылды. 15 миллиард теңге көлемінде. Данияр Ақышев басқарып отырған Ұлттық банктің тікелей араласуы арқылы анықталған деректерге сүйенсек, қор басшылығы да 5 миллиардқа жуық үптеп үлгеріпті. Мемлекеттік бақылауды дұрыс жүргізе алмаған Үкімет бұл соманың орнын қалай толтырады?! Халықтың қаржысы басшы мен қосшының қалитасында кеткені қалай? Қордың қаржысын оңды-солды шашқан басшылық халықты қорлап отырғаны ащы болса да шындық. Осы мәселе төңірегінде сарапшылар «Abai.kz» порталына пікір білдірген болатын.

«Олар бұл қордың да түбіне жетеді»

Ерлан Саиров, саясаттанушы:

-Жасыратына жоқ, кеше тіркелу туралы Заң, «прописка». Бүгін Ерденаев тұтқындалды. Күн сайын бір жаңалық.  Биліктің алдындағы бәліші бүліне бастаған секілді. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры халыққа тиесілі бірден-бір қаржы институты. Рас, оны қарапайым халық өзі басқарып, бақылай алмайды. Тізгіні айналып келгенде биліктің қолында. Енді Осы қорға қоғамдық бақылау орнатуымыз керек. Яғни, тізгінді өз қолымызға алуымыз керек. Әйтпегенде, олар бұл қордың да түбіне жететіні анық.

«Қажыгелдиннің емес, Нұрекеңнің реформасы»

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

-Кезінде Қазақстан ең бір озық, оңшыл-либералдық экономикалық реформа жасады. Ол жекешелендіруді тереңдету еді. Сол экономикалық реформаның бір бағыты әлеуметтік реформа - біріңғай зейнетақы қорын қалыптастыру. Бұл өте озық үлгідегі реформа. Тіпті, Ресейдің өзі бұл идеяны бізден алды.

Ал енді сол реформаларды ұдайы қалпына келтіріп, түзетіп, дамытып отыру керек қой. Өкінішке орай, біздегі сол  озық реформа аяқсыз қалды. Шындап келгенде әлеуметтік әм экономикалық реформа жасалмады. Экономикалық қиындықтар орнап, мұнай бағасы құлдыраған кезде әкімшілік жолмен әлгі зейнетақы қорының қаржысын мемлекеттік мақсаттарға пайдалана бастады. Бұл нарықтық принциптерге қайшы еді. Өйткені ол сіз бен біздің ақшамыз. Халықтың ақшасы. Ал енді күштік құрылымдарда істейтін адамдардың ақшасын мемлекет өзі қалыптастырады. Әлі де солай.  Бірақ, олардан «бұл ақша сенікі емес, сен бір тиын қосқан жоқсың. Қазір мемлекет пайдаланады. Сосын қайтарады» деп тартып алды. Іс жүзінде бұл ақшаны инфляция жойды. Жинақтаушы қордағы зейнетақы қорының ақшасы қолды бола бастады. Сол кездегі қалыптасқан ақшаны долларға айырбастау керек еді. Өйткені инфляция күшейген үстіне күшейе берді.  Сосын инвестициялық жолға салынуы керек еді. Бұл да қолға алынбады. Сөйтсек, мемлекеттік мақсаттарға пайдаланып жатырмыз деп, жеке мақсаттарға пайдаланған екен. Ең сорлағанда,  әкімшілік жолға түстік.  Шын мәнінде қазір көп адамда ақша қалған жоқ. Жинақтаушы зейнетақы қоры бос жатыр.  Сосын біздің екінші ауруымыз – коррупция. Экономикалық принциптерге негізделген реформаларды коррупция тоқтатты. Керемет деген реформадан (жинақ қоры) түк те қалған жоқ. Идея өте жақсы еді. Басталғанда да жақсы басталды. Қорды мемлекеттің қолына бердік, сосын талан-таражға салды. Мемлекеттік бақылауға халық өз еркімен берген жоқ. Тіпті, сұраған да жоқ. Бұл экономикалық дамуды тежеді. Енді Ерденаевқа келсек, бұл кінәлі. Қылмыстық кодексте көрсетілгендей, әрбір адам қанша ұрласа, сонша жауап беруі тиіс.  Бірақ, ол барлығы үшін жауап бермейді. Бұл ұрласа, соның бір бөлшегін ғана алды. Менеджмент нашар болды. Кері әлеуметтік реформа жасады.  Бұның зардабын қазір көріп отырмыз.

Бұл экономикалық реформаны «Қажыгелдин реформасы» деп айтады. Шындап келгенде бұл Нұрекеңнің реформасы. Идеяны Батыстан алды. Өте жақсы бастады. Аяғына келгенде бүлдірді.

«Бұл халықтың мемлекетке деген сенімсіздігін туғызады»

Қайрат Молдашев, саяси экономика маманы, PhD:

-Бірінші мәселе бұрын бізде жеке қорлар болды. Оларды бақылайтын Ұлттық банк еді. Қаржыны және басқа да бағалы қағаздарды айналымда ұстайтын жекелеген қорлар тек Ұлттық банк тарапынан қадағаланатын. Ал қазір бақылаушы, инвестицияны құюшы барлығы бір жерге жиылып қалды. Бәрі бір қолда. Сырттан бақылаушы жоқ. Бұл мәселеде альтернативті ұсыныс - жеке қорларды қайта құру. Оның да өз ережесі бар. Мысалы, 60-70 пайыз акциясын тәуекелділігі төмен инвестиция көзіне бөледі. 20-30 пайыз тәуекелі жоғары болады. Осы секілді жүйе жасауға әбден болады. Олар да өз кезегінде жақсы жерге инвестиция салуға ұмтылады.  Егер жеке қор дұрыс жұмыс істей алмаса, халық өзі басқа қорға ауысады. Яғни, халық өз қаржысын өзі басқарады. Бұл жерде адам өзі таңдайды қорды.  Ең болмағанда таңдауға құқығы болады.  Қазір таңдау жоқ. Сондықтан мемлекетке наразылық туындап отыр.  Мысалы, жеке қорға көбірек ерік беру арқылы, пайда табуға болады. Сосын, бұл жерде  бәсекелестік болады. Бәсекелестік арқылы сапаны арттыруға болады.  Қазір сіз қаржыңызды Ұлттық банкке беріп қойдыңыз. Сосын қоғамдық бақылау сайлайсыз. Оған кім кіреді. Олардың қандай құзыреті болады?! Бұл тағы бір мәселе. Егер бақылау керек болса, бірден бір бақылау жасауы мүмкін ол – парламент. Егер оған қазір халықтық сенім болғанда , қоғамдық бақылауды ұсынбас па еді?!  Бәлкім, қаржы жағынан комитет құрылып, солар бұл істі құзыретіне алмаса, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру қиынға соғуы мүмкін. Бұл механизм түсініксіз.  Олардың адал болатынына кім кепілдік береді деген мәселе тағы бар.

Мұндай нәрседе бұрынғы жеке қордың  формасы дұрыс еді. Ал қор қаржысы мемлекеттік мақсаттарға пайдаланылды дегенге келсек, егер ЭКСПО немесе басқа да нысандарға алынып, оның үстінен қандай да бір мөлшерде пайда көріліп жатса, неге пайдаланбасқа?! Соңғы 5 миллиардқа келсек, еш жұмыс істемеген, әшейін тіркеліп қойған компания деп естігенмін. Ол жағын анық-қанығын білмедім.  Инвестиция деп құйылған ақшаның ішкі экономикаға әсері болуы мүмкін. Жаңа жұмыс орны, үстем пайда дегендей. Ал соңғы 5 миллиардқа келсек, бұл жемқорлыққа ұқсас. Мұның үлкен минусы бар. Бұл адамдардың ертең салық төлеуге, жалақысын толық көрсетуден бас тартуға, мемлекетке деген сенімсіздік туғызуға тигізетін әсері бар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Анық

Олар қалай байыды?

Руслан Ахмағанбетов 21928